Бір кездері батыр Бауыржан Момышұлының мұрындық болуымен, кейінірек белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың араласуымен ерлігі ескерусіз қалған батырға 1999 жылы Халық қаһарманы атағы беріледі. Бұл – туған елі үшін төнген қауіпке қарамай, зулаған оқты елемей, басын бәйгеге тіккен тұлғаға берілген лайықты баға еді. Демек, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Жақында ғана өңіріміздегі «Бесағаш» шекара бөлімшесінде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған айтулы шара соның айғағы. Жиынға Ауған соғысының ардагері Шухрат Абдувахапов, Amanat партиясының мүшесі, «Жастар рухы» облыстық филиалының төрағасы Ерғали Абуғали және «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының төрағасы Қошқарбай Жұмабаев қатысты. Ал, жиынның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық рухты оятып, оларға әскери қызметтің маңыздылығын насихаттау.
Басқосу барысында Ауған соғысының ардагері Шухрат Абдувахапов өзінің әскери қызметтегі өмір жолы мен шекарадағы жауапты қызметтің қыр-сырын айтып, қиын-қыстау кезеңдердегі жауынгер достарының ерлігін еске түсірді. Ол жас сарбаздарға әрдайым сергек болу, Отанға адал қызмет ету сияқты құндылықтарды ұстанудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Жалпы, қазақтан шыққан батырлардың қатарында кеңестік жүйенің шовинистік сұрқия саясатының кесірінен ерлігі мұндаға дейін дұрыс бағаланбай, көпшілік арасында талай тартыс тудырып келген асыл азаматтардың бірі – Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет Ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен батырдың ерлік істерін өзге ұлттарды кемсітіп, тек өзінің ғана жетістігін насихаттап үйренген кеңестік өр көкірек, өзімшіл жүйенің сол кездегі билік басындағы шолақ белсенділері жоққа шығарып келді. Бiрақ сол ерлiктi бағалауға келгенде кеңес өкiметiнiң басшылары нәсiлшiлдiкке, кемсiтушiлiкке бой алдырды. Рақымжан Қошқарбаевтың кезiнде бағаланбай қалған ерлiгi соның бiр дәлелi. Тарихи ерлігін батырымыз небәрі 21 жасында жасаған. Оның құрметіне 2016 жылы Астана төрінде ескерткіш орнатылды. Елордадағы үлкен көшелердің бірі батырдың атымен аталады. Жалпы, соғыс жылдарынан кейін Рақымжан Қошқарбаевтың еңбек еткен жері – Алматыда батырға арнап естелік тақта орнатылған. Ержүрек батырға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана құрмет көрсетілді, – деді ол.
Ал, «Жастар рухы» облыстық филиалының төрағасы Ерғали Абуғали жастар арасында патриоттық рухты нығайтуға бағытталған жұмыстарын баяндап, ел болашағының қорғаны саналатын шекарашыларға ардақты батырлардың ерлігі мен өнегесін үлгі етті.
– Екінші дүниежүзілік соғыстан 350 мың қазақ қайтып елге оралмады. 500 қазақстандық жауынгер мен офицерлер Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың 98-і қазақ. Осы соғыспен байланысты бұрын бұрмаланып немесе тиісті деректердің жоқтығынан мүлдем кереғар түсінік қалыптастырып келген фактілердің беті ашылып, көптеген жауынгер азаматтардың еленбей келген ерліктері тарихтан лайықты орнын алды. Қуанарлығы, егемен ел атанғалы Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты мұрағат құжаттары ашылып, Берлин операциясы туралы нақты ақпарат тарих беттерін толықтыра бастады, – деді Ерғали Рүстемұлы.
Сондай-ақ, кездесуде шекара қызметкерлері спикерлерге сұрақ қойып, пікір алмасты. Еркін форматта өткен жиын соңында ардагерлер мен қоғам белсенділері жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру үшін нақты ұсыныстарын жеткізді. Олар сарбаздарды әскери дайындықты үнемі жетілдіруге және моральдық-рухани құндылықтарды ұстануға шақырды. Сонымен қатар, әскери қызметтің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы сөз қозғап, Рақымжандай батырдың ерлігін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді