Халықаралық сипаттағы іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының, туризм саласы бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Ауқымды жиынның шымылдығын ашқан Әбілхайыр Ғалымұлы аталған көрменің өңірдің туристік әлеуеті үшін мән-маңызын айшықтап берді.
– Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл іс-шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға деп санауға болады. Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 65 қаласы енген. Ал, біздің қасиетті Тараз қаласы осы тізімге 56-шы болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін иеленді. Біздің сүйікті қаламыз осы тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болды. Бүгінгі халықаралық көрмені өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту, танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланттары мен талғамдарына қолдау көрсету. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді, – деді Әбілхайыр Тамабек.
Одан әрі көрмеге келген меймандар арнайы баспасөз конференциясына қатысып, тарихи Тараз туралы лебіздерімен бөлісті.
– Киелі Тараз жерінде, ұрпақтан ұрпаққа ұлттық өнерді насихаттап, әлемдік қолөнершілердің халықаралық қауымдастығының мүшесі атанған шаһарда өз елімнің атынан өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Іс-шараға қатысушы барлық шеберлерді, әріптестерімді бүгінгі қолөнер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Қырғызстан Республикасы қолөнершілер қауымдастығының президенті Нұрзат Жээнбекқызы. Сондай-ақ, жиынға Санта-Фе халықаралық қолөнер көрмесінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ өкілі Lopez Carol Robertson, Тәжікстан өкілі Ахмадчон Одилович, «Хунарманд» қауымдастығының жетекшісі Сухроб Шодиев, Кувейт қолөнер қауымдастығының төрағасы Хусейн Али Албаззаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад Хани Аль-Каддуми қатысып, шаһар басшысы Бақытжан Орынбековке қонақжайлылық үшін алғыс білдірді.
Бұл оқиға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан сияқты түрлі елдерден 200-ден астам қолөнершілерді, сондай-ақ Қазақстанның түрлі өңірлерінің өкілдерін тарта отырып, өңірдегі ең ірі мәдени-туристік алаңдардың біріне айналды. Ресми бөлімнен кейін меймандардың барлығы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағында орналасқан «Қолөнершілер қаласына» ат басын бұрып, онда жергілікті қолөнершілер өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Мұнда «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Раушан Иманалидің жетекшілігімен жүннен, киізден және басқа да материалдардан әзірленген бірегей қолдан жасалған бұйымдар таныстырылды. Көрмеге арнайы қатысқан қолөнершілер Елена Медведская мен Әлия Дүйсетаева қолдан бұйым жасау процесі ләззат әкелетін басты хоббиге айналғанын атап өтті.
Көрме барысында шеберлер өткен дәуірлердің қолөнершілері жасаған тарихи бұйымдармен, сондай-ақ, заманауи өнер бұйымдарымен танысты. Шеберлерді қолдауға ерекше назар аударылды. Олар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз жұмыстарын көрсетті. Сонымен қатар, көрме қолөнершілер, мәдени ұйымдардың өкілдері мен әлеуетті сатып алушылар арасында байланыс орнатудың тамаша алаңына айналды.
Халықаралық қолөнершілер көрмесі Таразда мәдени туризмді ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Аталған іс-шара Халықаралық қоғамның назарын аудара отырып, қаланың қолөнер және мәдениет орталығы ретіндегі мәртебесін арттырады. Көрме жойылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын сақтауға, шеберлерді қолдауға және қолөнер өндірісін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етуде.
– Біз үшін шілтер тоқу – жай ғана қолөнер емес, шыдамдылық пен шеберлікті қажет ететін өнер. Бұйымдардың әрбір бөлігі, мейлі ол сырға болсын, көйлек болсын, диаметрі 0,95 сантиметр болатын ең сапалы жіптер мен ілгектерді пайдаланып, қолмен жасалады. Бұл процесс көп уақытты алуы мүмкін, бірақ нәтиже әрқашан төккен терімізді бірнеше есе ақтайды. Мысалы, бұл техникада көйлек тоқу үшін шамамен екі жыл қажет. Біз дәстүрлі техниканы сақтау және дамыту, оларды келесі ұрпаққа табыстау маңызды деп санаймыз. Өйткені, шілтер тоқу – бұл сақталуы керек қастерлі мәдени мұраның бөлігі. Тараздағы көрме сияқты халықаралық іс-шараларға қатысу жаңа бұйымдарға шабыт беріп қана қоймай, түрлі елдердің шеберлерімен тәжірибе алмасуға жол ашады. Таразға сыйлық ретінде біз әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген жіптерден тоқылған бірегей бұйым – мойын жағасын табыстадық. Осылайша, біз шілтер тоқу өнері бүкіл әлемді біріктіретінін көрсеткіміз келді, – деді Ресейден келген қолөнершілер Александр мен Маргарита Бортниковтар.
Көрменің үш күндік бағдарламасы қолөнер бұйымдарын көрсету ғана емес, сонымен қатар бай мәдени және білім беру бағдарламаларын да қамтитынын атап өткен жөн. Келушілер кәдесыйлар жәрмеңкесін, сән көрсетілімдерін, қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын тамашалауда. Сондай-ақ, жас қолөнершілер «Тараз мотивтері» атты қолөнершілер байқауына қатысып жатыр. Айта кету керек, іс-шара үлкен гала-концертке ұласып, шет елден келген меймандар Тараздың тарихи орындарын араламақ.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді