Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Алматыда сойқан болды
Мен теледидардағы «Тамашадан» бірер шығармамды оқуға тиісті едім. Таластан (Жамбыл облысы, Талас ауданы – К.С.) Қаракөз деген кішкентай қызды күтіп отырғам. Ол қызға «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңімді айтқызуға әрекет жасап жүргем.
Мақсатым – ана тілімізді насихаттай беру. Үйде отырғанмын.
Түске таман суық хабар естідім. «Көптеген студенттер көшеге шығып, демонстрация жасап жатыр» деп. «Не үшін екен?» деп сұрадым. «Қонаевтың орнынан алынуына қарсы екен». «Оның орнына Колбин дегеннің келуіне қарсы екен». «Юбилейін өткізбей, Қонаевты лақтырып тастағаны қалай?». «Қазақ өмірінен хабары жоқ Колбин дегеннің Ульяновскі облысынан мұнда секретарь болып келетіні қалай?» деген сияқты.
***
Естуімше, студенттер демонстрациясы бейбіт басталған. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бәрінен дерлік бар деген сияқты. Мен таңғалдым. «Осыншама көп студент бір-ақ түн ішінде қалай жиналған?» деп. Және мұндай демонстрация, Орт. Партия Комитетінің Пленумы шешіміне келіспеген демонстрация – қазақ топырағында бұрын болмаған. Кешке қарай студенттер мен милиция отрядтары арасында қатты қақтығыс болып жатқанын естідім.
Мен әр жерге телефон соға бастап едім, АТС болуы керек, менің телефонымды үзіп тастады.
Түнде жөнді ұйықтай алмадым. Үйге жақын көшелерден айқай-шу шығып жатты. Әртүрлі қорқынышты ойға кеттім.
***
18-і күні демонстрацияның жалғасып жатқанын білдім. Абай, т. б. көшелермен студенттер айқайлап, қолдарына плакаттар ұстаған, өтіп жатты. Милиция, солдаттар студенттерге қарсы күш қолданған. Өрт сөндіретін машиналар су шашқан, солдаттар студенттерді дубинкалармен тоқпақтай бастаған. Жастар бірнеше су шашатын машинаны төңкеріп, от қойып, өртеген. Маған келіп айтуынша, 17-сі күні студенттер түнімен шайқасқан. Солдаттар мен милиционерлер жағынан да, студенттер жағынан да өлгендер болған. Жараланғандар тым көп болған сияқты. 18-і күні түске таман менің әйелім Аманкүл барып, қасында Қаракөздің (Талас ауданынан келген әнші қыз – К.С.) анасы Гүлсім бар, бір бұрыштан бақылап келді. Орталық Партия Комитетінің үйінің айналасында шайқасып жатқан демонстранттарды көрген. Брежнев алаңы, демонстрация емес, майдан алаңына айналған.
***
Газеттерде үндеулер жарияланды. «Хулигандар, наркотикпен уланған студенттер тобы бүлік шығаруда» деген сияқты. Бұған ешкім де сенген жоқ. Өйткені, пәленбай мың студенттің бір мезгілде наркотик пайдалануы, тіпті, «күреске» шығуы мүмкін емес қой.
Түнгі шайқасты 19-ы күні де күткен еді, бірақ болмай қалды. Жатақхана, оқу үйлерін, өндіріс орындарын қоршап алған отрядтар «бүлікшілерді» көшеге шығармай қойды.
***
Қала тыныштала бастады. Студенттердің демонстрация жасау себебін ешкім тап баса алмады. Шамамда, мынандай сөздерді өз құлағыммен естідім.
«Қазақстан өмірінен бейхабар Колбинді мұнда І-секретарь етіп жіберетіні қалай?». «Қаладағы қазақ студенттерінің көпшілігі жеке үй жалдап тұрады». «Партия басшысына өз республикамыздың қазағы неге қойылмайды?». «Тіпті, осы жердің орысы неге отырмады?». «КПСС басшысы ұлттық саясатта қате жіберді» деген сияқты.
Газеттерде қысқа ғана жазылған үндеуге ешкім де сенбеді. Өйткені, қақтығыстың қатты болғаны, өлгендердің, жараланғандардың, жабық машинаға басып әкетілгендердің көп болғанын көзімен көргендер оған қалай сенеді?!.
Мен бойымды аулақ салып, үйде отырған едім, әйтпесе, мені де сүйреп кетер ме еді...
***
В.И.Ленин атындағы сарайда «Тамаша» ойын- сауығы 3 күн болуға тиіс еді. Үш мыңнан тоғыз мың билет таратылмай қалды. «Тамаша» ойын-сауығы көпшілік алдында өтпей, студияда түсірілді. «Тамашаны» ашасың деген соң, мен де қатысып, тиісті шығармамды оқыдым. Қаракөз «Анамның ақ сүтіндей» және «Аққулар» деген екі ән орындады. Сонымен, Алматыда өткен екі күндік шайқас (толқулар облыс орталықтарында да болып өткен) республиканы сілкіндірді деген секілді. Жау мемлекеттің радиолары бұл жөнінде хабарлап жатқан.
***
Қала халқы бұрын тату тұратын еді. Орыстар мен қазақтар бір-бірінің бетіне қарай алмай, «жуасып» қалды. Өз пайымдауы ма, Орталық Партия Комитеті жергілікті халықты, әсіресе, қазақ ұлтының талғамы қандай боларын ескермей, Колбинді жіберді. «Қате жіберді-ау» деп есептедім.
***
24.ХІІ.86.
17-18 декабрьдегі қанды сойқаннан кейін естігендерім:
«Алаңда машина астында қалған жігіттің миы шашылып кеткен...».
«Ұзын бұрымды қызды шашынан сүйрегенде, бас терісі сыпырылып өлген...».
«Бір камерада жатқан 37 қазақ қызын жендеттер: «Бала тумайтын етейік сендерді» деп, етікпен іштеріне тепкілеген».
«Аузы жаралы жігіттердің денесіне анаша уын жіберіп өлтірген. Қалғандарына әдейілеп анаша ұнтағын салған. Бұнысы – шетелден комиссия келсе, «анаша тартқан бұзақылар» демек болған дейді».
«Казрадиода істейтін Шляхов, Филиппов дегендердің жуан темір кеспелтегімен екі қазақ қызын өлтіргенін радио қызметкерлері терезеден көріп тұрған».
«Қырғын шайқас болып жатқан алаңға жақын үйлерде тұрған адамдар да жындануға жақындап, ауруханаға түскендері болған. Алғаш машинаға зорлап басқан жастарды автобустар алысқа қар үстіне апарып тастап кеткен. Москвадан шұғыл түрде самолетпен әкелінген солдаттар шетінен каратистер болса керек».
«Қақтығысуда ешқандай шығын болған жоқ» деп Қазақ ССР Жоғ. Советі Президиумының Председателі Мұқашев мүлде өтірік айтқан, асқан екіжүзділік, жағымпаздық жасаған».
«Осындай хабарды қайтадан беруге Қазақ радиосы мен телевидение жөніндегі комитет председателі Сағат Әшімбаев келіспеген:
– Өз көзіммен көрген қанды қырғын болған жоқ деп қалай айта алам, оған коммунистік арым көтермейді деп жауап берген».
«Қолға түскендерді: «Сендерді демонстрация жасауға жұмсаған кімдер?» деп қинаған көрінеді. Көптеген жастар: «Ешкім жұмсаған жоқ, өлтірсең де айтарым осы. Демонстрация жасауға правомыз жоқ па?! Алдымен тиіскен біз емес, милиционерлер мен солдаттар» деп жауап берген».
26 декабрь.
Қала тыныштала бастады. Жергілікті газеттерде 17-18 декабрьдегі студенттер демонстрациясының мейлінше саяси қате екендігін айыптаған мақалалар жарияланды. Теледидарда комсомол ұйымдарының жиналысы көрсетіліп, «кінәлі» деген жастарды комсомолдан шығарды. Мұны ұйымдастырған кімдер екені белгісіз. «Табылатын болыпты», «Оларды аямай соттайды» деген лақап сөздер тарап жатты.
28 декабрь.
Түс қайта, сағат 4:00-де менің «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңім тұңғыш рет радиодан орындалды. Әнді шырқаған он жарым жастағы Қаракөз Әуелбекова.
Дайындаған радионың балалар редакциясы.
***
Қала көшелерінде әскери және милициялық күзет күшейтілді. Үш-үштен, бестен жүрген солдаттар, милициялар...
29 декабрь.
Үйдемін, бірдеме жазуға зауқым жоқ. Өмірден түңілмесем де, бойымды торығу секілді бір салқын сезім билеп алған.
30 декабрь.
Жұрт жаңа жылды қарсы алуға дайындалуда. Әйтсе де көңілсіздік байқалады. Жұрттың көңілін сергітетін жалғыз ғана ермегі – теледидар, содан берілген ойын-сауық, концерттер ғана. Теледидар, газеттерден берілетін халықаралық хабарлар (көбі өсекке ұқсайды) жұртты мезі етіп бітті.
Жұрт «термоядролық соғыс өрті шығып кетеді ме екен?» деп қауіптене бастады. АҚШ пен СССР, басқа да аса дамыған елдердің ядролық қарулануға құштарлығы, космосқа (ғарышқа) шығуға ұмтылысы – халықты болашаққа күдікпен қарайтын етті.
«Жер шарын радиациямен, газбен тұншықтырар ма екен?». Үкімет басшыларына деген халық құрметі жойылған деуге болады.
31 декабрь.
Қала тыныш болды.
Сағат 10:30-да Қазақстан жазушыларының ҚКП Орт. Комитетінің І-секретары Геннадий Васильевич Колбинмен кездесуі болды (кеше хабарлаған еді). Кездесуді О.Сүлейменов ашты. Сосын жазушы, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев сөйледі. Жұбан студенттердің мақсатсыз, хулигандық демонстрациясын сынай отырып, оларға қарсы милициялық ұру, соғу (дубинкамен) жазасы қолданылғанын өте орынсыз деп айтты. Шынында, қарусыз студенттердің дубинка таяғын жеген соң ашынып кеткені мәлім болды.
1 январь, 1987 жыл.
«Лит. газетадан» жазушы Ә.Әлімжановтың «Что произошло в Алма-Ате?» деген мақаласын оқыдым. Мақала, негізінен, дұрыс-ау. Бірақ, кінәні демонстрация жасаған студенттерге ғана аударғаны – әділдік емес.
Студенттер бір-екі күн ғана шулап тарайтын екен. Республикалық прокурор орынбасары Басаров деген демонстранттарға машинамен мұздай су шаштырғанда, бір қыз машина астында қалып, көзбе-көз өлген. Мұны көрген жастар ашынып, милиция, солдаттармен шайқасқа көшкен. Әлімжанов бұл шындықты айтқанмен, газет жаза қояр ма екен?! Ертең 2 январь.
***
Қайраткер-қаламгер Шона Смаханұлының қойындәптерінен жыртып алып, жасырып қойған (жасырып қоймаса, өзіне де, отбасына да қауіп төнетінін сезген – К.С.) күнделігі осы жазбамен аяқталады. Ақын жүрегін жаралаған қасіретті оқып отырып менің есіме И.А.Буниннің Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан 1990 жылы жарық көрген «Окаянные дни» атты кітабы оралды. Күнделік іспетті жазылған бұл шығармасында жазушы Ресейдегі самодержавия құлап, ұлт интеллигенциясының басына қара бұлт үйірілген тұсты шебер суреттейді. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей, табан астында наган мен былғары күртеге ие болған шолақ белсенділер зиялы қауымды бай- құлаққа балап, төрін көрге айналдырғанын, елде мәдениетсіздіктің, ұр да жық есерсоқтардың белең алғанын жүрегі қан жылап отырып баяндайды.
Калинин көшесіндегі №24 үйдің аядай ғана бөлмесінде аурушаң қызы Құралайдың көңіл- күйіне қарап, мұңайып отырып («Құралайым – шай ішетін пиялайым» деп осы қызын жанындай жақсы көрген екен жарықтық – К.С.) жазған күнделіктері Буниннің «Окаянные дни» атты кітабын қайта оқығандай көңілімді босатып, көзіме жас үйірді. Сондықтан болар әлсін-әлсін қолыма алып, қайран да қайран Шөкең саусақтарының табы қалған қызғылтым парақты аялай сипап, қайта-қайта қарай бердім. Ал, жақында...
«Қантзауытта» тұратын Шөкеңнің ұлы Ұлан мен келіні Гүлзағираның үйіне бардым. Шөкең туралы, Аманкүл жеңеше туралы естеліктер айттық. Өкінішке қарай, бүгінде Аманкүл жеңешем де, Құралай қарындасым да жоқ. «Шона әкемнің артынан отыз жасымда кетем» дейді екен Құралай анасына. Сол айтқаны айдай келіп, отыз жасында өмірден озыпты.
Сол үйде отырып тағы да Шөкеңнен қалған жәдігерлерге кенелдім. Біразын суретке түсіріп алдым. Қызмет куәліктері, дипломы, «Мектеп» баспасынан қаламақы алғаны жөніндегі анықтамасы, тіпті, Туу туралы куәлігіне дейін сақталыпты.
Бір кезде көзім кішкентай қойындәптерге түсті. Жаңадан бастаған екен. Парақтарын түгел толтырып үлгере алмапты. Сірә, Тараз қаласына келіп, облыстық газеттің редакциясына соғып кеткен кезі-ау деймін, алғашқы бетіне кітапқұмар Амангелді деген адам туралы жазыпты. Бізге «Соңғы кезде кітап жинайтын адамдар туралы мақала жазып, кітапқұмарларды насихаттағым келіп жүр» деген еді. Осы және басқа да құжаттарының бәрін Шөкеңнің ұлы мен келіні көздерінің қарашығындай сақтап отыр екен, біліктіліктеріне рахмет айттым. Ә, айтпақшы, Шөкеңнің шаншымалары мен шымшымаларын, хикаяттарын, Алматыдан ашылатын қазақ мектебіне оқушылар жинау үшін хабарландыруларға дейін басқан жазу машинкасы да тұр.
Шөкеңнің қойын дәптеріндегі мына жазбалары да қатты әсер етті. Өмірден өтерін сезгендей 1988 жылдың алғашқы тоқсанынан бастап шығармаларын кітап қып бастыруға қатты кірісіпті.
***
Марттың басынан бастап Алматының ауа райы жаман болды. Аспанды бұлыңғыр бұлт басып, ауа ауырлап кетті. Оның үстіне «Магнит бораны» («Магнитная буря») дей ме, «өрісі», «толқыны» дей ме... Әй, жүрегі нашар байғұстарға қиын тиді-ау.
Қан қысымым көтеріліп, ол шіркін 170-180 («үсті»), 100-110 («асты» ) болып, есімді шығарды. Қан қысымы тезірек жөнделмесе, жүректі «қажап» тұрып алады екен. Осыдан қорқып, салақсып жатқан жұмыстарымды жеделдетуге кірістім.
Ән өлеңдерімнің жинағын («Айнабұлақ») түгел қайта қарап, машинкаға қайта бастық. Балаларға арналғанды қосқанда 120 өлең болды. Қанттай ғып әзірлеп, «Өнерге» өткіздік. Редакторым Карл деген жігіт бұрын қараған еді «күземепті», шамасы келгенше оншақты өлеңімді түзепті.
Машинкаға қайта басуда Аманкүл көп күш жұмсады.
***
Барлық «шымшыма», «шаншымамды» қосып, қайта басып, «Жалынға» тапсыруды ойлай бастадым.
Аманкүл күн сайын 40-50 беттен басып отырды. Өткен отыз жылдық творчестволық жұмысымда жеті-сегіз жүздей «шымшыма» жазған сияқтымын.
Атын тартымды етіп «999 шымшыма» деп өткізу ойымда бар. «Мың бір» дейін десем, Олжас «Мың бір сөз» жазып жатыр. «Мың бір түн» тағы бар. Олардан «ерекшелеу» етіп, «999-ды» ұнаттым. Тағдыр оң көзбен қараса, 1990-1991 жылдарға шығып қалар.
***
1983 жылдан соң, «Жасырайық несіне» дегеннен өзге жаңадан сықақ өлеңді жинақ шығарғаным жоқ.
Арада екі-үш кітап: «Үміт жұлдызы», «Өткірдің жүзі», «Елпекбайдың телпегі» деген үш кітап шығып үлгерді. Үшеуінің де «жаман аты» шыққан жоқ. Түгелге жуық сатылып, оқырмандардың қойны-қонышында жүрген шығар.
Енді соңғы бес-алты жылдан бері жазғаным бар ғой. Соларымды қосып, жинақтап, «Кімге – шымшу, кімге – шаншу» деген атпен «Жазушы» баспасына өткіздім. Жата-жамбастап әрі толықтырып, әрі ұсарта жатам ғой деп ойлаймын.
***
Балаларға арналған «Кел, балалар, күлейік» деген шағын жинағым бес-алты жылдан бері «Мектеп» баспасында жатыр. Жақында көрсем, папкімнің тысын тышқан мүжіп тастапты. Бастығына айтып ем, қызарған болды.
Әйтсе де, «сықағын ғана қалдырып» шығарып берейік дегенді айтты.
15 март
Денсаулыққа байланысты тв. бағытты едәуір «өзгерту» керек сияқты. Аз да болса «ащылау» етіп «шаншымаларды» жазсам деймін. Әлім жетсе, халықаралық тақырыпқа памфлеттер жазсам... деймін.
Екінші, ән өлеңін жазудан қол үзгім келмейді.
***
Мозамбиктегі Бейра қаласы үстінде бір белгісіз «дене» тұрыпты.
***
«Қан қысымының» едәуір жүдетуіне (қорқытуына) қарамастан, 1-2 мартта өткен СССР Жазушылары пленумының материалдарын оқуға кірістім. Бірінен бірі өтеді. (Астын Шөкеңнің өзі сызып қойыпты – К.С.).
Юрий Бондарев: «Біз «жердің» күтпеген қонақтарымыз» дейді. Шаншыманы осы «күтпеген қонақтарға» бағыштасам...».
***
Күнделік осы жерден бастап басқа жай- жапсарға ауысады да, ары қарай үзіліп қалады. Бұл маған Шөкең өзінің шығармашылығы жайлы әп-әдемі әңгімесін айтып отырып, кенеттен онысын кілт үзіп, орнынан атып тұрып, мәңгілік әлемге сіңіп кете барғандай көңілімді құлазытты.
«Қан қысымым көтеріліп, ол шіркін 170- 180 («үсті»), 100-110 («асты») болып, есімді шығарды» деген өкінішті сөздері де ойға қалдырды. Қан қысымы қалай көтеріліп жүр? Ол құрғыр жайдан-жай көтерілмеуші еді ғой. Туабітті жабысқан ауру болмаса, жүрек пен жүйке салмақ түскенде ғана көтеріледі емес пе? Шөкеңнің жүрегі мен жүйкесі бір сыр берсе, шаншымалары мен шымшымаларын, хикаяттарын жылы жауып қойып, «Алматыдан қазақ мектептерін, балабақшаларын ашу керек» деп білім бөлімдері мен мектептердің басшыларымен Жекбатырдай айқасып жүргенде сыр берді-ау, сірә! Ол аздай Алматы қаласындағы ІІМ мен МҚК қызметкерлерді Шөкеңді «бүйректен сирақ шығарғыш, мектеп ашқыш бүлікші» деген арыз бойынша басқан ізін аңдып, ал Желтоқсан көтерілісінен кейін «осы көтерілісті ұйымдастырушы жасырын топтың бір мүшесі» деген өсек-аяңдарды бетке ұстап, түнделетіп тергеуге шақырған МҚК «қызыл жағалыларының» да үлесі бар-ау ол «қан қысымының» көтерілуінде. ҚКП ОК-нің «тоқылдақ-нұсқаушылары» ұйымдастырған «Тот» деген мақаланың «қаһарманына» болуы да жүрек пен жүйкеге салмақ түсірмегенде қайтеді?! Осының бәрі жандүниесіне сыздауықтың қан-жынындай мұң мен шер боп жинала берген соң, оның да жарылар сәті болмай ма? Айналып келгенде, сөздің тоқ етері – Шөкеңнің коммунистік-тоталитарлық жүйенің құрбандарының бірі болғаны айдай анық.
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді