Кредит барлығына дерлік беріледі ме?
Кредит беруден бас тартатын жағдайлар аз емес. Қазақстанда халыққа қарыз беру процестері жыл сайын қатаңдатылып келе жатқанына куәміз. Ал мақұлдау деңгейі өте төмен. Әсіресе, кепілсіз тұтынушылық кредиттер. Мәселен, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында екінші деңгейлі банктер бойынша кредиттеу объектілері тұрғысынан өтінімдердің жалпы санына шаққанда мақұлданған кредиттердің үлесі мынадай: ірі кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін кредиттер – 51 пайыз, ипотекалық кредит – 44,5 пайыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін кредиттер – 41,5 пайыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін кредиттер – 35,3 пайыз, кепілді тұтынушылық кредиттер – 30,6, кепілсіз тұтынушылық кредиттер – 28,7, автокредит үлесі – 17,2 пайыз. Демек, кредиттің басқа түрлерімен салыстырғанда, кепілсіз тұтынушылық кредиттерді мақұлдау деңгейі өте төмен. Өтінімдердің 70 пайыздан астамы мақұлданбайды.
Кредиттердің қазақстандықтардың қалтасына қаншалықты салмақ түсіретінін қарастырайық. Жүргізілген зерттеулер айтарлықтай ауыр салмақ түсірмейтінін айтады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес шығыстардың жалпы сомасына шаққанда қазақстандықтардың кредит пен борышты өтеуге жұмсалатын шығыстарының үлесі бар болғаны 6,9 пайызды құрайды. Мысалы, тамақтануға отбасылық бюджеттің жартысына жуығы жұмсалады екен.
Енді басқа елдермен салыстырғандағы қарыз жүктемесінің деңгейін анықтайық. Ол үшін тағы бір көрсеткіш – үй шаруашылығына жұмсалатын шығындар мен кредиттерінің ЖІӨ-ге қатынасын қарастырайық. Бұл индикатор халықтың экономика ауқымындағы борыштық жүктемесінің деңгейін көрсетеді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының жаңа деректері бойынша, Қазақстандағы үй шаруашылығының шығыны мен мен кредиттерінің ЖІӨ-ге қатынасы небәрі 13,65 пайызға тең. Мысалы, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 21,1 пайызды құрады, яғни біздің елмен салыстырғанда жеті пайызға артық. Ал, Қытайда үй шаруашылығына жұмсалатын қарыз жүктемесінің деңгейі 64,5 пайызға жеткен.
Еуропа мен Америка елдерінде, оның ішінде дамыған елдерде аталған көрсеткіш өте жоғары. Мысалы, үй шаруашылықтарының қарыздары мен кредиттерінің ЖІӨ-ге қатынасы Канадада 102 пайызға, Швейцарияда 128,3 пайызға, АҚШ- та 74,44 пайызға, Ұлыбританияда 83,2 пайызға, Швецияда 88,2 пайызға, Норвегияда 77 пайызға, Францияда 66,15 пайызға жеткен екен.
Ал жекелеген дамушы елдерде көрсеткіштер мынадай: Бразилияда 34,6 пайызға, Чилиде 46,5, Үндістанда 35,6, Біріккен Араб Әмірліктерінде 34,2 пайызға тең.
Бұл нені білдіреді?
Біріншіден, Қазақстанда борыштық жүктеме деңгейі, яғни кредит қарызының деңгейі жоғары емес. Көптеген мемлекеттерге қарағанда, бірнеше есе төмен. Екіншіден, қарыз жүктемесінің жоғары деңгейі елдің қарызға батып бара жатқанын және жағдайдың нашар екенін білдірмейді. Көріп отырғанымыздай, барлық дамыған мемлекеттерде көрсеткіштер жоғары, себебі бұл елдерде кредиттік өнімдер нарықтық экономиканың негізі болып табылады және негізгі төлем құралы ретінде қолданылады.
Тағы бір жайт: Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, үй шаруашылығына жұмсалатын қарыздар мен кредиттерінің ЖІӨ- ге қатынасы жылдан жылға өсіп келеді, бұл қалыпты әлемдік тренд болып саналады. Ал Қазақстанда динамика бірқалыпты және жоғары өсімді көрсетпейді. Ұзақ мерзімді динамикада, тіпті, құлдырау байқалады.
Енді Қазақстан халқына кредит беру нарығын толығырақ қарастырайық. Мемлекеттік кредиттік бюроның (МКБ) деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда банктердің, МҚҰ-ның, коллекторлық және басқа да компаниялардың 8,6 миллионнан астам қарыз алушысы бар. Бұл көп те емес, аз да емес. Егер қарыз алушылардың санын қарыз сомасы тұрғысынан қарастыратын болсақ, қызықты көрініс пайда болады.
Жалпы, берешектің 84 пайыздан астамы 1 миллион теңгеден асатын қарыздар, бұл барлық қарыз алушылардың шамамен 39 пайызы. Ал егер бұдан да ірі көлемдегі қарыздарды қарастыратын болсақ, барлық қарыздың 65 пайызы 2 миллион теңгеден басталатын қарыздар. Мұндай көлемде қарыз алушылар тек 20 пайызды құрайды. Демек, берешектің негізгі сомасы – ірі кредиттер. Мұндай қарызды барлық банктер бере бермейді және барлығы бірдей ала алмайды. Тек табысы жоғары, қаржылық тұрақты қарыз алушыларға беріледі.
Ал 5,3 миллион қарыз алушы (немесе жалпы санының 60 пайызы) 1 миллион теңгеге дейінгі сомаға кредиттер алған. Бұл нарықтағы кредиттердің жалпы көлемінің тек 15,8 пайызын құрайды. Оның ішінде 1,1 миллион адам 100 мың теңгеден аз, 1,5 миллион адам 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, 1 миллион адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, 1,6 миллион адам 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін кредит ресімдеген. Мұндай кредиттер бойынша орташа берешек 50 мыңнан 729 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады.
Демек, Қазақстандағы қарыз алушылардың көпшілігінің берешегінің көлемі аз және бұл Қазақстанда кредит халықтың қалтасына аса ауыр салмақ түсірмейтінін растайды. Негізгі қарыз – ірі көлемдегі қарыздар. Ал мұндай қарыздар табысы жоғары әрі тұрақты тұлғаларға ғана беріледі, яғни, табысы жоғары жандар үшін мұндай қарыздар аса ауыртпашылық тудырмайды.
Әр түрлі дереккөздерден алынған көптеген көрсеткіштерді саралай келе, Қазақстан халқының борыштық жүктемесінің деңгейін өте төмен деп айтуға болады және азаматтардың қаржылық тұрақтылығына ешқандай қауіп жоқ деуге болатындай. Алайда, ел ішіне еңсеңіз түседі. Ахуалдың статистикамен мүлде үйлеспейтінін аңғарасыз. Елдегі несие салдарынан туындаған әлеуметтік жағдай, бұқараның көңіл-күйі есеп- қисаптардағы «қалыпты» күйден әлдеқайда өзгерек. Тіпті ерлі-зайыптылардың көбінде екі жаққа кетуінің де астарында осы мәселе жатыр. Қымбатшылық бүйірден қысып тұрғаны да белгілі жайт. Қарапайым қажеттіліктерді өтеуге бір айлық табыс жетпейді. Бұқараның барлығы қаржылық тұрғыда сауатты емес. Несиені-несиемен жабатын жағдайлар да баршылық. Оған айлықтан-айлыққа дейін несие ұсынатын микроқаржы ұйымдарының жоғары пайыздық төлемдерін қосыңыз. Тіпті суицид сынды сұмдық жағдайларға да несие себеп болып жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал кей азаматтар осы бір қаржылық құлдыраудан құтылу үшін алыс- жақын шет елдерге шығып, екі қолдың күшімен, қолдан келетін қара жұмысқа кірісіп, өздерін осы бір қарыз белдеуінен шығаруға тырысуда. Соның бірі – жуырда ғана Ұлыбританиядағы фермалардың бірінде жұбайымен бірге жұмыс істеп, елге оралған Мақсат Қайшыбеков.
– Жұбайым екеуміздің отау құрғанымызға төрт жыл болды. Төрт жылда қарапайым күнкөріс, пәтерақы, коммуналды қызметтер, демалыстарымыз бен өзге де қажеттіліктерімізге ай сайынғы табысымыз жетпейтін. Яғни, табысымыздан қарызымыз көбейіп кетті. Қарыздың жаман жері – адамды моральды тұрғыда сындырады. Әсіресе, отбасылық өмірде осының салдарынан екі тарап бір-бірін кінәлап, ортақ мәмілеге келе алмай жатады. Біздің де қарым- қатынасымызға бұл жағдай кері әсерін тигізді. Берекелі өміріміздің құтын қашырған несиелер мен берешектер екеніне көзіміз айқын жеткенде бұдан тезірек құтылудың жолдарын қарастырдық. Несиелерді қайта қаржыландыру туралы ойландық. Алайда, қаржылық сауаттылық ережесі бойынша мұның тиімді еместігіне көзіміз жетті. Елдегі айлық табысымызбен бұл қаржылық құрдымнан алдағы бес жылда шыға алмайтынымыз анық еді. Сондықтан шет елге барып еңбек етуді ұйғардық. Бұл оңай шешім болған жоқ. Жұбайым екеуміз де бұрын шекара асып көрмегенбіз. Бірақ, тәуекел етпесек тағы болмайды. Ұлыбританияда еңбекақы сағатына төленеді. Есептесек, келіншегім екеуміз аптасына теңгеге шаққанда кем дегенде 300.000 теңге жалақы алып отырған екенбіз. Осының арқасында екі айдың ішінде банктер алдындағы берешектерімізді түгел жауып, елге оралған соң алты айда жинаған ақшамызға бір бөлмелі пәтер сатып алдық. Қазіргі таңда пәтерімізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Табысымыздың бәрін үй алуға жаратқан соң, жөндеу жұмыстарына азғантай несие алдық. Алдағы жылы жоспарымыз ойдағыдай болса тағы да Ұлыбританияға барып еңбек етуді көздеп отырмыз. Себебі, біздегі табыспен бір жылда үй алуды тек армандауға болады, – дейді ол.
Жастардың батыл қадамдарын саналы әрекет деп бағалаған жөн секілді. Алайда екінің бірі мұндай тәуекелге бара бермейді. Өкінішке қарай былтыр елімізде қарызға белшесінен батқан 12 адам суицидке барған. Одан бөлек қырыққа жуық азамат несиесін «жабу» үшін түрлі қылмыстар жасаған.
Былтырдан бері жүргізіліп келе жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев бұл мәселеге түрткі болып жатқан жайттарды жіпке тізіп баяндап берді.
– Біз қаржылық технологияларға ілесе алмай келе жатырмыз. Тіпті компьютерлік дағдылар жоқ. Мысалы, қарапайым eGov-қа тіркеліп, анықтамаларды алудың өзін көбі біле бермейді. Қазір банк қызметтері онлайн жүргізіледі емес пе?! Сондықтан білместікпен несиеге ұрынып жатқандар да аз емес. Шыны керек, өте ақкөңіл, сенгіш халықпыз. Бұл табиғатымызда бар дүние. Қаржы алаяқтарына алданып қалып жатқандардың көп болуына да осындай факторлар себеп болып отыр. 2019 жылы бір рет қарыз болып қалған қазақстандықтарға амнистия берілді. Үкімет бюджет есебінен 500 мыңға жуық адамның 300 мың теңгеге дейінгі банктегі қарыздарын жауып берді. 2023 жылы банкроттық туралы заң шыққан уақытта бір аптаның ішінде 61 мың өтініш түсті. Оның 49 мыңы талапқа сай болмағандықтан қайтарылды. Енді заң күшіне енгенде 2019 жылы несиесі кешірілгендер қайтадан құжат тапсырған. Олар «тағы да қарыз болып қалдым, тағы кешіріңіздер» деп отыр. Бұл халықтың қаржылық сауатын көтеру керегі туындағанын көрсетті. Бұл жоба осыдан басталды. Студент жастарымыздың 80 пайызының мойнында несие бар. 2023 жылы әскерге 18-20 жас аралығындағы сарбаздар шақырылды. Олар әлі еш жерге жұмысқа тұрып үлгермеген. Бірақ, сол сарбаздардың мойнында банктен алған 1,4 миллиард теңге қарызы бар екен. Оларда «қалай төлеймін?», «кірісім жоқ, төлей алмай қаламын-ау» деген қорқыныш жоқ. Ол қорқыныш батырлықтан емес, білмегендіктен кіріп кетіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, несиелендіру бойынша қаншама өзгерістер болды. 19 шілде күні Президент қол қойған Жарлықта енді жұбайының келісімінсіз 3,5 миллион теңгеден артық несие рәсімдеуге болмайды. Өйткені, көп отбасында жұбайлары бір-бірінің несиесін білмейді. Ал жастарымыз ойынға құмар болып, жылдам ақша табамын деп қарызға кіріп кеткен. Заңда жасы 25-ке толмаған жастарға табысын растамаса несие берілмесін деген ұсыныс бар. «Аттыға ерем деп, жаяудың таңы айырылыпты» дейді. Дәулетті кісілердің жасап жатқанына ермей, көрпеге қарай көсілу қажет. Сондықтан менталитетті өзгерту керек. Әрине адамды өзгерте алмайсың, оның ой-санасын өзгертесің. Жарқыратып той жасағанша, екі жасқа үй әперген дұрыс. Той жасаймыз деп қарызға кіріп кетіп, ысырап жасаймыз. Әрине ақшаны алдын ала жинамағаннан кейін осындай жағдайға ұрынамыз, – дейді сарапшы.
Айтпақшы, өткен жылдан бері елімізде жеке тұлғаның өзін өзі банкрот деп жариялауына мүмкіндік беретін заң қабылданған болатын. Ал мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов 2023 жылдың 3 наурызынан бері елімізде 17,9 мың азамат банкрот деп танылғанын мәлімдеген еді. Банкроттық жариялаудың да өзіндік ерекшеліктері мен елеп-екшейтін тұстары баршылық. Қазіргі таңда отандастарымыздың банктерге берешегін азайту үшін бұл тәсіл соншалықты жемісті болып жатқан жоқ. Ал кей азаматтар банкроттық жариялау үшін өзінің мүлкін өзгенің атына жазып жатқаны да жасырын жайт емес. Қалай болғанда да қарыздан құтылу үшін көлеңкелі тәсілдерге жүгінетіндер ел ішінде біршама. Бұқараның несие мен берешектен титыққанын әлеуметтік желідегі көңіл-күйден де байқауға болады. Онымен қоса жалт-жұлт еткен өмірді әспеттеген белсенділердің де адам психологиясына әсер ететіні тағы бар. Алайда, адам саналы жаратылыс болғандықтан өз қажеттіліктеріне қанағат тұрғысынан қарағанды жөн бе дейсің… Не десек те, Үкімет елдің қарыз мәселесін банкроттықтан бөлек тиімді жобалар арқылы жүгендесе деген арман-тілек бұқараның көкейінде жүрген көп түйткілдің бірі.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді