Дүниеде осы қасиеттермен қатар, енжарлық деп аталатын кеселдің қоса-қабат ілесіп келе жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. «Жаудан қорықпа, азар болса өлтірер. Достан қорықпа, азар болса сатып кетер. Бәрінен де енжардан, енжарлықтан қорық. Ол өзі өлтірмес, өзі сатып та кетпес. Бірақ екеуін де үндемей-ақ тындырар», деген ертеден айтылып келе жатқан нақыл бар.
Күрескерлік пен енжарлықтың жолы екі басқа екендігі сөзсіз. Қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер мен құбылыстардан шет қалып, оған бейжай қарап, «қай жеңгенің менікі», деп қарап тұру нағыз енжарлықтың белгісі. Белсенді ұстанымы жоқ, айқын көзқарасы қалыптаспаған, өмірлік тұжырымы кенжелеп қалған, қоғамның диалектикалық дамуы туралы түсінігі шамалы кейбір енжар адамдардың мемлекет ісіне араласпайтындығы жасырын емес. Әсіресе, еліміздегі түрлі саяси науқандарға қатыспай, азаматтық ұстанымдарын білдірмей, қоғам дамуына ықпалы тиер ой-пікірлерін ортаға салмай, тысқары қалатын енжарлықты неге айтпасқа.
Алдағы 6 қазан күні қазақ жерінде атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткелі отыр. Міне, осы аса маңызды мәселе жөнінде ел тұрғындары тереңірек ойланып, таразыға салып, науқанға белсене қатысуға даяр ма? Жоқ, әлде, баяғы енжарлықтарына салып, «маған бәрібір» деген қасаң қағидамен қалатын болса, дауыс беруден жалтарып, ел мен жер тағдырына жеңіл-желпі қарайтын болса, онда Қазақ елінің көші қандай бағыт алып, қай қиырға қарай қадам баспақ? Кемел келешегімізге бастайтын ұлы мұраттарға қалай қол жеткізбек? Мемлекет ісіне араласу дегеніміз міне осындай маңызды оқиғаларға белсене атсалысуы болса керек. Өйткені, бұл референдумда халық пікірі ескерілетіндігі даусыз. Бұл науқаннан шет қалу – енжарлыққа жол беру деген сөз.
Жазушы Дулат Исабеков кезінде ғылыми ахуал туралы өз естелігінде баяндап, ойларын ортаға салғаны бар.
«Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген нақыл бар қазақта. Осы төртеу дегеніміз кім? Бірінші топ – басшы, екінші топ – ғалымдар, үшінші топ – байлар, төртінші топ – тақуалар екен. Осы төртеуді халқымыз аса жоғары бағалап, қасиетті топтар қатарына жатқызған. Осыларға имандай сенім артқан. Қандай қиын-қыстау заман болмасын бар ауыртпалықтан алып шығар елдің наркескен тұлғалары деп білген. Осы төртеу түгел болса төбедегі келеді екен. Бүгінде төртеудің арқасында төбедегі келіп жүр ме? Халық осы төртеуге үміт артып, сенім білдіре ме? Сенімге лайық іс-қимылды көріп отыр ма?»
Сол секілді «Ғылым мен мәдениет жоқ жерде дін төрге шығады. Дін қазір тарамданып бөлініп жатыр. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс – зерттеп, зерделеп, елге түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Кейде біз осы отыз жылда не бітірдік деп ойласам, мешіт пен тойхана салуды үйреніппіз. Той тойлауды меңгеріппіз. Бүкіл дүние жүзінде той туралы, би жайлы, құда жайлы ән шығарудан бізге ешкім шақ келмейді. Әңгіме – ертеңге немен барамыз? Болашақ ұрпаққа нені аманат етеміз? Мемлекетімізді қалай өркендетеміз? Ең басты құндылық – адам екенін қайтіп көрсетеміз? Тілімізді қалай сақтап қаламыз? Дарынды, оқыған жастарымызды қашан, қалай елге қайтарамыз? – деп кім ойланар екен?» Қазақстанның халық артисі Талғат Теменовтің дәл осылай толғанып, осылай алаңдауын түсінуге болады.
Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың ұлтының ұлы қорғаушысы болып, тер төгіп жүрген толассыз күресін қалай айтпасқа.
Осыдан 33 жыл бұрын 15-16 қыркүйек күндері Қазақстанның дербестігі мен аумақтық тұтастығына дау айтып, Орал облысын бөліп әкетпекші болған Ресей казактарының арандату әрекеті бой көрсетті. Бұл оқиға қазақ жұртын дүр сілкіндірді. Казактар одағы «Орал казак автономиялы облысының егемендігі» туралы декларациясын жариялаған болатын. Сондай-ақ, казактардың патшалық Ресейге қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпекші болған. Арам пиғылды казактардың мерекесін болдырмау үшін еліміздің әр аймағынан ер азаматтар атқа қонды. Солардың сапында Абдолла Бақбергенұлы бастаған «Азат» партиясының бір топ мүшелері Тараздан Оралға аттанды. Жамбылдық азаматтар сан жағынан да, белсенділік жағынан да көш ілгері екендіктерін көрсетті. Сап түзеп, шеру өткізбекші болған жүздеген казактармен бетпе-бет келіп, текетіресіп, жұдырықтай жұмылды. Кері қайтпай табандап тұрып алды. Қақтығыс болып қалу мүмкіндігі де жақындап қалған. Қазақтың ақын қызы Айсұлу Қадырбаева екі топтың ортасына ақ орамал тастап, аналық ақ тілегін айтып, қақтығыстың алдын алған. Осыдан кейін екі жақ та амалсыз тарқаған. Қазақтың қайсар жігіттері осы бір айтулы сын сәттерде көзсіз ерліктерімен көрініп, жалпақ елінің ыстық ықыластарына бөленді. Диванда жайбарақат жатып алмай, енжарлық деген кесапатты кейін серпіп тастап, ұлтының ар-намысын ту етіп ұстап, асқан қаҺармандық танытты.
«Ұлттың атасы – тарих, ұлттың анасы – тіл, ұлттың қаруы – салт-дәстүрі» екендігі әлімсақтан белгілі. Құдайдан кейін қорқатын нәрсе, ол –дәстүр бұзушылық», дейді Ахмет Байтұрсынұлы. «Мен қазір дәстүр бұзғандардан қорқамын. Мен мың қазақтың ішінен шын қазақ іздеп жүрмін. Өйткені, қазір біздің бойымыздан қазақы қасиеттер жоғалып бара жатыр», деп жазады белгілі актер Бекжан Тұрыс. Осы айтылғандардың растығына бүгінде көз жеткізу қиын емес. Күнделікті өмірде айна-қатесіз көріп жүрген көріністер осы сөзіміздің дәлелі.
Осыдан сегіз жыл бұрын көпқабатты тас үйден жер үйге көшіп келдім. Қалың қазақ тұратын көшедегі жаңа қонысқа келіп жайғастым. Қазақтың салт-дәстүрінде жаңадан орталарына келіп жатқан көршіге «қоныс құтты болсын» немесе «көш көлікті болсын» деп жақсы тілек айтатыны бар емес пе? Бұрындары жылы шырай танытып, «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп жақсы араласып, туысқандай жарасып кететіні бар еді ғой. Ерулік беріп, үй көрсететін. Біраз уақыт өтті, көршілерім тым-тырыс. Ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын, тіпті ұмытылып кеткен дүние сияқты. Іштей мазаландым. Бұл қазақтарға не болған? Ата салтын ұмытқан якут, тува, саха секілді ұлтқа айналғаны ма? – деген ойға берілдім.
Бірнеше айдан кейін шыдай алмай көршілерді өз үйіме шақырып, дәм бердім. Кім екенімді, қайдан келгенімді айттым. Не істеп, не қойып жүргенімді баян еттім. «Алты күн аш болсаң да, ата жолыңды ұмытпа» деген ата-баба дәстүріне тоқталдым. «Заңдардың арғы атасы – салт-дәстүр. Арғы атасына тартпаған заң – тексіз, шата» деген Нарша ақынның сөзін естеріне салдым.
«Маңғыстау облысы Түркіменстанға беріліп кетуге айнаоғанда, СССР Ғылым академиясының президенті, академик Келдыш арқылы шырылдап жүріп Маңғыстауды Қазақстан құрамында алып қалған Сәтбаев» дейді өз естелігінде тарихшы Самат Өтениязов. («Қазақ үні» газеті, №33, 19.08.2024 ж.)
Осы күні адамдарға не болған? Неге бір-бірінен суып барады? Ештеңеге қызығып, ештеңеге зауқы соқпайтын сияқты. Енжар, селқос, қабақтары түсіңкі. Қарақан бастарының қамын ойлаған күйбең тірліктен қолдары босамайтын тәрізді. Бір-бірімен істері болмай, күн көрудің мехнатымен өмір кешкен бұларға қандай өкпе айтарсың? Бір-бірінің есігін ашпақ тұрмақ, сәлем беруге ерінетін, сәлем бергісі келмей теріс қарап тұратын, салқын амандасатын кейбір кісілерді көріп қынжыласың. Неге олай? Оған кім кінәлі? Ер Түріктің баласы, Ұлы даланың текті ұрпағы мен қайсар ұлдары енжарлыққа қалай бой алдырды? Рухани дағдарыс дегеніміз осы ма? Енжарлық етек алған заманға тап болдық па? Енжарлық бізді қайда апарады?
Енжар адамнан патриот та шықпайды. Ал, патриот адам ешқашан енжар болмайды. Оның жүрегі Отан деп соғады, ұлт мүддесі үшін белін буып, күреске шығады.
«Жаратқан жанымды алсаң, алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім».
Осылай жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағалидың азаматтық үнін қапысыз ұғасың. Ел мен жер тағдырына енжар қарамаудың үлгісін көрсетіп кеткен даналығына сүйсінесің. Азамат ретінде еліңе иелік етіп, ұланғайыр міндеттерінің бір қанатында жүріп, оның өркендеуіне тамшыдай болса да өз үлесіңді қосудан артық не бар?! Енжарлық пен немкеттілік деген ескі психологиямен өмір сүрудің заманы өткен. Сол психологияны өзгертіп, санамызды оятып, қоғамдық белсенділікке бет бұратын кез келді. Сенің енжарлығың – мемлекет ісіне, халық пен қоғам тағдырына енжарлығың болып саналады. Ендеше енжарлықтан арылатын заман туды, ағайын!
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді