«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаужүрек Жәуіш батырдың қылышы

Жаужүрек  Жәуіш батырдың  қылышы
Ашық дереккөз
Кең байтақ қазақ жерінде елі мен жері үшін басын бәйгеге тіккен батырларымыз аз емес. Туған халқының азаттығы үшін қолына қару алып, жанкешті жорықтарға қатысқан баһадүрдің бірі – Жәуіш батыр. Өкінішке қарай, жүректі ұлдың саналы ғұмыры халқымыздың тарихындағы ащы қасіретке айналған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарына тұспа-тұс келді. Әз Тәуке өмірден өткеннен кейін Үш Жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы – Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретіп қана қоймай, ұлы дала төсінде жоңғар шапқыншылығының үдей түсуіне себеп болды. Міне, осы тұста қолына қайқы қылыш ұстаған Жәуіш батырдай бекзат ұлдарымыз жауға қарсы тұрды.

Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін тұлғалы батыр жөнінде ел арасында там[1]тұмдап айтылғанымен, мер зімді баспасөз беттерінде ойлы оқырман тұшынып оқитындай көлемді мақалалар жарияланған жоқ. Оның үстіне, жыл өткен сайын батыр жайлы аз-кем ақпаратты естіп-білген қазыналы қарияларымыздың да қатары сиреп бара жатыр. Десе де, жамбылдық жастардың тәрбиесіне, ұлттық рухани құндылықты барынша дәріптеуге өзіндік үлесін қосып жүрген жергілікті өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев елі үшін ат үстінен түспеген жолбарыс жүректі Жәуіш батыр хақында алтыннан қымбат ақпаратты білетін болып шықты. Оның айтуынша, төрт ғасыр бұрын жасалған батырдың қылышы жақсы күйде сақталған. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің құнды жәдігері саналатын қолөнер туындысының жалпы ұзындығы 82 сантиметрді құрайды. Ал, сабының ұзындығы 12 сантиметрге тең. – Болаттан жасалған бұл дүниеде ешқандай ою-өрнектің ізі байқалмайды. Жүзінің бас жағы, яғни, адамды шауып түсіруге арналған тұсы жиі-жиі қайраққа түскендіктен болуы керек, әйтеуір аздап ойыңқы секілді көрінді. Ол ағаштан жасалған қында тұр. Қынның қылыш салатын бұйым екенін ойлы оқырман жақсы біледі. Оның сырты былғарымен қапталған. Жалпы, бұл қарудың әжептәуір салмақты екені қолға ұстағанда білінеді, – дейді Дәулетжан Жамалбекұлы.

Сонымен, даңқты Жәуіш батыр кәдімгі қайқы қылышты пайдаланған. Біз музей қызметкерлеріне өтініш айтып, аталған экспонатты алып, қолымызға да ұстап көрдік. Шірімеген де, тот баспаған да, құдды бір кеше ғана қолданып, бүгін музейге өткізілген дүние секілді. Тіпті, жүзі майырылмаған. Сабынан ұстағаннан кесуге, шабуға арналған қару екені көрініп тұр. Заманында батыр бабамыз пайдаланған қылыштың бір сыры осы.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар