Әбілқайыр Сатыбалдин 1924 жылы Талас ауданында туған, балғын балалық шағы ашаршылық (1931-1933 жылдар), қуғын-сүргінге (1937-1938 жылдар) тап келген, Ұлы Отан соғысына қатысып (1941-1945 жылдар) туған ауылына қайтып келіп, еңбек жолын осы ауданда бастаған. Аудандық атқарушы органдары мен аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы, аудандық партия комитетінің секретары, аудандық совет атқару комитетінің председателі қызметтерін атқарған. Атқару комитеті председателі кезінде жасы алпысқа толып, 1984 жылы қыркүйек айында құрметті демалысқа шығып, оған республикалық дәрежедегі зейнетақы тағайындалды. Содан өмірінің соңына дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы міндетін атқарды, өтпелі аласапыран кезеңінде ауданның саяси-шаруашылық өміріне белсене араласты, сәуегей әрі көнекөз, сыйлы әрі қазыналы, өнегелі, ақылман қария болды. Ол жақсы қарт бола білді, қарттық кезінде зәулім бәйтерекке айналды. Бәйтерек бұтағынан тараған ұрпақтар аудан, облыс, республика емес, тіпті әлемге әйгілі азаматтар атанды, қазақтың намысын қорғап, атаның әруағын аспандатты. Талас топырағында өсіп-өнген бұл бәйтеректі ел мақтамайды, мақтан тұтады.
Қадірмен қария өмірден озған соң аудан орталығы – киелі Ақкөл ауылына жерленді. Осымен Әбекеңнің екінші өмірі басталды. Бабаны сыйлаған, құрметтеген ұл-қызы, ұрпақтары республиканың түкпір-түкпірінен жиналып, әр жылдың Жеңіс күні, оның басына зиярат етіп, Құран бағыштауды дәстүрге айналдырды. Асыл текті азамат қызмет ауыстыру жөніндегі облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің ұсыныстарына келісім бермей, «тал бір жерден көгереді» деген қанатты сөзді қатаң басшылыққа ала отырып, Талас ауданының көркеюі мен өркендеуіне бүкіл саналы өмірін арнады. Адамгершілік, қарапайымдылық, көрегендік, шыдамдылық, байсалдылық, имандылық, мәселе шешудегі табандылық пен сауаттылық, көпқырлылық, халқына кіршіксіз қызмет етуге құштарлық, кадрге қамқорлық, талап пен жауапкершілік, сынды дұрыс қабылдау мен дер кезінде қорытынды шығару қасиеттері оның бүкіл өміріне серік болды. Әбекеңнің ешкімде кегі мен өші жоқ еді, дауы да, жауы да, болған емес. Ол паң да, тәкаппар да емес, ұлық болса да кішік болған. Ауданның атқарушы және жарлық беруші органның бірден-бір басшысы бола тұра жарлық бергені – өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана. Қарсыластарына кешірімді, тіпті пана болған. Әбілқайыр Сатыбалдин мырзаны 1973 жылдан ағайындық жолымен және қызмет бабында білеміз.
1973 жылы денсаулығыма байланысты аудан орталығы Ақкөл ауылындағы сол кездегі аудандағы бірден-бір мердігер құрылыс ұйымы №2011 жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасына қатардағы құрылысинженері болып орналастым. Бұл кезде ауданда халық шаруашылығының басқа саласы сияқты, құрылыс саласы да ақсап, тіпті төрт аяқтап тұралап жатқан кез болатын. Жаңадан құрылған құрылыс колоннасы өзінің алдына қойылған міндетті орындай алмады. Колонна жылына небәрі 600,0 мың сомның көлемінде ғана жұмыс жүргізіп отырды. 2 жылдың ішінде колонна басшысы 3 рет ауысса да жұмыс оңға баспады. Құрылыс салу жоспары не бәрі 23-38 пайыз көлемінде қалып отырды, өндірістік емес, тіпті тұрғын үй мен әлеуметтік объектілерге бөлінген қаржылар жылма-жыл игерілмей, «сақалды» объектілер көбейіп кетті. Аудандық аурухананың құрылысы негізсіз 3 жылға созылды. Колоннаның материалдық-техникалық базасы төзгісіз жағдайда болды, құрылыс мамандары жетпеді, нәтижесінде аз жылдың ішінде колонна зиянды кәсіпорынға айналып шыға келді. №20 «Жамбылсельстрой» тресі өзіне ведомстволық бағыныстағы колоннаның өндірістік жағдайын жақсартуда шарасыздық танытты. Құрылыс колоннаның күрделі жағдайда қалып отырғанын, ауданда құрылыс салуды қарқынды дамыту және колоннаның қызметін түбірімен өзгерту үшін шұғыл шаралар көру қажеттігін аудандық Совет атқару комитеті, оның председателі Сатыбалдин жолдас жақсы түсінді.
Сатыбалдин жолдас мына мәселелерді шешуді дұрыс деп тапты:
1. Барлық мәселелерді шешетін кадр, тез арада колоннаға жаңа басшы іздестіру, кадр тапшылығын жою;
2 . Колоннаның өндірістік, материалдық базасын нығайту, колоннаны құрылыс техникаларымен, машина-механизмдермен қамтамасыз ету, әсіресе кранмен, эксковатормен және бульдозермен;
3. Колоннада инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшыларды тұрақтандыру, оларға тұрмыстық жағдай жасау, азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар көру, колонна жанынан қосалқы шаруашылық ашу;
4. Колоннаның мекеме ретінде беделін көтеру, колонна жұмысшыларынан селолық, аудандық Советтерге, тіпті облыстық Советке депутаттар сайлау, депутаттар арқылы өндірістің өнімділігін арттыру, қуаттарды іске қосудың мерзімін қысқарту, ең соңында ауданда күрделі қаржының толық игерілуін қамтамасыз ету;
Сатыбалдин жолдас 1973 жылдың жазында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Талас аудандық партия комитетінің бірінші секретары Рафик Асадулинмен бірлесе отырып «Бостандық» совхозының аға прорабы, жоғары білімді тау-кен инженері, тәжірибелі, өндіріс ұйымдастырудың шебері, аудан түлегі Тұрғынбек Бекежановты трестке ұсыну-енгізу арқылы колоннаның бастығы етіп тағайындатты. Міне, нақ осы кезеңде мен еңбек жолымды құрылыс колоннасында Бекежанов сияқты ғазиз азаматпен бір мезгілде бастадым. Тап осы құрылыс колоннасында мен әзаға Сатыбалдиннің жас маман ретінде тәрбиесі мен қамқорлығын сезіне бастадым.
Аудандық Совет атқару комитетінің шешімімен Ақкөлдің Ойыққа шығаберісінен колоннаның өнеркәсіптік базасын нығайту үшін 5 гектар жер, қосалқы шаруашылық ашу үшін Ақкөл совхозының жерінен заңсыз болса да 250 гектар жайылымдық жер берілді, аудан шаруашылықтарынан бір отар қой жасақталды. Колоннаны құрылыс машина-механизмдермен, техникалармен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі председательдің тікелей өзінің бақылауында болды. Жергілікті Советтердің депутаттарының кезекті сайлауында колонна бастығы Т.Бекежанов, колоннаның қатардағы жұмысшысы Қаратау Тәшенов еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің депутаттары болып сайланды. Сондайақ, Ақкөл селолық Советіне ПМКның 3 жұмысшы қызметкері депутат болды. Тіпті, аудандық Советінің депутаты Қ.Ташенов аудандық Советі атқару комитетінің 11 мүшесінің бір мүшесі болып сайланып, ауданды басқаруға араласты. Сондайақ, жергілікті Советтердің кезекті шақырылуында ПМК-ның озат сылақшысы Ақмырзаева облыстық Советке депутат болып сайланды. Қойылған төрт мәселенің осылайша оңды шешілуі құрылыс колоннасының жұмысының түбірімен жақсаруына, ауданда құрылыстың тек мердігерлік әдіспен емес, шаруашылық әдіспен де қарқынды дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл Сатыбалдин жолдастың жұмыс тәсілінің бір қыры ғана.
1973 жылы облыстық Советі атқару комитетінің бақылауында тұрған 100 төсекке арналған Ақкөл селосындағы аурухана пайдалануға берілмеді. Тек аудандық баспахана, банк үйі және Ойық ауылындағы 640 оқушыға арналған мектеп үйі пайдалануға берілді. Ауданның және ПМК-ның алдында 1974 аурухананы қайткенде де пайдалануға беру міндеті тұрды. Құрылысы 1971 жылы басталған бұл объектіде ақаулар мен істелінбеген жұмыстар өте көп еді. Сондықтан, Бекежанов мырзаны осы объектіні уақтысында, талапқа сай етіп пайдалануға беру жөнінде жауапты етті. Бұл объекті, сондайақ аудандық Советі атқару комитеті председателінің құрылыс жөніндегі орынбасары Дулатбай Дүйсенбиннің жұмыс орны болды десек те болады. Ал, председатель аптасына кемінде бір рет объектінің жайын біліп тұрды десем артық айтқан болмас едім. Тап осы кезде мен өндіріске байланысты Сатыбалдиннен тікелей тапсырмалар алып тұрғандықтан оны жақсы біле бастадым және өз пікірімді еркін айтуға талпындым. Аурухана 1974 жылы пайдалануға берілді. Құрылыс колоннасындағы оң өзгерістерді орынды бағалай келіп Сатыбалдин жолдас үлкен тәуекелге бел буды. Ауданның аз ғана бюджетін кепілдікке қойып, облыстық кинофикация басқармасының сол кездегі бастығы Уәтай Әлімходжаевпен тізе қосып, банкіден қысқа мерзімді несие бөлгізу арқылы, небәрі бір жылдың ішінде Ақкөл селосынан 420 орындық кинотеатрды халықтың игілігіне ұсынылуына қол жеткізді (1975 жыл). Мен сол бір жоспарлы экономика билік құрған заманда осындай нәтижелі тәуекелшілікке бару Сатыбалдиннің жасаған нағыз бір ерлігі деген болар едім.
1974-1977 жылдары ауданның ауыл шаруашылығын ғылыми өнеркәсіптік негізге көшіру, мал өнімдерін көптеп өндіру мақсатында да председатель аз тер төккен жоқ. Осы бағытта ауқымды кешенді құрылыстар салынып пайдалануға берілді. Олардың қатарына облыс емес, республикада жоқ, жобасы Башқұртстаннан алынған (бұл жобаны Уфадан сол кездегі ауыл шаруашылығы басқармасының бас құрылыс инженері К.Оязбеков әкелген) Ақкөл совхозындағы 150 биеге арналған қымыз фермасы, Шолақтау совхозындағы 800 бастық сүт комплексі, 500 тонналық көкөніс сақтау қоймасы, Ойық совхозындағы 5000 бастық қой бордақылау комплексі, Ойық, Бостандық және Ақкөл совхоздарындағы машинатрактор жөндеу шеберханаларын жатқызуға болады. Тұрғын үй, әлеуметтік объектілер бойынша Ақкөл селосында екі қабатты 2 сегіз пәтерлі тұрғын үй, Ақкөл совхозынан 90 орындық, Шолақтау совхозынан 90 орындық балалар бақшасы соғылып пайдалануға берілді. Шаруашылықтарда тұрғын үй, мал шаруашылығы мен су шаруашылығы ғимараттарын соғу қанат жая бастады. 1976 жылы құрылыс колоннасында өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы кезінде КПСС-тің мүшелігіне қабылдандым. 1977 жылы аудандық Советтің депутаты, кейіннен аудандық Советі атқару комитетінің секретары және мүшесі болып сайландым. Сөйтіп мен Әбекеңнің қарамағына біржола өттім. Мен, аудандық Советі атқару комитетінің секретары қызметіне келген кезең ауданның экономикасының, шаруашылығының, әлеуметтік-мәдени құрылысының күрделі кезеңі болатын. Тиісті ғылыми және практикалық жүргізілген талдауларға сәйкес шөл және жартылай шөлейтті аймаққа орналасқан Талас ауданы республикадағы экономикасы артта қалған 30 ауданның біріне жатқызылған.
Ауданның 11 шаруашылығының басым көпшілігі жоспарлы-зиянды, дотациялы шаруашылықтардың қатарында болатын, жалпы аудан бюджеті 100 пайыз дотацияға негізделіп жасалатын. Ауданның экономикасына, халықтың тұрмыс жағдайына сол кездегі бірнеше жыл қайталанған қатаң қуаңшылық, Талас, Аса және Тамды өзендері арқылы су бөлудегі жоғарғы органдардың тарапынан жіберілген әділетсіздік те өз әсерлерін тигізбей қойған жоқ. Нәтижесінде Ақкөл, Ащыкөл, Домалақкөл, Жалаңашкөл көлдері, бірнеше әуіттер кеуіп қалды. Суармалы жердің жайы мүлдем төмендеп кетті, «Ақкөл» совхозындағы қыруар қаржыға салынған 1400 гектар суармалы жер, гидротехникалық ғимараттар судың болмауынан консервацияға қойылды, қымыз фермасы басқа мақсатқа пайдаланылды. Аудан көлемінен қажетті қоғамдық мал азығын дайындау мүмкін болмай қалды. Мал азығын дайындау Шу, Луговой аудандарынан, тіпті облыстан тыс Павлодар, Қостанай облыстарынан сабан дайындауға дейін шаралар көрілді. 1 тонна шөп алтынмен пара-пар болды. Мал өнімдерін өндірудің өзіндік құны шарықтап, шаруашылықтар зиянға белшесінен батты. Кеңес, Талас, Ақкөл және Ильич атындағы совхоздардың жайылымдықтары қуаңшылықтың әсерінен шілдеге жетпей шаңы шығып, қоғамдық мал басын сақтау үлкен проблемаға айналды. Осындай күрделі мәселелерді шешуде Әбілқайыр Сатыбалдин жолдас қиыннан қиыстырып, шешімін тауып жататын. Тап сол кісінің тұсында Таластың тасы жоғарыға қарай домалады. Ал, мен Сәулембай Әбсадықұлы Әбілқайыр аға туралы өз білгенімді, көргенімді баяндағанды жөн көріп отырмын. Тағдыр маған жақсы адамдармен, жайсаң жандармен қызметтес болуды бұйыртты. Олар жайлы жыл өткен сайын қимастықпен еске аласың. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген сөзге иланасың. Неге солай? Соған жауап іздейсің. Көріп, біліп, араласып жүргендердің тірлігіне, ақыл-парасатына, білім-білігіне қарап, сол тұлғалармен салыстырасың. Олардың майдалығын, пенделігін көріп, көңілің құлазиды. Шіркін-ай, ол ағалар жаратылысы бөлек, тірлігі ерек, нағыз тұлғалар екен ғой деп ой түйесің. Олар нағыз халықтың адамдары еді.
Халықтың ортасында жүретін, солардың үніне құлақ асатын. Әйтеуір, қолынан келсе жақсылық жасауға ұмтылатын. Тағдырдың қалауымен мен 1975 жылы сол кездегі ауданның әкімшілік орталығы Ақкөл ауылына аудандық газеттің тілшілігіне қызметке ауыстым. Енді Әбілқайыр ағаны жиі көретін болдым. 1977 жылы партия қатарына өтетін кезімде бюрода мені біраз бюро мүшелері «тақымдап» қыспаққа алғанда: «Әй жолдастар, қыспаққа ала бермей, тәрбиелейік» деп бәтуаға шақырғаны бар. Содан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахыжан Ерсейітов те «жібіді». Енді ойлаймын ғой, е туыстық қатысым, е таныстығым жоқ Әбекеңнің ықыласы маған неге түсе берді деп. Сірә, онысы адамдарға деген қайырымдылығынан бастау алып жататындығы, ешкімді жаманшылыққа қимайтындығынан шығар деп ойлаймын. Әбілқайыр ағаның жақсылығын жалғыз мен емес, көзкөргендер көп көреді. Жақында ғана Қаратау қаласының тұрғыны, бүгіндері жасы 80-нен асып отырған Ілиясбек Жуасбеков ағамен жолығысып қалдық. Өткен-кеткенді әңгіме еттік.
– Шіркін, баяғы басшылар ірі еді ғой, – деді ол кісі, – іссапармен келгенде бай-бағланның үйіне түспей қарапайым жандардың отбасына соғып, терезелерін теңелтіп кететін. Мен «Қаратау» ауылында ферманың бастығы едім. Жазғы науқан кезінде егін орағы қызатын. Совхоз басшысының нұсқауымен дала қосындағы асханаға сойысқа мал босатып тұрамыз. Сондай бір кезде 17 бас малды босаттық. Оны айдың аяғында совхоздың бас мал дәрігері есептен шығаруы тиіс. Маған қастығы бар ма, білмеймін. Әлгі сойыс малды бас мал дәрігері есептен шығармапты. Соны естіген ауданнан келген өкіл ауданның басшысына жеткізіп, біздің мәселемізді қарау үшін, аудандық партия комитетінің бюросына ісімізді дайындады. Анықтаманы дайындаған бөлім бастығы, оны оқып болысымен: «жолдас бірінші хатшы, Жуасбековтің мұнысы таза қылмыс!
Дереу партбилетін үстелдің үстіне қойсын» деп жұдырығымен үстелді қойып қалды. Бірінші хатшы Рахымжан Ерсейітов ағынан қарасы мол көздерімен бюро мүшелеріне қадала қарап: «сендер не дейсіңдер?» дегендей сыңай танытты. Үнсіздікті аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбілқайыр Сатыбалдин ағаның құлаққа жағымды қоңыр үні бұзды.
Ол өзіне тән байсалдылықпен бүй деді: – Соншама жау шаптыратындай ештеме жоқ. Мал басы шығын болса, Жуасбеков жеке басына жаратқан жоқ. Совхоз басшысының тапсырмасымен қоғамдық асхана үшін малды босатып отырдым деген жоқ па? Бұл жерде жаратылған малды есептен шығармаған совхоздың бас мал дәрігері жауап берсін. Одан қалса совхоздың басшысы айтсын, – деді.
Әбілқайыр ағаның сөзінен кейін менің де жүрегім орнына түсіп, «уф» дедім. Бірінші хатшы жөн сөзге тоқтады. – Сатыбалдин жолдас дұрыс айтады. Біреу үшін біреу жауап бермейді. Жерден жеті қоян тапқандай сүйіншілейтін ештеме жоқ. Сондықтан, бұл мәселені әділ шешейік, – деді.
Не керек, сонымен, Әбілқайыр ағаның арқасында партбилетім өзімде қалып, жай сөгіс алып шықтым. Совхоздың бас мал дәрігері қызметінен босатылды, – деген еді. Ілиясбек ағаның әңгімесін естіп отырып, керекті жерінде адуынды деген бірінші хатшыны иландыра білген Әбілқайыр ағаға қалай риза болмайсың. Сол жылдары ауданда басшылық қызметтің бірін атқарған, бюро мүшесі Садық Сәрсенбековтің да Әбілқайыр ағаның бюро үстінде қандай мәселе болмасын бұра тартпай әділ шешілуіне мұрындық болғанына талай мәрте куә болдым дегенін естідім. Ал, енді тағы бір таластық Жеңіскүл Қожахметова апайдың әңгімесі тіпті ерекше. Жаңағы Сердалыны әңгімелеген жылы Әбілқайыр аға аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген. «Мектепті бітіріп, комсомолдық жолдамамен әкеме көмекші шопан болып жұмыс істедім.
Бірде Мойынқұмдағы қысқы қонысқа ол кісі іссапармен келді. Келгенде шіреніп келген жоқ. Барлығымызбен жайдары амандасып, хал-жағдайымызды сұрастырды. 18- дегі жас кезім. Мені баласынбады. «Қандай сауалың бар, шырағым?» деді. Адам іш тартып сөйлесіп тұрса, батылдығы артпай ма? Оқуға түскім келетінін айттым. Ол кісі: «Ниетіңе жет қарағым, ауданға кел, сол жақтан шешуге тырысайық», деді. Бардым, ағаның көмегін көрдім. Сырттай оқуға түстім. Содан кейін жар тауып, сол елдің азаматына тұрмысқа шыққанымда комсомолдық тойы өтті. Тойды ағаның өзі басқарды. Жаратқанның жазуымен кейін Сатыбалдиндер әулетімен құда болдық. Сонда бізді жасымыздың кішілігіне қарамастан төрге оздырып қоятын. «Қыз алдық, сендердің жолдарың үлкен» дейтін. Әбілқайыр аға қазақтың салт-дәстүрін айнытпай ұстайтын. Сондықтан болар, біз де сол кісіге қарап өстік. Еңбегім еленіп, әуелі кәсіподақ комитетін басқардым. Содан кейін ауылдық кеңестің төрайымы қызметіне сайландым. Бірде аяғым ауыр болуыма байланысты демалысқа шығып, ауаткомның төрағасынан рұқсат сұрамаққа бардым. Әбілқайыр аға қатты қуанып: «Дұрыс айналайын, құтты болсын. Жалпы бөлімге айтайын, декреттік демалысқа шығуың жөнінде шешім дайындасын», деді. Мен: «Аға, заң бойынша ауылдық кеңестің шешімін шығарып қойдық» дедім күліп. Сонда ағаның: «Ә-ә, айтпақшы, Жеңіскүл қарағым, біздің ауаткомда осы күнге дейін бір әйел баласы декреттік демалыс алған емес. Мұның дұрыс болған екен» деп қарқылдай күлді».
Мұндай ризашылыққа толы әңгімелердің талайын естіп, куә болдым. Әбілқайыр аға 1984 жылы құрметті зейнетке шықты. Сол жылы аудандық «Талас Тынысы» газетінің 50 жылдығын тойладық. Тойға ол кісі қатысып, әдемі естелік айтты. Сонау 50 жылдары колхоздың бастығын өлеңмен әжуалап жазған бір ақынның шығармасын жатқа айтқаны бізді таңғалдырды. Әншейінде қарапайым көрінетін жұрт біртоға деп санайтын Әбілқайыр ағаның сұңғыла екендігін сонда бір байқадық. Егер, осы әулеттен кіл білімділер шықса, ол Әбілқайыр ағаның, Үрімшә жеңгейдің тәрбиесімен келгені анық. Ол екеуінің де кітапты көп оқитынын ұрпақтары жыр қылып айтады. Қолдарында үлкен билік бола тұрып, ұл-қыздарын: «Төрағаның баласымын демей, өздерің жақсы оқыңдар, өздерің ешкімге арқа сүйемей өсіңдер» деуінде үлкен парасаттылық жатыр. Қай-қайсысын алсаңыз да әкенің талабымен Ақкөлдегі орта мектепті үздік бітіріпті. Өз күштерімен оқуға түскен.
Қызметте де өз күштерімен өскен. Әбілқайыр ағаның ұлы Әзімханды жоғарғы оқу орнын бітірер-бітірместе: «Сен әуелі еңбек жолыңды ауылдан баста» деуінде үлкен мән жатыр. Тіпті, жақсы басшы болам десең «Трудовой» колхозының басшысы Нахмановичтен үйрен деп сол жаққа жөн сілтеуі де көрегендік емей немене. Әзімханы әке сенімін ақтады, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның Ғылым Академиясының академиктігіне сайланды. Дүние жүзіне белгілі ғалым атанды. Бақтияры да үлкен жолдан өтті. Ғалым әрі ірі өнеркәсіп басшысы. Мейірханы құқық саласының білгірі атанды. Ұл-қыздарының қай-қайсысы да әке антына адалдығын көрсетті. Таластықтар: «Шіркін-ай, болса Әбілқайырдың баласындай болсын ұл-қыздарымыз», десті. Сол жылдары мен аудандық газеттің бас редакторы едім. Күндердің күнінде аудандық газетке білікті ұл-қыздарын тәрбиелеген әкеге «Ардақты әке» деген атақ беруді мемлекет ойластырса екен деп жазғаным есімде. Әрине, негізі бала тәрбиесіне ата-ана бірдей жауапты ғой. Әлі де сол ойдамын. Егер осы атақты өмірге енгізе алсақ, отбасының беріктігін сақтаудың нағыз нұсқасы қалыптасар еді деп ойлаймын.
Міне, ұлық болған, кішік болған Әбілқайыр Сатыбалдин аға тірі болғанда осы күзде жүз жасқа толар еді. Бірақ, өмірдің өз заңы бар. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Сатыбалдиннің заңы – соңында адамзатқа ортақ ұл-қыздар өсіруі. Қазір бұл әулет өсіп-өнген алып бәйтерек сияқты. Немерешөберелері де аталарының ақ жолынан ауытқымай, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, тектіліктерін көрсетуде.
Сламбек ТЛЕГЕНИ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, ҚР ақпарат саласының үздігі.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді