Жақында ғана құрылған кеңес құрамына облыстың әлеуметтік саласында ерен еңбектерімен із қалдырған белгілі зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мәдениет пен білім, әскери сала мен БАҚ, салаға жауапты мемлекетік орган қызметкерлері мен жастар санатының өкілдері енген. Ал, аталған кеңеске облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық етеді. Кеңестің алғашқы отырысында өңірімізде идеологиялық бағытта бірқатар жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын атап өткен Серік Жақсылықұлы қатысушыларға сөз тізгінін беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Өз кезегінде кеңес мүшелері тарапынан алғаш болып сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аймақ ардагерлерінің қоғамдық өмірде белсенділік танытып келе жатқандығын алға тартып, азаматтық қоғам құндылықтарын қалыптастыруда қариялардың үлес салмағы басым екендігіне баса мән беріп өтті.
– Облыс ардагерлері бүгінде аймақтың қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді. Күні кеше өткен референдум қарасаңындағы қарияларымыздың қалыс қалмай, ел тағдыры үшін маңызды оқиғаның ортасынан табылуы – соның дәлелі. Облыс аумағында қазіргі таңда қариялар саны 137-138 мыңның көлемінде қалыптасып отыр. Бұл көрсеткіш күн санап артуда. Алайда, олардың сауықтыру шаралары, жайлы өмір сүру секілді мәселелері облыстың әлеуметтікэкономикалық даму бағдарламаларында көрсетілмейді, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.
Сонымен бірге кеңесте ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов БАҚ саласындағы бірқатар мәселеге тоқталып өтті.
– Еліміздің қозғаушы күші де, рухани байлығын қалыптастырушы да – бұқаралық ақпарат көздері. Мемлекет ақпарат саласына жыл сайын қыруар қаржы бөлгенімен, саладағы көрсеткіш жыл санап төмендеп барады. Оның үстіне мерзімді басылымға жазылу шараларын мәжбүрлік деп қабылдап, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатқалы газетжурналдың жағдайы тұралап тұр. Қазір мемлекеттік қызметшілердің де сөзге шорқақ болуы газет-кітап оқымауынан туындап отыр, – деді Жаңабай Миллионов.
Бұған қоса ардагер журналист облыс әкімінің есептік жиынында Саудакент қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу жайлы ұсынысын назарға алып, Сарысу ауданына жұмыс сапарында арнайылап тарихи мекенге барғанымен, бұл жайында облыстың БАҚ беттерінде ешқандай материал жарияланбағандығын да айтты.
Ал, жазушы-драматург Елен Әлімжан идеологиялық жұмыстың деколонизациялық процестен басталу керектігін жеткізді.
– Біз социалистік идеологиямен тәрбиеленген ұрпақпыз. Ал, қазіргі ұрпақ мүлде басқа түсінік-таныммен өмір сүреді. Сол үшін біз алдымен «Біз қандай идеологияны ұстанамыз? Қай бағытта жүреміз? Нені мақсат тұтамыз?» деген сауалдарға жауап беріп алуымыз қажет. Сондықтан жұмысымызды ең әуелі ұлт санасын тазартуға, жаңғыртуға бағытталған жұмыстардан бастауымыз керек, – деді
Елен Әлімжан. Бұдан бөлек жиында бала тәрбиесі, мектеп жасындағы балаларды қоғамдық еңбекке баулу, патриотизмді қалыптастыру секілді өзекті мәселелер айтылып, кеңес ережесін қалыптастырып, жұмысшы топ құру қажеттігі де айтылды. Еске сала кетейік, бүгінде идеологиялық кеңес құрамында 32 адам бар.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді