«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақы тәрбиенің қайнары қайдан бастау алған?

Қазақы тәрбиенің қайнары қайдан бастау алған?
Ашық дереккөз
Тәрбие тектен бе? Рас-ау. Біз көбінесе әлдебіреуді мақтағанда, «текті жерден шыққан» деп әбден мақтауын жеткіземіз. Ал, мінезі, қылығы ұнамағандарды «тексіз неме, көргенсіз» деп төпелеп тастауға да бармыз. Ал, шариғат заңына сайсақ, дүниеде адамның жаманы жоқ. Мұхаммед пайғамбардың хадисінде де «ассалаумағалейкум» деп сәлем бере білген кісіні мұсылман емессің демеңіз» деген сөз бар. Барлық мәселе – тәрбиеде.

Қазекең «тегіне қара», «тексіз жерден қыз алма» дегенді де жиі айтады. Қазақтың өзі – текті халық. Біздің қанымыз таза. Өйткені, біздің халық, өзге ұлттардай емес, жеті атаға дейін қыз алыспай, қан тазалығын сақтай алды. Тектілікті ұғыну үшін осы тазалықты түсіну керек. Оның тазалығын түсіну – адамдықтың мәйегін кірлетпеу ғана емес, сонымен қоса оның тегіндегі бекзаттығын және тұқым қуалаумен қалыптасатын күллі туа пайда болатын қасиеттерді сақтау. Тек дегеніміз – өмір кілтін сақтаушы құдірет! Ал, ол құдіретке кім не деп дау айта алады?!

Ғалымдар айтатын жанның он екі арнасының жабылуынан рухы таза адамды емес, қалтасында ақшасы, қолында билігі бар адамдарды «текті» деп шатасып жүрміз...

Бағзы кезді қайдам, қазір, дүние – дүрбелең, дүние дүбірге толы. Соның әсерінен адам мінезіндегі өзгеріс, қайшылықтар да көбейе түсті. Ақыр соңында тәрбие мәселесі «оқ бойы озып», алға шықты... Шын мәнінде де әр шаңырақтың толыққанды, мінсіз қалыптасып, дамуы еліміздің азаматтық әлеуеті, сапалық құрамы нығайтыла түсуін, сонымен бірге қоғамдық сананың да өсуін қажет етеді ғой! Қоғамдық сана құрылымы көркем мінездердің жиынтығынан құралып жатса, қанеки! Адам бойында көркем де кемел мінез қалай қалыптасады? Ата- тектен, ана сүтімен келе ме ол? Тәрбиемен қалыптаса ма? Адам, әлде, өзін-өзі өмір бойы тәрбиелеуі керек пе? Көркем өмір сүрудің нақтыланған ереже, жүйесі бар ма, жоқ па, осы?

Бір кісі ауыл-аймаққа т аныма л атсейістен «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп сұраса, ол «Бақ та, бап та шаппайды. Қан шабады!» деп жауап берген екен. Атсейістікі де – жөн. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» дегенді меңзеп тұр ғой ол. Адамның, жылқының болсын арғы ата-бабаларында бар жампоздық, өрен жүйріктік текпен, демек қанмен келеді. Дүниеде өзгермейтін, бұзылмайтын бір нәрсе болса, ол да – қан. Миллиондаған жылдардан бері бұзылмай-бүлінбей, бір адамнан екінші адамның бойына, ұрпақтан- ұрпаққа ауысумен келеді. Қазақта «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген сөз де тегін айтылмаған-ау, сірә да.

Осы орайда дін өкілдерінің уәждеріне жүгінсек... «Тәрбие адамзатқа дін арқылы келді. Пайғамбарларымыз жер бетіне адамдарды тәрбиелеу үшін жіберілген. Әдептілікті, ақылдылықты, көркем мінезді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, ата- аналармен жақсы қарым-қатынаста болуды дін үйретті. Тәлейлі тарихымызды, қазақы болмысымызды діннен бөле-жара қарастыра да алмаймыз. Көркемділіктің басты ұстыны осы. Қандай дінде болсын дәстүр-салт та, тәрбие де, білім де, имандылық та – бәрі де бар. Пайғамбарымыз хадистерінде «Сендердің ең жақсыларың – көркем мінезге ие болғандарың», «Мұсылманның сыйлы болуы – діннен, адамгершілігі – ақылынан, абыройы – көркем мінезінен», «Кішілерімізге мейірім танытпаған әрі үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес» деп те айтылады. Көркем адам, ол – сөзге тоқтайтын, шыдамды, сабырлы, парасатты, өтірік айтпайтын, өзгелерге жақсылық ойлайтын, ілімі толық, ашуды ақылға жеңдіре алатын, барға шүкір, жоққа қанағат ететін, ешқандай қиянатқа бармайтын тұлға.

Кім де кім Алланы танымас бұрын, ең әуелі өзін-өзі тануға тиіс. Жамандықтан тыйылып, жақсылыққа бет бұрудың алғышарты осы. Әркім тәрбиені өзінен бастаса адам да, қоғам да түзеледі. Тәрбиенің ерте-кеші жоқ», – дегенді айтады.

Күллі адамзат баласы үшін де ең басты сұрақ – осы. Негізі, адамды дамытумен дін де, білім де, ғылым да, жалпы алғанда мемлекет те айналысады. Ал, адам қаншалықты дамыды, қаншалықты дамымады, бұл – басқа әңгіме. Сонау біздің дәуірімізге дейінгі VIII-V ғасырларда адам санасында үлкен төңкерістер болғаны тарихтан белгілі. Сол кезде әлемге заратуштралық, конфуциялық ілімдер, гректің философтары Аристотель, Платон, Сократтары адам санасына зор өзгерістер әкелді. Соңыра пайғамбарлар келді, дін, ой жетілді. Адамды толық кемелдендірудің мүмкіндіктері де көбейе түсті. Материалдық әлемді тәп-тәуір біледі, ғарышты да зерттеді, адам санасы бәрібір толық жетіліп біткен жоқ. Әрине, білім жағынан орасан зор жетістікке қол жетті. Десек те, білетініміз – бір тоғыз, білмейтініміз – тоқсан тоғыз.

Жалпы, кемел адам кім? Бір кәсіпті меңгеріп аламыз да, кішкентай деңгейге жетеміз де, кемелдікке жеттік деп ойлаймыз. Жоқ, олай емес. Кемелдік – тұтастай ой-өрісіңнің кемелдігі, ғаршыға жетуің. Міне, осыған адам жете алмай келе жатыр. Сірә, жетпейтін де шығар. Хакім Абай айтатындай, «...жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі – білсем екен демеклік». Ал, білсем, көрсем, үйренсем деумен өзін-өзі дамытса, дүниенің парқын, кеңдігін түсінгеннен кейін белгілі бір көзқарасы қалыптасып, шынында дүниенің өзі шартты екенін, бірдемені қызғану бекершілік екенін ұғынып, пендешіліктен кішкене болса да биікке көтеріледі. Қызғаныштың бәрі, міне, осы пендешіліктен туады.

Софылық ілімде Алламен қауышудың төрт деңгейі бар. Біріншісі – шариғат (заң), екіншісі – тарихат, көрінбейтін әлемге баруға құмарлықтың оянуы, үшіншісі – мағрифат, көптеген нәрседен тыйылып, тәубешілікке келетін әулиелік кезеңі. Одан әрі Ақиқат тұр. Міне, осы соңғы кезеңге жеткен адамдардың пендешіліктен ада-күде арылдым, енді менің аспани, әулиелік өмірім басталды, Алланың өзімен қауыштым, кемелдікке жеттім дейтіндері де болған. Ал, оның күнделікті өмірімізде қолданылуына келер болсақ, Абай хакім бар жақсылықты көктен тілеп, қолыңды жайып отырсаң, малды кім бағады, мемлекетті кім қорғайды деп, кемелдікке жету, толық адам болу идеясының мән- маңызын «өзіңе, өзгелерге, Отаныңа адал қызмет ету» деген пәлсафа төңірегінде тәпсірлейді. Абай айтқан кемелдікке жеткенде, көреалмаушылық, қызғаныш өз-өзінен жойылады-дүр. Онда адамдар бір-біріне мейірімді бола түседі, бірінің айтқанын бірі қуаттап, бірінің жетістігіне екіншісі қуанады, бір-біріне қолұшын береді. Сосын білгені болса, басқалармен бөліскісі келіп тұрады...

Кемел адам – өз тірлігін адал атқаратын, басқаға қызғанышы жоқ, дүниеауи пенделіктен биік тұратын адам. Мұның енді текпен де, туа біткен қабілетті дамытумен де келетіні бар...

Психологтардың айтуынша, адамдардың бірін-бірі түсінбеуінен, жетістігін көре алмауынан, қатты айтып өкпелетуінен, аты- жөні жоқ өштесіп, ішіне кек сақтауынан, араға іріткі салуынан, болмаса осындай- осындайларға налып, күйініп-түңілуінен жүйкелері жұқарып, жүректері ерте сыр беріп те жатады екен. Мұның соңы тұтас отбасылардың, еңбек ұжымдарының, елдің бірлігі шайқалып, берекесі кетуіне апарып соқтыруда. Бізге не жетпейді, осы? Әлбетте, осы көркем мінез. Ол, негізінен, рухани жан дүниесі бай, барлық іске сабырмен қарайтын, ақ пен қараны ажыратуда адалдық пен әділдікті алға ұстанатын адамда кездеседі. Көркем мінез – дүниеге адам болып келіп, адам болып қалудың да айқын көрінісі. Бірден көрінбей, іс- әрекетке түсу барысында айшықталатын даралық нышан.

Өркениет көшіне іле суіміз үшін дүниедегі заманауи өзгерістерге сай Абай айтатын «бес нәрсеге асық болатын, бес нәрседен қашық болатын» кезіміз әлдеқашан жетті. Өзімізде, қанымызда әлмисақтан бар құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, оны нарықтық заманның жақсы жоралғы- жосығымен байыта түскеніміз абзал. Өз- өзімізді «қолға алып», бойымызға «көркем өмір сүру» дағдыларын мейлінше мол сіңіру арқылы кәсіптің нәсібін көбірек көрейік деп, ниетімізді жақсы жаққа бұрсақ, бәрінен де арылуымызға болады. Әлі де кеш емес. Қай-қайсымыз да Алла нәсіп еткен әр күн үшін шүкіршілік етумен өмір сүрсек, қызғаныш, көреалмаушылық, аяқтан шалушылық, дүрдараздық секілді жағымсыз әрекеттерді жүзеге асыруға уақытымыздың жетпей де қалатындығына көз жеткізер едік.

Біз ұлттық мінезімізбен ерекшеленетін халықпыз. Жаһандану осы ұлттық мінезімізді түбегейлі өзгертіп жібермес пе екен? Мінезіміз қатқылданып, тәрбиеміз тұрпайылана бастаған секілді... Бұл тұрғыда не айтуға болады?

«Жаһандану, сөз жоқ, мінезімізге өзгеріс әкеледі. Барлық халықта солай болған. Бірақ, әңгіме сол мінезімізден не өзгереді, не қаладыда тұр. Біздің жақсы мінездеріміздің барлығы көшпелі дәуірде қалыптасты. Қазақ хандығы өмір сүрген 1450 жылдардан бері арада алты ғасыр өтті. Осы кезеңде ұлт болып ұйыдық, тіліміз де, мәдениетіміз де көркейді. Осы жақсы қасиеттерден отырықшылыққа, урбанизацияға (қалалық болып та қалыптасып үлгерген жоқпыз, түріктер, татарлар болса бұған бағзы замандарда-ақ бейімделіп үлгерді) ұшырап, одан қалды бүгінгі жаһандану келген кезде ұлттық мінезімізден не қалады? Ең кемшін тұсымыз да осында жатыр. Идеологияны жүзеге асырушы құралдар осы мәселеге жіті мән бермейді. Науқаншылдықпен кетіп қалады.

Отыз жылдан асты егемен ел болғанымызға. Осы жетістікті қандай қасиетімізбен алдық? Мұнда халықтың рөлі болды ма? Қандай ұлттық қасиетіміздің шарапаты тиді? Міне, осы сұрақтардың жауабы ізделінуі керек. Оны ғылыми негізде қорытып, тұжырымдауға да тиіспіз. Бүгінде не көп – қоғамдық ұйымдар көп, біздің болашағымызбен, идеологиямызбен айналысып жатқан. Алайда, ұлттық қасиетімізді сақтайық деп жатқан бірі жоқ. Әрі кеткенде, бірі көкпарды, екіншісі айтысты дамытып жатырмыз дейді. Бұл мәселе тереңнен қозғауды қажет етеді. Ол үшін мықты кадрлар, институттар керек. Олар «айқайға сүрен» қоспай, үндемей-ақ отырып қыруар іс тындыруы тиіс. Жақсы кітаптар шығарылып, кинофильмдер түсіріліп, жоспарлы түрде тағылым, тәрбиесі мол, ауқымды іс-шаралар өткізіліп, ұлттық мінезіміздің жақсы жақтары кеңінен насихатталуы керек. Адамның да, қоғамның да мінезінде сонда бір өзгеріс болады.

Қазіргі қоғам жолының өзі мынадай: өткеніміздің жақсысын алып, оны жаңаның, жаһанданған елдің жақсысымен байыту, бірақ түбірде мәйек болып өзіміздің ұлттық болмысымыздың қалуы. Міне, осы мәселені дұрыс түсінбей, жаңаның бәрін жоққа шығарамыз немесе ескіліктің сарқыншағы деп бір жардан бір жарға ұрып кетеміз. Бұл мәселеге түсіністікпен, кешенді түрде келу керек.

Осы жөнінде айтып та, жазып та жүрмін. Жиырма жыл ішінде грузиндер, украиндар секілді соғыс өртін тұтатып, молдавандардай бөлініп кеткен жоқпыз. Кейбір елдердей томаға-тұйықтанып, әсірежаңашылдыққа ұрынған жоқпыз. Жерімізді бөлшектетпей, ұрыспай, таласпай, жақсы, сұлу торы аттай болып өттік өтпелі кезеңді. Бәрі бірден бола қойған жоқ. Орасан зор еңбек жатыр астарында. Халқымыздың осы кезде нендей қасиеті даралана көрінді? Кісілікті халықпыз. Сол кісілігіміз өзіндік келбетімізді сақтап қалды, орынсыз ұрыс-керіске барған жоқпыз, сабыр сақтай білдік. Ешкімге иілген де жоқпыз, ішкі арандатушыларға да, сырт саясаткерлерге де байсалдылықпен тойтарыс беріп, өзіміздің тұтастығымызды сақтап қалғанымыз ата-бабамыздан қалған кісілікті қасиетіміздің арқасы. Көшпенділік дәуірден бері бар қасиетіміздің жиынтығын айтсақ, бауырмалдығымыз да, қонақжайлылығымыз да, жатты жатсынбайтынымыз да айналып келгенде бір ғана кісілік қасиетімізге келіп тіреледі. Қазақ осы ұлттық мінезімен мың жасайды», дейді белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжан.

Қазақтың ұлттық мінезі тұрғысында даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының «Әр халық ұлттық мінезді сақтауды өзінен бастауы керек. Маған біреу дайындап береді деп күтпеуі керек», деп айтқаны бар. Осы сөз – cөз! Алма ағашының өзі өскен жерінде көгеретіні секілді, тіл, діл, дінімізді өз туған топырағында өгейсітпеу, жатқа бермеу – сіз бен бізге, намысымызға сын. Ұлттық санамызды, ана тілімізді, болмысымызды бұзбай сақтау – парызымыз. Отбасын қалай қорғасақ, ұлт мүддесін, Отанымызды, ел мен жерімізді де солай қорғауға тиіспіз. Кез келген ел, ұлт үш нәрсеге негізделеді, біріншісі – тілі, екіншісі – дәстүр-салты, үшіншісі – діні. Осы үш негізі болса, ол ел мәңгі жасайды. Бұл – сол елдің болашағы бар деген сөз. Бізде осы үш тіректің бәрі бар. Қазіргі жағдай екінің біріне белгілі. Жан-жақтан ұйытқып жел тұруда. Бірде былай, бірде олай иілеміз. Бірақ, біздің тамырымыз – үш тірегіміз аман болса, ұлы дарақтай өркен жая да беретін боламыз.

Әулие де, әмбие де, періште де, пір де емеспіз. Десек те, қазақ жерінде де жоғарыдағыдай кемелділікке жеткен тұлғалар болған. Осындай ғажайып болмыс иелерінің өмірін үлгі тұтып, ал көркем адам тәрбиесін Мәңгілік Ел идеясының түпқазығы етсек, оның еш артықтығы да жоқ. Әмісе көңіліміздегі көркем адам болуға, кемелділікке жетуге деген ынтызарлық оты суымасын, әлеумет!

 

Баймаханбет АХМЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ұқсас жаңалықтар