Атап айтқанда, салтанатты жиын барысында «Forte Bank» АҚ, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «AQ miniSuites», «TAS Group» компаниялары, сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдің 85 жылдық мерейтойына орай басып шығарылған «Тараз – өркениет өрімдерінің куәгері», «Қарахан мен Айша: ғылыми деректер мен аңыздар» атты кітаптардың, «Неге деген сұрақтан бастаңыз», «Қуаныш сыйлау», «Мемлекеттер неге дамымай қалады?», «Құмбел», «Өмірдің 12 ережесі», «Әлихан Бөкейхан кім?», «Дінмұхамед Қонаев кім?», «Мұхамеджан Тынышбаев кім?» кітаптарының, сондай-ақ, «Кто есть Кто?» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы сом алтынға татитын үлкен екі еңбекті баспаға дайындады. Оның бірі – «Тараз – өркениет өрімдерінің куәгері» кітабы. Бұл кітап үш тілде, фото бедерлермен дайындалған. Құнды еңбекте мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан, адамзаттың киелі мекені Тараз, Талас, Қаратау, Шу, Алатау бөктерін жайлаған Түркі халықтарының терең тарихы мен мәдениетіне, әлемге қанат жайған түркінің ұлы өркениетіне қатысты деректер жазылып, фототілші Алтынбек Қартабаймен бірге сол мекендерге жылдың төрт мезгілінде экспедицияда түсірілген фотолары енген. Кітапқа Жамбыл облысы мен Тараз қаласының өткен тарихы, бүгінгі мәдени дамуы, сәулеттік өркендеуі, сонымен қатар, облыстың жалпы табиғаты мен туристік нысандары енді. Өркениеттер тоғысында жеткен жетістіктері мен олардың маңызы кітапта кеңінен баяндалған. Кітап қалың оқырманға, оның ішінде шетелдік азаматтарға да танымдық тарихи оқу құралы болатыны сөзсіз. Кітап авторлары – Сауран Қалиұлы, Асылжан Шайділдаев және Алтынбек Қартабай.
Екінші еңбек те ел сұранысымен, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен зерттеліп, жинақталды. Бұл кітапты ортағасыр тарихының маманы Асылжан Шайділдаев құрастырған. «Қарахан баба мен Айша бибі» кітабы қасиетті Тараз өңірінің інжу-маржанына айналған Айша бибі мен оның ғашығы деп танылған Әулиеата – Қарахан бабаның, Қарахан мемлекетінің тарихы туралы аңыздар және олар туралы ғылыми деректерге негізделген ғалымдардың мақалалары, архив қоймаларында сақталған кесенелерді зерттеу құжаттары енген. Қазақ даласында алғашқы болып ислам дінін мемлекеттік дін деп қабылдаған Қарахан мемлекетінің дәуірінде жоғары дамыған ілім мен білімнің, мәдениет пен өркениеттің, өнер мен діннің шарықтап қанат жайған жетістіктері мен олардың ерекшеліктері туралы маңызды ғылыми зерттеулер осы кітапта топтастырылған. Оның ішінде ортағасырлық жазбалардан келтірілген үзінді мәтіндерден бастап, кесененің әр тасының зерттелу жайы, сызбалары сияқты құнды құжаттар бар. Бұл тақырыпта алғаш аңыздар жинап, оны кітапқа түсірген өлкетанушы, жазушы Бақытяр Әбілдаұлының еңбегі негізге алынғанын да айта кеткен жөн. Алайда, көпшілік қауым жазушының ұсынған аңыздарынан өзге бұл кесенелер турасында ғылыми деректерді біле бермейді. Соғысқа дейін археолог ғалымдардың алғашқы қызығушылығымен зерттеу басталғанымен, біраз кідіріп, өткен ғасырдың сексенінші жылдары зерттеу, қалпына келтіру жұмыстарының жанданғанын құжаттардан анық білеміз. Соның бірден-бір себепкері болған Әлібек Әмзеұлының, Тәкен Молдақыновтың, сол кездегі мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтің де еңбегін айта кеткен жөн.
Салтанатты іс-шарада аталған еңбектердің лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбайұлы, «Мазмұндама» баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан және «TAS Group» компаниясының басқарушысы Дулат Тастекей қиды. Мерейтойға арнайы келген «Мазмұндама» баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан аталған еңбектердің маңыздылығына тоқталып, жамбылдықтарды атаулы күнмен құттықтады.
– Дөңгеленген дүниеде үш мыңнан аса ұлт бар екен. Соның екі жүзі ғана Қазақстан секілді мемлекет құру деңгейіне жеткен. Қазір осы екі жүз мемлекеттің арасында ой жарысы, сана бәсекесі жүріп жатыр. Мереке қарсаңында, тамаша тойда «Мазмұндама» баспасы мен «TAS Group» компаниясы бірнеше кітаптың тұсауын кесіп отыр. Сонымен қатар, «Ауылға кітап» жобасы аясында осы және басқа да көптеген кітаптарды Жамбыл облысының мектептеріне тарту етпекшіміз. Сондықтан, қазақша кітап көп болсын, саналы ұрпақ өсіп, жетіле берсін, – деді ол.
Бұдан бөлек, мерейтой аясында «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінің аумағында әулиеаталық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге бас қалада өткен «Көне Тараз» байқауында еліміздің рекордын орнатқан, белгілі ісмер Раушан Құндызбаева бастаған «Қолөнер Тараз» қоғамдық бірлестігінің шеберлерінің дәстүрлі және заманауи туындылары қойылды. Бүгінде бірлестік құрамында 20-78 жас аралығындағы ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, өзінің сүйікті ісіне айналдыра білген сексенге жуық шебер белсенді еңбек етуде. Сонымен қатар, отыз жылдан аса кәсіби түрде өрнек тоқумен айналысып келе жатқан Салима Усибалиева да өзінің жаңа бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Айта кету керек, тоқымашының шәкірттері бүгінгі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қабырғасында ашылған лабораторияда еңбек етуде. Бүгінде отандық өнім ұсынып отырған қолөнершілер бұл жұмыстарды негізгі қызметтерімен қатар алып жүре отыра, ұлттық өнердің шырағын сөндірмеуді мақсат еткен.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Оқулықта олқылық болмағаны жөн!
- 23 желтоқсан, 2024
Қоғам жалғыздығын қаузаған туынды
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді