Біздің білуімізше, сол жылдары қасаңдық атаулы бірте-бірте келмеске кетіп, сөз бостандығы мен ой еркіндігі көрініс тауып, орныға бастағанда республикалық басылымдардың өз тілшілерінің абырой-беделі күрт өсті.
Ресми қаулыда Жоғарғы Кеңес пен Үкіметтің басылымы – «Халық кеңесінің» Жамбыл облысы бойынша тілшісі Мақұлбек Рысдәулеттің де негізі өткір сын мақалалары арқылы танымалдығы қоғам аумағында сыйластық пен қимастыққа алып келді. Батыр тұлғалы журналистің қаламы мен қайраткерлігі ақиқатты сүйді.
Бірде ағалық жолы үлкен өмірде үзеңгілес, әріптес досым өзінің көзқарастары мен пікірін ағынан жарылып ашық айтатын әдетімен «Жамбылдың нөмірі бірінші интеллигенті кім екенін білесің бе?» деп сыр тартып емес, төтесінен сұрағанда едәуір ойланып қалдым. Ел ішінде жүрген адам біліп айтса, айтып тұр ғой, бірақ, бұл мағыналы бағаның мәнісін қалай түсінермін, яғни...
– Бірінші дейсің бе?
– Иә, бірінші...
Интеллигент деген кім, әулие кісі ме, заманның танымал зиялысы ма, көзі ашық, көкірегі ояу мәдениетті адамдардың арасынан озық ойлы кісілерді айта ма, әлде рухани күрескерлік жолында жүрген жандар ма?
Ойлануға тура келеді.
Сан қырлы болмыс, кісілік ірілік, тұрлаулы әрі бірден баурап алатын тартымды мінезге қатысты ма екен, айрықша қарым-қабілет, қадір- қасиетті тұла бойына дарытқан таланттар ма?
Игі, ізгі дүниенің парқын білуге жетелейтін сияқты.
Бұрынғы обкомның, енді облыс әкімшілігінің алты қабатты ғимаратының еңселі қайың есігінің сыртына «Халық депутаттары Жамбыл облыстық Кеңесінің төрағасы Әлмұхан Исақов» деген жазу көзімізге оттай басылды.
– Бұл кісіні білеміз ғой, – деппін.
– Енді тіптен жақсы білесің... – Мақаң манағы ойын мықтап қойды.
Кең кабинет. Жап-жарық. Аурасы жайлы екен. «Келіңіздер, жігіттер!» деген ашық дауысты көркем келбетті азаматтың жүзі көз алдымызда жайнап, жарқ етті. Е... Есімде, ұмытқан жоқпын.
Жоғарғы Кеңестің сессиясында жаңа Үкімет құрамын жасақтау кезінде шарболат депутат Шерхан Мұртаза ағамыз «Үкімет басшысының идеологиялық мәселелер жөніндегі орынбасарлығына Әлмұхан Исақовтың кандидатурасын қарастыруды ұсынамын. Жамбыл облысының идеологиялық хатшысы болған абыройлы азамат, нағыз интеллигент, өрісі кең интеллектуалды тұлға» деп айтқаны ойыма сап ете қалды.
Атағы жер жарған қайраткер жазушының салмақты сөзін әріптестері арасында қолдағандар да аз болған жоқ. Жыға таныған Әшімжан Ахметов, Лесхан Байсеркеев, Нұрлан Оразалин, Алтыншаш Жағанова, Жигули Дайрабаев секілді депутаттар...
Байсалды адам екені көрініп-ақ тұр. Зиялылықтың исі анық сезіледі. Жылы жымиып, күлімдеген қалпында жанына жақын тартып әңгімелесті.
– Алда не күтіп тұрғанын қайдан білесің, – деген ол кісі азаттыққа қол жеткізген елдердің мың сан тәжірибесінен көп сақтыққа шақыратын мағлұмат бергенін ұзақ үнсіз отырып, сүйсіне тыңдадық. Нарық, капитализм, әлеуметтік теңсіздіктер, ақша билік үшін, билік ақша үшін күресетін саяси тартыс, ұлттық санаға сілкініс әкелу, ақиқатты Шығыс өзінше, Батыс өзінше ұғады деп келетін ойларымен бөліскен. Баяғының билерінше әр сөзін биік жауапкершілікпен қарайтынын аңғардық. Әрі-әріге терең ой жіберетіні белгілі Әлекең «Дүниеден пәтуа кеткен заман тумасын. Ондайға жол бермес үшін бойымызды жинап, сақ жүргеніміз дұрыс болады» деп сол кезеңде жаппай жекешелендірудің ептілер есебіне кететінін қауіп еткені де есте сақталып, оны қойын дәптеріме бадырайтып жазып қойыппын.
Күні кешеге дейін басқа дәуірдің ащы-тұщысын көріп, сезінген мемлекеттік қызметкерлердің ішінде ұлттық рухы мықты, елдік мұратты дербес мемлекет құрумен баянды ететін өркениет талабын терең түсінетін Исақов тәрізді жетекшілердің көп оқып, тоқығаны көкжиекті өмірге иландырғаны рас. Сол бір жарым сағат сыр-сұхбатта ол маған Өзбекәлі Жәнібековтей ұлт ісі мен сөзіне жанын беретін өр қайраткер, әрісі Ілияс Омаровтай идеолог, терең білімдар қаламгер, тіпті бағалы ойлардың бастауында тұрған Темірбек Жүргенов жолымен жүріп келе жатқан интеллигент басшылардың, салиқалы ұлт перзенттерінің сарқытындай, асыл тұяқтың жалғасындай көрініп, ілгеріде қасаң саясат қана айтылар кабинеттен ендігі жерде іргелі білім мен қоғам туралы, өмір туралы, адамзат туралы кең шеңбердегі ой- түсінікке қанаттанып шыққанымызды құрметпен еске алар едік.
Шеті көрінбейтін шаруа жайы емес, қоғамға керекті ұлт болып қалыптасудың сан тарау тағылымдарын сипаттады.
Ретінде парасатты журналист М.Рысдәулетке «нөмірі бірінші интеллигент пен арнайы таныстырғаны үшін» рақмет дегенбіз.
Нөмір дегеніміз шартты салыстыру шамасы. Шын ризашылықтың шегі болса керек. Сол бір кездесудің әсері арада қанша жылдар өтсе еш кеміген жоқ, қайта жақсы адамның, тұғыры танылған қайраткердің жолығуы мен ұшырасуын сағынып жүретін болдық.
Ұлтының жүрегінде қалуға шамасы жеткен ақберен азаматтың тағдырында самғау да, құлдилау да кездескен, онсыз өмір қызық та болмас еді-ау.
Қазақстанда «Әдебиет теориясы» оқулығын тұңғыш жазған көрнекті академик Зейнолла Қабдолов 60-жылдардың өзінде «Менің жақсы көретін студент шәкірттерім өте көп. Солардың ішінде сендей телегей білімпаз сирек, әдемісің, әлі-ақ Алматыға көш керуен тартып ораласың» деп айтқан дейді. Бұл ұлы ұстаз аузынан естілген жылы лебізді қаламгер курстасы Ғазизбек Тәшімбай өз мақаласында шын жүрегімен келтірген.
Заманның саңлағы Зейін-аға бұл жолы жаңылыспапты. Озық шәкіртінің жақсы аты, билік баспалдағындағы биік те бедерлі белестері Алматыға зор үмітпен ерте жетті.
Ал, Қазақ ұлттық университетінде атақты профессор Темірғали Нұртазиннің өзі «Келешекте сенен жақсы интеллигент шығатынына ешқандай күмәнім жоқ. Бірақ ғылым жолына түскеніңді қалаймын» деп жоғары оқу орнында қалуға үгіттесе, еңбек жолын ауылда бастап, Лениндік үздік стипендиямен тіл- әдебиет факультетін оқып, тауысқан оны Жамбыл облысындағы Меркі ауданының басшысы Әзімбек Исмайлов арнайы шақырту жіберіп, туған жерге оралуына себепкер болған. Жас мұғалімнің орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен сабақ берудегі алғырлығы, от боп жанған ұмтылысы мен құлшынысы көзге түспей тұрмады, сенім күші өрелі ұстазды қоғам тез көтерді.
Білімді және мемлекеттік ұстанымы орнықты, сөзге шешендігі ұшып тұрған педагог және жігерлі азамат аз жылда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Мәскеуде Жоғары партия мектебін бітірмей жатып 26 жасында аупарткомның екінші хатшысы, одан соң 32 жасында жаңадан құрылған Красногор аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, қырықтың қырқасында Луговой ауданының (қазіргі Т.Рысқұлов) басшысы болған кезеңдері шын мәнінде адам таңғаларлықтай өсуімен, қызмет бабында жоғарылауымен қымбат десек, артық емес. «Ақыл мен қайрат жол табар» деген даналықтың төрге озғаны.
Тағы да ойға керек деректі айтайық. Жамбыл облысында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қатысқан алқалы жиын үстінде облыс басшысы Х.Бектұрғанов жергілікті кадрларды даярлау мен іріктеу мәселесі сөз болғанда Әлмұхан Исақовты облатқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына ауыстыру арқылы жоғарылатуды ұсынғанда Димекең: «Жоқ, олай етпеңіз, мүмкіндігіне сай Әлмұхан бізге партия жүйесіне қажет кадр» деп тоқтау салады. Мұның арғы жағында үлкен таңдау таразысында тұрған үміт иесі кім екенін түсінуге болады. Айтқанындай-ақ Әлекең 1986 жылдың жазында обкомның идеологиялық мәселелер бойынша хатшысы болып бекітілді.
Жұрт, оның ішінде қарапайым адамдар мен зиялы, шығармашылық адамдар қауымдастығы бұл тағайындауды қуана қарсы алғаны анық. Өйткені Әлекеңнің өзі қаламгер, танымал саясаттанушы және аудармашы, өнердің қыр- сырына жетік, руханият мәселесінде майталман, қазақ және орыс тілінде еркін жазып, шебер сөйлейтін артықшылығы бар еді. Дәл осы тағайындаудың алдында оны Мәскеуге СОКП Орталық комитетіне қызметке шақырғанда « жергілікті жерде жұмыс істеуге пейілді» желеу етіп әзер дегенде осында қалып еді.
Кейде осы Әлекең өз ұйғарымымен (кейін 1987 жылы Алматыға да шақырылады) бір өңірде қалып қоймай, жоғары қызметтердің тізгінін ұстауға әлденеше рет туғызған мүмкіндіктерді жеке басына пайдаланғанда қалай болар еді деп ойлауға болады. Өмірінің мазмұн- мағынасына да өзгеріс әкелетін бе еді. Кім білген, адамның айтқандары бола бермейді ғой. Сол дәуірде Ленинград обкомының бірінші хатшысы, СОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі Г.В.Романовтың Чехословакия санаторийінде демалып жүргенінде Жамбыл облысының басшысы Ә. Жақыповқа «Орталық телеарнадан Қазақстанның Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының сөзін тыңдап едім, жас жігіт маған жақсы әсер қалдырды. Дап-дайын идеология хатшысы» деген баға берген көрінеді. Белгілі қоғам қайраткері және етене жақын әріптесі С.Әміреқұловтың эссе жазбасында Жақыповтың «Сіздің бұл ойыңыз дөп келді. Ол осыдан он күн бұрын ғана облыс хатшылығына сайланды» деп жауап бергені айтылады.
Өткен өмір соқпақтарының өшпес ізінен тағылым алу бар, әр нәрсенің әсері бар. Жамбыл зиялылары мен қоғам қайраткерлері Әлекеңді білгір идеология қызметкері дегенде, оның әрбір әрекетінде терең саяси сауаттылық және уақыт тегерішінің айналысын дәл бағамдай білуі мен оны жұртқа түсіндіре білуінде деп тұжырым жасайды. Мәселен, Кеңес өкіметі келмеске кетер тұста аумалы-төкпелі жағдайда да ел басқарған азаматтарға артылған ауыр жүктің салмағын көтере білу, халық мүддесіндегі жауапкершілікті ақыл-оймен атқару, сын сағаттарда саяси білгірлік танытуын белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеұлы «Сол бір кезеңде ол қоғамда «алауыздық» деген пәле санамызға емес, сүйегімізге біткен бе?» деп дабыра қылған жандарға тойтарыс беру үшін жанталасып қызмет етті. Ұлтқа қызмет етудің бір кісідей ағартушылық үлгісін көрсете білді» деген пікірін өз кітабында кеңінен жазыпты.
Саясатта иненің көзінен өтетін аса ептілік пен тектіліктің тайталасқа түсер кездері аз болмайды. Оның аражігін тамыршыдай түйсініп, айыра білетін кәнігі саясаткер үшін кеудемсоқтық пен ұрдажық мүлдем жат.
Әлекеңнің бертінде жазған «Шындық сабақтары», «Өмірдің тағылымды мезеттері», «Өтпелінің өтпек желі», «Үрдіс және үдеріс» атты публицистикалық кітаптарында пендешілік ұсақ-түйектен әлдеқайда биік тұрғанын аңғартады.
Парасатты кісінің үлкен өмірдегі үзеңгілес жолдастары мен сыралғы достары, қазақтың рухани әлемінде өз орны мен зор дауысы бар, айтулы азаматтары Қ.Сұлтанов, Қ.Салғара, Д.Досжан, О.Сәрсенбаев, М.Сқақбай, Ғ. Көшенов, Ә. Қалдыбаев, А. Бекбосын. М. Үркімбаев, С. Жошыбаев, Ж. Кәрібайұлы, Б.Жаңабайұлы, С.Жанәбілов және басқалар Әлекеңнің таза адамдық бейнесі тек асыл қасиеттерден құралғанын әрі кемел дарынды барлық уақытқа аялаудың мәселесін жан-жақты қозғайды.
Әлеуеті күшті және ұлағаты мол ұстаз тұтқан Әлекеңді ашық және өркенді қоғамның өзі іздеді.
Бас теміржолшы «бізге келіңіз» депті. Университет ректоры «сіз үшін жаңа кафедра ашамыз, студенттерге дәріс оқисыз» деп қолқа салады. Қоғамдық ұйымдағылар «Боздақтар» кітабына бас редактор болыңыз» деген. «Жаңа партия құрамыз, төраға болғаныңызды қалаймыз» деп өтінгендер бар. Күндердің күнінде астанадан Жамбыл облыстық телеарнаның басшысы болуды ұсынады.
Сыйлы адамның сұранысқа ие болуының сыр-сипаты жан жадыратты.
Баяғы Мақұлбек достың «Нөмірі бірінші интеллигент» дегені айна- қатесіз шындыққа айналған.
Ал, біздің абыз ағамыз осы адал пейілден айтылған қадірлі жұмыстың бәрін абыроймен атқарды. Құрметті профессор атанып, аудиторияда жас өркенге көшелі ойын айтып, әлеуметтану мен саяси тақырыптар бойынша дәріс оқыды, қазіргі Amanat партиясының облыстағы филиалының жетекшісі болды. «Боздақтар» кітабының екі томын көрнекті ақын Жақсылық Сәтібеков екеуі тынымсыз ізденістің арқасында жарыққа шығарды. Теміржолшылар ұжымының саяси-тәрбие ісіне де атсалысты. Қиын-қыстау шақта «Қазақстан-Тараз» телеарнасын басқарып, көрермендердің көзайым хабарларының мазмұнын жақсартты, жаңа таланттарды тәрбиелеуге өз үлесін қосты. Айтпақшы, бизнестің, бай-бағыландардың дәурені мен ықпалы қатты жүрген уақытта ол кісінің Мәжіліс депутаттығына сайлауға түсіп те көргені бар. Бұл да дүниеге жалаң қызыққан қоғамды түсіну үшін де, уақыт ығында өзгеге де керек сын болды.
Алаш ардақтылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және Т.Рысқұлов туралы бір топ ғалымдардың зерттеу еңбектерін, өмірбаяндық жинақтарын майын тамызып қазақ тіліне аударды.
Қаламгерлік қарым-қабілетін ұштауға енді уақыт ұтқызбайтын қолайлы мүмкіндік туды. Республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде, жергілікті басылымдарда жиі жарияланған саяси мақалалары мен зерттеу еңбектерінің өзі автордың саяси салмағы мен терең пайым-парасатынан толық хабар береді.
Жақсы интеллигент бір ойшыл айтқанындай, ол интеллектуал болудан да маңызды дегеніне қарағанда, екінің бірі өзін интеллигентпін дей алмайтын жауапкершілік бар сияқты. Сан қырлы мағыналы өмірдің өзектес өрімінен сыр тартуға тиіс болар. Ендеше мына бір жайтты келтірейік.
Ел аузында жүрген әңгіме. Қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы жөнінде баспасөз бетінде небір керағар пікірлер туындап, айтыс-тартыс болып жатқанда Красногор ауданының жап-жас бірінші хатшысы Әлмұхан Исақов оқырман ретінде университетте өзін оқытқан атақты әдебиетші педагогтердің шәкірті ретінде өзінің ой-толғамдарын жазып жібереді. Оның пікірінше, романдағы судыр Ахмет ешқандайда Михаил Шолоховтың Щукары емес, таза қалыптағы, қазақы мінездегі, табиғи бет-пішінімен сомдалған тың тұлға деп дәлелдеп берген. Осыған орай риза болған классик жазушы арнайы хат жолдап, ризашылығын білдірген екен. Ал, атақты жазушының «Сең» романы туралы «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінде жарияланған «Сең үстінде кімдер кетіп барады?» деген көлемді зерттеу мақаласы мүйізі қарағайдай әдебиетші ғалымдардың назарына ілікті.
1959 жылдың бірінші курс студенті, болашақ филолог Әлмұхан Исақовтың өмір жолында жазушы болсам деген арманы да болған екен. Елу жастың белесінде, бәлкім, кештеу ме, Әлағаң көркем әңгімелерін жазып, баспасөзге жолдайды. Сол әңгімелерін және әдебиет тақырыбындағы мақалаларын оқып жүрген Халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджанов «Коммунистік жүйенің бір зияны – Әлмұханды жазушы болуға көп ден қойдырмағаны. Әйтпесе, Әлмұхан үлкен жазушы, сыншы болатын адам. Қазір де ол жазушы. Қызмет емес, әдебиетке мықтап кіріскенде, нағыз мықты болатын еді» деп жылы лебіз білдіреді.
Әулиеатада өзім сырттай құрметтеп жүретін Әлағаңмен 2010 жылы бетпе-бет кездесіп, қоян- қолтық араласып қызмет етудің орайы келді.
Сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың шақыруы мен облыс әкімінің идеологиялық мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым.
Шыны керек, талантты, турашыл әрі батыл қасиеттерімен танылған жас басшы өңірдің саяси-рухани, әлеуметтік дамуына тың серпіліс әкелу үшін қоғамдық пікірмен санасу мен аға ұрпақтың ой-ұсыныстарына кең жол ашты.
Өңірде орын алған ең өзекті мәселелердің түйінін шешуге өзара түсіністік пен қолдаудың маңыздылығы айқындалды. Сенім ұлғайды. Қат-қарбалас тірлікке елдік жұмылу дем берді, көп іске қан жүгірді.
Көне Тараз шаһарындағы ең ірі әлеуметтік нысандар мен орталықтар сол қарқынды жылдары салынды.
Әр ауданның берекелі тіршілігіне қанат бітірді. Қабілетті және адал кадрлар билікке көптеп келді. Бұл игі өзгерістерге қоғаммен бірге Алаш перзенті Әлаға да қуанып, қуаттап отырды.
Әдемі зиялылықпен қайраткерлердің Әулиеата мектебін қалыптастырған арда ағаның өмір жолы әрдайым өнегелі және өсиетті. Бұған ешбір дау жоқ. Есімі ел жадында. Бейнесі сүйкімді, өршіл қалпында сақталған. Әлденеше жыл артта қалса да оның әлгі бір бейнелі теңеу сөзі де әдемі емес пе, ә?!
Ол – ел тарихында үлкен әріппен жазылатын интеллигент адам еді...
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді