БАЛКАН ТҮБЕГІНДЕГІ СЕНІМДІ СЕРІКТЕС
Айта кетсек, Қазақстан Президенті Сербияға алғаш рет барды. Сол үшін Мемлекет басшысы осы сапарға ерекше мән беретінін жеткізіп, қатынасқа қарқын қосуға ниетті екенін мәлімдеген болатын. Президенттің айтуынша, бұл сапар қазақ-серб қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары басталғанда Сербия Президенті Александр Вучич өзінің Instagram парақшасында: «Бүгін кешке маған Қазақстан Президентін қабылдау құрметі бұйырды. Достарына Сербияның әрдайым есігі ашық, бұл жолы да солай болды. Біздің қонақжайлылық және жылы шырайлы дәстүрлеріміз ортақ дастархан басында көрініс табады – мұнда біз тек тағамды ғана емес, бізді біріктіретін құндылықтарды да бөлісеміз. Маған әйгілі қазақ алмасы сыйға тартылды», – деген жылы жазба қалдырды.
Жалпы, қазақ-серб серіктестігі тереңнен тамыр тартады. Дунай мен Сава өзендерінің тоғысында орналасқан халық XV ғасырдан бастап Орталық Азиямен қатынаста болған. Балкан түбегімен біздің елді сауда-саттық байланыстырады. Тіпті кейінгі тарихымыз да ұқсас, Белград та тәуелсіздігін 1991 жылы алды. Көп ұзамай, бір жылдан кейін қос мемлекет дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Енді осы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге зор мүмкіндік туып отыр. Сербияның экономикасы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке негізделген. Көлік- логистика саласындағы әлеуеті де мол. Демек, Орта дәлізді дамытуға ықпал ететін бірден-бір мемлекет. Екі елдің тауар айналымы биыл 70 миллион долларға жуықтаған. Қазақстан 10 миллион доллардың тауарын сатты, ал импорт 60 миллион долларға жуық. Біздің еліміз негізінен минерал аралас тыңайтқыштар, пропилен полимерлері және мақта жеткізеді. Ал Белградтан қағаз, картон сынды өнімдер әкелінеді. Бүгінде Қазақстанда екі ел бірлескен 11 жоба жұмыс істеп жатыр. Сербтердің қатысуымен 47 компания кәсібін дөңгелетуде. Олар сауда, автомобиль, ғылыми-техникалық қызмет және құрылыс сияқты салаларда белсенді.
Біздің инвестициялық климат та кейінгі кездері жақсарып келеді. Президент жанындағы Қазақ стратегиялық зерттеу институтының сарапшысы Әлішер Әбдірешевтің пікірінше, Сербия Еуроодақпен де, Еуразиялық одақпен де тығыз байланысты. Сонысымен Қазақстан үшін маңызды ел саналады. Бұл тұрғыда көлік-логистикалық бағытты дамытудың орайы түсіп тұр. Тауар экспорты Орта дәліз арқылы тікелей Белградтан өтуі мүмкін. Бұл жерде Сербия маңызды рөл атқарады. Экономика ғана емес, ғылым саласындағы серіктестіктен де аларымыз мол. Қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Соның бірі – жоғары өнім шығаратын жүгерінің жаңа сортын шығару. Екі тараптың тиімді жұмысы нәтижесінде Қазақстанда өсететін өнім отандық нарықтың 85 пайызын жауып отыр.
САУДА КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТУҒА КЕЛІСТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Белград қаласында Сербия Президенті Александр Вучичпен алдымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвестициялық байланыстарды белсенді дамытып келе жатыр. Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың перспективасын, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда өткен келіссөзде екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор екеніне тоқталып, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді. Екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалаған тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады. Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар. Сондай- ақ, көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды. Сондай-ақ, бірлескен кәсіпорындарды жандандыру жайы қаралды.
Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен 10 құжатқа қол қойылды.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС АЯСЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін ұйымдастырылған брифингте Қазақстан Президенті бұл сапарға айрықша мән беретінін атап өтті. «Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі ниеттес әрі тілеулес сенімді серіктесі. Достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген. Бүгінде берік әрі мазмұнды қарым-қатынасымыздың аясы кеңейіп келеді. Жаңа салалар бойынша ықпалдастық орната бастадық», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен нәтижелі және мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
«Біз инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына баса мән беріп отырмыз. Инновация және жаңа технология бағытына ерекше назар аудардық. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық. Бұған Үкіметаралық комиссияның белсенді қызметі серпін беруге тиіс. Сондай-ақ, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруға келістік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастыққа тоқталды. «Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық», – деді Мемлекет басшысы.
ҚОЛДАУ КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН
Белградқа ресми сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Республикасының Премьер-министрі Милош Вучевичпен кездесу өткізді. «Сербиямен берік достыққа және өзара түсіністікке негізделген ұзақ жылғы серіктестігіміз бен көпжақты байланысымызды жоғары бағалаймыз. Бүгін ғарыш, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі, білім, туризм салаларында үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Түрлі деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен экономикалық өзара ықпалдастық біздің түпкі мүддемізге сай келеді», – деген Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия үкіметтерін қол жеткізген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру үшін бірлесе әрекет етуге шақырды. Атап айтқанда, екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретін ірі жобаларды нақтылау қажет екенін айтты. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмысына зор үміт артатынын жеткізді. Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын Сербия бизнесмендеріне Қазақстан Үкіметі толығымен қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сербия Премьер-министрі өз елінің Қазақстанмен тауар айналымын ұлғайтуға, сауда-экономика, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға ниетті екенін растады.
БАУЫРЛАСТЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ӨЗАРА СЕНІМ
Сербияға ресми сапары аяқталған соң, Қазақстан Президентінің Мажарстанға мемлекеттік сапары басталды. Мажарстан – Еуропаның қақ ортасында орналасқан, стратегиялық маңызға ие мемлекет. Біз үшін бауырлас халық. Осы бауырластық қатынасты нығайту мақсатында мемлекеттік сапармен келген қазақ басшысын Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан құрметпен қарсы алды. Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Будапештте Премьер-министр Виктор Орбан, Мажар Президентімен және бірқатар бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым- қатынас – тарихтан тамыр тартқан бауырластыққа негізделген өзара сенім мен серіктестіктің жарқын үлгісі. Қазақстан – Мажарстан үшін Орталық Азиядағы сенімді серіктес, ал Мажарстан Еуропаға ашылған терезе іспетті. Сауда-саттық пен инвестициялық жобаларда екі елдің тығыз әріптестігі алдағы уақытта өз жемісін беріп, жаңа белестерге жетелей бермек. Айта кетсек, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-саттық былтыр 190 миллион АҚШ долларына жуықтаған. Биыл бұл көрсеткіш 4 пайызға өсті.
НӘТИЖЕЛІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Будапешттегі Шандор сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды. Әңгімелесу барысында қазақ басшысы бауырлас қос халық арасында тығыз саяси диалог, нәтижелі экономикалық серіктестік байланыстар жақсы жолға қойылғанын атап өтті. «Қазақстан мен Мажарстан ортақ тарих пен мәдениетке арқа сүйей отырып, екіжақты берік байланыс орнатты. Еуропадағы алғашқы елшілігіміз осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылған болатын. Екі елдің нәтижелі ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті бар. Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді», – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде мажар басшысы екі елдер географиялық тұрғыдан алшақ жатқанына қарамастан, қос халықтың тарихы мен мүдессі ортақ екенін жеткізді. «Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан – бүгінде Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Сіздің еліңіз үшін халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды басымдық. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы «алма» деп айтады», – деді Тамаш Шуйок.
Президент Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс төрағасы Ласло Kёвермен де кездесіп, бұл сапары екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін жеткізді. Бұл мақсатта парламентаралық ықпалдастық да маңызды рөл атқарады. «Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТЕРЕҢДЕТУ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен достық рәуіште әңгімелесті. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Кездесуде ынтымақтастықтың басым бағыттары мен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдету талқыланды. Қазақстан Президенті Мажарстанды еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ, достас әрі бауырлас мемлекет ретінде атап өтті. Екі тарап та жоспарланған бастамаларды табысты орындау үшін үкіметке қолайлы жағдай жасауға дайын екенін растады.
Бұдан кейін тараптар екіжақты әріптестікті нығайту мәс еле сін кеңейтілген құрамда талқылады. Келіссөз барысында бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, тараптар Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.
Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік орнатқанына 10 жыл толды. Тереңнен тамыр тартқан туыс халықпен біздің қазіргі байланысымыз жақсы деңгейде. Арадағы алыс-берісті де еселеп арттыратын мол мүмкіндік бар. Қазір түрлі қиындықтарға қарамастан бұл көрсеткіш жақсы қарқынмен өсуде. Келіссөздер қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономикалық әлеуетін толыққанды игеру маңыздылығына тоқталды.
«Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан, бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі», – деді Президент.
Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру. Біздің ел Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайын. Энергетика, металлургия, мұнай- химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. «Елімізге 2005 жылдан бері 370 миллион доллар мажар инвестициясы тартылды. Мен бүгін Мажарстандағы «MOL», «OTP Group», «Gedeon Richter» сияқты ірі компания басшыларымен кездестім. «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 миллион доллар. Экономикалық байланысты жандандыру – уақыт талабы. Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақстан – Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыруға бет бұрған. Қазір транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндігі мол. Осы бағытта мемлекеттер бірлесіп маңызды жобаны жүзеге асыруға келісті. Сапар барысында «KTZh Express», «L.A.C.Holding» және «Xi’an Free Trade Port Construction and Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміздің арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізілетін болады. Бүгінде Қазақстан мен Мажарстанның ынтымақтастығы Біріккен ұлттар ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатыр.
Премьер-министр Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапарын екі ел арасындағы байланыстың жаңа белесіне жол ашқан маңызды қадам деп атады. Бұл сапардың мәні терең әрі көпқырлы. Әріптестік байланыстарды нығайтуда ұтымды қадамдар жасалды. Бұл тек екі елдің ғана емес, халықаралық қатынастардың да жаңа серпін алуына жол ашпақ.
«Келісөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ, екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы, сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық», – деді Виктор Орбан.
Жалпы, тараптар келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады. Екі елдің делегация мүшелері 6 бірдей маңызды құжатқа қол қойды. Оның ішінде банк және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асыру сынды бағыттар, ел экономикасын әртараптандырып, шетелден инвестиция тарту бар.
ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ БАСЫНДА НЕ АЙТЫЛДЫ?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қарашада Қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.
«Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 миллион долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 миллион доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан жаңа саяси және экономикалық парадигмаға бет бұрғанын айтып, Мажарстан бизнесмендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, қаржы нарығы секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді. Қасым- Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мажар компанияларының басшыларын келесі жылы мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Инвестициялық дөңгелек үстелде Мажарстанның Қаржы министрі, Қазақ-мажар экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Михай Варга мен ірі компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі. Жиын қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аптада екі бірдей мемлекетке жасаған сапарлары сәтті өтті. Сапар барысында көптеген маңызды салаларда мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға қол жетіп, еліміз үшін бірқатар мазмұнды келісімдер жасалды. Президент сапарының басты мақсаты да осы болды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді