Қай уақытта болмасын, қоғамның ілгері басуымен бірге келе жатқан ерекше құндылықтарымыздың бірі – білім мен тәрбие. Білім мен тәрбиенің қайнар көзі отбасынан басталғанымен, жас ұрпақтың тұла бойына педагог ұстаздан дариды. Ұстаздың жан-жақты тәрбиелі әрі терең біліммен мықтап қаруландырған оқушысы ғана келешекте Отанына үздік қызмет ете а латын болады. Сондықтан, өзінен кейінгі кішілерге, айналасына, қоршаған ортасына өнегелі үлгі көрсететін озық ойлы шәкірт тәрбиелеп шығару, елінің қарыштап дамуына зор үлес қосуға тырысатын нағыз патриот та белсенді азамат дайындау әрбір мұғалімнің арманы, басты мақсаты.
Біздің заманымыздың педагогтері бүгінде оқушыларға сабақ оқытып, тек пәнді ғана үйретіп қоймайды. Олар – балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін қалыптастыруға да зор ықпал ететін негізгі тұлға, қозғаушы күш. Кәсіби тұрғыдан үнемі ізденіп, жаңашылдықтар мен өзгерістерге дайын болып отыратын мұғалімдер қауымы осынау жоғары атқа лайық. Өйткені, олар ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын саналады.
«Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі барлық білім қызметкерлерінің шамшырағы іспетті. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету ісі мемлекетіміздің тарапынан басты жолға қойылып отыр. Соңғы бес жылда ұстаздардың жалақысы екі есеге өсті. Былтыр балабақша тәрбиешілерінің айлығы отыз пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән берілуде. «Болашақ» бағдарламасымен төрт жылда 220-дан астам педагог шетелде оқып келген. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап та күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы екі жарым есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән берілуде.
Балалардың уақыт талабына сай озық білім алуы үшін, ауыл мектептеріне де барлық жағдай жасалынуда. «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылуда.
Президенттің айтуынша, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие берілу керек. Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы қажет.
Осы бағытта облысымыздада қыруар шаруалар атқарылуда. Оқушы орнының жетіспеушілігін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен бірқатар ауданда білім беру мекемелері салынып, оқушылар игілігіне берілді. Онда функционалды және қауіпсіз білім беру ортасын құруға қатты назар аударылған.
«Қазақстанда білім беру сапасын жақсартудың жаңа кезеңі» бағдарламасы аясында мақсатты мектептерді дамыту үшін өңірде 20 жобалық кеңсе құрылған. Биыл 943 мектеппен жұмыс істеу үшін 327 білікті әдіскер таңдалыпты. Олардың 75 пайызы «педагог- зерттеуші» немесе «педагог-шебер». Облыста 6 аудан мен Тараз қаласынан барлығы 60 мақсатты мектеп анықталған. Мақсатты мектептерді әдістемелік қолдау жүргізуге облыстық оқу-әдістемелік кабинеттерден жиырма әдіскер бекітілген. Бұл – мақсатты мектептерге сапалы білім беру деңгейін жақсарту үшін қажетті қолдау шараларын іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаға еліміздегі Алтынсарин академиясы, «Талдау», «Өрлеу» және Назарбаев Зияткерлік мектептері сияқты білім беру ұйымдары да қатысуда.
Бүгінде 1239 білім ұясы, 248 мыңнан астам оқушысы бар аймағымыздың білім қызметкерлері де «Ұстаз, ұстаз емес өз шәкірті үшін күймесе, Шәкірт – шәкірт емес өз ұстазын сүймесе» деген Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың жоғары бағасына лайық қызмет атқарып жатқандығын үлкен мақтанышпен мойындағанымыз жөн.
Ел ертеңінің иесін білімге баулу, жақсылық пен игілікке оқыту, жүректеріне адами қасиеттерді ұялатып, бағыт- бағдар беру миссиясын мүлтіксіз орындап жүрген ұстаздарға ұлы құрмет көрсетілуі қажет. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Мектептің жаны – мұғалім. Жүрегі – мұғалім. Ендеше, батыр Баукең, Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз».
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді