Абдулразак Гурна – тегі танзаниялық Ұлыбритания жазушысы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Занзибарда дүниеге келген ол кез келген африкандық секілді трансұлттық танымның өкілі саналды. Өйткені, дәл осы шақта еуропалық отарланудан біртіндеп шыға бастаған елдердің бірқатары мәдени эспансияға ұшырап болған еді. Жалпы кәрі құрлықтан тысқары әлемнің отарсыздануы іргесі ажырап, байланыстары алшақтаған көптеген шет мемлекеттер өз шекарасын белгілеген кезде басталды.
Жаулап алудың күрделі кезеңінде бір-бірінен ажыратып қараудың өзі қиынға соғатын аса ауыр, зардапты жағдайлар аз болмады. Жергілікті тұрғындар аяусыз қырғынға ұшырады, байырғы өркениеттер мен мәдениеттер қирады, еркін адамдар басыбайлы құлға айналды. Дегенмен, Еуропа жаулап алған елдеріне білім беру жүйелерімен қатар, алғаш рет әлемді қоғамдастырған ортақ тілі арқылы қазіргі заманғы саяси нысандар мен институттарды да ала келді. Кейіннен тәуелсіздікке қол жеткізген тұста отар елдердің танымында консервативтік көзқарас пен гибридтік таным дилемасы қалыптасты.
Біріншісі – өз елінің болашағы үшін патриоттық болмыстан танбай, келмеске кеткен ұлттық құндылығын қалпына келтіру жолында күрессе, екінші бағыттағылар тарихи процеске үнсіз бойұсынып, жаңа келбетін қабылдады. Өз кезегінде бұл санаттағылар еуропа тілді африкандықтар аталғандықтан, елдің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып, жергілікті бұқарадан бір саты жоғары тұрды. Тиісінше, империя ықпалынан айырыла бастаған тұста қолайлы өмір үшін босқын ретінде орталықтарға сабылды. Гурнаның атамекені Занзибар – ғасырлар бойы, әсіресе, араб әлемінің сауда жасайтын орталығының бірі болды.
1963 жылы Занзибар егемендік алғаны сол еді, келесі жылы Сұлтан Джамшидті тақтан құлатты. Жазушы сол оқиға жайлы: «Революция кезінде мыңдаған адамды аяусыз өлтірді, топ-тобымен қудаланып, жүздеген адам түрмеге жабылды. Қирандылар мен қуғындаудан кейін ізін жалғастырушы, жазалаушы террор біздің өмірімізді басқарды», дейді. Осынау аласапыранда 20 жасар Гурна бауырымен бірге Британияға қашқан. Ол бірнеше романында адамдардың үйін тастап қашқаны, тәртіпсіздік пен қудалау хақында жазған. «Мүлгіген тыныштықта» ол отбасымен бірге Англияда жаңа өмір бастаса да, өзін не ағылшын, не занзибарлық сезінбейтіні туралы айтады.
Алайда, оның кейінгі өмір жолы мен шығармаларына қарап, ұлттық таным мен түсініктен ада, мәңгүрттік сипаттағы жан деп айтуға келмейді. Өйткені, ол жастайынан ана тілі кисвахили тілімен қоса медреседе арабша сауатын ашып, кейіннен ағылшын мектебіне барады. Солай алғаш Құран Кәрімді парақтап, «Мың бір түн» аудармаларын оқиды. «Осы кітаптан мен алғаш рет «Қамар Заман мен ханшайым Бадура» хикаясын оқыдым, аталған хикая содан бері менің есімнен еш кетпеді. 10 жасқа дейін ағылшын тілінде оқыған кітаптарым тек комикстер мен мектептің мақтау қағаздары болды. Момбасадағы нағашы ағамның қарапайым үйінде төсеніш үстінде жатып «Анна Каренинаның» ескірген көшірмесін оқығаным есімде. Сол кезде менің жасым 13-те болса керек, романдағы көп нәрсені түсіне алмадым, бірақ жылап жібердім. Біздің мектеп кітапханасынан алып оқитын кітаптардың не жетіскені бар дейсің, негізінен отарлық жүйедегі мемлекеттік қызметшілерден қайырымдылыққа келген кітаптар еді», дейді жазушы естелігінде. Жазушы мектеп қабырғасында Диккенс шығармаларын өзі түсінбесе де, басшылықтың қолқа салуымен жаттап алып, көркем сөз үйірмелеріне қатысқандығын айтады. Осы жайт оның жазушы болғанға дейін Ч.Диккенс романдарына деген «ықылассыздығын» қалыптастырған. Қолына қалам ұстаған әр жазушы үшін шығармашылық ықпалдың аса зор рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті.
Абдулразак Гурнаға да қатты әсер еткен жазушылар қатарында америкалық авторлар: Саул Беллоу, Бернард Маламуд және Болдуиндар тұр. Олардың әр шығармасын үзбей оқыған Гурна солар сияқты жазуды қиялдады. Оның ұқыптылығы сонша Джеймс Болдуиннің «Келесі жолы өрт» романының «Пингвин» деп аталатын бұрынғы қағаз нұсқасын сары майдай сақтап келеді екен. Сол секілді ол отар халықтардың тағдыры жайында қалам тербеген Джозеф Конрад пен Д.Х.Лоуренс, Надин Гордимер мен Вол Сойинканы да көп оқығаны оның шығармашылық стилінен білінеді. Гурна туған жерін талай жыл отаршылдықта ұстаған Англияға қоныс аударғанымен, мұнда ол нағыз күрескерлік қырынан танылды. Кент университетінде жоғары білім алған болашақ жазушы осында алғаш шығармашылықты қолға алады.
Араға біраз жыл салып аталған жоғары оқу орнында Шығыс Африка, Кариб теңізі мен Үндістан әдебиетіндегі отаршылдық тақырыбын докторлық диссертациясы ретінде алып, постколониалдық әдебиетті зерттейді. Бұл тұста әдебиеттану саласында этнос пен нәсіл тақырыптары жаңа әдіс ретінде пайда болып жатты. Өйткені, отарлаушы елдер әлем алдында ақталу процестерін қарқынды түрде қолға алып, өздері қайбір кезеңде жоғалтып ала жаздаған мәдениеттерді ғылыми талдау объектілеріне айналдырды. Соның нәтижесінде афро-америкалық, азия-америкалық, испан-америкалық, англо-африкалық секілді әртүрлі этностық азшылық көзқарастарын білдіретін жаңа бағыттар мен білім салалары пайда болды. Сол секілді шығыстануды басты обьектісіне айналдырған Эдуард Саидтің «Ориентализмі» империализмнің диагнозын анықтаған шығармалар қатарынан табылды. Абдулразак Гурна романдары да еуропалық экпансия салдарын өткір сынап, босқындар тағдырын арқау етеді. Осы арқылы ол әлем назарын өркениет көшінен кейінге қалған елдердің тарихына аударғысы келеді. Бұл туралы жазушының өзі: «Жазушылыққа кездейсоқ келдім десем болады.
Қаламгер боламын деп немесе сол сияқты тағы бірдеңені ойлап армандаған емеспін. «Мен кедейліктен, туған жерді сағынудан, басқа ештеңеге машықтанбағандықтан, білімнің жоқтығынан, бір сөзбен айтқанда мен тап болған қиындықтардан жазушыға айналдым. Өзімді сорлы сезінген сәттен бастап мен бәрін жаза бастадым. Мен соғыс немесе отаршылдықтың деформациясы туралы жазуға қызығушылық танытпаймын. Оның орнына соғыс пен отаршылдық болған контекстті көрсетіп, кейіпкерлердің нағыз тірі адамдар екенін көрсеткім келеді. Ашықтан-ашық, өз сөзінің растығына анық сенетін расизм бүгінде жоқтың қасы, бірақ босқындарға деген көзқарас өзгере қойған жоқ. Бұл жағынан прогресс тек иллюзия ғана» деген болатын. Бүгінде ол «Qween» тобының солисті Фредди Меркьюриден кейін Занзибардан шыққан екінші танымал адам. Сонымен бірге, қара нәсілділер арасында Нобель сыйлығын алған төртінші тұлға саналады. Жазушының «Құлшылыққа барар жол», «Жұмақ», «Теңіз жағасында», «Соңғы сыйлық» секілді романдары әлем сарапшылары тарапынан жоғары бағаланғанымен, әлем елдерінде әлі де жаппай сатылмайды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді