«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әскерге күштеп әкету әдетке айналды ма?

Әскерге күштеп әкету әдетке айналды ма?
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда елімізде әскерге күзгі шақыру науқаны жүріп жатыр. Өткен қыркүйек айының басында басталған шара осы жылдың желтоқсан айының аяғына дейін жалғасын табады. Айталық, Қорғаныс министрлігі биыл әскерге 20 мың жас сарбаз алуды жоспарлап отыр. Мәселен, өткен аптада 24 сарбаз Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырды. Алайда, бұл күнде әскерге қатысты дау-дамай көбейіп тұр. Тіпті, жас жігіттерді әскерге күштеп алып кететін жағдай жиілеген.

Ел азаматтарын көшеден, жұмысынан «ұрлап» кететін жағдайлар да тіркеліп үлгерді. Шенділердің аң аулағандай жортуылға шығуына сарбаздар санын толықтыру міндеті себеп болған сияқты. Өйткені, қазір көп жас Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы емес. Ашығын айтсақ, бұрынғыдай өзі жазылып, әскерге аттанатындар қалмағандай. Қарулы Күштер бас штабы ұйымдастыружұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков қазақстандықтарды әскерге көшеден алып кетіп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттердің басым көпшілігі көктемгі шақыру кезінде болған. Ал, күзгі әскерге шақыру науқанында мұндай шаралар қолданылмаған.

«Мәселенің оңтайлы шешімін таптық. Қазір әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен де тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, әскери ардагерлердің үгіт-насихат жұмыстарының арқасында қазір мұндай жағдайларға жол берілмейді, – деді ол өз сөзінде.

Ал, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулиннің пікірінше, жастарды әскерге көшеден алып кетіп жатқан жағдайлар БАҚ бетіне жиі шығады. Алайда, мұндай жағдайлар халық ойлағандай көп болмайды. «Егер біз 40 мың адамды әскерге шақыртсақ, бір-екі рет қана жастарды көшеден алып кеткен болар. Ішкі істер органдары әскерге келмегендерге іздеу салады. Бұл жағдайда полицияның әрекеті заңды. Азаматтар неге өздері келмейді? Мұның әртүрлі себебі бар. Мысалы, ол бір жерде тіркеліп, бірақ басқа қалада болуы мүмкін», – дейді ол.

Жалпы, жастарды әскерге күштеп әкету соңғы жылдары әдетке айналды. Мәселен, Қаңтар оқиғасынан кейінгі көктемде осындай ақпарат тараған. Ол кезде шенділер әскер қатарына енді ғана оқу бітіріп жатқан жастарды да мәжбүрлеп алғаны белгілі болды. Бұл үрдіс содан кейін де тоқтаған жоқ. Биыл, тіпті қоғамдық резонанс тудырды.

Бұған әлеуметтік желіде тараған видеолар себеп болды. Жауапты шенділер қарапайым киіммен, азаматтық көлікпен келіп, жастарды ұстап әкетпек болған. Бірнеше жағдайда жергілікті тұрғындар араша түсіп, жастарды алып қалған.

Жастар әскерден неге қашады?

Әскерге бару әрбір ер азаматтың Отан алдындағы борышы. Алдыңғы буын өкілдері дәл осы көзқараспен өсті. Осы себепті, олардың арасында әскерге барудан жалтаратындар көп кездеспейтін. Бірақ, қазір керісінше, сапқа тұрып, сарбаз атанғысы келетіндер аз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әскерде техника ескірген, офицер, командирлердің біліктілігі де күмән тудырады, тәртіп те тастай емес. Оқу-жаттығу кезінде мина жарылып немесе парашют ашылмай қалып, жараланған, қайтыс болған сарбаздар бар. Бұл техниканың тозғанын білдіреді. Бұдан бөлек, суицид жасап немесе өзгенің қолынан көз жұмған әскерилер де аз емес. Мысалы, кейінгі 10 жылда 220 әскери қызметші суицид жасады деген ақпарат бар.

Басқаша айтқанда, жылына 20 сарбаз қайтыс болады. Қысқасы, әскерге шабытпен барып, табытпен оралатындардың саны азаймай тұр. Өз аяғымен барып, мүгедек болып қайтқан жастар жөнінде әңгіме бөлек. Ең сорақысы, осы кісі өлімдерінің көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Сарбаз өліміне қатысты тергеу басталғанымен, көбінде өлімге ауру-сырқау немесе оқыс оқиға себеп болды деген қорытынды шығарады. Мұндайда істің анық-қанығын дәлелдеу қиын. Оның үстіне, әскерде әлімжеттік мәселесі әлі күнге түбегейлі шешілген жоқ. Сарбаздар «дедовщинаға» ұшырағанын да дәлелдей алмайды. Былтыр Ұлттық ұланның Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген бір сарбаз арыз жазып, бірнеше адам ақша сұрап, ұрып-соққанын айтқан. Бірақ тергеу нәтижесінде оның сөзіне еш дәлел табылмай, іс жабылды. Медициналық сараптама оның басына зақым келгенін анықтаса да, айыпталған адамдар кінәсін мойындамаған, куәгер табылмаған

Парыздан пайда артық па?

Бұл күнде ел арасында әскерге бару адамға ештеңе бермейді деген түсінік қалыптасқан. Дәл осы түсінік-пайым – ел жастарының жүрегін шайлықтырған екінші себеп болып отыр. Яғни, олар әскерде бір жылды бекер өткізесің, ештеңе үйретпейді деп санайды. Біз сөйлескен жас сарбаз «әскерге барудың қажеті жоқ, деңгейі алғашқы әскери дайындық сияқты ғана, уақытыңды бекер өлтіресің», – дейді.

Оның айтуынша, әскерде сарбаздар соғысқа дайындалмайды, әрі кетсе мылтықты шашып-құрастырып, күні бойы тек жүрумен ғана айналысады. Ал, мұның бәрін мектепте де үйренуге болады. Мұндай ойды әскери мамандар да айтып жүр. Отставкадағы подполковник Ғалымжан Сәдуақасов өзінің бір сұхбатында қазір әскерде тәрбие беретін офицер жоқ екенін айтқан. Өйткені, министрлікте де, әскери бөлімшелерде де соғыс көрген, майданда болған адам жоқ. Әскерге баруға дайындалып жүрген Нұржан есімді жігітпен сөйлестік. Айтуынша, қазір қоғам жылдам дамып жатыр. Бір жылда технология, өмір сүру әдеті біршама өзгеріп кетеді. Ал, әскерде бір жыл болып келген адам соның бәрінен қағылады. Нарық заманында бос өткен бір жыл, адам өміріне үлкен әсер етуі мүмкін. Осыны ойлаған жастар бір жыл әскерге барғанша, жұмыс істеп, ақша табуды жөн деп санайды. Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаруға жетелейтін үшінші бір себеп – қоғамдағы теңсіздік пен тұрмыс жағдайы. Олар бай-манаптың баласы әскерге бармайды, билік қарапайым халыққа тізе батыруды ғана біледі деп санайды. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жастарды күштеп армияға әкетуге қарсы екенін айтты.

– Ертеде әскерге қолы қысқа, білімі аз адамдар баратын. Әскерде жүріп мамандық меңгеріп, білім үйреніп қайтатын. Олар елге келгенде ауылдағы жігіттерден бір бас жоғары тұратын. Ал, қазір жағдай басқаша, жігіттердің ақшасы, білімі бар, қалаған жеріне бара алады. Қолында гаджеті бар, бәрін көріп-біліп отыр. Оларды әскерге апарғанда өздерін түрмеге түскендей сезінеді. Үйде ерке болып өскен кейбір жасқа армиядағы тәртіп те ұнамайды. Сондай-ақ, әскерде әлімжеттік мәселесі де бар. Оның бәрі әлеуметтік желі арқылы тез тарап кетеді. Осының бәрін көріп алған жастар әскерге барғысы келмейді, – дейді маман.

Қорыта айтқанда, Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Ал, әскерден жалтару мақтанатын әрекет емес. Бүгінгі таңда әскерге барудан жалтарған әрбір азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Алайда, жастарды үнемі заңмен қорқыту немесе оларды көшеден күштеп ұстап әкету мәселені түбегейлі шешпейтіні тағы анық. Осы ретте жалынды жастардың әскерге өз еркімен баруына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сонда ғана көпшіліктің көңіліндегі күдік сейіліп, қорқыныш басылар еді. Бәлкім, сол кезде әскерден қашатын емес, әскерге асығатындардың қатары көбейе түсер...

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар