«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірегей

Бірегей
Ашық дереккөз
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жандар Кәрібайұлы туралы естелік-мақалаға осы тақырыпты жөн санадық. Сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – істің көсемі, білімді, ойшыл, парасатты, белсенді асыл аға бұл теңеуге әбден-ақ лайықты. Беу, жалған дүние- ай! Жандар аға тірі болғанда, бүгінде сеңгірлі сексен бесін тойлап жатар едік-ау. Дүниеден озғанына да бес жылдың жүзі болып қалған Жандар аға Кәрібайұлы «Жоғалған пышақтың сабы – алтын» деп елеусіз айта салатындай емес, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп сағынышпен еске алуға тұратын тұлға, нағыз қадірлінің қадірлісі болатын. Көркем мінезімен, қайраткерлігімен, отаншылдығымен, қоғамшылдығымен, мейірімділігімен, қамқорлығымен, азаматтығымен, тағы-тағы осындай жақсы қасиеттерімен.

...Осыдан 3,5 жыл бұрын-ау шамасы, Халима әпкей Бекмырзақызы хабарласқан. Халима Бекмырзақызы – Жандар Кәрібайұлының 56 жыл бірге жұбайлық ғұмыр кешкен жары, сот саласының ардагері. Сол кісі:

– Ағаңның бақилық болғанына да жарты жылға жуықтап қалыпты. Жәкеңнің дүниеден озғанына жыл толуына орай естелік кітап шығару ниетіміз бар. Кітапқа енетін материалдарды редакциялауға, емле, әріп, тыныс белгісі секілді грамматикалық қателерін түзетуге «ағасының әріптесі» деп сені таңдап отырмын.

– Ойпырмай, ағаның асына дейін үлгере алар ма екенбіз?! Кітап шығару оңай емес қой, – дедім мен бұл істің қиындығын, уақыттың аз қалғанын алдыға тартып.

– Ол жағы ойластырылған. Негізінен кітаптың материалдары түгелге дерлік дайын. Адам жасы ұлғайып қалса да, «бүгін-ертең өлемін» деп ойламайды ғой. Жәкең де сондай пендешілікпен жүріп қалған жайы бар. Бұған дейін де жарық көрген дүниелері жетерлік. Дегенмен, бәрі де қамтылған көлемді еңбек шығаруға үлгере алмады. Тағдыр ғой. Жазмыштан озмыш жоқ. Әйтпесе, өзінің жазғандарын, өзі туралы жазылғандарды компьютерде тергізіп, реттеп қойған. Тіпті, кітаптың атауын да қойып қойған «Тәубе» деп. Менің де жинақтап жүргендерім бар. Енді оларға Жәкең жайлы естеліктер қосылар, – деді Халима әпкей менің көңілімді жайландырғысы келіп.

Сонымен, не керек, іске кірісіп кеттік. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің», үлгердік Жандар ағаның жылдық асы берілгенге дейін. Сондағы жарыққа шыққан «Тәубе» атты кітапты оқуға бас қойсаңыз болғаны Жандар әлеміне еніп кетесіз. Содан кітаптың соңғы бетін жапқанша одан шығу қиын. Оқырманын өзіне тартып, тылсым бір дүниеге жетектеп әкетеді еріксіз.

Сегіз тараудан тұратын кітаптың бес тарауына Жандар Кәрібайұлының төл туындылары топтастырылған. «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деп мұзбалақ ақын Мұқағалидың жырлағанындай, Жандар ағаның шығармаларын оқып шыққаның – оны зерттеп, зерделегенің. Шығармаларын оқып шыққаннан кейін-ақ біле бересің Жандардың кім екенін! Жандар – көсемсөзші, Жандар – тұлғатанушы, Жандар – ақын, Жандар – очеркист.

Қай шығармасын алсаң да, төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр! Кітаптың «Анадан артық жан бар ма!» атты алғашқы тарауындағы «Анашым, ардағым!» эссесін толқымай отырып оқу мүмкін емес.

«Әкем мен анама (әкесі – Кәрібай, анасы – Әміреқыз. Б.Ж.) не жақсылық жасадым?», – деп жиі-жиі ойға қаламын. Түн ұйқыларын төрт бөліп, шығарға жандары бейіл, ауырып қалсам бәйек болып бірге ауырған, жалғыз ұлдарының амандығын Алладан жалбарына тілеген, уайыммен жүдеген олардың бір күні түгіл бір сәтін де өтей алмадым-ау!», – деп өкінемін» деген жолдар көңіліңізді босатып, көзіңізге жас алғызбай қояр ма! Бұл – Жандар ағаның шығармашылық шеберлігі, перзенттік пейілмен оқырманын егілтуі.

«Тұлғатанудың тарланы» тарауында Жандар Кәрібайұлының Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелди секілді таутұлғалар туралы жазғандары жарияланған. Қазақ халқының мақтанышы осынау арда азаматтар туралы қалам тарту үшін зор қарым-қабілет, солардың деңгейінде пайым-парасат керек. Демек, Жандар ағаның да сол асыл азаматтармен деңгейлес болғаны. Басқа қандай баға берерсің!

«Елім, жерім деп соққан жүректен» атты үшінші тараудан отаншылдық сезімдегі, азаматтық рухтағы ұлт ұланының шалқымаларын, тебіреніспен жазылған туындыларын оқисыз. Қанаттанып отырып оқисыз. Оқып отырғанда Отаныңа, Еліңе, Жеріңе деген махаббатың маздап, сүйіспеншілігің арта түседі. Ол, әрине, қаламгер құдіреті, оның шығармаларындағы сезімді селт еткізер сөздердің құдіреті.

«Жандар Кәрібайұлы саясаткер, сенатор ғана емес, ол – көсемсөздің шебері, публицист. Мемлекеттік тілдің пәруана жанашыры. Ол – ақын адам. Бір сөзі бір сөзіне сәуле шашып тұратын жақсы ақын», – депті шындықтың шырақшысы Шерхан аға.

Шындығында да, кітаптың «Өмірді өлеңменен өрнектеген» деген тарауындағы өлеңдерін оқып отырып оған көзіңіз жете түседі. Ақын Жандар ағаның тақырыбы – әралуан. Отаншылдық, патриоттық рухтағы, ауыл, ел, табиғат туралы өлеңдер, махаббат лирикасы да осында. Ұтымды ұйқас, ойнақы сөз қолданыстарынан ақындық шеберлік айқайлап тұр.

Осы жерде облыс журналистикасының абыз ақсақалы Баттал Жаңабайұлының әріптес Жандар інісі туралы «Аудандық газеттің мектебінен өткен редактор Жандар Кәрібайұлы саяси қызметке ауысқаннан кейін журналистикаға ат басын бұруға көп шамасы болмады. Оған уақыты да жоқ қой. Мен сонда әжептәуір өкініш білдіргенім бар. Сонда Жандар маған «ағасы-ау, жазуға да уақыт табармын, халық жүктеген аманатты да орындауым керек қой» деген еді ақталғандай. Қайтіп кінәларсың?!

Сөйтіп жүріп-ақ Жандар қаламының қарымын таныта біліпті. Оның поэзиясы туралы Шерханнан асырып ешкім айта алмас» дегені де біздің айтқанымызды айшықтай түсіп тұр емес пе?!

Жандар Кәрібайұлының өмір жолы тақтайдай тегіс, даңғыл болған жоқ. Ол да тағдырдың ащы, тұщы дәмін татқан өмірде. Бірақ, сол жолда «жоқпын» деп жасымады, «бармын» деп тасымады. Өзінің қарым-қабілетімен қызмет атқарып, адал еңбектің, маңдай тердің арқасында қол жеткізді барлық жетістіктерге. Ол жетістіктерде оның өмірлік серігі, асыл жары, балаларының анасы Халима Бекмырзақызының да үлесі бар. Екеуі – жарты ғасырдан астам жұбайлық өмірде қызықты бірге көріскен, қиындықты бірге бөліскен жандар.

Бұл туралы Халима әпкейдің кітаптың «Өмірбаяндық өрім» тарауындағы естелік мақаласында шынайы, көркем, қарапайым, ұғынықты да түсінікті баяндалған. Мақалаға қазақ ауылының соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі тұрмыс- тіршілігі арқау етіп алынған. Сол қиын замандағы жастардың білімге талпынысы, білуге құштарлығы, жігіттер мен қыздардың инабаттылығы, ибалылығы, отаншылдығы, қарттарға құрметі, үлкенге ізеттілігі, жастарға қамқорлығы, жас ұрпақ тәрбиесі, бәрі-бәрі жіпке тізгендей баяндалған. Одан үлкенге де, кішіге де үлгі боларлық өнегелі өмірді көреміз.

Кітапты парақтап отырып осындай ойларға жетеленіп барамыз ба, қалай өзі? Бір сәт ой жетегінен босанып, оқырманды кейіпкеріміз Жандар Кәрібайұлының кім екені, қандай адам болғаны, қоғамға қандай еңбек сіңіргені, отбасылық өмірі жайынан хабардар еткеніміз дұрыс болар. Жалықтырмас үшін қысқа қайырып көрейік.

Ашық энциклопедия-википедиядан алынған мәліметтер ол туралы былай сөйлейді:

«Жандар Кәрібайұлы, қоғам қайраткері, 1939 жылы 20 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы Жоғары партия мектебін, Халықаралық құқық академиясын бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы мектеп-интернатта неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастап, аудандық «Шұғыла» – «Радуга» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Одан кейін аупарткомда нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, аудандық газеттің редакторы болып жұмыс істеген. Ұзақ жылдар аупарткомның хатшысы, обкомның идеология, ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімдерінің меңгерушісі, облыстық мәдениет басқармасының бастығы қызметтерін атқарып, 1995-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болған. Өмірінің соңына қарай Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы. 2020 жылы 11 ақпанда қайтыс болды.

Марапаттары мен атақтары:

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, 2 рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын барыс» төсбелгісімен, Монгол Халық Республикасының «Достық», Қазақстан Республикасының «Астана», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Ассамблеясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Жамбыл облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Балалары: Динара, Жеңіс. Мұқаш.»

Осындай жауапты да жоғары лауазымды қызметтер атқарып, бар саналы ғұмырын Отанына, халқына, еліне, жеріне қызмет етуге арнаған азамат Жандар ағаға «біз Сені мақтамаймыз, біз Сенімен мақтанамыз» деген теңеу лайық. Сонда неге мақтанамыз? Осындай таутұлғамен әріптес, қызметтес, сыйлас болғанымызға, тәрбиесін алғанымызға.

Әріптес дейтінім – Жандар Кәрібайұлының бір мамандығы журналист. Қызметтес дейтінім – ол 1966-1969 жылдары Жамбыл аудандық «Шұғыла» – «Радуга» газетінде әртүрлі деңгейдегі қызметкер, одан кейін редактор болған. Мен осы басылымға 23 жылымды арнаппын. Сонда қызметтес болмағанда кім боламыз.

Википедиядан алған өмірбаянында Жандар Кәрібайұлының соңғы қызметі «Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы» деп көрсетілген. Осы қызметте жүргенінде 80 жасқа толғанын тойлап, сонда әріптес аға туралы ел газеті «Егеменде» «Аттан түспеген азамат» атты мақалам жарияланған. Мақалада ардагер ағаның бейнесін аша алдым ба, жоқ па? Ол жағына оқырман төреші. Сонда қарапайым веттехниктен еліміздің ең жоғары Заң шығарушы органы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына дейінгі лауазымда қызмет атқарған арда азаматтың зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамға пайдалы істерден қол үзбей, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, абыз ақсақал ретінде жастар тәрбиесіне, өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып жүргенін айтқанбыз.

Жандар Кәрібайұлы қандай қызметті болсын жоғары жауапкершілікпен атқарды. Қоғам игілігі, адам игілігі жолындағы істердің бәрінде аянған жоқ. Ол қай қызметте болсын істің көзін таба білетін. Сонысына қарай үнемі қызметте жоғарылап отырған. Өйткені, білімді де білікті азамат, ұтқыр ұйымдастырушы, іскер басшы қайда да керек. Ол сол «Керек Адам» санатында болды.

– Адам қай қоғамда өмір сүрсе, сол қоғамға қызмет етуге міндетті. Біз кеңестік кезеңде оқып, білім алып, сол қоғамға қызмет еттік. Еңбегімізді ел игілігіне арнадық. Ал, еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жұмысқа құлшынысымыз ерен болды. Еңбегіңді тәуелсіз Қазақстанның болашағына, мемлекетқұраушы ұлт – қазақ халқының игілігіне арнап жатқаныңды сезінудің өзі бір ғанибет қой. Парламент қабырғасындағы қызметте сондай сезімде болдым десем, артық айтқандығым емес. Қазір сондай отаншылдық, ұлтжандылық сезімді жастар санасына сіңіру жолында жұмыс істеп жүрмін. Бұл – жастарымыз Тәуелсіздіктің қадірін жете түсіне алмай жатқан, батыстық таяз түсініктердің жетегіне еріп кетуге, жаһанданудың жұмырына жұтылып кетуге бейім қазіргі заманда өте-мөте керек іс. Сендер де бұл игілікті істен қалыс қалмаңдар. Жастарымыз – біреудің қаңсығына таңсық. Олардың бетін бері қарататын ұлттық идеология әлсіз, – деп еді-ау асыл аға.

Бір кездері облыстың бас идеологы болған, басқа қызметтерде де ұлттық құндылықтарды ұлықтауға барын салған қайраткер соңғы сөздерін қынжылыспен әрі аманаттағандай айтқан.

Жандар аға өзі айтқанындай, екі рет қатарынан сенатор болған кезінде Тәуелсіз Қазақстанның Заңдарын әділ, айқын, берік етуге, құқықтық мемлекет құруға жанын сала жұмыс істеген. Оған дәлел – экс-сенатор Жандар Кәрібайұлының қызметтес- әріптестерінің оның депутаттық белсенділігі туралы айтқан пікірлері. Оған дәлел – экс-депутаттың игі іске ықпалын көрген сайлаушыларының сөздері. Оған дәлел – қоғам қайраткерінің журналиске берген сұхбатында ағынан жарыла айтқандары.

Мысалы, Сенатта бірге қызмет атқарған әріптесі, экс-сенатор Оңалбек Сәпиев:

– Халық қалаулысы болып, Сенат қабырғасында қым-қиғаш жұмысқа кірісіп жүрген кездерде, жасыратын не бар, талай-талай тартысты сәттер, айтысты мезеттер де кездесіп жатты. Сондай қызылкеңірдек тайталаста, әрине, заң жобалары төңірегіндегі әңгіме ғой, Жандар Кәрібайұлы екеуміздің үніміз де, ұстанымымыз да қатар естіліп қалушы еді. Ол бәрінен бұрын адалдықты жақтады, шындықты ту етті, көлгірсуді жаратпады.

...Қадап айтарлық бір жағдай – Жәкең ұлт тілі туралы талқы-таласта барынша белсенді бой көрсетті, әділін айтты, жүрекке жеткізді, дәлелді дәйекпен көпті тоқтатты, – депті.

– Жандар ағамыз Парламентте жетім балалар мәселесі туралы Заң қабылдануына белсене атсалысты. Ол кісі осы жұмыспен айналысып, Америкада шетелден бала асырап алуға ықпал жасайтын мыңға тарта агенттіктің барын және шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының жай- күйін тиісті мемлекеттік органдарға хат жазып, анықтады. Осы мәселемен танысып қайту үшін ұзақ жылдар Қазақ теледидары мен радиосында қызмет атқарған белгілі журналист Ләззат Мейрамханқызы Қапышеваның шетелге іссапарға барып қайтуына Сенат депутаты Жандар Кәрібайұлы мен Жоғарғы Сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев қолдау жасап, көмек көрсетті. Журналист американдықтардың жетім балаларды асырап алу үшін Үкіметке небәрі 45 теңге мемлекеттік баж салығын төлеп, алып кететінін, балалар үйіне құны 8 мың доллар тұратын кіржуғыш машина сатып алып берген жағдай болғанын, біздегілер соған мәз болатындығын, америкалықтар бұрын африкалық балаларды асырап алып жүрсе, енді қазақ балаларының қаны таза, өте дарынды, қабілетті келетіндігін біліп Қазақстаннан бала асырап алатындығын біліп қайтты. Осыдан кейін Жандар аға мақалалар жазып, депутаттық сауал жасап, сәбилердің шетел асуына тосқауыл қоюға мұрындық болды, – деп жазыпты «Қамқоршы ағам еді» атты мақаласында жерлесіміз Абай Тоқсаба. Ол – Жандар Кәрібайұлы депутат болған тұста Сенат аппаратында жауапты қызмет атқарған азамат.

– Депутат – халық қалаулысы. Ол бүкіл қоғамға, мемлекетке қызмет ете отырып, өзі сайланған өңірдің «жыртысын жыртуды» да ұмытпайды. – «Тәубе» естелік кітабындағы «Көркем мінезді көкем- ай» мақаласында осылай деген қоғам қайраткері, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов өзі Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарып тұрғанында таутұлға Қаратай Тұрысов пен Жандар Кәрібайұлы ағалары ауданға аса қажетті жылу отыны – мазут алуға үлкен көмек көрсеткенін тәптіштеп жазыпты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» сипатындағы бұл көмектің жөні бөлек.

Жандар аға мақтанғанды да, мақтағанды да ұната бермейтін. Оның «мынаны істедім, мына іске мұрындық болдым, мынаған көмектестім» дегенін естіген емеспіз. Ал, атқарған қызметі, жүзеге асырған жақсы ісі жайында сөз қозғай қалсаң: «Е, ол міндетті жұмысымыз, атқаруға тиіс қызметіміз ғой», – деп әрі қарай әңгіме өрбітпейтін. Әйтсе де, журналистер адамның айтқысы келмегенінің өзін айтқызады ғой. Бүгінде облыстық «Арай» жастар басылымының бас редакторы (ол кезде осы газеттің тілшісі) Тұрсынбек Сұлтанбеков ағасы облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып тұрғанында алған «Бақыт оңай қонбайды» атты сұхбатында бар сырын ақтартыпты мақтанғанды жақсы көре бермейтін Жандар Кәрібайұлына.

– ...Біз экономика әлі бойын тіктей қоймаған, Үкімет басшысы Қажыгелдиннің оңтайландыру саясатының өршіп тұрған кезіне тап болдық. Өндіріс орындары оңды-солды жекеге кетіп жатты. Мойынқұмдағы «Ақбақай» алтын кеніне сұқ көз қадала бастады. Арғынбай Бекбосын (ол кісі – Мәжіліс депутаты. Б.Ж.) екеуміз Елбасына хат жазып, республикадағы жекенің иелігіне көшкен алтын кендерінің мүшкіл халін тілге тиек етіп, «Ақбақайда» олармен салыстырғанда жағдайдың жақсы екенін, жұмысшылар ай сайын 25 мың теңге көлемінде жалақы алып, бюджетке қомақты салық түсіріп жатқанын дәлелдеп, жекешеге сатылып кетуіне тоқтау салуын сұрандық. Соның арқасында «Ақбақай» аман қалды.

Қ.Тоқаев Үкіметі кезінде Қ.Тұрысовтың беделімен облыс тұрғындарының денсаулығына қатысты құны миллион доллар тұратын томографиялық құрал- жабдық алынып бір марқайып қалдық. Жыл сайын бюджет бекітілгенде өз облысымыз үшін қарманып қалатынбыз.

Заң жобаларын талқылауда жамбылдық депутаттар белсене қатысуымен көзге көп түсетін еді, – деп шешіле сыр шертіпті экс- сенатор. Онда да байқадыңыздар ма, «мен істедім дегенше, ел істеді десейші» ұстанымында. Бір іске депутат Арғынбай Бекбосынды, екіншісіне депутат Қаратай Тұрысовты қатыстырып, қорытындысына жамбылдық халық қалаулыларының белсенділігін айтып қол қойған. Бұл – Жандар ағаның көпшілдігі.

Біз «аттан түспеген азамат» деп сипаттаған Жандар Кәрібайұлының өмірінің соңғы сәтіндегі қызметіне мемлекеттік қызмет ардагері Рахметулла Рахманбердиев былай деп баға беріпті:

– Жандар ағамыз жаңадан құрылған облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде бұл құрылымның да халықтың мұң-мұқтажын, өтініштерін жіті зерделейтін деңгейге жетуіне біліктілікпен өз үлесін қосқанына ел куә. Денсаулығына қарамай жұмыс істеді. Оның бір ғана мысалы – Байзақ ауданында кеңес заманында қазылған, кейінгі 20 жылдан астам уақытта пайдаланылмай қалған, Шахан, Кеңес сияқты шалғай ауылдарға су жеткізетін 45 шақырым каналдарды тазартуға ақша бөлінуіне ықпал етіп, бұл күнде ауданның ең шеткі ауылдары шаруаларының өз несібелерін тауып отырғаны.

Елім деп елжіреген жүректің тулай соғысы туралы бұдан артық айту мүмкін де емес шығар?!

Жандар Кәрібайұлы туралы мұндай жүрекжарды пікірлерді көптеп келтіруге болады. Әрқайсысында ағаны әр қырынан көресің. Мақсаты – елге, халыққа қызмет ету. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлының өзі.

Жандар аға үлкен әулеттің әкесі, шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы болды. Ол туралы оның асыл жары, қазір 84 жасқа аяқ басқан кейуана Халима Бекмырзақызынан асырып айтар ешкім жоқ. Халима әпкей «Тәубе» естелік кітабындағы «Өмірбаяндық өрім» атты мақаласында:

– Жәкең екеуміздің тағдырымыз ұқсас болғандықтан ба, екеуміз де ата-анамыздан ерте айырылғандықтан ба, қосылған күннен бастап бір-бірімізді қиындықсыз-ақ ұғатынбыз. Екеуміздің де мақсатымыз қызметте де, өмірде де қатарымыздан кем қалмай, үйлі-жайлы, балалы- шағалы, жақсы жанұя болу еді. Біздің жақын ағайын- туыстарымыздың ішінде қызметте бізді қолдайтын тіреуіміз болған жоқ. Сүйенеріміз де, тірегіміз де бір Алла! Одан кейін маңдай теріміз бен адал еңбегіміз.

...Қайран Жәке! Сенің орның, өзің, сөзің жаным кеудемнен шыққанша ұмытылмайды.

Жәке! Мен үшін мәңгі тірісің! Өмірімдесің, көңілімнің төріндесің. Менің ендігі ғұмырым Сенің әруағыңды аялап, ұрпағыңның амандығын тілеуге арналады.

Алла жайыңды жәннаттан ете көрсін!

Пейіште нұрың шалқысын! – депті егіліп. Қайтсін-ай енді, екеуі 56 жыл қос аққудай жарасып жақсы ғұмыр кешкендіктен, бір-біріне көңілдері қалмағандықтан айтады да. Қазақ отбасында әрбір жұп осындай болса екен деп тілейікші.

Жандар аға мен Халима әпкей – тамыры тереңге кеткен, жапырағы жайқалған бәйтерек. Ол туралы алысқа бармай-ақ кейіпкеріміздің өз аузынан естиікші. Ол кісі өзінің «Анашым, ардағым!» эссесінде (Бұл шығарманың жазылғанына көп болмаған сияқты. Мүмкін дайындап жатқан кітабына алғысөз ретінде жазды ма екен?): «Тоба, ұлың қазір сексеннің сеңгірінде. Жоғары білімді. Ұзақ жылдар партия қызметінде болды. Сенаттың екі рет депутаты болып сайланды. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері, Жамбыл облысының, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Анашым, өзіңе тартқан ақкөңіл, ақпейіл, ар деп аталатын ардағын аялап, адалдық деп аталатын мөлдір бұлағын лайламай, отыз үш жыл сот саласындағы еңбегі «Үш би» құрмет медалімен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының салалық марапаттарымен, Грамота, Алғыс хаттарымен және «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен (қазір олардың қатарына «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісі қосылған. Б.Ж.) еленген Халима келінің өмірге бір қыз, екі ұл әкеліп, олардан 9 немере, 3 шөбере сүйіп отырмыз. Тұңғыш немерең Динара – тұрмыста, Тараздағы «Ана мен бала орталығының» бас дәрігері. Немере күйеубалаң Қайрат – облыстық көз ауруханасының бас дәрігері. Немерелерің Жеңіс – екінші дәрежелі юрист, Алматы қалалық сотының судьясы, Мұқашқали – «Астел» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице- президенті, немере келіндерің Кәмила – экономист, Алтынай – қаржыгер, шөберелерің Дінмұхамед – «Болашақ» стипендиясымен Лондонда механик мамандығына оқып, қазір Батыс Қазақстандағы «Юнисев» компаниясының бас директоры, Темірлан – Алматыда прокуратура қызметкері, Бәйтерек – «Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорнының заңгері, Алуа – жеке кәсіпкер, Жанбике мен Мұхамед-Сұлтан – КИМЭП-ті бітіріп, бірі – аудитор, екіншісі – қаржыгер, Мұхамед-Әзиз – «Эйр-Астанада» экономист, Нұрсұлтан – 7, Арнұр 4-сынып оқушылары.

Айбике, Нұрәмір мектепке баруға дайындық үстінде. Керім – 2 жаста. Бұлардың біреуін де көре алмадың-ау, «дүние – жалған, өмір – өткінші» деген осы да.

Анашым, әкешім, егер мен қандай да бір биікке көтерілсем, онда келіндеріңіз Халиманың да үлесі бар. Өйткені, отбасында береке болмаған азамат Отаны түгілі, өзгеге де опа беріп жарытпайды. Келініңіз екеуміз, немерелеріңмен үнемі сіздерді еске алып, қадір тұтып, әруақтарыңызға Құран бағыштап, тағзым етеміз.

Ардақтарым, жандарың жәннатта болсын!», – деп тебірене жазыпты. Бұл ешқандай мақтану емес. Бұл – Алланың бергеніне ризалықпен шаттану. Бұл – ата-ана әруағы алдындағы есеп.

Бір де болса бірегей Жандар Кәрібайұлы туралы аз айтпаған сияқтымыз. Ол туралы әлі де жақсы пікірлерді жалғастыра беруге болады. Ол – соған лайық.

Біз кейіпкеріміз лайық тағы бір маңызды мәселені көтергіміз келіп отыр. Ол – «Тараз қаласынан Жандар Кәрібайұлының атына бір көше берілсе» деген тілек. Жақында дүниеден озғанына 5 жыл толатын, бар саналы ғұмырын Отанына, еліне, жеріне қызмет етуге арнаған азаматтың есімін осылай есте қалдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Облыстық ономастикалық комиссияға жасайтын ұсынысымыз да осы.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар