Қазіргі Жаңатас қаласы орналасқан жер 1928 жылы құрылған үлкен өмір жолынан өткен Сарысу ауданының жері болатын (кезінде Сырдария облысының, 1930 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданының территориясына жататын). Бүгінде «Теріскей» деп аталып жүрген киелі, қарт Қаратаудың шығыс беткейінде Бүркітті (кейбіреулер «Көксу» деп те атайтын) тау өзенінің бойында оншақты жатаған, тапал, мыжырайған, піспеген кірпіштен соғылған үйлерден тұратын, Бүркітті қыстағы болатын. Бұл жер тарихтың талай сырын бойына бүгіп жатқан еді. Ту сонау ықылым заманда жоңғарлармен, қалмақтармен білек тіресіп, талай ердің маңдай тері тамған, қара тастары қанға боялған киелі мекен бұл. Жергілікті халық шамалы мал шаруашылығымен және азын- аулақ диқандықпен айналысып, бау-бақша егіп, күн көретін. Қыстақ ортасында өткен жүзжылдықтың 60-65-ші жылдарына дейін жұмыс істеген шағын су диірмені болатын. Жергілікті халық жинаған егінін сол диірменге тарттырып, бидайды ұнға айналдырып жүретін. Үлкен жолдан қашық, айқай-шусыз бұйығы жатқан өңірде аса бір қайнап жатқан еңбек жоқ еді. Әркім өз тірлігін күйттеп, марғау өмір сүріп жатты.
...Балалық бал дәурен шағым сол Қаратаудың Көсегенің Көкжоны деп аталатын өңірінде өткендіктен, фосфорға бай кен орындарының қалай зерттелініп, ашылғанын, Бүркітті ауылының Жаңатас қаласына айналғаны күні кешегідей көз алдымда. 1950-ші жылдары арқаларына шағын қапшық (рюкзак) арқалап алған жез сақалды қонақ-кісілер, мезгіл-мезгіл ауылымызға соғып, тау етегіндегі Үшбас өзені жағасына шатыр-палаткалар құрып, қолдарына балға-қайла алып, апталап тау- тастарды кезіп жүретін. Көнекөз қариялардың бірі: «Бұлар – геологтар. Өңірімізде қандай қазбалы кен байлығы бар екенін зерттеп жүрген мамандар...» десе, енді біреулер: «Ой, не дейсің, мына біздің таулардан алтын табылыпты. Енді таяу жылдары кен орны ашылып, тауларды қазып, көшіріп, жоқ қылып жібереді екен», деп даурығып жүрді. Оған біреу сенсе, екіншісі сенбейтін. Сөйтіп, уақыт өте келе, Қаратау жоталарының бойындағы құнарлы тастың бірегей кен орындары кеңес заманында химия өнеркәсібінің қарқынды дамуына себеп болды.
Облысымыздағы Қаратау мен Жаңатас қалаларының пайда болуына қойнында пайдалы қазынасы мол Қаратау бойында шоғырланған фосфорит кен орындарының ашылуы өңірге жаңа леп алып келді. Анықтамаларға жүгінсек, Қаратау фосфорит алабының ұзындығы 100-120 километр, ені 25-30 километр. Ол кен орнын 1936 жылы геолог Иван Машкара Кіші Қаратау (Батыс Тянь- Шань) жотасында, Үшбас және Бүркітті өзендері бойында ұсақ түйірлі кремнийлі-карбонатты төмен кембрийлік фосфорит қабаттарын ашты. Ол осы аймақтағы кен орындарын ашуға 9 жылын арнады. Ал, 1937-1946 жылдары П.Безруков, Т.Быков, Б.Гиммельфарб, А.Соколов, тағы басқалар осы өңірден әртүрлі 40-тан аса үлкенді-кішілі кен орындар бар екенін анықтады. Бұл жылдары алаптағы фосфориттердің қоры 2 миллиард тонна деп бағаланған болатын. Жоғарыда есімі аталған геологтарға Қаратау-Жаңатас кен орындарын ашқаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлықтары берілді.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, 1946 жылы алаптың алғашқы кен орнын игеру басталып, Шолақтау кенті (қазіргі Қаратау) салынған. Мұнда Шолақтау фосфорит кен орны негізінде «Қаратау» кен-химия комбинаты іске қосылды. Осы комбинатқа қарайтын Ақсай, Шолақтау, Жаңатас, Көксу, Көкжон, Түйесай кендері бірінен соң бірі пайдаланылуға берілді. Бұл кен орындарындағы фосфориттердің жиынтық қалыңдығы 30-35 метр Қаратау фосфорит алабы фосфориттері фосфорит түйірлерінен құралған. Түйірлердің ірілігі 0,07-0,3 милиметр. Ірілігі 0,05-0,4 милиметр оолиттер түйісе қабықтанған. Фосфат, негізінен, фторапатиттен тұрады.
Қоры мен сапасы жағынан Қаратау фосфориттері дүние жүзінде алдыңғы қатардан орын алады. Мұндағы фосфор ангидридінің (Р2О5) мөлшері 3 27- 37 пайызды құрайды. 1960-1980 жылдары Қаратау алабына мемлекеттік үлкен маңыз беріліп, оны арнайы барлау үшін Жаңатас геологиялық-барлау экспедициясы ұйымдастырылған (ГРП). Фосфоритті горизонт ашылған жолақтың ішінде 49 жеке кен орны анықталған.
Қаратау фосфориттері қабаттық майда түйіршікті фосфориттер тобына жатады және түсі қою сұрдан қараға дейін тығыз, мықты плиткалы жыныстар болып табылады. Кен байлығын еліміздің «Казфосфат» компаниясы көп жылдардан бері пайдаланып, Тараздағы бірнеше кәсіпорын фосфор өнімдерін, тыңайтқыштар шығарып отыр.
«Жаңатас» атауы геологтардың карталарына тұңғыш рет 1939 жылы белгіленді. Кен іздеушілер партиясы Жон аймағындағы Қаратау кен аймағынан бұрын барланған барлық кен көздері қорынан әлдеқайда артық фосфор қабаттарының қалың жынысы жатқандығын айқындады. Жаңатастың фосфор байлығы 1939 жылы айқындалғанымен, оны иегеру 1964 жылы басталды. Сол жылы Бүркітті ауылы поселка атанып, болашақ қаланың іргетасы қаланды. Поселкалық кеңестің төрағасы болып Найманбай Белгібаев сайланды. 1963 жылдың қарашасында Қаратау-Бүркітті аралықта теміржол іске қосылды да, аймақта қызу еңбек басталып кетті.
1964 жылдың қарашасында «Жаңатас» кенішінің рудасына тұңғыш рет эксковаторщик Василий Иванниковтың эксковаторының шөміші тиді. Содан бастап карьерде қызу жұмыс басталып, фосфор өндірісі алға басты.
1969 жылы Қаратау мен Жаңатас арасындағы асфальт жол құрылысы аяқталды. Сол жылы Жаңатас қала атанып, бұрынғы фосфорит өндірісінің негізінде құрылған акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер жұмыс істей бастады. 1966 жылы Жаңатас қала типті поселканың төрағасы болып Азамат Сағындықов сайланды. Поселканың құрылысы екпінді жүргізіліп, су, электроэнергия жүйелері, жолдар салынды.
Қала 1973 жылы Бүкілодақтық комсомолдық құрылыс деп жарияланып, жас мамандар Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан және де басқа өңірлерден жолдамамен келіп, еңбек көркін қыздырды. Қайла мен техниканың күшімен үйлердің орындары нешебір қиындықтармен қазылып, іргетастары қаланды. Ауа райы да ыңғайлы емес: жазы тым ыстық, шаң-тозаңға толы жел тынбай соғады, қысы қытымыр, боранды, тұманды. Сол қиындықтарды жеңе біліп, жел-құйын ойнаған аңызақ жерге қала салушылардың еңбегін нағыз ерлікпен салыстыруға болар еді. Жаңатас қаласының бірінші басшысы Итен Әлімтаев деген іскер азамат болған. Басы жастыққа тимей қаланың өсуіне аянбай үлес қосты. Жаңатас қаласының дамуына әр жылдары «Қаратау» өндірістік бірлестігін басқарған А.Шеин, А.Недогон, М.Әбдіхалықов, С.Түйтебаев, М.Сәрсеновтердің көмегі мен қамқорлығы зор болды.
«Кезінде 55 мыңнан астам тұрғыны болған сәулеті мен дәулеті асып-тасқан, жарқырап, жайнаған қала Кеңес одағы ыдыраған 90-шы жылдары күтпеген күйзеліс-күйреуге ұшырап, жұмыс орындары тоқтап, халық не істерін білмей абдырап қалған жылдар болды. Бірнеше мыңдаған адам еңбек ететін Үй тұрғызу комбинаты (ДСК), Жөндеу-механикалық заводы (РМЗ) және де басқа кәсіпорындар ешкімге керек болмай, тоқтап қалды. Күн көрудің жолын іздеген тұрғындар «Болашағы жоқ қала» деп, пәтерлері мен үйлерін тастап басқа өңірлерге үдере көшті. Қаңырап бос қалған, есік-терезелері үңірейіп иесіз қалған үйлерді көру қиын еді. Біраз көпқабатты үйлердің қабырғалары «шағылып», арматуралары талан-таражға түсіп, шаңырақтары ортасына түсіп, үйлер қирап қалды. Қыста жылу берілмей, су жетпей, жарық берілмей, көпқабатты пәтерлерді көмірмен жылытып, қала тұрғындары шықпа жаным шықпа деп өмір сүрді. Тұрғындар саны күрт төмендеді. Қазір оның барлығы қорқынышты ертегідей болып көрінеді...
Бүгінгі таңда Жаңатас қаласының өмірі қайта жанданып келе жатқанын көріп жүрміз.
Уақытша қиыншылықтарға мойымай, оларды бір адамдай еңсере білген көпшілік қауым ертеңгі күнге зор үмітпен қарайды. Жақын болашақта қала маңында мемлекеттік маңызы бар ірі жобалар дайындалып, жүзеге асырылмақ. Қаланың болашағына сенемін», – дейді «Қаратау» өндірістік бірлестігін 20 жылға жуық абыроймен басқарған облысымыздың Құрметті азаматы, зейнеткер Муратқали Сәрсенов.
2014 жылдан бастап ресейлік «ЕвроХим» Қаратау фосфорит бассейнінің екі кен орнын игеруде. 2019 жылы Жаңатас қаласында сол жылдардағы Үкімет басшысының қатысуымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен әлемдегі жетекші минералды тыңайтқыштарды өндірушілердің бірі ресейлік «ЕвроХим» МХК» АҚ арасында минералды тыңайтқыштарды шығаратын зауытты салу және пайдалануға беру туралы инвестициялық келісімге қол қойылды. Жобаға инвестициялар көлемі шамамен 1 миллиард долларды құрайды, зауыттың қуаттылығы – жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш өндіру. Ресурстық базасы Қаратау фосфорлы бассейнінің кен орны болады. Өндіріс технологиясы қоршаған ортаға барынша аз әсер ете отырып, яғни, фосфогипс қалдықтарынсыз жоғары сапалы фосфорлы және кешенді тыңайтқыштар шығаруға мүмкіндік береді. Бір мезетте жылына 120 мың тоннаға жуық кальций хлориді мен кемінде 400 мың тонна дигидрат гипсі өндірілетін болады, бұл автожол, мұнай-газ өндіру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктерін өтейді деп болжануда. Бұл кәсіпорында 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген мәлімет бар.
Компания бүгіндері жылына 640 мың тонна фосфорит кенін шығарумен толық қуатына жетті. «ЕвроХим» қазіргі таңда Қазақстаннан фосфорит ұнын Краснодар өлкесіндегі «Белореченские минудобрения» зауытына жеткізеді, мұнда ол фосфат және күрделі минералды тыңайтқыштар шығару үшін қолданылады.
Қаратау фосфориттері Қазақстанның және шет елдердің көптеген химиялық өнеркәсіп орындарында пайдаланылады. Олардан минералды тыңайтқыштар, элементтік фосфор секілді халық шаруашылығына қажет заттар өндіріледі. Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Бұл «Қазфосфат» және «ЕвроХим» компаниялары химия саласының алыптары ауданда ғана емес, облыста тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп отыр.
– 1997 жылы Сарысу ауданы мен қала біріктіріліп, орталығы Жаңатас қаласы болып бекітілді. Бұл жылдар бедерінде қаладағы қаңырап, бос қалған үйлер қалпына келтіріліп, кезектерде тұрған азаматтарға берілді. Балабақшалар саны көбейді. Сандық телефон байланыс жүйесі іске қосылды. Кезінде жеке қолға өтіп кеткен қалалық Мәдениет үйі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жаңа мешіт үйі ашылды. Қаланы көгеріштендіру, абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілді. «Жеңіс» паркінде үлкен монументалды ескерткіш салынды.
Ауданымыздың келешегі зор, жылдан-жылға көркейіп келеді. Экономиканың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болып табылады. Ауыл шаруашылығымен бірге ауданда өнеркəсіп те дамуда. Аймағымызда ірі фосфорит кеніші бар. Фосфор өндірісінің қарқыны жарқын келешекке қарай аршынды қадам басуда. Орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл салаға аса көңіл бөлініп, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге өзіндік елеулі үлесін қосуда, кәсіпкерлік субъектілері белсенді жұмыс атқаруда. Ауданымыздың бірден-бір өндірістік саласы Қазақстан химия өнеркәсібінің ең ірі нысандары «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы және басқа да кәсіпорындар бүгінде өндіріс көлемін қарқындатып, даму үстінде. Бұл кәсіпорындардың өнім көлемі жылдан-жылға артуда, алға қойған мақсаттары айқын. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сол арқылы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігін тигізуде. Ауданды дамытуда Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен сәтті жобалар жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарламалар іске асып келеді. Ауданды дамытуға тың серпін беріп, алдағы уақытта да әлеуметтік- экономикалық, мәдени, рухани тұрғыдан өрістеп, дами түсетініне сеніміміз мол. Тұрғындардың берекелі тірлігінің арқасында көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Құрылыс саласы дамуда, қарапайым инфрақұрылымнан бастап, ауданды абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, саябақтарды жөндеу мен жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру, сонымен қатар қоғамдық көліктерді дамыту жұмыстары жандануда. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары іске асырылып келеді. Жаңатас қаласындағы иесіз қалған көпқабатты үйлер қайта қалпына келтіріліп, сондай-ақ спорт, балалар ойын алаңшалары салынып, тұрғындардың игілігіне ұсынылып жатыр. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасы күн өткен сайын нығайып келеді. Таяу жылдары жаңа аурухана ғимараты салынбақ. Осындай нәтижелі жұмыстарымыз тұрғындарымыздың бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі.
Қарт Қаратаудың жер қойнауы фосфорлы байлығымен танымал. Қаратау қойнауын бойлап жатқан кен орындарын игеруде және ауданымыздың дамуында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алар орны бөлек. Кәсіпорынның өнім өндіру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Аудан орталығы Жаңатас қаласының даму тарихы да кеншілер тарихымен, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» кәсіпорнымен тығыз байланыста. Қанатын кеңге жайып, дамудың даңғыл жолына түскен кеншілер шаһары жартығасырлық жастан асып, құрылғанына еңселі 55 жыл болып отыр. Аудан орталығына айналған Жаңатастың тарихын ақтарсақ, қиын- қыстау кезеңдерді артта қалдырып, талай соқпақты жолдардан аман қалды.
Бүгінде өңірдің тынысы қайта ашылып, өндіріс өркендеп, жаңаша қарқын алды. Жаңатас қаласында қазір 23 мыңнан аса халық бар. «Өндіріс қаласы» атанған шаһарда алпауыт зауыттар заманға ілесіп, жұмыстарын жандандыруда. Қаланың инфрақұрылымы дамып, түрлі нысандар салынып жатыр. Атқарған жұмыстар көп. Алдағы жоспар ауқымды.
Биыл 55 жылдық мерейтой қарсаңында да «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң талаптарына сәйкес Жаңатас қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Қала құраушы және қала экономикасының қарқынды дамуының негізі «өңдеу өнеркәсібі» болып табылады. Қаланың экономикалық әлеуметтік дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Өндіріс ошақтары мен өндіріс көлемі үлкейген сайын, инфрақұрылым жүргізу мүмкіндіктері көбейеді. Бүгінгі күнге 5 ірі өңдеу өнеркәсібі («Еврохим» ЖШС, «Қазфосфат» ТКӨК, «Жарас» мұнай өңдеу зауыты, «Асыл тұз» соляная компания» ЖШС, «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыты) тұрақты түрде жұмыс істеуде. Биылғы жыл ішінде қала аумағында 15 бюджеттік жоба іске асырылып, 7 бюджеттік жобаның жөндеу жұмыстары атқарылды. Иә, ертеңнен үміт мол. Жаңатас қаласында 155 төсекке арналған орталық аурухана, 500 адамға арналған орталық емхана, Мәдениет үйі, кітапханалар, Халық театры, неміс, славян орталықтары жұмыс істейді. Көпсалалы техникалық колледж, 2 кәсіптік-техникалық лицей, жалпы білім беру мектептері, балабақшалар мен спорт мектептері, демалыс саябақтары бар. Жақын уақытта және келешекте қаланың әлеуметтік- экономикалық, мәдени, рухани тұрғыдан қайта өрістеп, дами түсетініне ешқандай күмән жоқ. Бүгінгі таңда қолға алынып жатқан барлық істер соны толық айғақтап отыр. Біздің мақсатымыз – елмен тығыз араласу, халыққа мемлекеттік қолдауларды кеңінен жеткізіп, өзекті мәселелерді шешу жөнінде тиісті шаралар қабылдау. Қаламыз айшықталып келеді. Ажары кіріп, көрікті нысандар көптеп салынып жатыр. Қабылданған «Жаңғырған Жаңатас» жобасы қолға алынып, ірі кәсіпкерлердің қолдауымен қаланың дамуына көп мүмкіншілік туып отыр, – дейді Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов.
Иә, жыл өткен сайын жасарып, жайнап, қанатын кеңге жайып келе жатқан Жаңатас шаһары туралы жаза отырып, оған арналған жырлар, әндер, тіпті халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» деген романы барын, ол туындысы үшін заңғар қаламгер Мемлекеттік сыйлық иегері болғанын айтпай кетуге болмас. Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин де көп жылдар бойы өңір тарихын, Жаңатас қаласының шежіресін өндіре жазып жүр. Белгілі ақын, композитор Тынышбай Рахимов пен жергілікті композитор Төлеу Үшқоңыров та Жаңатасқа арнап бірнеше ән жазған. Ынтымақ Шерәлиев «Сарысуым» деген әнінде:
«Қойнынан маржан шашқан Жаңатасым,
Тебіреніп салған әнің жарасатын.
Ізі бар ғасырларда – Жібек жолы,
Жоғалтпас елің барда,
Кең байтақ жерің барда парасатың»,
– деп Жаңатастың болашағына үлкен сеніммен қарауға үміттендіреді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
Жамбыл облысы және Сарысу ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді