«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дулати мұрасы - тәрбиенің бастау бұлағы

Дулати мұрасы - тәрбиенің бастау бұлағы
Ашық дереккөз
Өзінің ерекше көзқарастарымен халық философиясының дамуына үлкен үлес қосқан ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати болды. М.Х.Дулатидің философиялық тұжырымдарын талдау арқылы сол замандағы халқымыздың мәдени-тарихи құндылықтарын, ұлттық болмысының сипатын танып-біле аламыз. Оның шығармалары тарихпен тікелей үндесе келіп, патриотизм, эстетикалық тәрбиеге толы болып келеді.

XV ғасырдың Ұлы ескерткіші болған М.Х. Дулатидің 1541-1546 жылы «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі көптеген шетелдік зерттеушілердің назарын аударып, бірнеше рет көшірілді. Бүгінгі таңда Англия, Франция, Германия, Ресей, Пәкістан және Үндістан елдерінің кітапханаларында «Тарих-и Рашиди» еңбегінің көшірмелері әлі күнге дейін сақтаулы.

Белгілі шығыстанушы Ислам Жеменей еңбекті қазақ тіліне аударып, ол 2003 жылы басылып шықты. Оның еңбектері бірнеше түркі тектес халықтардың 200 жылдық мәдени саяси-әлеуметтік өмірінің дамуына, тарихына байланысты жайттарды мәлімдеген. Ә.Дербісәлиев Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегін зерттеу барысында: «Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіпті түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеген Еуропа ғалымдары күні бүгінге дейін «Тарих-и Рашидиге» жүгінбей, оған соқпай кете алмайды және осы күнгі қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, үнді, ауған, тибет халықтарының тарихын зерттеушілер оның шығармаларын аттап кете алмайды», – деген болатын.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің тағы бір еңбегі – Жаһаннаме. Жаһаннаме – ортағасырлық ғұлама, мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің философиялық дастаны. Шығарма 1533 жылы түркі тілінде жазылған. Шығармада Сайд хан қайтыс болып, Моғолстандағы билік басына келген оның үлкен ұлы Абд әр-Рашид хан тұсындағы оқиғалар қамтылған. Абд әр-Рашид хан билік еткен кезде бүкіл әулетімен қуғынға ұшыраған Мұхаммед Хайдар Дулати Тибет жорығынан кейін Бабырдың Лахордағы ұлы Камран мырзаның қолына кетеді. Кейін Бадахшанға келіп тоқтаған ойшыл философиялық толғаулар жетегіне түсіп, осы дастанына өмірдің мәнмағынасын сыйғызған.

Дастанның бір нұсқасы Берлин кітапханасында сақталған. Берлин нұсқасының әрқайсысы 4 жолдан құрылған 1328 бәйіттен тұрады. Оны алғаш Ахмет зәки Уәлиди Тоған Берлин кітапханасынан кездейсоқ ұшыратып, бұл туралы 1937 жылы неміс тілінде мақала жазған.

Шығыстанушы ғалым Ә. Дербісалиев Берлин кітапханасынан Жаһаннаменің осы қолжазбасының көшірмесін түркі (шағатай) тілінен аударған. М.Х.Дулати шығармаларындағы ерлік пен елдік, азаматтық пен адамгершілік, ел тағдыры, өмір өткелдері мен қоғам жайлы философиялық толғамдары өскелең ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, дүниетанымын қалыптастыруда ойлылыққа баулып, көркемдік әлемін байытуға пайдалана алсақ, үлкен жетістік болар еді.

Ұрпағымыз мақтанышпен мәңгі естерінде ұстар М.Х.Дулати сияқты даналарымыздың әрқайсысының өмір жолдары, сол өзі өмір сүрген заман тарихымен тығыз сабақтастықта жатыр. Жалпыға құндылық болып табылатын ата-анаға құрмет, халқын, елін сүю, қорғау, ар-намыс, ата-текті қастерлеу, бүкіл адамзаттық адамгершілік қасиеттерді ардақтау, ерлік деген ұғымдарды тәлім-тәрбиеде адамдық өлшемдердің көрсеткіші деп санасақ, адам бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда М.Х.Дулати шығармаларынан алар тәлімтәрбиеміз мол.

Өзінің шығармаларында тұтастай белгілі бір кезеңдердің қоғамдық-әлеуметтік, тарихи сипатын таныта алатын дидактикалық-философиялық сарындағы шығармалар, адамгершілік, этика, мораль тақырыптарында да адам өмірінің түрлі жағдайларына қатысты келістіре жазып, ел ішінде тәрбиелік міндет атқарып отырғандығы байқалады.

Ерлік пен елдік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де М.Х.Дулати шығармаларында философиялық тұрғыдан қарастырылып, бүкіл адами асыл қасиеттерді жинауға зор көмек беретін адам тәрбиесінің бастау бұлағы деп айтсақ, артық айтқандық емес. М.Х.Дулатидің философиялық көзқарастарының қалыптасуына орта ғасырдағы көшпелі түркілердің дүниетанымы және ислам діні мен сопылық бағдардың әсері зор болды. Ұлы кемеңгер адамзатқа тән барлық ізгі қасиеттер мен қоғамның әлеуметтік-саяси, идеялық-мәдени құрылымдарын қалыптастыруда ислам дінін басты қозғаушы күш ретінде жеткізеді.

Түрік халықтарының арасында ислам дінінің таралуына ықпал еткен Тоғлық Темір ханның өмірге келген сәтінен бастап баяндап, терең адамгершілік қасиеттерін ерекше жырлайды. Еңбегінде баяндалған әрбір оқиғаны ойшыл Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерімен түйіндеп, адамгершілік, достық, махаббат сияқты аса қадірлі ұғымдарды жан-жақты түсіндіруге қадамдар жасайды. М.Х.Дулати философиясының аса маңызды тірегі – әділеттілік.

Өзінің еңбегінде әділеттілікті билікпен байланыстырып, басшылардың әділ болуын талап етуді өзінің философиялық қағидаларының біріне айналдырады. Басшылардың әділдігін Жаратушының разылығымен байланыстыруы ислам дүниетанымының ықпалын айқын көрсетеді. Еңбегінде әрқашан «билік – Құдайдан» деген идеяны насихаттап, әділ билеушілерді үлгі тұтады. Қорыта келсек, Мұхаммед Хайдар Дулати – мұсылман дінін берік ұстанып, философия іліміне терең ой-тұжырымдарын қалдырған данышпан ғалым. М.Х.Дулатидің шығармаларынан заман өзгерсе де, адамгершілік, ар, ұят, мейірімділік, шынайылық және жан тазалығы сияқты ізгі қасиеттердің өзгермейтіндігін көреміз. Ғалымның шығармашылық мұрасы – қазақ халқының өз шаңырағын құрып жатқан уақыттағы тарихи оқиғаларды баяндап қана қоймай, ата-бабамыздың өмір тіршілігі, болмысы мен танымы туралы сыр шертетін аса қымбат рухани құндылық.

 

Гаухар СӘМБЕТОВА

«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, тарих магистрі.

Ұқсас жаңалықтар