Мысалы, биылғы тоғыз айдың ішінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде жеке және заңды тұлғалардан 413 өтініш қаралған. Түскен шағымдардың 22 пайызы медициналық қызметтердің сапасына қатысты болса, 9 пайызы пациенттерді қабылдауды ұйымдастыруда кеткен кемшіліктерге, ал 12 пайызы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасына байланысты. Сондай-ақ, 4 пайызында жұмысқа жарамсыздық туралы анықтама берудің негізділігіне шағым болған.
Сонымен қатар, 9 ай ішінде мемлекеттік органның мүгедектік мәселелері бойынша 37 өтініші, түзеу мекемелерінің медициналық бөліміне қатысты сотталғандардың 22 өтініші қаралыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жеке қауіпсіздігі және облыстық соттың жеке қауіпсіздігі атынан уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама берудің негізділігі бойынша 2 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
– Департамент қараған жеке және заңды тұлғалардың 413 өтінішінің 362-сі медициналық қызмет көрсету саласына, 51-і дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымы бойынша. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымына қатысты 7 тексеріс жүргізілді. Мемлекеттік органдармен, оның ішінде құқық қорғау органдарымен бірлесіп 10 тексеру жасалды. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы «Медициналық қызметтер (медициналық көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған ақаулар туралы денсаулық сақтау басқармасына, облыстың Әлеуметтік сақтандыру қорына құзіреті бойынша шаралар қабылдау туралы хат жолданды. Жүктi әйелдердiң өлiм-жiтiм көрсеткiштері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мониторингілеу тобының ұсынымдарын денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетедi, – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Гүлмира Базарханова.
Гүлмира Тоқанқызының айтуынша, биылғы 9 айда медициналық және фармацевтикалық қызмет саласындағы жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде департамент «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске сәйкес жалпы соммасы 3 миллион теңгеден астам 70 әкімшілік хаттама жасапты. Олар – медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі және оның стандарттарын сақтамау, сертификаты және лицензиясы жоқ тұлғаның заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуы, еңбекке жарамсыз қағазын беру тәртібін бұзу секілді кемшіліктер. Сондай-ақ, фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының ережелерін бұзу, атап айтқанда, дәрілік заттарды сақтау, жою, тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережелерін бұзу да бар. Медициналық және фармацевтикалық бөлімше тағы бірқатар бұзушылықтарды анықтапты. Бұл бұзушылықтар бас прокуратураның дәрiлiк заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналысы бойынша заңнама талаптарын сақтау жөнiндегi нұсқауымен белгілі болған. Атап айтсақ, Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі, Байзақ аудандық ауруханалары мен №5 қалалық емхана тарапынан «DAMUMED» медициналық ақпараттық жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың рецептілері туралы жазба жоқ болып шыққан. Дұрыс рәсімделмеген рецептілер бар. Диспансерлік науқастарға динамикалық бақылау жүргізілмеген. Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуі мен пайдаланылуына бақылау жасалмаған.
– СПИД орталығында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және жою ережелері бұзылған. Яғни, мекемеде жылына кемінде бір рет дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға түгендеу жүргізілмеген. 7 140 000,00 мың теңге соммасында жарамдылық мерзімі өткен медициналық бұйымдар бары анықталды. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану байқалды. Баланста 69 жиынтық бола тұра СПИД орталығы жеткізуші «Неба Лаб» ЖШС-мен өткен жылдың 14 қарашасында 43 363 600 теңге соммасына келісім жасасқан. Негізі орташа шығынмен айына 5000 анализге 10 жиынтық тұтынылады. СПИД орталығы сақтау мерзімі 50 пайыздан кем медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алған. Шу ауданы прокуратурасының өтініші бойынша Шу аудандық орталық ауруханасына жататын 47 оқу орнында бірлескен тексеру жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидаларын, денсаулық сақтау саласындағы қосымша және формальды емес білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ қосымша және формальды емес білім беру арқылы денсаулық сақтау саласындағы мамандар алған оқудың нәтижелерін тану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптары бұзылғаны анықталды. Яғни, медицина қызметкерлерінің соңғы 5 жыл бойы біліктілікті арттырудан өткені туралы сертификаты жоқ, сондай-ақ, соңғы 5 жылдағы біліктілікті арттырудан өткені туралы куәліктердің мерзімі өткен. Денсаулық сақтау министрінің «Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау ережесін бекіту туралы» бұйрығының 2-тарауының 11, 17, 1, 21, 24, 28, 31-тармақтары бұзылған, – дейді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Гүлмира Базарханова.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып жатқан көрінеді. Қайткенде де халыққа сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету басты назардан түспеуі керек.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді