«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туған тілдің тұғыры биік

Туған тілдің тұғыры биік
Ашық дереккөз
Тіл мәселесі – қашанда өзекті. Тілдің құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіру ұстаздардың үлкен жауапкершілігі. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтымен бірлесіп, «Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның зерттеу нысаны» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырды.

Іс-шараны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева сөз сөйлеп ашты. «Тіл ғылымын жаңа мазмұнда байытып отыру өте өзекті. Облыста мектеп оқушыларының 70,5 пайызы, студенттердің 75,2 пайызы қазақ тілінде білім алады. Облыс халқының 93,6 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген» дей келе семинар жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң сөз алған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтының директоры Ләтипа Қожамжарова өмірге жаңа келген сәбидің жылауы мен күлуі тілдің қатынасы арқылы жүзеге асатынын айта келіп, тіл ғылымынан еңбек қорғайтын жас ізденушілердің көбеюіне тілектестік білдірді.

Келесі сәтте М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті журналистика және филология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық орфографиялық комиссияның мүшесі Күлзинат Қарымбаева:

«Тіл ғылымына ешқашан жеңіл қарауға болмайды. Математика, физика секілді қазақ тілі де нақты ғылым. Тілді сіңіруге ұстаздардың үлесі көп. Оқушы бала тілді сүйсе, мұғалімнің ұғындыра алуына қарай сүюі керек. Мектептің көп жас мұғалімдері әдістемелік көмек сұрап тұрады. Байқайтыным, жас мамандарда біраз олқылық бар. Егер оқушыға зат есімді өткен мұғалім сол сабақ бойы қандай көрнекілік қолданса да, негізгі тақырып зат есім екенін ұмытпауы тиіс. Тіл төңірегінде айтылар мәселе көп», деді.

Келесі сәтте бірқатар мамандар жиынға онлайн түрде қатысып, ой қозғады. Атап айтқанда, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының ғылыми қызметкері Айерке Зинедина тіл үйренушілердің коммуникативтік дағдыларына, «Өрлеу» БАҰО» Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі, PҺD докторы Меруерт Бейсенбаева қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында мәтінмен жұмысты ұйымдастыру жолдарына кеңінен тоқталды. Назарбаев университетінің оқытушысы Раушан Мырзабекованың да ойларын жиналғандар қызыға тыңдады. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Аманкүл Жанғазы қазақ тілі мен әдебиетін кіріктірілген пәндер бойынша оқытудың қазіргі заманғы педагогикалық технологияларына тоқталды.

Жиында тараздық мұғалім Мереке Абитова, педагогика ғылымдарының магистрі Гүлхан Аманова өз ойларын ортаға салды. Облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің директоры Қуаныш Дәуренбеков сөз алып, алдағы жоспарлары туралы бөлісті.

Іс-шараны Ләтипа Қожамжарова қорытындылап, пікір білдірген қонақтарға және семинарға қатысқан барша мамандарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар