«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақал-мәтелге мән берсек...

Мақал-мәтелге мән берсек...
Ашық дереккөз
Бәріміз де күнделікті көріп жүрміз, қазір әсіресе жастар арасында «жаргон» сөздерді көп қолданады. Әлеуметтік желіде сөздерді қысқартып жазып, бірнеше сөзді біріктіріп айтып жүр. Бұл ана тіліміздің сөздік қорына залалын тигізетіні айдан анық. «Сөз мәйегі – мақал-мәтел» деп халық бекер айтпаса керек. Сөзімізді түзеу үшін мақал-мәтелдерді көбірек пайдаланып, кейінгі жастарды да осыған тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан, мақал-мәтелдерді кеңінен насихаттайтын арнайы бір күнді белгілесек деген ұсынысымды айтқым келеді.

Иә, қазір елімізде барлық мамандық бойынша кәсіби мерекелер де, басқа да адами құндылықтарды дәріптейтін атаулы күндер де бар. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрге арналған мерекелер бүкілхалықтық сипатта болғандықтан, оны ел болып тойлаймыз. Өйткені, ол мереке – елдігіміздің белгісі. Мейлі ол халықаралық, мемлекеттік болсын, кәсіби болсын, кез келген мереке адамды отаншылдыққа, достыққа, адамгершілікке баулитын, жақсы істерге үндейтін болғаны жөн. Шүкіршілік, ондай мерекелер баршылық. Кітап күні, домбыра күні – осыған айғақ. Бұл екеуінде отаншылдық та, рухани тәрбие де бар. Сол секілді мақал-мәтелдерге де тым болмаса жастарды оқытып, тәрбиелейтін оқу орындарында бір күн белгіленсе екен. Сол күні мақал-мәтелдерге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылса, балалар да жаттап алар еді. Мақал-мәтел жаттаған баланың тілі тозбайды, ойы азбайды. Себебі, оның тереңінде тәрбиелік мән бар.

Қазақтың шешендік өнерінде мақал-мәтелдің орны бөлек. Кез келген әңгіменің тұздығы десек те болғандай. Әңгіменің әрін, сөздің дәмін кіргізіп, айтар ойыңды айшықтап тұрады.

Рас, елімізде әр аймақта әртүрлі деңгейде батагөйлер сайысы, маржан сөзді терген айтыстар өткізіліп келеді. Байқап отырсаң, олар да айтар ойларын мақал-мәтелмен тұздықтап жатады.

Мақал-мәтел мектеп оқулықтарында да бар. Көшедегі, алаңдардағы, мәдениет үйі, клуб секілді қоғамдық орындардағы көрнекі үгіт-насихат құралдары сипатында ілінген плакат, билбордтарда да мақал-мәтелдер жазылған. Сөйте тұра балаларымыздың мақал-мәтелді түсінуі көңіл көншітпейді. Себебі, жастар өзі жаттамайынша олардың тілдік қорына енбейді. Сондықтан мақал-мәтелдерді кеңінен танытып, тарататын күн керек. Оқу орындары өздері бір күнді белгілеп, жасөспірімдер арасында арнайы тақырыпты таңдап, соған қарай мақал айтудан жарыстар немесе басқа да іс-шаралар өткізсе. Бала өзі айтып тұрған мақал-мәтелдің мәнін, мағынасын, айтар ойының ымырасын, ишарасын, астарын түсінетін, оны ұғынықты етіп айтып бере алатындай болуы керек. Тіпті, жарысқа қатысушы ең алдымен мақал мен мәтелдің мәнін ажырата білетін, айтып бере алатындай дәрежеде дайындалғаны дұрыс. Бұл ұсынысым ұлағатты жандардың назарына ілініп, қолдау тапса, ұтарымыз көп болмақ.

 

Аймахан КӨРПЕЛДЕСОВ,

ардагерлер қозғалысының белсендісі.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар