Биыл бұл мерекені өткізу 12 қазанға белгіленіп, кеш бағдарламасын көңілді өткізу де алдын ала жоспарланып қойған. Жалпы, қала күні бір күнде аталып өтетін ісшара. Ал, шаһардың гүлденуі мен дамуы ұзақ жылдарға жоспарланған бас жоспар арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Осы айтулы мереке қарсаңында Тараз қаласы әкімі Бақытжан Орынбековті сөзге тартқан болатынбыз.
– Көне шаһар – Тараздың тізгінін ұстағаныма тура екі жыл болды. Жаңадан тағайындалғанда қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму картасын әзірлеп, таныстырған болатынмын. Жалпы, үш жылдық Даму картасында қаланы жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық саланы қамтитын жұмыстар қарастырылған. Биыл қолға алған жоба-жоспарлардың ауқымы кең. Жалпы облыс орталығы Тараз қаласында 433 мыңнан аса халық тұрады. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы Заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде, аудандар құрылады. Осы жылдың 29 қаңтарда Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. Ел Үкіметінен келісім алынғаннан кейін, Тараз қаласында екі аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз ететін болады. Негізі әлеуметтің әлеуеті артуы үшін өндіріс өркендеуі қажет. Сондай-ақ, экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз қажет, – деді қала әкімі.
Тараз қаласының үш жылдық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аз емес. Мәселен, биыл шаһарда жалпы құны 6,9 миллиард теңгені құрайтын «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрғақ құрылыс қоспалар зауытын іске қосып отыр. Зауыттың жылдық қуаты 350 мың тоннаны құрайды. Осының есебінен 35 жаңа жұмыс орны ашылған. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биыл бұдан бөлек, жобалық құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ол жобалар іске асырылған жағдайда жаңа 944 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
– Тараз қаласында индустриалдық аймақ құру жоспары қолға алынуда. Атап айтсақ, Тараз қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес, қаланың батыс бөлігінен Шөлдала алқабына апарар жолда 1150 гектар алқап өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа беріледі. Қазіргі таңда жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Оның біріншісі, «ARTWOOD» ЖШСның жиһаз шығару фабрикасының жобасы. Жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды.Екіншісі, «Delixi Kazahstan» (КХР) – арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы. Жоба құны 18,6 миллиард теңге. Үшіншісі, Халықаралық медициналық университет құрылысы. Жоба құны 27 миллиард теңге. Онда 12-20 мың студент білім алады деп жоспарлануда, – дейді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұдан бөлек, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бұл индустриялды аймақта жұмыс істейтін 7 жоба айқындалған. Жалпы оның қатысушылары 74,1 миллиард теңгеге инвестиция салады деп жоспарлануда. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп келеді. Бұл Президенттің биылғы Жолдауында да көрініс тапқан. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгені құрайтын 386 жоба қаржыландырылған.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеуде. Сауда базарларында жаңарту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде. Ол модернизация жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес биыл 21035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеп отыр.
– «Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Жалпы қалада 1445 көше бар, оның 902-іне асфальтталған, 543 көше жолына шағал тас төселген. Жолдардың жалпы ұзындығы – 1888,5 шақырымды құрайды. Оның 1227 шақырымына асфальт жабыны төселген, бұл – 65 пайыз. Ал, биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көшені және 18 шақырым 7 жаяу жүргінші жолы орта жөндеуден өтуде. Одан бөлек, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол орта жөндеуден өткізілуде. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 70 пайызға дейін артатын болады, – дейді қала басшысы.
Жалпы, қазақта «Өз үйім өлең төсегім» деген жақсы сөз бар. Сондықтан баспананы бақыт шамына балайтын 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда Тараз қаласында 2522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елу үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «СамұрықҚазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаралған. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған.
Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде. Бұған қоса, 14 шағын ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілген. Ал, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді