Жалпы, облысымызда автомобиль жолдарының ұзындығы – 4358, елді мекен көшелерінің желісі – 5726 шақырымды құрайды, оның 1194-і республикалық, 1756-сы облыстық, 1408-і аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болса, 5726-сы елді мекендер көшелерінің желісі.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биылғы соңғы бюджет нақтылауын қоса алғанда өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 25,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 16,5 шақырымды құрайтын көше жолын, бір көпірдің құрылысы мен 3 шақырым жолды қайта жаңғыртудан, 671 шақырым жолды орта жөндеумен өткізу жоспарланған. Бүгінде жол жөндеу бойынша жоспарланған 356 жобаның 302-іне асфальт жабыны төселсе, 54 жоба іске асырылу үстінде. Ал, жол саласына бөлінген қаражат ішінде жалпы 2,3 миллиард теңге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталған.
– Президентіміз Жолдауында «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр», деп атап өткеніндей, сол жол құрылысы біздің аймақта да мақсатты атқарылуда. Жалпы, осы жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін – 99 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу межеленіп отыр, – дейді басқарма басшысы.
Ал, жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін, «Жол активтері ұлттық сапа орталығына» бүгінгі таңға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, жобаларды сараптамамен қамту үлесі 100 пайызды құраған. Жалпы, жасасқан келісім-шарттар шеңберінде жыл басынан жөнделетін автожолдар бөлімдерін бірлесіп тексеру кестесіне сәйкес, Сапа орталығымен 228 жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 962 сынама алыныпты. Оның қорытындысында, 538 сынамада сәйкессіздіктер мен 5 ескерту мен кемшілік анықталып, жұмыс тәртібінде жою бойынша шаралар қабылдануда екен.
Бүгінгі күні автомобиль жолдарын қыс айларында күтіп-ұстау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облыста жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзындығы – 3164 километрді құраса, оның 1756 километрі облыстық, 1408 километрі аудандық маңызға ие автомобиль жолдары. Бұл жолдар қазіргі таңда қыс мезгілінде күтіп-ұстауы бойынша жауапкершілік жауапты мердігерлерге жүктелген.
– Бүгінгі таңда, тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп 2024-2025 жылдарға «Облыстық, аудандық және елді мекендердің автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша «Жол картасы» әзірленіп, бекітілді. Бұл жол картасы аясында автожолдарды қысқы күтіп ұстау үшін мердігер мекемелерді анықтай отырып, қажетті инертті материалдар қорын жоспарға сәйкес толық әзірлеу, өндірістік базалары мен бокстарды, жол техникаларын қыс мезгіліне дайындау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аса қажетті жол телімдеріне, тау асулары мен өрлерге, қарқынды қозғалысты қиылыстарға, теміржол өтпелері мен аялдамаларға тайғақтыққа қарсы материалдары алдын ала жеткізілді. Сондай-ақ, қыс айларында қолайсыз ауа-райы салдарынан автожолдарда төтенше жағдайлардың орын алуының алдын алу және жедел шаралар қабылдау мақсатында, мердігер ұйымдармен қысқы күтіп ұстауға қосалқы техникаларды тарту бойынша келісім-шарттар жасалды. Тапсырыс беруші және мердігер ұйымдар тарапынан тәулік бойы кезекшілікті ұйымдастыру шаралары жүргізілуде, – дейді Мұрат Құттыбайұлы.
Жалпы, жергілікті маңызы бар жолдарды және Тараз қаласының көшелерін осы жылдың қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 420,8 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға тартылған 22 мердігермен келісім-шарт жасалып, 234 техника дайындалған. Бұдан бөлек, бірқатар аудандарда қыс айларында жолды күтіп-ұстауға арналған жаңа техника алу үшін қаржы да қаралған. Мәселен, Қордай ауданында бір бульдозер және екі «КДМ» арнайы техникасы, Тараз қаласында екі «АМКОДОР» 37/37-01» маркалы қар жинау техникасы алынған. Ал, Жуалы ауданында құны 68000 теңге тұратын «КДМ-КАМАЗ» арнайы техникасын алуға мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланған.
«Бүгінгі таңда, қысқы күтіп ұстауға облыс көлемінде жоспардағы 22 200 тонна құм, 2540 тонна тұз дайындалды. Сондай-ақ, қажеттілікке байланысты жол құрылысына бекітілген компаниялар автогрейдер мен қар тиегішті жалға алу үшін «Айя Сервис», «Тараз Көлік Жолы» және «Арай Строй Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісім-шарт жасалған. Сондай-ақ, қар тазалау бригадалары тәулік бойы 2 ауысымды кестемен жұмыс атқаруға дайын», – дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді