Қараханидтер кезеңінде гүлденудің шарықтау шегіне дейін көтерілген Тараз маңында Жікіл, Төрткүл, Шелжі, Оххум, Хамукет, төменгі Барысхан секілді кіші қалашықтар да бой көтерді. Бұл шаһарлар да маңызды стратегиялық, сауда-саттық, әскери міндеттерді атқарды. Мәселен, Жікіл қалашығы әуелде өзі аттас тайпаның әскери қосыны ретінде бой көтерсе, Шелжі күміске бай мекен ретінде аймақтағы алғашқы металлургиялық орталықтың бірі болып, теңге жасау ісін дамытқан. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі қала түргештер, қарлұқтар мен қараханидтердің орталығына айналып, онда ғасырлар бойы жоғарғы билеушілердің атынан монета шығаратын сарайлар болған. Дәл осы дәуірдегі монеталардың көп бөлігі мыстан жасалған, яғни мыс монетасын ежелгі Тараз қалашығында саудагерлер мен тұрғындар өзара сауда-саттықта, ал күміс монетасын ірі мемлекеттермен қарым-қатынаста пайдаланған. Десек те, аймақтағы теңге жасау ісінің тарихы қараханидтер кезеңінен де ерте дәуірден бастау алады. Мұны облыс орталығында жүргізілген қазба жұмыстары анықтап отыр. Мәселен, «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижелері бойынша ғалымдар VII ғасырда Таң әулетінің импорттық қытай монеталары айналымда қолданылғанына көз жеткізген.
– Алғашқы түркі теңгелерінің сырт көрінісі жағынан Қытай, Орта Азия, тіпті Византия теңгелеріне еліктеп, соларға ұқсас жасалуы түсінікті. Дегенмен, олардың беттерінде жазулар, таңбалар түріндегі өзіндік ерекшеліктері де бар. Әзірше, тап осы уақыттан бастап Қазақстанда өз теңгесін соғу дәстүрі қалыптасқан деп есептеуге болады. Осы кезеңнен бастап күмістен, қоладан және мыстан соғылған теңгелер күнделікті тұрмыстағы негізгі төлемақы затына, сонымен бірге, байлық жию көзі мен мемлекеттік саясат жүргізу құралына айналды. Шаһарда Түргеш билеушілері Қарахан әулеті билік құрғанға дейін өздерінің монеталарын шығарды. Монеталардың жазбасында діни, саяси және экономикалық өзгерістерді айқын көрсетеді. Қарахан монеталарында ғалымдардың айтуынша, араб эпиграфикасымен жазылған кәлима сөздері бар. IX-XI ғасырларда сауда айналымындағы теңге – дирхем болды, оны осы аймақта 400 жылдай уақыт пайдаланды. Металл монеталардың құрамына қарап, мемлекеттердің экономикалық дамуы туралы айтуға болады. Қарахан кезеңіне жататын «қара дирхем» деп аталатын күміс монетасына мемлекеттің экономикасының деңгейінің төмендеп бара жатқанына байланысты көп мөлшерде мыс қосып шығарған. Алайда, ХІ ғасырға дейін Талас өзенінің жоғарғы ағысындағы күміс кеніштері тез тоза бастады, бұл «күміс дағдарысына» алып келді, сондықтан қараханидтер мыс монеталар – фельс шығарды. ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы қытай, қоқан және орыс монеталарының жинақталған коллекциясы да музей қорында сақтаулы. Бұл монеталар Тараздың кейінгі қабаттарында, ұзақ жылдардан кейін қала Әулие-Ата деген атпен қайта жанданған кезде пайда болды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова.
Маманның айтуынша, көне шаһардағы алғашқы монеталар 1002 жылдары шыға бастаған. Бұған М.Массон, О.Смирнов, А.Бернштам, М.Бубнов, А.Марков, М.Федоров, О.Прицак секілді ғалымдардың еңбектері мысал бола алады. Мысалы, мұнда сол кездегі саяси ахуалға байланысты әр жылдары Қарахан мемлекетінің билеушілері мен оған бағынышты хандар Мұхаммад ибн Али мен оның бауырлары Илек Насрдың, Наср Ахмад ибн Алидың, 1024-1025 жылдары мемлекетті басқарған Арслан ханның, 1013-1025 жылдары Тараз, Бұқара, Шаш, Самарқандтың бағынышты билеушісі болған Мансур ибн Алидың, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы арналған Хасан ибн Сүлеймен мен оның ұлы Қара-тегіннің, Халиф әл-Муктади Боғра-ханның және өзге де билеушілердің атынан теңгелер шығып отырған. Ғалым Борис Лунин жариялаған нумизматикалық деректеріне сүйенсек, қараханидтер кезеңінде бұл үрдіс 1173 жылға дейін үздіксіз жалғасып келген.
1269 жылы Талас өзенінің жағасында өткен Шағатайлардың құрылтайында Талас облысын басқаруды Қайдудың билігіне беру туралы шешім қабылданады. Таразда Қайдудың жақтастары Бұқа-Темірдің және Дуваханның монеталарының болуы 30 жылдан аса уақыт қаланың өз алдына тәуелсіз дербес ел болып қалыптасқандығын көрсетсе, 1311-1312 жылдары қатты металдан теңгелердің шығарылуы сол кезеңдерде осы өлкеде билеушілер арасында өзара алауыздық тартыстар болғандығын көрсетеді. Моғолстан билеушісі Есен-Бұға өмірден өткеннен кейін, оның баласы Кебектің, кейін оның інісі Тармашырынның тұсында да теңге басып шығарылып отырған.
Тарихи тізбек тәуелсіздік жылдарында да жалғасты. Еске салсақ, 1993 жылы еліміздің алғашқы теңгесі Англияда басылып шығып, ұшақтарға артылып, жасырын түрде облыстарда жерасты қоймаларына тасымалданады. Мереке қарсаңында сол алғашқы теңгелер бірінші болып Мойынқұм жеріне жеткізілгенін өңір жұртшылығы мақтанышпен еске алады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді