«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақтағы алып зауыттың іргетасы қаланды

Аймақтағы алып зауыттың іргетасы қаланды
Ашық дереккөз
Шу ауданында орналасқан «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында ондаған жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бүгінгі күні бірнеше жоба қолға алынса, кейбірінің құрылыс жұмыстары жалғасын тауып келеді. Енді, міне, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың қарашасында бастап, нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Жалпы, бөлінген жер аумағы 24 гектарды құрайды.

Бүгінде елімізде табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Жамбыл облысында күн, жел және су электр стансаларын орнатуға бар жағдай жасалған, бұл инвесторлар үшін де тиімді. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда барлығы 2525 мегават қуатты құрайтын 132 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал, өңірде жалпы қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел, 251,25 мегеваттық 6 күн электр станалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда.

Ал, енді кеше «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасының ашылу рәсімі өтті.

Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, сөз сөйледі.

– Бүгін біз маңызды оқиғаның куәсі болғалы тұрмыз.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен өңірде бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынып, ірі өндіріс орындары ашылуда. Соның бірі – SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы. Бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жамбыл өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшы болып табылады. Бүгінгі таңда облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жоба іске асты. Ал, соңғы үш жылда Сарысу ауданында жалпы қуаты 200 мегаватты құрайтын «Жаңатас» және «Шоқпар» жел электр стансалары секілді ірі жобалар іске қосылды. Әр жоба тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына және олардың әл-ауқатының артуына оң серпін берері сөзсіз. Бұл жетістіктер инвесторларды қолдау және аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның нәтижесі. Сонымен қатар, «Жібек Жолы» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа жобаларға инвестициялық преференцияларына толық көлемінде қолдау көрсетіледі. Олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал- жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын.Жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» Қорының және SANY компаниясының басшылығына алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Ал, SANY Renewable Energy компаниясының атқарушы президенті Чжоу Фугүй өз сөзінде жел өнеркәсібі жабдықтары өндірістік базасы Орта Азиядағы ірі жоба болатынын, басқа өңірлерде жел электр стансасын салу үшін жабдықтар шығарылатынын айтып, қазақстандықтармен бірлесе, ынтымақта жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұл жобаның еліміз үшін маңызды жоба болғалы тұрғанын айтты. «Екі компания бірлескен жоба Орта Азияда алғашқы қолға алынып отырған зауыт. Алда осы арада 2 гегаватты құрайтын жел электр стансаларынан турбиналары мен құрал-жабдықтарын шығарып, ел көлеміндегі жел электр құрылысына пайдаланылатын болады. Жоба жүзеге асырылған сәтте 300-ге жуық жұмыс орны құрылады», – дейді ол.

Осыдан кейін Орта Азиядағы алғашқы жел өнеркәсібі құрал жабдықтарын шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар