Апта соңында бөлмелеріміздің ішін көк ала түтін мен ыс иісі алып кетті. Үйіміздің іші-сыртын, ауланы, айналасын түгел қарап шықтық. Сөйтсек, үйіміз бен өз ауламыз тыныш екен. Түтін көрші ғимараттан шығыпты.
Біздің үйдің қабырғасымен жапсарлас, арасын жарты метрге жетпейтін бос кеңістік қана алып тұрған егесіз көпқабатты ғимарат бар болатын. Ертеректе бүкіл қала тұрғындарын ұн өнімдерімен қамтамасыз етіп тұрған наубайхана. Кезінде дүрілдеп атағы шыққан нан зауыты.
Бұл күнде әбден ескірген, өте биік қабырғалары құлаған, әйнектерінің орны үңірейіп, қараңғыда жанындағы тротуардан ары-бері өтетін жаяу жүргіншілердің зәресін алып, үрейін туғызатын сол зәулім ғимараттың арнайы техника болмаса, жай адамның тұрқы бойлай бермейтін жоғарыдағы сынық терезесінен түтін будақтап жатыр.
Дереу тиісті орындарға хабарладық. Облыстық төтенше жағдайлар Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қалалық бөлімі жедел әрекет етті.
Осы жайтпен жанталасып жүріп жауапты кісілерден біраз жайға қанықтық.
Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының айтуынша, былтырдан бері қала аумағында көп жылдар бойы құрылысы аяқталмай тоқтап тұрған 35 «сақалды құрылыс» анықталып, құрылыс иелерімен тығыз жұмыстар атқарылған. Оның ішінде жеке әр нысан бойынша түсіндіру жұмыстары, нысанның айналасын қоршап, бөтен адам кіре алмайтындай, ертеңгі күні жауапкершілікте болмайтындай қауіпсіздік шаралар жасаулары, сонымен қатар нысан иелерін жинап, облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен бірлесіп, қаламыздың патриоттары ретінде құрылыс орналасқан аумақтың сыртқы көрінісін нашар көрсетпейтіндей әрі қоршаған ортаға қауіп-қатерін туғызбауы мақсатында, тоқтап тұрған құрылысты жандандырып, периметр бойынша қоршауларын ретке келтірудің, ертерек пайдалануға енгізулерінің керектігі жайында жиналыстар өткізілген.
Құрылыс жұмыстарын жүргізіп, рұқсат құжаттарын ретке келтіру бойынша көмектер берілген. Нәтижесінде, бүгінгі күнге 35 «сақалды құрылыс» тізіміндегі 15 мекенжайдағы нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға қабылдау актімен енгізіліпті. Қазіргі кезде 3 нысан бойынша құрылыс- монтаж жұмыстарын толығымен аяқтау шаралары атқарылуда. Ал, 9 нысан бойынша бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары жандандырылып, жалғастырылып жатқан көрінеді. Өкінішке қарай, 5 мекенжайдағы құрылыстар иелерінің қаражаттарына, отбасылық жағдайларына байланысты биылғы жылы құрылыс-монтаж жұмыстары дұрыс жүргізілмеуде екен.
Игерілмей жатқан 3 нысанның жер телімдері бойынша Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне мемлекет пайдасына кейін қайтарып алу туралы хат жолданыпты. Аталған бөлім өз тараптарынан облыстың жер ресурстарын басқару департаментіне шаралар қабылдау үшін хат жіберген. Қазіргі кезде ол жұмыс жоғарыда аталған департаменттің қарауында дейді.
Сонымен қатар, біздің өтінішіміз бойынша да мағлұмат берілді. Тараз қаласының Төле би даңғылы бойындағы бұрынғы нан пісіретін зауыт қазіргі кезде «Таразэнергоорталығы» акционерлік қоғамының баланс теңгерімінде болып шықты. Олар ТЭО басшылығымен жоғарыдағы жайт туралы байланысқа шығыпты.
«Басшы бұған түсінікпен қарап, аукционға қойылғалы жатқан ғимараттардың есіктерін құлыптап бекітіп тастау туралы тапсырма беретінін жеткізді», деді мамандар.
Облыс орталығының аумағында шаһарымыздың сәулеттік келбетіне кедергі келтіретін құрылыстардың жұмысы жүрмей, сақалды атанып кетуі расымен де қиын нәрсе. Мұндай қараусыз тұрған ғимараттар балалар мен жасөспірімдердің шоғырланатын жеріне айналып, тіпті соңы қайғылы оқиғаға ұласып кеткен жағдайлар елімізде көп кездеседі.
Қала орталығындағы аяқталмаған құрылыс нысанына қатысты сот ұйғарымы шыққандығы туралы өткен жылы хабарланған болатын. Он жылдан бері қараусыз тұрған нысанға байланысты Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа жүгінген. Сот шешіміне сәйкес мұндайда мердігер ғимараттың қаңқасын өз қаражаты есебінен бұзуы керек. Құрылыс нысаны толық сүрілген соң, кәсіпкерге жер телімін қайта пайдалануға мүмкіндік беріледі. Ал, егер мердігер үш жыл ішінде жер учаскесін тағы бос қалдырса, ол жер аукцион арқылы сатылатын болады.
Жауапты органдар біраз жылдан бері бұл құрылыстың кімге тиесілі екенін анықтай алмай келіпті. 2014 жылы тамызға дейінгі иесі «Береке-5» ЖШС-нің басшысы Наталья Богданова болған. Аумағы 5589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болған кейінгі иесінің сол күйі нысан құрылысын аяқтауға мұршасы келмеген.
Адам өміріне қауіп төндіретін, түрлі қылмыстар жасалатын жайсыз орындарға айналған мұндай нысандарды жою немесе ел игілігіне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе болып қала бермек.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді