Мұндай үдеріс 80 жылдары басталғанымен, ешқандай нәтиже берген жоқ. Ауғанстанға әскер кіргізудің қателік болғанын, 1985 жылы билікке келген Михаил Горбачев бастаған елдің жаңа басшылығы шешуге тырысты. Бұл соғыстың Кеңес одағына «толассыз табыт» әкелу мен әлемдік айыптаудан басқа ештеңе бермейтінін бас хатшы жақсы түсінді. 1986 жылдың қараша айында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында М.Горбачев:
«Қазіргі уақытқа дейін біз Ауғанстанда алты жыл бойы соғыс жүргізіп келеміз. Егер біз бағытымызды өзгертпесек, 20 немесе 30 жыл бойы соғыса береміз. Біз қысқа мерзім ішінде мұны тоқтатуымыз керек», – деп қадап айтты.
Бұл міндеттерді шешу үшін Ауғанстаннан кеңес әскерлерін шығаруға жағдай жасап, ел ішіндегі саяси ахуалды өзгертуді қамтамасыз ететін жаңа саясат, жаңа саяси қайраткер қажет болды. Енді Мәскеуде Ауғанстан басшысы Бабрак Кармальға салқын қабақпен қарымқатынас жасау толық байқалды. Ол өзіне жүктелген міндеттерді шеше алмады. Сөйтіп, ол 1986 жылы қараша айында отставкаға кетті. Оның орнына жаңа басшы Мұхаммед Наджибулла тағайындалды. АҚШ, Пәкістан, Иран, басқа да қызығушылық танытқан елдердің өкілдерімен қарқынды келіссөз жүргізілді. Ауғанстандағы орталық үкімет пен оппозиция күштері арасындағы орнаған тепе-теңдік ауған дағдарысын шешудің соғыссыз жолдарын із деу қажеттігіне итермеледі.
Ауған елі басшылығына Мұхаммед Наджибулла келгеннен кейін «Ұлттық татуласу» туралы Ауғанстан Демократиялық Республикасы (АДР) Революциялық кеңесінің Декларациясы қабылданды. Онда атысты тоқтатып, ұлттық бейбітшілік орнату мақсатында уақытша коалициялық мемлекет құру және жалпы дауыс беруді өткізу, үкіметтегі министрлік лауазымдарының бір бөлігін оппозиция өкілдеріне беру туралы нақты ұсыныс келтірілді. Оппозиция мұндай саясатты қабыл алмағанымен, ұлттық татуласу саясатын жариялау Ауғанстанның орталық үкіметінің беделін асырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының жеке өкілі Д.Кордовес арқылы 1982 жылдан бері нәтижесіз жүргізіліп жатқан Ауған – Пәкістан келіссөздерінің іске асырылуына жаңа серпін берді.
1988 жылдың 7 сәуірінде Ташкентте КОКП ОК Бас хатшысы М.Горбачев пен АДР Президенті М.Наджибулла кездесіп, қақтығысты тоқтату мен кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару мәселелері қаралды. Бір аптадан кейін АДРдағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол қойылды. Қол қойғандар қатарына КСРО, АҚШ, Ауғанстан мен Пәкістан мемлекеттері кірді. Ауғанстан мен Пәкістан бірбіріне қолсұқпаушылық, басып кіруден бас тарту қағидасына, КСРО мен АҚШ өкілдері Халықаралық кепілдік жөніндегі декларацияға қол қойды. Кеңес Одағы өз контингентін 9 ай мерзімде алып шығуға, ал Құрама Штаттар мен Пәкістан өз тараптарынан қарулы оппозицияны қолдауды тоқтатуға міндеттелді. Сол жылдың 15 мамырында Ауғанстан аумағынан кеңес әскерлерін шығару басталды.
Алайда, қараша айындағы моджахедтер әрекеттерінің жандана түсуі, үдерістің жылдың аяғына дейін қалдырылуына әкелді. Дегенмен, бұл жылдың тамызына дейін кеңес әскерінің шамамен жартысы Ауғанстаннан шығарылды. Женева келісіміне қол қойылғаннан кейін кеңестік әскери бөлімшелерге 555 рет оқ жаудырылды, әуежайлар 26 рет оқ астында қалды. 400 рет сақшы тұрағына шабуыл жасалды. Шабуыл, тіпті, үкіметтік ауған әскерлеріне де жасалды. 1989 жылдың 15 ақпанына дейін қаруланған оппозиция қолынан 6954 адам қаза тапты, 12220 адам жарақат алды. Олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар еді. 1989 жылдың жаңа жылынан кейінгі бір жарым ай ішінде, 15 ақпанға дейін 39 кеңестік әскери қызметкер қаза тапты. Жалпы, совет әскерлерінің соғысқа қатысуы – Кеңестік Үкіметтің үлкен қателігі. Он жыл бойы көп күш пен қаражатты келешегі жоқ соғысқа жұмылдырды. Осы соғыстың ел экономикасы мен адамзат баласына әкелген ауыр қасіреті өз алдына бөлек әңгіме. Сорақысы, жантүршігерлік осынау шайқас тарлан тарихтың толқынында «Мақсатсыз соғыс» деген атпен қалды. Ал, табиғаты қатал, салты бөлек жат жерге аттанған жауынгерлер майдан даласында етігімен су кешті.
КСРО-да 15 мың адам қаза тапты. Жамбыл жерінен екі мыңдай жауынгер аттанса, соның 70-сі мерт болды. Бір жерлесіміз хабар-ошарсыз кетті. Талай адамның тағдырын тәлкекке салған соғысты көзбен көргендердің бірі – Алым Чужбеков. Бүгінде қазыналы қарияға айналған ол әуелі ТүркіменстанАуғанстан шекарасындағы Кушка қаласында әскери дайындықтан өтіп, 1979 жылдың 29 желтоқсанында 3-ші полктың құрамындағы қаруластарымен бірге Ауған шекарасына өткенін тілге тиек етті.
– №73860 әскери бөлім Пәкістан шекарасындағы Кандагар қаласында тау етегіне бекінді. Полкте танк батальоны, артиллерия, байланыс ротасы мен жаяу әскер болды. Негізгі міндет – Кандагар қаласының жанындағы әскери әуежайды қорғау, СССР-Кабул автокөлік жолдарын қадағалау. Сондай-ақ, Пәкістан арқылы шет елдерден тау аймақтарындағы жасырын жолмен келетін қару-жарақ тасымалдайтын керуендерді тексеру. Полкте «ПМП» дәрігер қызметін атқардым. 1979 жылы әуежайда келе жатқан күзетке дұшмандар шабуыл жасайды. Бұдан кейін, қару-жарақ тасымалдайтын керуендерді жою мақсатында жасалған ұрыс қимылдары кезінде жараланған жауынгерлерге алғашқы көмек көрсетіліп, олар госпитальға жеткізілді. Өз басым 1979-1980 жылдары Ауған жеріндегі әскери ұрыстарға қатысып, 1984 жылдың қаңтар-ақпан айларында №51096 әскери бөлімде Иран-Түркіменстан шекарасында «Қызыл-Арбат» әскери полигонында кейінірек «Серакс» әскери полигонында азаматтық борышымды өтедім. 1979 жылдың 31 желтоқсан күні дұшмандар жасаған шабуыл көз алдымнан кетпейді. Жаңа жылды қарсы алуға 3-4 сағат ғана уақыт қалған. Кешкі асты күтіп отырғанымызда тау жақтан автоматтың дауысы естілді. Қызыл ракета атылып, дабыл қағылды. Батальон командирі: «Әрқайсың өз орындарыңа бекініңдер», – деп бұйрық берді. Кандагар қаласының жанындағы әскери әуежайдан келе жатқан взводқа дұшмандар шабуыл жасап, қиян-кескі ұрыс болды. Кеңес әскері дұшмандарға тойтарыс беріп, біразының көзін жойғанмен, бізде де жараланғандар көп болды. Мен дәрігер ретінде сол ұрыс болған жерде атылған оқтың астында жараланған жауынгерлерге алғашқы көмек көрсеттім. Дұшмандармен ұрыс таң атқанша жалғасты. Жараланғандарға сол орнында көмек көрсетіп, таңсәріде госпитальға жеткіздім. 1980 жылдың жаңа жылын осылай соғыса жүріп қарсы алуға мәжбүр болдық, – дейді Алым Намазұлы.
Есен ӨТЕУЛ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді