Талантты талант қана алыстан таниды. Әйтпесе сонау Қатон-Қарағайдың қойнауында жатқан жас жігітті «Лениншіл жасқа» алдырып, оны үшінші курсында сырттай білім алып жүргеніне қарамастан білдей бір әдебиет бөлімінің меңгерушісі етуге үлкен жүрек пен таудай тәуекел қажет.
Бұл Шерағаңның сол кездегі оңтайлы кадрлық саясатының жемісі еді. Ол жанарында оты бар жастарды жазуына қарап-ақ таныды. Сол арқылы бүгінде қазаққа танымал тұлғалар Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Кәрібай Ахметбек, Бексұлтан Нұржеке, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Қуанышбай Құрманғали, Серік Әбдірайым, Әлібек Асқар, Дидахмет Әшімхан секілді жазушы-ақындар шоғыры қалыптасты. Шерағаң өзінің «Оралхан» атты естелігінде: «Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О.Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә дегеннен назар аудардым. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті басқа республикалардан, тіпті шетелдерден жазып жататын қаптаған авторлар. Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О.Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінеді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап, бұл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым», дейді.
Осылайша, ол өз орынбасарына авторды алып келуін тапсырады. Араға апталар салып, орынбасары Оралханды редактор кабинетіне алып кіріп, таныстыруға ыңғай білдірген тұста-ақ Шерағаң «Айтпай-ақ қой, таныдым» деп ишарат білдіреді. Ол көз алдына келтірген Алтайдың жас кербұғысы да дәл осы кербез, кердең мінезді жігіт еді. Оралханды Мойынқұмның түкпіріне тік мінезді редакторының тапсырмасы мен өзінің табандылығы жетелеп барды. Әйтпесе аудан орталығынан құм арасына бару да оңай емес. Оның үстіне сапар сәтінде аудандық комсомол комитетінің көлігі де екі-үш ай бойы бұзылып тұрғандығы белгілі болды. Ол туралы автор очеркінде: «Орталықтан алпыс шақырым алыстағы Смағұловтың қыстауына бару проблемасын екі күн бойы шеше алмадық. Өне бойы заңғар тау, қалың орманның арасында өскен мен үшін құм деген әлемді көру қайта туғанмен бірдей еді.
«Алысқа ат сабылтқанша, мына көрші совхоздағы сиыр фермасын көріп қайтсаңыз, қалай болар еді», деушілер де табылды. «Жаяу кетсем де құмды, сол құмның ортасында қой бағып отырған қазақтарды көруім керек» деп мен де қыңырайдым. Обалы кәне, аудандық комсомол комитетінің екінші секретары Тұрсынхан қалбалақтай жүгіріп партия комитетіне кірді, атқару комитетіне барды, көліктің жөні табылмады», дейді. Журналист жайын журналист қана терең түсінсе керек. Аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакторы Серік Әлімбетов Оралханды өзі бастап қыстаққа алып баратын болып келіседі. Осылай бір топ адам жолсерік болып құмдағы Егінбай Смағұловтың үйіне аттанады. Егінбайымыз шығармадағы бас кейіпкер – Бархан.
Автордың өз кейіпкерін бұлай атауында да себеп бар. Өйткені, «бархан» сөзі құм қиыршығы деген мағынаны білдіреді де, мінез, ұлт ұғымдарымен астаса суреттеледі. Өзара тартыс пен қырқысқа құрылған өмірде өз тазалығын сақтап, тыныштығын тұғыр тұтқан Бархан үшін атақ пен абырой адамшылықтың өлшем бірлігі емес. Солай бола тұра ол кезінде алай-дүлей мінез танытатын иен даланың неге үнсіз екендігіне таңырқайды.
Таңырқайды да, іштей тынады. Күндегі тірлігінен тыныштық кетіп, қоңсы қонған өз шәкіртінен қорлық көрген Бархан сол замандағы мінезсіз қазақ қоғамының бір өкілі екендігін білсеші. Мұны шығармадағы бас кейіпкер білмесе де, шағын очерктегі Егінбай батыл мойындайды. «Құм да менің өзім секілді, – деп ойлады Егінбай, – ала жаздай жайлауға көштім. Орталықтан 100-150 шақырым шалғайдағы Жамбыл тауын адақтап шықтым. Сонау Сәтенбай жайлауының ол жақ-бұл жағында мен отырмаған төбе жоқ. Осылай ғұмыр кеше берсек, тіпті, іздеу-сұраусыз қарынның тойғанын қанағат қылып жүре берсек болады екен-ау. Бірақ қарынның тойғаны, қазанның қайнағаны қуат па!?».
Шығармада Мойынқұм да өр Алтаймен өзара табиғаттас, өзара үндес. Мұнда да сонау дәуірде арысы Арқадан, берісі Меркі, Шудан, Таластан келген малшылар көкпар тартып, көкайыл болар қызығы, даңғара думаны өткен. Тек осы күн сол атпал ерлердің жалғасы автолавканы айналшықтап алғаны Барханды шын қынжылтады. Мұнда бір немесе бірнеше адамның құлқын-тілегі ғана емес, сонау заңғар көкте самолетпен қалықтайтын басшылардың да бір есебі бар ма екен деп қауіптенеді. Содан болар, Бархан күнұзақ төбе басына шығып, самолетке телміруді әдет қылған. Тіпті, ол ұшақтың әр екі сағат сайын ұшатындығын біледі, сол арқылы өрісті уақытты шамалайды. Шерағаң шығарманың осы бір бөлігі туралы: «Аспанда ұшып бара жатқан ұшаққа ызадан тас лақтыру тек Оралханның ғана ойына келуі мүмкін. Он мың метр биіктікте кетіп бара жатқан ұшаққа дені дұрыс кісі тас лақтыра ма. Сөйтсе мұнда мән бар екен.
Бархан үшін упрдан (управляющий) бастап, зоотехник, директор, парторг, аудан, облыс, Республика, Одақ басшыларының бәрі биік. Бәрі зау биікте», дейді. Осы кіжініс арқылы Бархан орталықтан шалғайда жатқан қыстақ ғұмырынан басшылардың хабарсыз екендігіне іштей наразылығын білдіреді. Оның ойынша сонау биіктегі басшыларға қарапайым қойшының не істеп, не қойып жатқандығы көрінбейді де. Осы тұста Чарли Чаплиннің «Өмір дегенің – үлкен пландағы трагедия, алыстан қарағандағы комедия» деген сөзі еске түседі. Бәлкім, Бархан өмірі де басшылар үшін бақытты әрі күлкіге қанық болып көрінетін шығар...
Өзге шығармаларында алкоголизмді, тың еңбеккерлеріне деген әділетсіздікті өткір сын садағына алғанындай Оралхан осы тұста да аянып қалған жоқ. Кеңестік биліктегі бюрократизмді өткір сынап, маң далада дүлей дауыл туғызатын құдіретін ұмытқан құмдай, қазақ қоғамының да мінезсізденіп бара жатқандығын батыл суреттеді. Сол үшін болар социалистік идеализмнен алшақ шығарма бірнеше жылдар кешігіп барып жарыққа шықты. Жазушы дүниеден өткеніне бес жыл толғанда Шерхан Мұртаза шәкірті жайында:«...Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды.
Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып білу – жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған» деп биік баға берді. Ал осы естеліктің соңы Оралханның Шерағаңның мерейтойына жазған «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екем?» деген тілегімен тәмамдалады. Соңғы сөйлем шығармада Барханның ақша бұлттар арасындағы әкесіне арналған сөзі еді...
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді