ТЖД хабарлайды

ТЖД хабарлайды
Ашық дереккөз
Республикалық жиынға қатысты Жақында жамбылдық құтқарушылар Алматы облысының «Тамғалы тас» шатқалында орналасқан оқу-жаттығу полигонында құтқару бөлімшелерінің «Қазқұтқару – 2024» республикалық жиын-семинарына қатысты.

Жиында еліміздің әр аймағынан келген 17 команданың мүшелері техногендік апат жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары бойынша көпсайыста жарысты. Мұнда командалардың басты міндеті барлық кезеңдерде «зардап шеккендерді» және «қаза болғандарды» іздеп табу, оларды шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсету және қауіпсіз жерге эвакуациялау болды. Аталған шараға облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының 14 құтқарушысы қатысты. Командалар алдымен «Жартасты блок» кезеңінен өтіп, одан әрі «Құлау», «Каньон», «Лабиринт», «Тау жағдайындағы құтқару жұмыстары», «Жол-көлік және теміржол оқиғасы», «Химия» және «Форт» түрінен жарысқа түсті. Командалар алдын ала жүргізілген жеребеге сәйкес жарысып, әр кезеңнің қорытындысы бойынша ең мықты қатысушылар анықталып отырды. Республикалық жиын-семинарда жамбылдық құтқарушылар жақсы нәтиже көрсеткенін атап өткен жөн.

100-ден астам шақыртуға шықты

Облыстың құтқарушылары бір апта ішінде жүзден астам шақыртуға шықты.

Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «101» және «112» нөмірлеріне келіп түскен шақырту орындарына Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мен Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, сондай-ақ Медициналық апаттар орталығы мен Төтенше жағдайлар басқармасы мен бөлімдердің құтқарушылары жедел шықты. Олар тұрғын үйлердің шатырлары мен бастырмалардағы, қорадағы өрт оқиғаларына, дүңгіршектер, шөпханалар мен автокөліктердегі, тұрғын үй балконындағы және тағы басқа шақыртуларда өрт сөндіру және авариялық-құтқару секілді тиісті жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, өрт оқиғаларына 15 рет, қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғаларына – 104, авариялық-құтқару жұмыстарына – 4, расталмаған жану жағдайларына 4 рет жедел шықты. Жоғарыда аталған өрт оқиғалары мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендер мен қаза тапқандар болмағанын айта кеткен жөн.

Осыған орай төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, балалар мен қарт кісілерді мүмкіндігінше қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, үйдің маңындағы арықтарды және ауланы, балконды қоқыстардан тазартып, өртке жол бермеуге шақырады. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.

«Avataria» орталығындағы оқу-жаттығу

Тараз қаласындағы «Avataria» сауда және ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Аталған шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 45 адам мен 8 техника жұмылдырылып, бір автосаты қолданылды.

Атап айтқанда, жиынға Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы, Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары қатысты. Өрт-тактикалық жаттығудың негізгі мақсаты адамдар көп шоғырланған ғимараттардағы өрттерді сөндіру және жеке құрамды қаладағы ғимараттардың өзіндік ерекшеліктерімен тәжірибелік тұрғыдан таныстыру болып табылды.

Жоспарға сәйкес, өрт аталған ғимараттың екінші қабатындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алды. Аталған сауда және ойын-сауық орталығының қызметшілері өрт сөндіру қызметіне шұғыл хабарлап, олар келіп жеткенге дейін адамдарды көшіру, өрт сөндіргіш және өзге де қолжетімді құралдарды пайдалану арқылы өртті сөндіруге кірісті. Жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Шақырту орнында 6 газ-түтіннен қорғау буыны құрылды. Шартты өрт алаңы 150 шаршыметрді құрады. Құтқарушылар қызыл жалын мен қалың түтін ішінде тепловизор құралын қолданумен 4 адамды іздеп-тауып құтқарды. Құтқарылған адамдарды Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырып, оларға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, ауруханаға жөнелтілді.

Өз деңгейінде өткізілген шара соңында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері сауда және ойын-сауық орталығының қызметшілеріне өрт сөндіргішті қалай қолдану қажеттігі туралы түсіндірді. Ал өрт сөндіруші-құтқарушылар ғимараттың өзіндік ерекшеліктерімен танысты.

Әлем чемпионатына қатысқан әріптеске құрмет

Еліміздің құрама командасы өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша өткен әлем чемпионатынан жүлдемен оралды. Олар жақында Қытай Халық республикасының Харвин қаласында ерлер арасында өткен ХІХ және әйелдер арасындағы Х әлем чемпионатына қатысып, бақтарын сынады.

Әлемнің он бір елінен командалар қатысқан жарыста өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша еліміздің әйелдер құрама командасы жүлделі үшінші орынды иеленсе, ерлер құрама командасы бесінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, әлемдік чемпионатта қазақстандық команданың мүшелері 6 ұлттық рекордты жаңартты. Құрама қатарында біздің облыстан департаменттің азаматтық қорғау қызметкері, спортшы Данил Пузиков өнер көрсетті. Бұған дейін елімізде өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша өткен чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған мықты спортшы Д.Пузиковты әріптестері ерекше қошеметпен күтіп алды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар