Мұстафа – қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді агроном, орысша, қазақша екі тілдерді бірдей меңгерген аудармашы, Алаш зиялыларының бірі. 1899 жылы Мойынқұмның Ағашақ болысында туған Мұстафаның әкесі Бұралқы 18 жыл бойы үздіксіз болыс болған атақты бай-шонжардың бірі болған. Жастайынан ауыл молдасынан арабша сауатын ашқан Мұстафаға орыс тілін үйренуге әкесінің орыс тілмашы көмектескен. Жасынан зерек, айтқанды бірден ұғатын Мұстафаны әкесі әрі қарай оқыту үшін Асадағы орыс мектебіне орналастырады және қазақша жақсы білетін сол мектептің мұғалімі Андрей Андреевтің үйіне орналастырады. Орыс мектебін жақсы бітірген Мұстафа 1920 жылы Ташкент қаласындағы Түркістан мемлекеттік университетінің жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Жұмысшы факультетін бітірген соң, Мұстафа Мәскеу қаласындағы К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында оқиды. Алайда, Мәскеу қаласы алыста болғандықтан әрі қысының қаттылығынан ондағы оқуын тоқтатып, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы факультетіне ауысады.
Мұстафа Ташкентте оқып жүріп, 1925 жылы Әулиеатаға келгендігін сол жылдары Аса мектебінде оқып жүрген қазақтың батыр жазушысы, полковник Бауыржан Момышұлы өзінің көп томдық шығармалар жинағының 9-томында суреттеп жазып кеткен. Мұстафаның студенттік киімі, орысша сөйлегені, ән салғаны ол кісіге үлкен әсер еткен екен. Ташкентте агроном мамандығында оқып жүрсе де ол орыс тілінде таза сөйлеп, өзбек, қырғыз, неміс тілдерін меңгереді. Оқу озаты, білімге құмар Мұстафа оқып жүріп-ақ шекара мәселелері бойынша ғылыми экспедицияларға қатысады. Өзбек, қырғыз, тәжік, түркмен, қарақалпақ халықтарының тарихын, өмірін, тұрмысын, мәдениетін, шаруашылығын зерттейді, зерделейді. Осында оқып жүріп-ақ Орта Азия Шығыстану курсында және САГУ-дің ауыл шаруашылығы факультетінде қазақ тілінен сабақ берді. Жасынан алғыр, ізденгіш, білім қуған Мұстафа орысша-қазақша таза сөйлегендіктен, студент кезінде қазақтың тұңғыш орысша-қазақша аударма сөздігін жасап, оны 1926 жылы Мәскеу қаласында бастырып шығарады. Ол 1927 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін бітіріп, агроном мамандығын алады да, сол университеттің «Советтік шаруашылық және құқық» факультетіне оқуға түседі. Алайда, факультеттің 3-курсында «Байдың баласы» деген айып тағылады да, оқудан шығарылады. Мұстафа уақытша Ташкенттен кетіп Алматыдағы «Казгосторг» мекемесінде бөлім басшысының орынбасары қызметіне орналасады. САГУ-де алған тиянақты білімі оның іскер маман екендігін көрсетеді. Кейін Ташкентке қайта оралып, Орта Азия мақта және политехника институтының экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру кафедрасында ассистент болып жұмыс істейді. Мұстафа оқыған және қазақтың халық ағарту институтында жұмыс істеген жылдары қазақтың небір оқыған жайсаңдарымен, Алаштың көрнекті зиялы азаматтарымен, ақын-жазушыларымен тығыз қатынаста болды. Олар Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков, Әлімгерей Ершин, Жұмахан Кудрин, Иса Қашқынбаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Файзулла Ғалымжанов, Көшке Кемеңгеровтар болатын. 1927 жылы Мұстафа Алаш партиясының көрнекті басшыларының бірі Міржақып Дулатовтың Әулиеата жеріне сапарында қарындасы Ботагөзбен сөз байласып, көп ұзамай үйленген еді. Бұл туралы газетіміздің 27 тамыздағы №98 санындағы «Міржақыпқа арман болған арғымақ» атты мақаламызда айтып өткен болатынбыз.
Сол жылдары ұлт зиялыларының қызметі мен міндеті, ұстанымдары принциптік өзгерістерге ұшыраған болатын. Қазақ зиялылары ғылымға, оқытушылық жұмыстарға тартылғанымен кеңес өкіметі оларға сенімсіздікпен қарап, тек орындаушылық міндеттерді ғана жүктеді. 1928 жылғы репрессияның алғашқы ұшқыны Мұстафаны да шарпыды. Ол Алматы қаласында тұтқынға алынып, «халық жауы» деген айыптаумен түрмеге қамалды. Мұстафаға тағылған айыптың бірі «Щевцовтың экспедициясының жұмысында экспедиция жетекшісінің орынбасары ретінде Ә.Бөкейханов та қатысты. Сөйтіп ол «Қазақстан қазақтар үшін» деген ұранды заң жүзінде бекітуге ұмтылды. Алматы қаласында түрмеге қамалғандардың ішінде Мұстафамен Мұхтар Әуезов бірге отырған. Мұстафаның әйелі Ботакөз Дулатова өзінің естелігінде: «Бір күні Мұстафаға тамақ алып барғанымда түрменің есігінен Мұхтар Әуезовты көріп қалдым. Анадайдан жымиып, басын изеп амандасты, өңі боп-боз болып жүдеген. Маған «Тұра тұр Бота, мен қазір Мұстафаны ертіп келемін» деп аяғын асыға басып, ішке кіріп кетті. Бұл 1930 жыл болатын» деп жазады.
1932 жылы «Үштіктің» үкімімен «халық жауы» аталып, 5 жылға жер аудару жазасына кесілді. Мұстафаның 2 жыл түрмеде отырғаны есептен шығарылып, қалған 3 жылын өтеуге Ресейдің Орлов облысы, Верховск ауданындағы Шатилов тәжірибе станциясына жер аударылады. Онда ол агроном болып жұмыс істейді. Жер аудару жазасын өтеген Мұстафа Бұралқиев Алматыдағы Вильямс атындағы егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1937-38 жылдардағы зобалаңда атылудан аман қалған Мұстафа 1942 жылы тағы да негізсіз айыпталып 1 жыл түрмеде отырып шығады.
1945 жылы ол Мәскеудегі бүкілодақтық Ленин атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу академиясына кіріп, сол академияның өкілі әрі облыс орталығының іргесіндегі «Красная звезда» колхозының бас агрономы болып жұмысқа орналасады. Мұстафа сол шаруашылықта жұмыс істеген жылдары бұрын қант қызылшасын өсірумен айналыспаған шаруашылық Мұстафаның үйретуімен қант қызылшасын өсіруде үлкен табыстарға жетіп, атағы Одаққа белгілі болады. 1950 жылы қант қызылшасын өсіруде үлкен табыстарға жеткені үшін колхоз төрағасы Мұхаметқали Нұрбаев, қызылшашылар Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова және тағы басқалары Социалистік Еңбек Ері атанады. Байдың баласы, ұлтшыл, «халық жауы» деген айыптардың кесірінен Мұстафаның ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегі алғашқыда өкімет тарапынан еленбеді, ғылыми еңбектері жарияланбады. Тек 1946 жылы 27 тамызда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен, 1948 жылы 1 мамырда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
1951 жылы Мұстафа облыста ауыспалы егістің жаңа тәсілін қолданады. Ол тәсіл ҚССР-нің Ауыл шаруашылығы министрлігінде жоғары бағаланады. Сонымен қатар, ол Меркі ауданының Калинин, Қостоған колхоздарында бас агроном болып жүргенде аталмыш шаруашылықтар егіннен мол өнім алып жүрді. Мұстафа 1956 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін облыстың ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында бас агроном, ғылыми хатшы қызметінде болды. Ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген мамандардың еңбектерін жарыққа шығаруда зор үлес қосты. Оларға бағыт-бағдар, кеңестер беріп отырған. Ол туралы Байзақ ауданынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Александр Нахманович: «Бұралқиев елден ерекше өте сауатты агроном, бұрын қант қызылшасын өсірмеген Жамбыл облысына қант қызылшасын өсіруді үйреткен сол кісі. Бірақ халық жауы болған» деп атап өткен. Агрономмен араға 45 жыл салып Бауыржан Момышұлы қайтадан кездеседі. Сол кездесуден кейін Баукең ол туралы: «Қазақтардың алғашқы агрономдарының бірі. 1937 жылғы халық жауы ақталған. Көп нәрсені біледі, үнсіз, кейде көңілді. Аздап ақын, русофилизм реңктері бар нағыз қазақ. Мақтанбаған және еңкеймеген Кеңес Одағының азаматы» деп Мұстафа болмысына қысқаша мінездеме берген.
Мұстафаның жоғары білім алған азамат болса да асқақтамағаны, өмірінде талай қиындықтар көрсе де еңсесін түсірмегені рас. Қаншама қуғын-сүргінді, қыспақты көрсе де мойымаған. Оның көп сөйлемеуі, адамға ашылмауы, өзі туралы айтпауы жазықсыз көрген қиянаттары мен қорлықтардан толық арыла алмауының салдары да болар. Жан-жақты білімді, озық ойлы зиялы азамат Мұстафа Бұралқиев өзінің бос уақыттарын қазақ тілін дамытуға, аудармалар жасауға жұмсаған. Көптеген қазақ, орыс, өзбек және шетелдік әдеби шығармаларды, өлеңдерді, дастандарды, халық жырларын, мақал-мәтелдерді жетік білетіндіктен жатқа айтатын. Мәскеу қаласының іргесі қаланғанына 800 жыл толуына байланысты орыс тілінде поэма жазған. Оған қоса орыс тілінде жазылған көптеген өлеңдері бар. Поэма жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Мойынқұм құмының арасында туып-өскен Мұстафаның орыс тілінде еркін сөйлеп, поэма жазуы оның ерекше дарынды екенін көрсетеді. Лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін, Абайдың еңбектерін орыс тіліне аударған. Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романын орыс тіліне аударып, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жазды. Алайда, Алаш арысының соңғы еңбегі аяқсыз қалады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді