«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кадр мәселесі маңызды

Кадр мәселесі маңызды
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының маңызды аспектілерін қозғаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының бесінші бөлімі еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру мәселесіне арналды. Өйткені, ел өміріндегі басты саяси және экономикалық мәселелердің дұрыс шешімін табуы кадрлардың біліміне, тәжірибесіне, жеке қасиетіне, сондай-ақ, оларды тиімді орналастырып, пайдалануға байланысты.

БІЛІКТІ МАМАН ДАЯРЛАУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Президент экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз етудің өзектілігі жайлы айта келе, бұл туралы өзінің биылғы Жолдауында: «Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою керек. Сондай-ақ, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандарды даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды», – деді. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты да біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. «Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді», – деді Президент.

Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқаратындығына тоқталған Мемлекет басшысы: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал», – деп атап өтті.

ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ЖОБА

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл сайын жастар Президенттік жастар кадр резервіне қатысып, іріктеліп отырады. Бұл – жастардың келешекке нық қадам басуымен қатар, президенттік саясатқа тек таңдаулы жастар қатыса алатындығын білдіреді. Жалпы, бұл жоба еліміздің экономикалық әрі әлеуметтік жағынан дамуы үшін белсенді жастарды іріктеп алу дегенді білдіреді. Жобаға тек қоғамдық ортада өзіндік айтар ойы бар, мотивациясы, кез келген салаға өзіндік үлесін қоса алатын белсенді жастар қатысып, іріктеледі. Қатысушы жастар мемлекеттік қызметке тұру шартына сәйкес, жұмыс жасау қабілеті, ешқандай заңбұзушылыққа бармағандығы, яғни сыбайлас жемқорлыққа қатыспаған болуы шарт. Осындай мүмкіндіктер жастардың ынталануына, алға жылжуына, әрі мемлекетте өзіндік көзқарасын қалыптастырып, билікке араласуына көп жағдай жасайды. Жастардың ынтасына қарай, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда жоғары білімді әрі білікті жастардың саны артып келеді және олардың көбі уақыт өте еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтыра алады. Президенттік жастар кадр резерві жобасының әр кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек», – деп баға берген болатын. Президент айтқандай, шынында елімізде бәсекеге қабілетті жастар өсіп келеді. Ал, жастардың ынталануы үшін әрі еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруға ықпал ететін ең басты әрі сәтті жобаның бірі – Президенттік жастар кадр резерві.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР АРТАДЫ

Жалпы, биылғы Жолдауда ел экономикасының дамуына қатысты 9 бағыттағы нақты шаралар қамтылған десек, соның бірі ретінде кадрларды даярлау жұмысына баса назар аударылғанын айтып өттік. Әсіресе, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің білікті кадрлар даярлау қажеттілігі айтылды, бірқатар салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жоюға баса назар аударылды. Бүгінде мемлекет тарапынан орта буын және жұмысшы мамандар даярлауға көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Атап айтқанда, мамандар даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыстар біртіндеп көбейтілді, мақсатты гранттар жүйесі енгізілді. Соның ішінде, жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыстың саны өсті. Колледж студенттерінің стипендиялары өсіп жатыр, оқу орындары жатақханамен қамтамасыз етілуде. Әрине, бұл бағытта кәсіптік және техникалық оқу орындары тарапынан да көптеген шаралар жүзеге асырылып жатқандығы анық. Жас мамандарды кәсіпорынға тез сіңісіп кетуіне үлкен ықпалын тигізетін дуалды оқыту жүйесі де өз нәтижесін көрсетуде.

Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Демек, бұл кәсіптік және техникалық білім беру саласына көрсетілген үлкен қолдау, сонымен қатар, колледж басшылары мен оқытушыларына үлкен жауапкершілік жүктеледі деген сөз. Мемлекет басшысының айтуынша, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін үлкен реформалар күтеді. Олар жаңа серпілістер, жаңашыл бастамалар мен идеялар, жоғары көрсеткіштер арқылы осы мүмкіндікті пайдалана білуі керек, колледж жұмысын жаңа жолға қойып, жаңаша басқару әдістерін енгізу арқылы нәтижеге жұмыс жасауы қажет.

–Дегенмен, көрсетілген сандық көрсеткіштердің сапалық көрсеткіштерге көшу барысындағы олқылықтарымыздың да бар екендігі белгілі. Мәселен, жерінің көлемі мен халқы бізбен шамалас Австралияда 40 университет ел қажетінің баршасын өткеруге қабілетті мамандарды дайындап, көсегесін көгертіп отырса, біздегі «ырықтандырудан» кейін «аман қалған» 112 университеттің қатарында диплом берумен ғана шұғылданып жүргендері де бар екендігі өтірік емес. Отыздықтан ойып орын алған Австралияда университет түлегі бірден күнкөріс деңгейіне жеткілікті (2100 АҚШ долларынан кем емес) жалақымен жұмысқа орналасса, біздегі жоғары оқу орнын бітірушілердің біразы жұмыс беруші мекемелердің есігін сығалаумен жүретіні де рас. Мемлекет басшысы ендігі жерде мұндай берекесіздіктерге тосқауыл қойылатындығын әркез айтып жүр. Сонымен қатар, Президент Жолдауында жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажеттігі атап өтілді. Расында, «кадрлар бәрін шешуі» үшін, оларды даярлау керек емес пе? Мысал келтірер болсақ, қазіргі кезде әлемнің «екінші экономикасы» атанып отырған көрші Қытай елі соңғы жылдары өзінің жастарға басым жағдайда жоғары білім беру саясатын кәсіптік-техникалық білім беру ісін жетілдіру мен ұштастыруды дұрыс жолға қойған болатын. Осы бағытта жүргізілген оң өзгерістерді нақты цифрларға көшірсек, мәселен, 2008 жылы Қытайда орта арнаулы және кәсіби техникалық училищелерді бітірген түлектердің саны 5 891 500 адамды құраған. Осылардың 5 642 400-і өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Тиісінше, КТУ түлектерінің 95 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде Қытай өз экспорттық әлеуетін барынша арттырып, әлемнің барлық дерлік елдеріне жеңіл өнеркәсіп және электроника тауарларын, машиналар мен станоктарды, тепловоздар мен электровоздарды, құрылыс материалдары мен үй жиһаздарын және басқа да тұрмысқа күнделікті қажетті тауарларды көптеп шығара бастады. Айта кету керек, елімізде осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымы аз емес. Соның бірі, тіпті бірегейі – Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы дуалды оқыту жүйесі десек еш қателеспейміз. Бұл жүйе бойынша оқушылар уақытының тек 20-30 пайызын ғана колледжде өткізіп, қалған уақытында тікелей өндірісте машықтанумен шұғылданады. Осылайша, кәсіптік-техникалық білімнің сапалы болуына еліміздегі ірі 75-тен аса компаниялар өз үлестерін қосуда. Дегенмен, қарастырылып отырған мәселе бойынша біз үлгі етерлік мемлекеттерде, мәселен Германияда осы саладағы іс-шараларға 600 мың мекеменің тартылып отырғандығы бізге үлкен ой салары анық. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді. «Әрине, ел болашағының жарқын болуын көздейтін мұндай бағдарламалық құжатты баршамыз болып қолдайтынымыз анық», – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры С.Бақторазов.

Жалпы, мемлекеттік кадр саясаты – еліміздің еңбек әлеуетін қалыптастыру, дамыту және ұтымды пайдалану жөніндегі жалпымемлекеттік стратегия. Ал, кез келген қоғамның немесе мемлекеттің ілгері дамуының аса маңызды стратегиялық міндеті адам факторын белсенді ету негізінде қоғамның кадрлық әлеуетін қалыптастыру және оны тиімді пайдалану. Аталған міндеттің өзектілігі ең алдымен, оның қоғамдық дамуының тек құралы ғана емес, сонымен бірге түпкілікті мәні екендігімен де тығыз байланысты.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар