Тамыры терең тарихымызға үңілсек, елім деп еңіреп, жұртым деп жан қиған қазақ халқы ежелден еркіндік аңсаған. Сондықтан өзінің егемендігін, тәуелсіздігін жариялау үшін Қазақстан көптеген қиын жолдардан өтті деуге болады. Сол аңсаған арманына қазақ елі осыдан 33 жыл бұрын жетті. Осы уақыт ішінде Қазақстан әлемде жеке дара дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Тарихы шежіреге толы, жерасты байлығы мол қазақтың байтақ даласына бүкіл әлем қызыға да қызғана көз тікті.
Бүгінде дүниежүзі елдерімен достығымыз жарасқан, бірлігіміз біте қайнасқан егемен елміз. Қазақтың кең байтақ жері қандай кең болса, көңілі де дархан даланың кеңдігіндей! Өзге елден озық тұрған тұсымыз да осы болып тұр. Иә, қазақстандықтар қайта жаңғырған Республика күнін биыл үшінші рет тойлағалы отыр. Негізінде, Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Сол сәттен бастап-ақ егемен Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды.
Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды.
Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазанда Республика күні тойланған жоқ. Дегенмен, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Сол жылы маусымда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы Республика күніне «ұлттық мереке» мәртебесін қайтаруды және Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізу мәселесін көтерді.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген болатын Президент.
Мемлекет басшысының бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сөйтіп, сол жылы қазақстандықтар ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
«Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деді Президент сол жылы Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында.
Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Егемен елдің еңсесі биік дегендей, азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік.
«Қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, жан-жақты нығайту – бәріміздің ортақ міндетіміз, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы перзенттік парызымыз. Біз Республика күнінің мәнмаңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіруіміз керек. Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек. Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі, баға жетпес құндылығы. Еліміздің ең басты бұл мейрамы қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оның бастауы – Республика күні ерекше маңызға ие болуы шарт. Мемлекет басшысы айтқандай, егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Расында да, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Ендеше, біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге таныту жолында аянбай еңбек ете беруіміз керек. Қастерлі Отанымыз өркендей берсін!
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді