«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төтенше жағдайлардың алдын алу күзетінде

Төтенше жағдайлардың алдын алу күзетінде
Ашық дереккөз
Биыл азаматтық қорғау органдарына 29 жыл толды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті елдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілеттік берілген орталық атқарушы орган ретінде құрылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрылған күні азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушы күні болып табылады.

Еліміздің азаматтық қорғау жүйесі құрылған уақыттан бастап айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Барлық кезеңде төтенше жағдайларды жою қызметі кәсіби түрде дамып, құтқару бөлімшелерімен толықтырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1995- 2023 жылдары төтенше жағдайларды жоюға 1,6 миллионнан астам шығу жүргізілді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі, кәсібилігі, жеделдігінің арқасында 421 мыңнан астам адам құтқарылып, төтенше жағдайдың түрлі аймақтарынан 383 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 72 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. Мәселен, жыл сайын елімізде орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай, оның ішінде 12 мың өрт тіркеледі екен.

Төтенше жағдай аймағынан құтқарушылар 8 мың азаматты құтқарады, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды, 4 мың зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетіледі. Бүгінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам маман қызмет атқарады десек, еліміздің өртке қарсы және құтқару қызметтерінің мамандары өз өмірін қатерге тігіп, азаматтарды құтқару жолында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 73 қызметкер қайтыс болған екен. Отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміздің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша елеулі жұмыстар атқарылған. Бұл – заңнама қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт техникасы мен жабдықтарын сатып алу, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет өткеру жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрларды даярлау, өрт-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Осылайша 29 жыл ішінде 1,7 мыңға жуық өрт-құтқару автотехникасы, 22 мың өрт-құтқару жабдығы мен жарағы сатып алынып, 38 өрт сөндіру депосы салынды.

Еліміздегі болашақ құтқарушыларды дайындайтын Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының қабырғасынан азаматтар мен мемлекет аумағының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, күндіз де, түнде де қызмет атқаратын 6 мыңнан астам маман шығарылды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының халықаралық келісімдері шеңберінде академия курсанттары Ресей және Беларусь ТЖМ жоғары оқу орындарында жеңілдікпен оқиды. 2022 жылдан бастап академияда «Өрт қауіпсіздігі» бейіндік бағыты бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім енгізілді. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Алматы облысындағы Талғар, Қарғалы өзендерінде, Алматы қаласындағы Аюсай өзенінде су тасқынына қарсы Көксарай (Сырдария өзенінде) және Астанада қарсы реттегіштер, селді ұстап қалатын бөгеттер салынды. Аса тиімсіз трассалық медициналыққұтқару пункттерін жолдардың неғұрлым авариялық-қауіпті учаскелеріне көшіру мәселесі пысықталуда. Биылғы жылы жеделдігін арттыру мақсатында «Анар» трассалық медициналыққұтқару пунктін Ақмола облысының Аршалы кентіндегі өрт сөндіру бөлімінің ғимаратына көшіру жүзеге асырылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 38 халықаралық келісім жасалған.

Қазақстан ТЖМ Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімшелерімен тығыз өзара іс-қимыл жасайды, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде табысты жұмыс жүргізеді. Құтқарушылар Түркия мен Ауғанстандағы жойқын жер сілкіністерінің салдарын жоюға қатыса отырып, халықаралық деңгейде өз кәсібилігін дәлелдеді. Қиын экстремальды жағдайларда және жерасты дүмпулерінің жалғасуына қарамастан, құтқарушылар үйінділерді бөлшектеп, адамдарды эвакуациялау және құтқару, зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету жұмыстарын жүргізді. Тек соңғы үш жылда ғана Түркия, Сирия, Украина, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Палестинаға көмек көрсетілген. Ең алдымен төтенше жағдайлар салдарын жою жүйесінен төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын арттыру арқылы олардың алдын алуға және қауіп-қатерлерді азайтуға көшу, сондай-ақ дамытудың жаңа тәсілдерін енгізу көзделеді. Бүгінгі таңда ТЖМ жедел ден қою жүйесі бар, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешетін және осындай қуатты құрылымның оң имиджі өздігінен туындамайтын тиімді ведомстволардың бірі болып табылады. Оны шынайы адамдар, қызметкерлер жасайды, олар өз өмірін қауіпке тігіп, күнде батырлық танытып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ведомствоның мақс аты – қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсарту, материалдықтехникалық жарақтандыруды нығайту, жаңа өрт сөндіру деполарын, құтқару станцияларын салу, әуе авиациясы паркін жаңарту. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайларды жоюдан цифрландыруды енгізе отырып, олардың алдын алуға қайта бағдарлау көзделеді. Осы мақсатта министрлікте жаңа Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясында Ұлттық теңіз авариялық-құтқару қызметін құру және азаматтық қорғау академиясының құрылысы бойынша мәселені жоспарлы пысықтау басталды. 20 өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде, елордада бірегей тез салынатын өрт сөндіру депосы мен жатақхананың пилоттық жобасы іске қосылды. Осы жазда елордалық дағдарысты басқару орталығы тәулік бойы табиғи және техногендік төтенше жағдайларға мониторинг пен болжау жүргізілетін Командалық орталық болып қайта құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері құтқару бөлімшелері өртке және авариялық-құтқару жұмыстарына 70 мыңнан астам рет шыққан. Онда 12 мыңнан астам адам құтқарылып, төтенше жағдайлар аймағынан 65 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 4,6 мың зардап шеккен адамға шұғыл медициналық көмек және 1 мыңнан астам адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетілген.

Елімізде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында апта сайын профилактикалық акциялар мен оқужаттығулар өткізіледі, бұл ретте құтқарушылар өз дағдылары мен білімдерін шетелдік әріптестерімен бөліседі. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін күнделікті орындай отырып, басқаларды құтқару үшін өз өмірін қауіпке тігіп, өздерінің кәсібилігі мен жанқиярлығын дәлелдеп келеді. Бүгінде Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаментінде 883 маман-құтқарушы жұмыс істейді. Департаментке Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы мен 10 аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, өрт сөндіру және авариялыққұтқару қызметі, жедел-құтқару жасағы қарайды. Сондай-ақ, жедел бағыныстағы Апаттар медицина орталығы, «Қазавиақұтқару» АҚ, «Қазселденқорғау» РММ филиалдары бар. Биылғы өткен 9 айда облыста ведомстволық бағынысты бөлімшелер арқылы 335 адам құтқарылып, 493 адам эвакуацияланған, 45 адамға дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, 4589 авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жүзеге асырылды. Жыл басынан бері өңірде орын алған төтенше жағдайларға тоқталсақ, 9 айда тіркелген 644 техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларда 34 адам зардап шегіп, 15 адам қаза болған. Соның ішінде техногенді сипаттағы төтенше жағдай – 592 (24 адам зардап шегіп, 10 адам қаза болды).

Өрт қауіпсіздігі саласы бойынша бақылаудағы объектілер саны 19457-ні құрайды, оның ішінде жоғарғы қатар тобындағылар саны – 2255. Өткен мерзімде 13 332 өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі анықталып, 1219 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 9 831 634 теңге көлемінде айыппұл салынды. Азаматтық қорғаныс саласы бойынша бақылаудағы 314 объектіге жүргізілген тексерулер барысында 63 бұзушылық анықталып, бір заңды тұлғаға 1 292 200 теңге айыппұл салынды. Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері 41 кешенді оқу-жаттығу, 352 объектілік, 353 авариялық жағдайдағы, 91 штабтық жаттығу, 9 командалық штабтық оқу-жаттығу, 11 командалық штабтық жаттығу, 245 арнайы тактикалық оқужаттығу, 115 сележаттығу, 3079 сейсможаттығу, 56 су тасқыны болуы мүмкін аймақтардағы, 2682 өрт кезіндегі эвакуациялау жаттығуларын өткізді. Биыл су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында суға шомылу және демалу үшін 13 ресми орын бекітілген болатын. Өткен тоғыз айда 4 оқиға тіркеліп, онда 6 адам қаза болды. Бұлардың 2-уі балық аулау кезінде, 4-уі жүзе алмау, яғни өз күшін бағаламау салдарынан орын алған.

Сондайақ, облыстың су айдындарында 4 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Департаменттің мәліметіне сәйкес, «2021- 2023 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар кешені» жол картасында көзделген су басу қаупінің алдын алу үшін Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен 390 миллион теңге қаражат бөлінген. Осыған орай, жалпы ұзындығы 25,02 километр жағалауды нығайту жұмыстары аяқталып, нысан биыл тамыз айында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысында, инженерлік қорғау іс-шаралар жоспары бекітілді. Жалпы, жыл басынан бері облыстағы «112» шұғыл қызмет телефонына азаматтардан 311 146 қоңырау, ал «101» нөміріне 43 044 қоңырау түскен. Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы және тағы басқа да мәтіндегі 434 СМСхабарламалар таратылған. «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 218 хабарлама жіберілді. Өңірде уақтылы ақпараттық-психологиялық көмек көрсету үшін 5 рет «Қауырт желі» телефоны ашылды. Облыс аумағы 21 пайыз құлақтандыру жүйесімен (ССҚ, сирена) қамтылған, өңірде 119 соңғы үлгідегі 58 С-40, 61 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылған. Осының барлығы өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарын жедел жою жұмыстарын жүйелі атқару арқылы жүзеге асырылуда.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар