Мемлекетіміз егеменді ел болғалы ғылым, білім, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы жастарға жалпыадамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Бүгінгі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.
Тәуелсіздігіміздің айнасы – жастар. Ел жастары – жарқын болашақтың кепілі. Бүгінгі жаңа Қазақстанның дербес даму жолын таңдау кезеңі жас ұрпақ тәрбиелеуде халықтық педагогиканың бастауы мен қайнар көздерінен асыл қазыналарды, мәдени мұраларды тауып, оқу-тәрбие үрдісінде пайдалануды талап етеді. Себебі, мемлекетіміздің көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді.
Ұлттық құндылықтар – қуатты мемлекеттің негізі. Үкіметтен қолдау тапқан нормативті құжаттарда үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан бастап, мектепті аяқтағанға дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселесін жоспарлы түрде шешіп, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етеді. Ал, ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуы олардың қоғам алдында өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан да баланы жағымды ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі.
Қазіргі кездегі жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі, жастардың әлсіздігі, өздеріне қол жұмсаулары (суицидке бару), буллинг мәселесі, адамзаттың басына төніп тұрған әртүрлі дерттің таралуы, тек бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Осы тұрғыдан айтарымыз, баланың негізгі тәрбиешісі – өзінің туып өскен ортасы, отбасы-ошақ қасы, ата-анасы.
Қазақтың «Баланы – жастан…» деген сөзінің мағынасы өте терең. Себебі, педагогикада бала тәрбиелеуде жас және дербес ерекшеліктері ескеріледі. Есейген баланың теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын, дүниетанымын өзгерту өте қиын. Сондықтан, бала тәрбиесінің дұрыс қалыптасуында мектеп пен отбасының тығыз қарым-қатынаста болуы қажетті жағдай болып отыр. Дегенмен, отбасы тәрбиесі – нақты отбасы жағдайындағы ата-ананың немесе басқа туысқандарының ықпалы арқылы берілетін тәрбие мен білім беру жүйесі. Бала бойындағы жақсы мінез-құлықтарды сіңіруде ата-ананың, отбасы мүшелерінің жеке басындағы үлгі-өнегесі ерекше рөл атқаруы тиіс. Кез келген бала оларға қарап, еліктеп өседі, міндетті түрде ата-анасынан көргенін, естігенін қайталайды. Кейбір ата-ананың балаға айтар өсиеті мен күнделікті тіршіліктегі іс-әрекеті, мінез-құлқы сай келе бермейді. Балаға «өтірік айтпа», «ұрлық істеме», «біреудің ала жібін аттама», «кісіге қиянат жасама» дей отырып, ата-ана немесе отбасының өзге мүшелерінің өзі осы қылықтармен айналысса, бала тәрбиесіне теріс әсер етері сөзсіз. Ғалымдар тәрбиедегі этноәлеуметтік рөлдік бағытты жоғары қояды. Ол ерте балалық шақтан бастап этноәлеуметтік рөлдерге бейімділігін және оның адам өмірінің барлық кезеңінде жалғасын табатынын көрсетеді. Тәрбиеге этноәлеуметтік рөлдік тұрғыдан келу – қазақ этникалық тәрбиесінің, оның ішінде отбасы тәрбиесінің негізгі қағидасы.
Ал, біз өз ұлтымыздың қанымен келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне немқұрайлы қарамаймыз ба? Жастарымыз не ойлайды? Оларды не қызықтырады? Осы секілді өзекті сұрақтарға жауап іздеуіміз керек-ақ. Бүгінде жастар көп пайдаланатын әлеуметтік желіні әдепсіздікке, ойсыздыққа, әлсіздікке тәрбиелейтін қоқыр-соқыр дүниелер жаулап алды. Оның жастар санасына жағымсыз жақтары, ар-ұяттан бездіретін келеңсіз көріністері көп екенін біле тұра, оған мән беріп, көңіл бөлмеуіміз айтып кеткен келеңсіз мәселелерге себеп болуы хақ.
Ал, қазіргі кезде бізге керегі – әлемдік мәдениеттің озық үлгілері. Бүгінгі жастар – ел болашағы. Өскелең ұрпақты әлемдік мәдениеттің адами ізгі қасиеттерін, озық үлгілерін үйренуге, ІТ технологияларды меңгертіп, оның тұнығынан сусындай білуге, білімге, ғылымға баулу – біздің міндетіміз. Сонда ғана ертеңгі күні олар ұлтымыздың кешегі өткен ата-бабаларымыздан келе жатқан болмысына лайықты ұрпақ өсіре алады. Грек ойшылы Платонның «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөзін естен шығармасақ екен.
Лескүл ИБРАИМОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді