Мүмкін, менен басқа оқушылар да оқитын шығар. Сонда ғой ойлайтынмын «ол қалай балаға үйретуден жалықпайды екен?..» деп.
Бастауышта алғаш қолымызға қалам ұстатып, әліпті таяқ деп білмейтін біздерге Әліппені үйреткен Рая Ыдырысова, Райхан Жүзбаева есімді мұғалімдеріміздің бізге деген ықыласы ма, жоқ табандылығы ма, әйтеуір сабаққа деген ынтамыз зор болды. Дегенмен, сыныпта үйренуге ықыласы жоқ тентек сүрей балалар да болды. Оларға қанша үйреткенмен өз дегені, өз танымы бар балалар еді. Соларға қалай шыдайды екен деп ойлатынмын. «Мұғалім – мектептің жүрегі» дегендей, олардың мейірімі мен мектепке, балаларға деген махаббаттары бар қиындықты жеңеді екен ғой.
Ұстаз – ақыл мен білімнің, ілімнің ұстасы. Ол өз бойындағы бар асыл қасиеттерін шәкірттерінің бойына еккісі келеді. Ең соңғы сәтіне дейін антына адал болады. Кешегілерден қалған ізге ой жүгіртсек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлтты сүю – мінезден» дейді. Ал, Жүсіпбек Аймауытов «Қазақты тура жолға бастайтын да, адастыратын да – оқығаны» дейді. Оқығаны адастырмас үшін біліммен тәрбие қатар жүруі керек. Бұл екеуін бала бойына дарытатын нағыз ұстазды халық қадір тұтады. Осы орайда, ғажайып ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі де еске түседі.
Мектепті бітірер жылы мамандық таңдаудың машақаты басталғанда өз басым көп ойланбастан ұстаз болам деп шештім. Алға қойған мақсатымды орындап, жоғары оқу орнын бітіріп, Тараз қаласындағы сол кезеңдегі Айша Бердешқызы басқаратын ең үздік мектеп-гимназияға конкурс арқылы өтіп, бастауыш сынып жетекшісі болып жұмысқа қабылдандым. Ол жерде екі жыл мықты ұстаздардың ұстаханасынан өттім. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген тәмсілдің ақиқат екеніне көз жеткіздім. Кейін өмір ағымымен Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясына ауыстым. Ұстаздыққа кіріскен күннен бастап аудан тарихын зерттеп, зерделедім. Тарих қойнауына көз жіберсек, Байзақтан шыққан тау тұлға азаматтар жеткілікті. Әріге бармай-ақ, мектеп-гимназияға аты берілген Нығметулла Киікбаевтың өзі тарих ғылымдарының докторы, профессор. Тұңғыш оқу коммунасын ашып, Әулиеата уезінің алғашқы оқу комиссары қызметін атқарған Сыдық Абланов та Байзақтың түлегі. Айта берсек, елге танымал болған Арғынбай Бекбосын, тұңғыш олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Әл-Тарази, танымал журналист, ақын Нәзира Бердалы, халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан Бекбенбетов, айтыс ақыны Әзімбек Жаңқұлиев, сазгер Есжан Әміров те осы қасиетті өлкеде туып-өсіп, осында мектеп бітіріп, ел-жұртқа жасаған қызметімен танылған бірегей тұлғалар. Осындай қасиетті жерде еңбек етіп, елге қызмет жасау кімге де болса зор қуаныш. Ондай биікке қол жеткізу бар да, оны абыроймен атқару – үлкен жауапкершілік жүктейді. Ел алдындағы, шәкірттер мен мектеп алдындағы, әріптестерім – ұстаздар алдындағы ұлы міндеттің салмағын атан түйе тартып кете алмайтынын мен жан-жүрегіммен сезінем және сол дәрежеде болу үшін бар болмысыммен қызмет етемін.
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында қызмет еткелі менің қолына қалам ұстатып, «Әліппені» үйреткен шәкірттерім өткен жылы мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Әрине, мен тек алғашқы төрт жылында ғана олармен бірге болдым. Бірақ, сол төрт жылда олар менің бөлінбес бөлшегіме айналды. Солар қуанса, мен де қуандым. Солар ренжісе, менің жүрегім қоса ауырды, қысқасы өз баламдай болып кетті. Жоғары сыныпқа ауыстырарда мұғалімнің қимастық қиналысын тек ұстаз болған жандар ғана түсінеді.
«Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз», – дейді Лев Толстой. Сірә, сол рас болар. Тағы да Абай хакімге оралар болсақ, «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» депті бір сөзінде ұлт абызы. Мен тұсауын кескен шәкірттерім сол он жылда тосын жағдайға ұрынып, тентектік, сотқарлық жасамапты. Ендеше шәкірттерімнің бойында адамшылықтың нәрі болғаны ғой. Демек, хакімнің тәмсілін орындаппын. Ол да бір бақыт. Ой-тебіренісімнің соңын тағы бір даналық сөзбен түйіндесем, «Жай мұғалім хабарлайды. Жақсы мұғалім түсіндіреді. Керемет мұғалім көрсетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Менің арманым да сол – шабыттандырсам, шіркін. Ұстаз деген ардақты атқа кір шалдырмасам болғаны. Шәкірттерім күтіп қалған шығар, сабаққа кірейін!
Айгүл ИМАНАЛИЕВА,
Н.Киікбаев атындағы мектеп гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді