Уақыт ағымы жылжып жатты. Көп ұзамай архив саласының дербес Заңы қабылданды. Қабылданған жаңа заң елдің рухани жаңғыруының бастауы, салаға атүсті қарауға болмайтындығын көрсетіп берді. Ширек уақыт шеңберінде заң қолданысқа енген күннен бері, заман ағымына қарай өзгерістер енгізу қажеттігі туындап, республикадағы архив ісінің мамандары заңға қатысты ой-пікірлерін үнемі үздіксіз білдіріп келеді. Мұның негізінде архив жұмысын реформалауға бұл сала шынымен мұқтаж ба деген ой туады. Расымен, саяси идеологиясы «шаң басқан архив» ұғымынан арылатын уақыт жетті. Оған әлемдік жаһандану үдерісін тағы қосыңыз. Сонымен қатар, архив мемлекеттің саясатын қалыптастыруға да тікелей қатысып отыратын орган екендігін жұрт түсінді. Бүгінде ел қоржынында 22 миллионнан астам құжат сақтаулы. Өркениеттің даму жолына түскен Қазақ елінің әлемдік деңгейде еркін самғауы өткен тарихи шындықтарды қалпына келтірудің маңызды кезеңімен сәйкес келіп отыр.
Бүгінгі таңда цифрландыру мемлекеттік маңызы бар іс болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сандық жүйеге көшу ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қолжеткізудің негізгі құралы бола отырып, елдің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді деген еді. Қазақстандық қоғамды цифрландыруға және ақпараттық қоғамда қуатты серпіліс жасауға бағытталған «Ақпараттық Қазақстан–2020», «Цифрлы Қазақстан», «Архив–2025» мемлекеттік деңгейде бағдарламалары қабылданды. Осы орайда, 2019 жылғы 20 желтоқсанда «Архив–2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №953 қаулысы бекітілді. Жоспар жалпы 68 тармақтан тұрады. Бағдарлама нәтижесі жаһандану дәуірінде архив саласының дамуына оң өзгерістерге бағытталып келеді. Бұл ретте «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор.
Бүгінде елдегі архив мекемелері заманға сай RFID жүйесін іске қосып, құнды құжаттарды қадағалап отыр. Атап айтқанда, «Архив–2025», «Е-архив» ҚБЭААЖ жүйесі өз жұмыстарын бастап кетті. Бұл бағдарламалар архив қызметінің заманауи жүйесін қалыптастырып келеді. Осы бағытта бүгінгі күні қордағы барлық құжаттардың электронды сандық көшірмелері жасалып, жасақталуда. Бүгінде Талас ауданының архив қорының құжаттарында аудан тарихының сан қырлы тұстары: саясат, экономика, мәдениет, тағы басқа да құжаттар бар. Бүгінгі күні архивте 266 қор, 65454 сақтау бірлігі бар. Осы құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету бойынша әрбір парақ беттері мен жыртылып, зақымданған құжаттарды қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Мемлекеттік сақтаудағы 266 қор құжатының 59 қоры сканерленіп, ұлттық қорға сақтауға, яғни электронды нұсқаға ауыстырылды. Бұл жұмыстар 2013 жылдан бастау алып, үздіксіз жалғасып келе жатыр.
Цифрландыру мемлекеттің стратегиялық даму басымдығы болып табылады. Қазіргі таңда республикада цифрландыру жүйесін қарқынды жүзеге асырып, енгізуде. Соның ішінде архив саласын цифрландыру алдыңғы қатарда жүргізіліп келе жатқан шаралардың бірі болып отыр. Цифрлық технологиялар дегеніміз – ақпараттарды жылдам тарату, қоғамды қажетті құжаттармен қамтамасыз етуде қолжетімділік мәселелерін шешудегі заманауи құрал. Қазір бұл үрдіс архив және іс жүргізу салаларында өзінің оң шешімін табуда. Яғни, цифрландыру – архив құжаттарын көшірмелеу, қағаз түріндегі құжаттарды электрондық түрге біртіндеп ауыстыру, осы бағытта құжаттарды тездетіп өңдеуде оларды құру, енгізу, сонымен қатар сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бірыңғай электронды архив құжаттары» атты ақпараттық жүйесін қалыптастыру да қолға алынды. Бүгінгі таңда «Е-архив» жүйесі өз нәтижесін көрсетіп келеді.
Бағдарламаның жетілдіретін тұстары да бар. Сандық дәуірде ІТ мамандарды көптеп дайындау көзделіп отыр. Осы бағытта «IT Архивтану және құжаттану» атты жаңа білім беру бағдарламасын іске асыру керек. «IT-Архивист[1]құжаттанушы» сынды жаңа бағыттағы мамандарды даярлау – заман талабы. Яғни, цифрлы экономиканы білімді және жоғары білікті мамандарсыз қалыптастыру мүмкін емес. Осы орайда ІТ мамандар бар дегенімізбен, архивтің ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұны мен құрамын толықтай меңгерген цифрландыру процесін игере алатын ІТ мамандар жеткіліксіз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Жамбыл облысы 2021 жылдан бастап «құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыс бастады. Жобада электрондық құжаттардың қозғалыс циклын аяқтауды, оның ішінде оларды қолданыстағы ақпараттық жүйелерден (электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі, мемлекеттік органдардың Интранет-порталы, Е-лицензиялау және т.б.) мемлекеттік және ведомстволық архивтердің негізгі функцияларын мемлекеттік сақтауға және автоматтандыруға беруді қамтамасыз ететін шешімдер кешенін құру, Орталық қор каталогын жүргізуді автоматтандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін қысқарту көзделеді.
Құжаттарды цифрлы форматқа конвертациялау жолы арқылы жаппай жұртшылыққа қолжетімді болады. Сөйтіп, «Архив–2025» бағдарламасы архив жүргізудің тағы бір маңызды бағыты – архив құжаттарын цифрландыруға қатысты болмақ. Мәселен, республика бойынша, оның ішінде Жамбыл облысының мемлекеттік архивтерінде 2013 жылдан бері «Электронды архив» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіліп келеді, оның көмегімен қағаздағы дәстүрлі құжаттар электронды форматқа көшірілуде. Цифрландыру жүйесінің архив саласындағы мамандарға уақыт үнемдеуге, құжаттарды сақтауға, сұраныс берушілерге қолжетімділікті арттыруда тигізетін пайдасы зор. Мәселен, бір құжат күніне 5-6 рет сұранымға түсетін уақыттар болады. Ол кезде архивист кітапты сөгіп, арасындағы құжатты алып, көшірмесін жасап, қайта қорға өткізеді. Қаншама жылдан бері сақтауда тұрған құжаттарды күнделікті ақтара бергесін тозады, мәтіні өшеді, тіпті қағаздың күйреп кететіні де бар.
Есепті кезеңде еліміздегі архивтер облыстық әкімшіліктердің қарамағында қалып отыр. Архив ісінің маңыздылығын түсінген облыс әкімдігі қолдан келген көмегін беруде. Дегенмен, архив саласына көңіл бөлу бұдан қомақты түрде болса, мұнда әр құжат ғаламат құндылық екенін жауапты азаматтар түсінсе деген тілегіміз бар. Бір сөзбен айтқанда, архивтегі құжаттарды цифрлық жүйеде сақтау көп мәселелерді шешеді. Соның бірі – ұзақ сақтау мәселесі. Сондай-ақ, ғалымдар мен зерттеушілер үшін жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік туады. Яғни, қолжетімділігі жоғары болады. Президент Жолдауындағы «Цифрландыру – барлық реформалардың негізгі элементі» атты тармағында көрсетілгендей, цифрландыру – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Архив қызметіне тікелей байланысты зейнетақы және жәрдемақы алу үшін цифрландыруды жеделдетудің маңызы зор. Бұл процестерді толығымен цифрландырып, азаматтардың қажеттілігін өтеу – архив қызметкерлерінің міндеті.
Бүгінгі күні архив саласындағы мемлекеттік қызметтердің ерекшелігі сан алуан және күрделене түсуде. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімді болуы, оның сапалы орындалуы, атқарылған жұмыстардың жариялылығы – Үкімет тарапынан қойылып отырған басты талаптардың бірі. Сонымен қатар, заман талабына сай «электронды архив» ақпараттық жүйесі де іске асырылуда. Архивте сатылы түрде электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндай цифрлы форматқа көшіру елімізде 2013 жылдан бастау алған болатын. Басты мақсаты – архив қызметінің негізгі бағыттарын ақпараттандыру. Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні 1 облыстық, 1 қалалық, 10 аудан көлеміндегі мемлекеттік архивтер халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Солардың бірі – Талас ауданының мемлекеттік архиві. Аталған архив Талас және Сарысу аудандары тарихының сан қырлы тұстары: саясат, экономика, мәдениет, ауылшаруашылық, халық ағарту тақырыбындағы 1925-2018 жылдар аралығындағы құжаттар сақталып отыр. Бүгінгі күннің басты талабы – тұтынушы үшін жеңіл әрі ыңғайлы, тиімді тәсілмен заманауи технологиялардың арқасында қарым-қатынас жасау, қағазбастылықтан арылту екенін халыққа түсіндіру, жеткізу. Осы орайда архивте жоспарлы түрде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Архивте адалдық алаңы жобасы қолға алынып отыр.
«Архив–2025» бағытын халық арасында кеңінен насихаттап, аудандағы округтерде түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. Талас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен сандық қолтаңба алу, «Электрондық үкімет» e-gov порталы арқылы өтініш беру, түрлі салалардан архивтік анықтама алудың және мобильді байланыс арқылы ақпарат алудың жолдары мен тиімділігін насихаттауға арналған жәрмеңкеге біздің мамандар үнемі атсалысып келеді. Барлық өткізілген іс-шара барысында аудандағы мемлекеттік мекемелер және мемлекеттік емес ұйым өкілдері мен мамандарын күнделікті жаңалықтан шет қалмай, портал арқылы жұмыс жүргізуге, үйренуге, сабақ алуға, маман ретінде насихат жасай жүруге шақырып келеміз. Архив қорының сараланып, іріктеліп, жинақталуы инемен құдық қазып, тамшыдан теңіз құрайтын үлкен еңбектің нәтижесінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, архивистер ғылым, білім, мәдениет, өнеркәсіп, БАҚ және басқа да салалар бойынша деректерді жинақтап, сол салалардағы мамандық өкілдері туралы материалдар, кітаптар дайындауға көмектесіп, көп алғыстарға бөленіп жатады. Бүгінде біздің облысымыздың тұрғындары облыстағы архив мекемелерінің ақпараттық-құжаттық әлеуетін танып білді. Қорыта келе, архив саласын цифрлы бағытқа негіздеу, саланың түбегейлі индустриялық дамуын көрсетеді. Саланың индустриялық бағытта дамуына шетелдік немесе жергілікті жанашыр меценаттардың атсалысуы керек. Демек, бұл қордағы мұраларымыздың қорғалуына инвестиция арқылы келген қаржылардың пайдасы болары анық.
Алмас МҰХТАРОВ,
Талас ауданы мемлекеттік архивінің директоры
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді