«Өмір деген самғау мен кідірістер»

«Өмір деген самғау мен кідірістер»
Ашық дереккөз
КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы Сәулембай Әбсадықұлы жетпіс бес жасқа толып отыр. Мерейлі мереке қарсаңында ардагер-журналистке бірнеше сауалдар қойған едік. Төменде орайы келген әңгіменің сүбелі дегендерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Сіз алпыс жылдан астам бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еттіңіз. Әлі де қолыңыздан қаламыңыз түскен жоқ. Осы уақытқа дейін қырықтан астам кітаптың авторы атандыңыз. Осыншама тер төгіп жүріп, өмірде шаршаған сәттеріңіз көп болған шығар?

– Менің өмірім соғыстан кейінгі жылдарға дөп келді. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Талас ауданы, Үшарал ауылында, №1-ші фермасында өстім. Ұзына жолдың бойында орналасқан кішкене ауылда жүз отбасы тұрыпты. Ол кезде елдің соғыстан кейін естерін енді жинап, ел бола бастаған кезі. Бәрі бауырлас, бір үзім нан болса бөлісетін. Ақ пейіл, ақкөңіл, арамдықтан ада ауыл адамдарының жақсылығын көріп өстім. Сол үшін тағдырыма ризамын. Осы елді мекенде бастауыш мектепті бітірген соң Үшарал ауылына барып, оқуды жалғастырдық. Жоқшылық кезі ғой, бірақ сыйластық күшті заман. Алпысыншы жылдары шопан балалары үшін ауылда мектеп-интернаты ашылды. Сол жерде оқыдық. Ол кездің ұстаздары ерекше болатын. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімізде мектепке Меркі ауданынан тоғызыншы сыныпқа Күләш Ахметова әпкеміз келді. Ол кісі жібектей сызылған, нәзік ақын болып шықты. Әпкенің де бізге деген қамқорлығы әлі күнге дейін есімнен шықпайды. Өмірде жақсы жандардың жолығуы – өсіп келе жатқан буын үшін өте бақыт екен. Әйтпесе, менің шимай-шатпақ өлеңдерім өркен жаймас еді. Солардың мақтаулары, жылы сөздері мені өсірді. Алтыншы сыныптан бастап алғашқы өлеңім, мақалаларым «Қазақстан пионері» газетіне, аудандық «Ленин жолы» газетіне шыға бастады.

– Үшарал орта мектебін бітіргеннен кейінгі өмір соқпақтарыңыз қалай өрбіді?

– 1967 жылы мектепті бітірген соң қолымызға аттестатты ұстата салған жоқ. Қара жұмысқа жегілдім. Еңбегім ескеріліп, 1970 жылы көпшілік-мәдени жұмыстарының ұйымдастырушыларының республикалық байқауына қатысып, 19 облыстың ішінен озып, лауреат атандым. Ауыл қуанып, мен масаттанып жүргенде әскер қатарына алды да кетті. Оқуым үзілді. Оны бітіріп келген соң ғана 1973 жылы қайтадан тарих факультетіне құжат тапсырып, оқуға түстім. Әскер қатарынан оралып, аудандағы автоклубтың меңгерушісі қызметін атқарып жүргенмін. Өмірдің заңы ғой, біз де өстік, шығармашылығымыз дамыды. Редакцияға сол жылдары Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Телғара Үсенбайұлы сияқты талантты жігіттер қызметке келді.

– Әулиеата жұртшылығы сіздің «Асыл Мұра» журналыңызды іздеп жүріп оқитынына талай мәрте көзім жетті. Журнал неге жабылып қалды?

– Мына нарықтық заманда Үкіметтің қолдауынсыз газет-журнал шығарамын деу майданға мылтықсыз барумен бірдей. Өзің айтып отырған журналды 2012-2022 жылдар арасында өлермендікпен шығардым. Қазақтың тарихын, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін оқырмандарға насихаттағым келді. Жазбаған, айтпаған тақырыбымыз қалған жоқ. Әлі күнге дейін оқырмандар «Журнал жақсы еді, сол бұрынғы сандарын қайталап оқып жүрміз» дейді. Соған да қуанып қаламын.

– Сізді аудан халқы қаламгер ретінде ғана емес, Талас ауданының Билер кеңесінің төрағасы ретінде жақсы таниды. Осы қоғамдық ұйымның қалыптасуына көп еңбек сіңіргеніңізді естіп жүрміз.

– Иә, Талас аудандық Билер кеңесі 2018 жылы қазан айында құрылды. Тура алты жыл өтті. Ақсақалдар сенім көрсетіп мені Алқа билердің төрағасы етіп сайлады. Міндетті мойныма алған соң шегінетін не бар?! Құдайға шүкір, Билер институтын қалыптастырдық. Қазір аудан бойынша 67 би сайланған. Солардың 57-сі арнайы курстан өтіп, сертификат алған. Алты жылдың ішінде аудан бойынша біздің Билер кеңесі 700-ге жуық дау-дамайды қарады. Солардың 80 пайызы сотқа жеткізілмей шешімін тапты.

Талас аудандық Билер кеңесінің іс-тәжірибесі облыста, республикада мақұлданып, біздің ұйымды «Тірек пункті» деп жариялады. Соған қарағанда, Билер кеңесінің жұмысы қоғамға ауадай қажет деп санаймын. Тіпті кейбіреулер, біздің билерді іздеп, дау-дамайларын шешіп беруге сұранып жатады. Алайда, Билер кеңесінің жұмысын ширату үшін, оған заңдық мәртебе беру жөнінде тиісті органдарға ұсыныс жасап жүрміз. Ол үшін Медиация туралы заңға «Би» атауын енгізсе жетіп жатыр. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Билер алқасының жұмысы батыс елдерінде қалыптасқан. Соңғы кездері Қазақстанда да Алқа билер институты қалыптасып, сотпен бірдей мәртебеге ие болып отыр. Алла қаласа, Билердің мәртебесін көтеру үшін Парламент тиісті заң жобаларына толықтырулар енгізеді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Индира ЕРКІНҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қаратау қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар