«Әкеміздің ұрпақтарына аманат еткен қасиеттің бірі – бауырмалдық»
- author «Ақ жол»
- 7 қараша, 2024
- 304
– Күллі қазақ қайраткер деп таныған Шона Смаханұлы бала тәрбиесіне қаншалықты мән берді?
– Әкем бала тәрбиесіне ерекше басымдық берді. Жастайымыздан балабақша, мектепке өзі алып барып, өзі алып келуге тырысатын. Жол бойына өсиет-өнегелі әңгімелерін айтып, кішіпейіл, бауырмал болуға үндейтін. Әкеміз өздеріңізге белгілі, қазақ тілінің болашағы үшін білек сыбана күресті. Осы бағыттағы жұмыстарын үйімізде де қолға алып, жүргізіп отырды. Тіпті, ерте жастан балабақшадан қайтар жолда автобустардың буланған терезелеріне қазақ әріптерін жазып үйрететін. Жол бойында кездескен дүкендер мен ғимараттардың атауы болса, содан мысал келтіруден жалықпайтын. Ол кезде әбден орыстанған астанада біздің бұл қылығымызға мазақ етіп, күле қарайтындар көп болды. Бірақ әкем олардың біреуіне де мән бермей, керісінше, үйде қағаз бетіне шұқшиып отырғаннан осылай тіл үйренгеннің тиімді екенін айтатын. Осыған қарап-ақ, оның халқының адал перзенті болып, елінің ертеңіне үмітпен қарағанын аңғаруымызға болатын шығар.
– Әкеңіздің қандай қасиеті ерекше есте қалды?
– Балалық шақта үйімізден қонақ үзілмейтін. Ол ерекше қонақжай еді. Әкеміз бізді жастайымыздан сол қонақ күту әдебіне баулыды. Үйге қандай да бір адам келсе, сырт киімін алып, шыққанша аяқ киімдерін тазалап қоюға үйретті. Әрине, ол кезде мұның бәрі не үшін, неге керектігін жетеқабыл біліп, қабылдай қойған жоқпыз ғой. Мұндайда, балалықтан болар, ара- тұра бір қиқарлыққа салынып қалатынбыз. Сонда байыппен ғана үйге келген адамның көңілін аулап, қызмет етіп, батасын алған жанның алғысқа бөленетінін, жолы ашық болатындығын түсіндіріп отыратын. Өзі де көпшіл азамат болған соң болар, үйімізге келім-кетім адам көп болды. Ауылдан келген ағайын біздің үйге соқпай кетпейтін, ақын-жазушылар жиі бас сұғатын. Тілге деген құрметін осыдан-ақ бағамдай біліңіз, кейде көшеден қазақша сөйлеп жүрген адамды көрсе, танысып-сөйлесіп үйге қонақ қылып жіберетін. Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбдірахман Асылбек секілді өзге де ақын-жазушылар жиі келіп тұратын. Әкем Нұрғиса Тілендиевпен де жақсы араласты. Ол кезде бала болғасын үлкендердің әңгімелеріне көп араласа бермейміз, бірақ сөз арасында өзара шығармашылық туралы сұхбат құрып, бір-бірінен ақыл-кеңес сұрасып отыратындығын аңғаратынбыз. Нұрғиса атамыз солақай болғасын, әр келген сайын үйіміздегі домбыраның ішегін ауыстырып, өз ыңғайына салып тартатын. Қонағын шығарып салған соң әкем домбыраны қайта қалпына келтіріп әлекке түсіп жататын. Кейін Алматыда жазушыларға арнайы үй бөлінген тұста, ақын- жазушылардың бәрі бір ортаға топтасты. Сонда Әбу Сәрсенбаев, Әзілхан Нұршайықов, Тынышбай Рахымовтармен көрші тұрдық. Ол үй түгелімен шығармашылық адамдарына арналған соң, бәрі бір-бірімен араласып, бір-біріне емін- еркін кіріп-шығып жүретін.
– Кеңес дәуірінде тегіне орыс жалғауын жалғатпаған әкеңіз отбасында да қазақ тіліне баса мән берген шығар?
– Сол кездері Алматыда екі-ақ қазақ мектебі болды. Оның бірі аудан-ауылдардан келіп оқитын №4 мектеп-интернаты болса, екіншісі №12 мектеп. Отбасымызда бауырларымыздың бәрі сол №12 мектепті тәмамдап шықтық. Өзге де ұлтжанды ақын-жазушылардың балалары сол білім ошағында оқыды. Әкеміз үйде де, түзде де ана тілімізде сөйлеуді қатаң қадағалап отырды. Өзі сол кезеңде тегін «ов», «ев»-сіз жаздырған үш қазақтың бірі болғасын, біздің де тегімізді «ұлы» немесе «қызы» деп жаздырды. Тіпті, көшеден орысша сөйлеген қазақ жастарын көрсе соларға «Неге сен қазақша сөйлемейсің?» деп ұрысып жататын, солар үшін күйінетін. Сөйтіп жүріп өзі де қазақ мектептерінің көптеп ашылуына себепкер болып белсене күресті. Кейіннен мұндай маңызды істе мені де қасына ілестіріп алатын да, бірге Алматыдағы үй-үйді аралайтынбыз. Әр кезіккен тұрғыннан әкем «Қазақ мектебі ашылса, балаңызды мектепке бересіз бе?», деп сұрап, келіссе қойын дәптеріне жазып қоятын. Үйімізде жиналған қойын дәптерлердің көптігі – сол кездегі қазақ қоғамы ана тіліндегі білім ошақтарына қаншалықты мұқтаж екендігін танытып-ақ тұратын. Осылайша, сол тізімдерді жинап, жергілікті атқарушы органдарға кіріп жүріп, өзінің арман-мақсатын шындыққа айналдыра білді.
– Қаламгер шығармашылық қуатты қайдан алушы еді?
– Кез келген шығармашылық адамына туған жері темірқазығы қуат беретін болса керек. Әкеміз қолы қалт етсе, жиі ауыл жаққа барып тұруға тырысатын. Мүмкіндік болса бізді де көбірек өзімен бірге алып кетуге ұмтылатын. Әр барған сайын ағайын-туыспен араласып-құраласып, бізге олардың қаншалық жақындығын айтып отырудан жалықпаушы еді. Сонда балалықпен қала баласы болып өсіп келе жатқан біз үшін мұндай әңгімелер аса маңызға ие еместей көрінетін. Уақыт өте келе әкеміздің сол өсиет-өнегесі шындығын, өзектілігін дәлелдеп алдымыздан шыға берді. Алматыға қайтқанда өзі де үнемі ауыл-аймақтан, туған жерден жаңа күш, жаңа дем алып қайтқандай сезілетін. Әкеміздің шығармашылық жолында анамыз Аманкүлдің де еңбегі ерен. Анамыз машинкада жұмыс істеп, он екі томдық «Қазақстан» энциклопедиясын теріп шыққан жан. Әкеміздің қолжазбаларының бәрі де дерлік анамыздың қолынан өткен. Екеуара бір-бірімен шығармашылық жөнінде сұхбат өрбітіп, әкем жазған-сызғаны бойынша анамызбен үнемі кеңесіп отыратын. Өзі де қала көшелерін жаяу аралап, тақырып іздеп тұратын. Қаламға ілігерлік дүние болса, дереу қойын дәптеріне жазып алатын. Теледидар қарап отырса да сол кездегі бағдарламалардағы қазақ тілін бұрмалаушылықты өткір сынап, шығармаларына арқау етіп отыратын. Әкеміз қанша ақ көңіл, аңғал азамат болса да, отбасында, дастархан басында да шымшымаларымен «сойып» салатын. Сол кездерде шыққан «Бюрократты бюрократ папкасынан таниды, маскүнемді маскүнем шәпкісінен таниды», «Үйленгенше жаным дейді, үйленген соң жанын жейді» деген сөздері біздің санамызда әлі де жаңғырып тұр.
– Әкеңізден ұрпақтарына аманат еткен қасиет-құндылықтар жайлы айтып өтсеңіз...
– Әкеміздің ұрпақтарына аманат еткен қасиеттің бірі – бауырмалдық. Ол сөз арасы ағайын-туыстың бір-біріне жақын болып, көмек қолын созуға дайын тұру керектігін айтудан жалықпады. Бұл жастайынан ашаршылыққа тұспа-тұс келіп, қилы кезеңді бастан өткерген ғұмырымен байланысты болса керек. Сол зұлматты жылдары оны ашаршылық құрсағынан нағашысы Дағай құтқарып алады. Әпкесінің аман-саулығын білуге келген Дағайға апамыз жалғыз ұлды ұстатып жібереді. Шамасы, сонда кейуана өз ұлының ел маңдайына туған, ұлт болашағына қызмет ететін азамат болатынын сезсе керек. Кейіннен нағашысы соғыста жүріп, хабар-ошарсыз, із-түссіз кеткен соң, әкеміз өзін өлімнен құтқарған жанның аты өшпесін деп менің тегімді нағашысына тиесілі қылып жазып береді. Осылайша мен «Дағайұлы» атанып кеттім. Әкеміздің аманатқа қиянат жасамай, перзенттік парызын адал өтеген осы әрекеті бүгін біздерге үлкен үлгі болып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді