Мен ғалымның шапағаты тиген көп шәкіртінің бірімін. Магистрлік жұмысыма жетекшілік етті. Ғылыми еңбек қоғам қайраткері, ақын, журналист, жерлесіміз Арғынбай Бекбосын көсемсөзінің құндылығын, оның ішінде ұлттың рухани жаңғыруына қосқан үлесін терең зерттеуге негізделген еді.
Көз-майды тауысқан жұмыстың қорытынды нұсқасын бір деммен оқып шығып: «Айналайын, Нұрсұлтан, қатенің үлкен-кішісі болмайды. Қатенің аты – қате. Бұл жұмыс архивте сан жыл сақталады. Ол кезде біз екеуміз бұл фәниде болмауымыз да мүмкін. Сол үшін ертең екі дүниеде де осы ортақ жұмысымыз үшін көзіқарақты оқырманның алдында ұялмайтындай болайық. Ар-ағаның абыройын асыратын тәуір дүние дайындайық», деп қысқа қайырған еді.
Міне, дәл осы өңменнен өткен сөз өңеште тұтығып барып, түйсігіме терең сүңгіп кетті. Осы ретте асқаралы 60 жасқа аяқ басып, желкен тартар жетпіске жол бастаған алаштанушы ғалым, арда азаматқа, ұлағатты ұстазыма жүрекжарды арнау жаздым.
***
Әлиханның арманын аңсап келіп,
Жаңылғанның пікірін жаңсақ көріп.
Ұлт мұратын көксеген көсемдердің,
Тігіндіден текті ойын тапсақ дедік.
Тапсақ дедік...
Тарихты бұрмаланған,
Шындығым бар өткенде шырмаланған.
Ақыннан сөз, ғалымнан хат қалмаса,
Не пайда сыя шашқан құр қаламнан?!
Ілімнің отын жақтық жас көңілге,
Білгенім көптік етпес әсте өмірде.
Әр қазақ қайырылады әз тарихқа,
Шомып кетіп жатса да қос дәуірге.
(Алып қаштым басымды жиын-тойдан),
Күдер үзді көп үміт күйік ойдан.
Бес күн жалған дүниеде адамзаттан,
Бес Арыстың арманын биік қойғам.
Негізге алып Төле би төрелігін,
Көмкеріліп жатқандай көне күнім.
Танытса деп талайлар тілекшімін
Өктем болған өмірге өрелігін.
Мінезі мына марғау далаға тән,
Ізіңнен ілбіп ғана бара жатам.
Аға, сіздің сөзіңіз жанға азық:
«Қаламға адалдықпен қара, Ботам!»
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
«Aulieata-Media» ЖШС цифрлық контент орталығының жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ел бақытын тербеткен күн
- 16 желтоқсан, 2024
Шындық жырын шырқаған жас қырандар...
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді