Мәселен, облысымызда 53 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» технологиясына қосылған. Елімізде бастау алған бұл жоба интернет жылдамдығын арттыруға ықпал етеді. Бұдан өзге аймақтағы мемлекеттік мектептердің барлығы интернет желісімен қамтылған. Бұл жайында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында ұйымдастырылған дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылған болатын. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев білім басқармасына мектептердегі компьютерлерді жаңартып, істен шыққан техникаларды есептен шығаруды, Тараз қаласы мен аудан орталығында орналасқан білім беру ұяларына бірегей ID карта аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізуді тапсырған еді.
– Өңірде интернет жылдамдығы жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 97,4 пайызға артқан. Алдымызда 12 мектепті кемінде 20 мегабит/сек жылдамдықтағы интернетке қосу міндеті тұр. Бұл мәселені білім және цифрлық технологиялар басқармасы бірлесіп шешуі қажет. Білім беру саласындағы цифрландыру жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпараттарға талдау жасауға көмектеседі, ресурстарға жол ашады, заманауи технология мен оқу әдістемесін бірегейлендіруге мүмкіндік береді. Білім беру ісіндегі цифрландыру – дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейді, – деп атап өткен болатын аймақ басшысы.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда еліміз бойынша 502 ауылдық мектеп «Starlink» технологиясын қолдана отырып интернетпен қамтамасыз етілген. Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді. Еске салсақ, бұған дейін жауапты министрлік өкілдері SpaceX жаһандық байланыстар және белсендіру жөніндегі директоры Ребекка Хантермен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанда «Starlink» технологиясын кеңейту, ауылдық мектептерді кең жолақты интернетпен жарақтандыру, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту мәселелерін талқылаған болатын.
Сонымен бірге, облыста 2022 жылы «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы іске қосылғаны белгілі. Жоба аясында мектептерде орналастырылған турникеттер арқылы биометриялық (FaceID) жеке параметрлерді пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Мектеп асханасындағы түскі ас пен қоғамдық көлікте жүру үшін пайдаланылатын «Tulparcard» арқылы төлеу жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, ата-аналарға баланың автобустан шығып, мектепке кіріп, асханада төлеп, үйіне оралғаны туралы хабарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленген. Бұл бағытта жақында ғана өткен «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінде өңір басшысы да балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа технологиялардың маңыздылығын айтып өткен еді.
– Биыл облыстағы білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1,4 миллиард теңге бөлінді. Барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылды. Қазіргі таңда аналогтық бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүруде. 594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, 75,5 пайызы мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілген. Балаға сапалы білім мен тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Бұл тұрғыда ата-ана мен педагог қауымға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ал, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, цифландыру игіліктері нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны биылғы оқу жылында өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға төмендеген.
Бұдан бөлек, бүгінде облыстағы білім ордаларында «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар», «Жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіндегі интеграциялау», «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі цифрландырудың заманауи трендтері», «Ауыл мектептерінде оқыту процесін цифрландыру», «Цифрлық мектеп – цифрлық мұғалім», «Мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін дамыту», «Цифрландыру жағдайындағы инклюзивті білім беру», «Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы цифрландыру», «Біртұтас тәрбие және қосымша білім синергиясы», «Цифрландыру жағдайындағы білім беру мазмұнына тұрақты даму компонентін интеграциялау», «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің балалардың әл-ауқатына әсері» тақырыптық бағыттары бойынша пленарлық секциялық отырыстар мен семинарлар кешенді түрде өткізіліп келеді.
Сондай-ақ, жаңа инновациялық технологиялар бүгінде білім беру мекемелерінде бухгалтерлік құжаттарды цифрландыру бойынша тың өзгерістерге жол бастап отыр. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров білім бөлімдеріне қарасты мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептерде тіркелген әрбір тәлімгерден күнделікті оқу күндерінде биометриялық растаудан өту талап етілетінін атап өтті. Ол балабақшалар мен мектептердегі балалардың нақты санын шығарып, құжат бойынша көрсетілген азаматтармен сәйкестендіріп, есепте жоқ адамдарды анықтау үшін қажет екенін айтты.
– Өткен жылдың мамыр-маусым айларында департамент облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Айта кету керек, өңірімізде аталған салада сыбайлас жемқорлық бойынша 2018-2024 жылдар аралығында 35 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Талдаумен Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандары қамтылып, 196 миллион теңгенің 132 бұзушылығы анықталды. Нәтижесінде 55 миллион теңге қаражат мемлекетке қайтарылды, бір орында ұзақ отырған білім ұйымының 22 басшысы ауыстырылды. Штаттан заңсыз қабылданған 37 артық қызметкер жұмыстан босатылып, 5 есепші жауапкершілікке тартылды. Бұзушылықтарға жеке тоқталатын болсақ, Жуалы ауданындағы білім ұйымдары 27 қызметкердің жұмыс өтілін дұрыс есептемей, 4,4 миллион теңгеге жалақыны негізсіз төлеген. «А» функционалдық блогы бойынша 6 менеджердің тарифтеу тізімдері заңсыз бекітілген. Осылайша, аталған қызметкерлерге жалпы соммасы 9,3 миллион теңге негізсіз төлемдер төленді. Заңнамамен көзделмеген 37 штат артық бірлік бекітіліп, нәтижесінде жалпы соммасы 33 миллион теңге ақшалай қаражат төлеуге әкелді. Одан бөлек, Жуалы ауданының білім бөлімінің 36 есепшісі белгіленген нормадан жоғары жалақыны есептей отырып, өздерінің банктік шоттарына жалпы сомасы 38 миллион теңге аударған. Сол сияқты Байзақ ауданында 11,9 миллион теңге, Жамбыл ауданында 1,4 миллион теңге белгіленген нормадан жоғары жалақы аударылған. Негізгі жұмысынан бөлек, өзге мекемелерде тіркелу жағдайлары да орын алды. Мысалы, Жамбыл ауданы білім бөлімінде сектор меңгерушісі лауазымын атқару барысында және 2022 жылдан білім бөлімі басшысының міндеттерін атқару кезінде өзінің негізгі міндеттерінен басқа бағынысты 4 мектепте «Информатика», «Медиа сауаттылық», «Журналистика», «Шешендік өнер», «Жаһандық құзыреттілік» пәндері бойынша педагогикалық қызметпен айналысқан. Баяндалған жемқорлық тәуекелдерді жою мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірыңғай цифрлық есеп бағдарламасына бірқатар жаңашылдық енгізілген. Мәселен, енді төлем құжатына қызметкерлердің жалған жеке деректерін енгізуге жол берілмейді, атап айтқанда, аты-жөні мен ЖСН сәйкес келмеген жағдайда бұғатталады. Сонымен қатар, жалақыны бір ай ішінде қайталап негізсіз төлеуге жол берілмейді, лауазымдық жалақының 50 пайыздан асатын аванстық төлемдерге бұғаттау қойылады, – деді Дәурен Омаров.
Департамент басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, айына бір рет қазынашылықтан алынған төлем құжаттары мен «5-15 еңбекақы аударымдар» арасындағы сәйкессіздіктер соммасы қаралатын болады. Кеңес барысында талқыға түскен мәселелер қатарында білім мекемелеріндегі айлық төлеу мен өзге де қаржылық операциялардың алдағы уақытта «Азия Сервис» серіктестігінің бағдарламасы арқылы іске асырылу жүйесі болмақ. Осы бойынша ол ұсынылған жаңашылдықтар жұмыс процесіне толық енгенге дейін мамандарға ақпараттық көмек берілетін болатынын атап өтті.
Соңғы жылдары өңірде полицияның жедел басқару орталығына біріктірілген және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін бейнебақылау жүйесі де дамып келеді. Бүгінде Т.Рысқұлов атындағы саябақта және «Көне Тараз» кешенінде жалпы бейнебақылау камералармен «Freedom Telecom» жеке компаниясының инвестициялық жобасы аясында қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтың сөзінше, саябақта 10 бейнебақылау камерасы және кешенде 10 бейнебақылау камералары жыл соңына дейін орнатылмақ. 200 миллион теңгені құрайтын жобаны жыл аяғына дейін «Freedom Telecom» серіктестігі есебінен техникалық қолдау қарастырылған.
– Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдан бастап Тараздың қоғамдық көлігінде электрондық билеттеу жүйесі енгізілген болатын. Сол бойынша автобустарда стационарлық терминалдар орнатылып, жүргізушілер мен кондукторларға мобильді терминалдар берілген. 2022 жылдың басынан бастап бүгінгі күні «TulparCard» билеттеу жүйесі бойынша 14 миллион 758 мыңнан астам сапар жасалып, жалпы санының 98 пайызын құраған. Облыс орталығында «ақылды» аялдамалар пайда болды, сол арқылы біз маршруттық автобустың келуін бақылай аламыз. Көлікті басқарудың автоматтандырылған жүйесінің нәтижесінде біз табыстың ашықтығын, бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюын қамтамасыз ете алдық. Соның нәтижесінде 80-нен астам жаңа автобус сатып алынды. Тараздың бұрын автобустар жүрмеген аудандарында жеті жаңа бағыттар пайда болып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 2GIS картографиялық жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде балалар қауіпсіздігіне де оңтайлы әсер ететіндігі сөзсіз, – деді Руслан Мосқауұлы.
Сонымен бірге, бүгінде мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдардың алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі – басқарудың тиімділігін арттыру, шешім қабылдауды қолдау және нақты уақыт режиміне байланысты жеңілдету екені белгілі. Басқарма басшының айтуынша, аталған мәселені шешуге көмектесетін заманауи тәсіл – ахуалдық орталықтарды енгізу. Ахуалдық орталықтар облыстық және муниципалды билік органдарының, министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ ірі корпорациялардың басшыларына арналған. Облыс тұрғындарының арыз-шағымын, ұсыныс-өтініштерін дер кезінде қабылдау мақсатында 109 байланыс орталығы құрылып, үздіксіз жұмыс атқарып келеді. «Jambyl 109» қызметіне облыс тұрғындары түрлі мәселелермен өтініштерін қалдырып жатады. Тұрғындардан түскен өтініш 109 қысқа нөмірі және әлеуметтік желі, сонымен қатар «AIkey109» мобильді қосымшасы арқылы қабылданады. Өткен жылдың басынан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының аумағында «112» бірыңғай нөмірі бойынша шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыруды қамтамасыз ету жүйесін – «112», бірыңғай кезекші – диспетчерлік қызметін құру бойынша міндеттер қойды. Жобаның мақсаты – халықтың қауіпсіздігі мен қорғалуының кепілі, шұғыл ден қою және жедел қызметтердің өтініштерге үйлесімді өзара іс-қимылы, шұғыл жағдайларды жою кезінде кешенді ден қою уақытын қысқарту, шұғыл жедел қызметтердің ресурстарын ұтымды бөлу және пайдалану. Бұл жоба қызметтердің өзінде жедел басқару орталықтарын сақтай отырып, 101, 102, 103 жедел қызметтерін біріктіру үшін жасалады. Аталған жоба өңірімізде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп келеді.
Ал, жастарды қолдау мақсатында облыс орталығында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты жанындағы бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Мұнда IT-технологияларды оқушылармен қатар барлық жастағы ересектер де оқи алады. Өткен жылы облыстың қолайлы экономикалық және инвестициялық ахуалын дамытуға ықпал етуге бағытталған «Zhambyl Investment and Economic Forum-2023» атты халықаралық форумының цифрландыру бағыты бойынша аталған IT академиясының бірқатар жұмыстары қонақтар назарына ұсынылды. Сонымен бірге, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі де «Робототехника» саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өткен жылы жоғары колледждің «Ctrl C» командасы Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен бірінші аймақтық «ITII HACKATHON-2023» форумында «Chinese.kz» білім беру орталығы ұсынған «Шетелде оқуға арналған платформа» №4 кейс бойынша жүлдені жеңіп алған болатын. Аталған жоба биыл да облыс орталығында Astana Hub, аймақтық Zhambyl Hub және blockchain center ғылыми-зерттеу зертханасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің коммерцияландыру бөлімі бірлесе ұйымдастырумен өтті. Еліміздің 17 өңірін, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларын қамтыған білімділер бәйгесіне 2500-ден астам қатысушы тіркеліп, біздің облыстан 113 адамнан тұратын 43 команда бақ сынасты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды
- 28 қараша, 2024
Ел жастары – ертеңіміздің кепілі
- 23 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді