«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ту тіккен тұңғыш қаһарман

Ту тіккен тұңғыш қаһарман
Ашық дереккөз
Мен қос жұлдызды атақты шопан Жаз-ата – Жазылбек Қуанышбаевтың арқасында қазаққа, қазақ еліне танымал тұлғалармен етене таныс-біліс, қайсыбірімен дәмдес те болдым. Сол тұлғалардың бірі – Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен батыр Рахымжан Қошқарбаев. Батыр жайлы бұрын да шамалы жазған болатынмын. Алайда, биыл ұлтымыздың рухын көтеріп келе жатқан әйгілі тұлғаның туғанына 100 жыл толған мерейжасында білгенімді айтуды жөн көрдім.

ЖАЗ-АТАМНЫҢ «ҚОШҚАРБАЙЫ»

Атам сыртқа шықса мені тастамайтын. Әсіресе, Алматыға барғанында. Өйткені, атамның баратын жерін, тоқтайтын тұрағын, жайлы жатын орнын, тіпті, не ішіп, не жейтініне дейін көңіліндегісін тауып отыратынмын. Атам қонақүйде болуды аса ұната бермейтін. Алматыға барса көбіне туысы Шеген інісінің үйінде болатын.

Бірде осы үйге келе жатқанымызда ойына не түскенін қайдам, Рахымжан Қошқарбаевтың «Алматы» қонақүйіне барғысы келетінін айтқан соң, атбасын солай бұрдым. Р.Қошқарбаев – сол мекеменің директоры еді. «Әй, Тұрсатай (кейде мені еркелетіп солай атайтын), Қошқарбайға соға кетейік», – деді.

Мен: «Жарайды, бірақ Сіз есігін таяғыңызбен тоқылдатып ашпаңыз, ұят болады», – дедім.

Алайда, атам ескертуімді елемей, есігін әдетінше таяғымен екі мәрте қағып, ішке енді. Директор атамды көре салып, орнынан атып тұрып, айқара құшақ жайып амандасты. Менің «атамның қылығынан батыр тіксініп қалар ма екен» деген күдігім сейіліп, сабама түстім. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар дастархан мәзірі жасалды. Мен қанша түрлендірілсе де мәзір кемшілігін біліп отырмын.

 Атам қымызды онша қаламайтын, сірә, қан қысымын көтеретін болғандықтан болу керек. Есесіне шұбатты қозының жұмсақ құйрығымен қылғытқанды құп көретін. Әңгіме үстінде атам «Қошқарбай, Қошқарбайын» қайталаумен болды. Бірақ, Рейхстагқа ту тіккен батыр «Атымды дұрыс атасаңыз қайтеді?» демек түгілі, қаперіне де алған жоқ, қайта көптен сағынып күткен жақын бауыры келгендей қуанып, бәйек болып жүр, ақжарқын көңілде.

Екі алып – сымбатты Рахымжан мен келбетті Жаз-атаның жүздесуі жарасып-ақ тұр. Сүйсінесің де, сүйінесің. Атам қонақүйде көп болмады, ары кетсе екі аялдамаға жетпейтін Фурманов көшесіндегі Шеген Ахметов інісінің үйіне тарттық.

Барған соң Шеген ағаға болған жайды айттым. Ол кісі де «Оныңыз қалай?» деудің орнына шек-сілесі қатып күліп алып: «Сен оған қысылмай-ақ қой, тіпті, Ел басшысы Дінмұхамед Қонаевты да «Қонай, Қонай» деп атай береді.

Батыр Рахымжан інісі де өзін солай атағанды ұнатады. Қой атасы – қошқар, шопан ата – Жазылбек! Інісінің есігін жарып кірмесе, несіне батыр, несіне бауыр. Жаз-атаның бұл ісін Рахымжан да жақын туыстық деп санайды. Бұны Жаз-атаның бауырына деген ақ пейілі деп біл», – деді Шеген аға.

Шеген аға: «Қайныш Шөкебаевна, үйге кім келгенін білесің бе?!», – деп сырттан үйге кірер-кірместен сүйінші сұрағандай қуанып жатты. Жайғасып алған соң, «Тұрсынтай, айтшы қалай келгендеріңді, Рахымжанға жолай соққан әңгімелеріңді мына жеңгең де естісін», – деді.

Мен әңгімемді қайталадым. Жеңгем де рахаттана күліп алды. Атамның жайлы жайы осы үй болатын.

Бұл үйде іздесең таптыра бермейтін шұбат та, бағлан қозының жұмсақ еті мен қылғытып жұта беретін балауса құйрығы атам кеткенше үзілмейтін. Кейде атам екеуміз келе жатқанда үстіңгі қабатта тұратын күміскөмей әнші, КСРО халық артисі Роза Бағланова жолығып қалып, атам қашан маңдайынан сүймейінше еркелеп, құшағынан босамайтын.

Мойынқұмды ширек ғасырға жуық басқарған Айтбай Назарбековпен құрдас еді. Мойынқұмда өткен атаулы іс-шараға шақырумен қатысып тұрды қазақтың батыр қызы. Мен Шеген аға арқылы Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың өмір жолына да қанық болатынмын. Шеген де тегін адам емес.

Қазақтың заңғар жазушысы, Еңбек Ері, классик Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының басты кейіпкері, прототипі Шеген осы кісі еді. Бұл жөнінде Шеген аға айтқан емес, бірақ мен «Арман» кинотеатрының үстіңгі қабатындағы роман авторымен бірге түскен үлкен форматтағы суретінен білдім, 1970 жылдары біраз уақыт жарнамаланып тұрған. Шеген аға біз Ұлы Отан соғысы деп келген сұрапыл соғыстың жалпы жұрт көп біле бермейтін тұстарын айтып отыратын. Ол кісінің айтуынша, Рахымжанның о баста-ақ батырлыққа ұсынылып, Рейхстагқа алғашқы Жеңіс туын тіккен жауынгер ретінде танылғанымен, лайықты атағын алмауына түрлі жайлар себеп болған. Соғысты бастан-аяқ өткізген Шеген ағаның айтары көп еді...

Батыр Қошқарбаевпен де араласқұраластығы бар, ол жайында да көп білетін. Ол жағын қозғай берсе, ұзақ әңгіме. Қазір Рейхстагқа Ту тіккен батыр жөнінде шындық ашылып келеді. Ақиқат о баста-ақ белгілі болған. Бірақ, сол тұстағы саясат оған жібермеген.

РЕЙХСТАГ: ЖЕҢІС ҮШІН ЖАНТАЛАС

Батырмен қанша жүздесіп, кездескеніммен соғыс жайында, Рейхстагты қалай алғаны жайында сұраған емеспін, шындық қанша бұрмаланғанын білетұра. Алайда, біраз жайдан хабардар болатынмын. Рейхстагқа дейінгі 300 метрлік жердегі Гиммлердің үйін алудың өзі оңай болмаған. Жау оғы жауындай жауып тұр. Ал, Рейхстагқа жақындаған сайын жаудың дүлей күшіне қарсы кім де болса жанын шүберекке түйіп барары сөзсіз. Тек жаужүрек жауынгер, ажалға бел буғандар ғана тәуекел етеді.

Адам айтқысыз қырғын. Қас-қағым сәтте қаңғыған оқтың өзі жаныңдағыны жер жастандырып жатыр. Сын сағатта, осыған дейін жау заһарынан аман қалғанда, қарға адым жердегі жау ордасына Жеңіс туын қадау әр жауынгердің арман-мақсаты. Рейхстагқа кімнің ту тіккісі келмейді дейсің?

Батыр өз сөзінде: «... Фашистің мергендері оқты қарша боратып тұр. Саябырситын түрі жоқ, қимылдағанды қағып түсіріп жатыр. Қанды қырғын, шыбындай құжынаған өлік. Шыбын жанды қию да оңай емес.

Қандай аянышты – Жеңіс сағаты соққалы тұрғанда оққа ұшу. «Ұлы Жеңіс!» деп әлемге жар салатын сағат, минут жақындап қалған. ...

Григорий Булатов екеуміз өліктердің арасымен метрлеп емес, сантиметрлеп жер бауырлап жылжи бастадық. ...

Фашист мергендерінің нысанасынан қағыстау болар деген тұсты таңдадық. Қойнымыздағы қызыл матаға: «674 полк, лейтенант Қошқарбаев, қызыләскер Булатов» деп жазылған. Өзіміз өлсек те, тудағы жазу өлмейді, қайтыс болғандардың түрлі құжаттары, хат-хабарларына дейін жинап алынады, архивтерге тапсырылады.

Бұл – соғыстың тәртібі, заңы. Сондай әртүрлі оймен бір-бірімізбен қоштасқандай болдық та, Рейхстагқа қарай жылжыдық. Өлмеуге ант еткендей тас-түйінбіз, жұдырықтай жүрегіміз Жеңіс туын тігуге ынтық, қарыспа қимылмен бораған оқтың астынан аман өтіп, Рейхстагтың бірінші қабатына іліктік. Әлемнің мейірі болар, Жеңіс туын қолға ұстап, екінші қабатқа көтерілгенде біздің байланысшыларымыз телефон желілерін тартып жүр екен.

Олар да біздің туды көріп қатты қуанып: – Асқан ерлік! – Адамзаттың қуанышы! – Ұлы Жеңістің белгісі! – деп құттықтап үн қатып жатты. Бұл 1945 жылдың 30 сәуірі, кешкі сағат жетінің кезі-тін. Ғаламат оқиғаны дивизия командирі В.М.Шатилов «Войн Родины» газетіне хабарлап үлгерген. Тасқа басылған жазу газет арқылы қолданқолға өтіп, лезде тарап кетті. Сол мақаланы басқа да майдан газеттері қуанышпен жариялап, Рейхстагқа ту тіккен Булатов екеуміздің жауынгерлік жолымызды баяндаған еді» деген.

Алайда... Алайда, айқын ақиқат, Сталиннің басқосуда: «Біз, орыстар, фашистермен соғысып жатырмыз. Ерлік жолы есепсіз болмасын, жеңімпаз армиямыздың шығыны да фашистердің шығынынан салыстырмалы есептен алшақтамасын» дегенін дереу түсінген қолбасшы Жуков: «Ертең әлем білетін болсын, бір орыс, бір грузин Рейхстагқа ту тіккені жұмыр жерге хабарланатын болсын!» деп бұйырды.

Сөйтіп, Егоров пен Кантария пәлендей үрей, қорқынышсыз Рейхстаг үстіне желмен желбіретіп ту тігеді. Бұл хабар суретімен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында жария болады. Екінші рет тігілген Жеңіс туы деген сөз, сірә да, айтылмайды.

БАТЫРҒА ТӘН МІНЕЗ

Мен Рахымжан Қошқарбаевтың батырға тән екі мінезін білемін. Бірін оқып білсем, екіншісін өз көзіммен көрдім. Біріншісін батыр туралы газетте жарияланған Табыл Құлиястың мақаласы дәйегімен әңгімелейін, біреу оқып білсе, біреу білмеген болар.

Батыр өз сөзінде: «...Жеңістің 20 жылдығына Мәскеуге шақырылып, парадқа сапқа тұрдық. Таныс жауынгерлермен жүздесудің бақытты сәті, жан толқытар әңгіме, әзілқалжың, бәрі керемет еді. Кенет Кантария Рейхстагқа тігілген туды көтеріп, алшаң басып келеді екен. Жалма-жан қолындағы туды жұлып алып: «Бұл туды Булатов екеуміз тіккенбіз!», – дедім.

Шындықты білетін жауынгерлер тырс еткен жоқ, қайта риза болғандық танытып, жүздерінен қоштау сезімі байқалды. Міне, саясаттың қателігі, ең болмаса Рейхстагқа туды екінші болып Егоровтар тікті десе, қай жөнінен алса да дұрыс шешім болар еді», – дейді.

Бұл – Рахымжан Қошқарбаев қайтыс болардан екі жыл бұрын болған оқиға. Алматыда республика шопандарының слеті өтті. Тәуір шопандардың қатарында бұл жиынға мен де қатыстым. Социалистік Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев та бар болатын. Слетке қатысқан барлық шопандарға кілем, жапон орамалы, велюр мата, тағы басқа сыйлықтар берілді. Бірақ, бізбен бірге барған совхоз директоры Қ.Төлегеновке берілмейтін болды.

Бұл жайды ыңғайсыз көріп, менімен қайын жұрт боп араласып жүрген белгілі ақын Әбдрахман Асылбековпен ақылдасып, ақыры батырымыз Шоманды алға салып, орталық әмбебап дүкеніне – ЦУМ-ға баратын болып шештік. Бардық. ЦУМ-ның сырт жағында әкімшілік кеңсесі бар екен. Әбдрахман жолбасшымыз кіреберісте біреуді күтіп тұрған Рахымжанмен амандасты, мен де қол алысып сәлемдестім.

Шоман, сірә, Рахымжанды танымайтын болуы керек, сәлемдеспестен өтіп барып тұра қалды. Әбдрахман: «Әй, Шөке, мына Рекеңмен амандассаңшы...» дей бергенде, біз күтіп тұрған ЦУМ меңгерушісі болуы керек, орыс жігіті Рахаңмен сыпайы сәлемдесіп, кабинетіне еніп кетті. Бірақ, Қошқарбаев кабинетке кіруге асықпады, сұсты қабақпен Шөкеңе қарата: «Әй, герой, неғып қыртиып тұрсың?!», – деді.

Әбдрахман: «Реке, сізді танымаған ғой...» дей бергенде сөз аяғын тоспастан ішке еніп кетті. Біз Шөкең үшін ыңғайсыз жағдайда қалдық. Бұл батырдың тік мінезін өз көзіммен алғашқы көруім еді. Иә, мұндай мінезді болмаса, батыр – батыр болар ма...

Рахымжан Қошқарбаев халқы үшін ерен еңбек жасады. Алайда, оның ерлігі сол тұстағы саясаттың салдарынан бағаланбады. Яғни, саясат өмір мен өлімді, ар мен ожданды, абырой мен атақты ұлтқа бөліп қарастырды.

Бірақ, оған қарамастан Рахымжанның ерлігі жайында, Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккені жайында нақты дәйек-деректермен жоғары жаққа ұсыныстар жасалып жатты. Ең алғашқы болып батыр Бауыржан Момышұлы жоғары жаққа хат жазып, Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы мәлімет берді. (Иә, мұндай теперішті Баукең өз басынан да өткерген болатын).

Газет тілшілерін шақырып алып: «Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан әруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс туын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу», – деп айтып кетуі кейінгілерге ұмытылмастай үлгі-өнеге болды.

Әлгіндей ұлттық кемсітушілік саясатының салдарынан жоғары марапат дер кезінде берілмесе де Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевты халқы батыр атады.

«Ештен – кеш жақсы» деген. 1999 жылы Жеңіс күнінің қарсаңында өз халқы ескеріп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

 

 Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, еңбек ардагері.

Жамбыл ауылы,

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар