Жиында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінге облыс көлемінде 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде I топта – 4 586 адам, II топ – 16 534, III топ – 17 629 адам болса, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6 822 адамды құрап отыр.
– Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына 4,3 миллиард теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 93,9 пайызды құрап отыр. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген Жол картасына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып, ағымдағы жылдың 10 айында 189 нысанға 133,3 миллион теңге қаржы бөлініп, бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемелер бар болса, соның ішінде ересектерді қабылдайтын 9 мекемеде мемлекет қамқорлығына мүгедектігі бар 944 адам алынған, – деді Еркін Келесов.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүмкіндігі шектеулі балалар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылғанын атап өткен басқарма басшысы техникалық оңалту құралдарының жекеленген түрлері бойынша облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткіштер санаторлы-курорттық емделумен және протез-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бағыттарында кездесетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай көрсеткіштер Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында орын алған. Сонымен қатар, кеңесте Еркін Келесов мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында үкіметтік емес ұйымдардың да бірқатар жұмыстар атқарып отырғандығын алға тартып, мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту шараларына тоқталды. Бұдан өзге жиында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Әзімбай мүгедектігі бар балаларды оқыту, оларға жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтті.
– Облыста «Жамбыл облысындағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Жол картасына сәйкес, қадамдық жоспар әзірленіп, келер жылға дейін мүмкіндігі шектеулі балалар көп шоғырланған Тараз қаласы мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептерден ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларды қолдау кабинеттерін, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту және аутизм орталықтарында 300 балаға кезек қалыптасып отыр. Осыған орай, 2025 жылғы қаңтар айында 300 мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланып отыр, – деді Әлішер Әзімбайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып бейімделуі тиіс нысандардағы жұмыстардың қатаң қадағалауда болу қажеттігіне баса мән беріп өтті.
– Кейбір жекеменшік нысандарда пандустардың жағдайы сын көтермей отырғандығы жасырын емес. Мұндай пандустар арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар түгілі қарапайым азаматтардың да мініп-түсуі қиын. Сонымен бірге, азаматтар арасында мүгедектік мәртебесін алу туралы шағымдар көп. Сондықтан бұл бағытта жүйелі жұмыс пен ашықтық орнату мақсатында сараптама жүргізіп, қолжетімді өзгерістер бойынша ұсыныстар берілуі қажет. Біз азаматтарды әуре-сарсаңға салуды доғаруымыз керек. Тиісті мекемелер бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, мәселелердің оң шешімін қарастыру қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Тараз қаласындағы 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала санының артуына орай №3 психологиялық-медициналық -педагогикалық консультациясын ашу қажеттілігі туындап отырғандығын атап өтіп, нысанның құрылысына қажетті жер телімін қарастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді