Ен даланың табысын арттырған «Еламан»

Ен даланың табысын арттырған «Еламан»
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда ауылдағы көзі ашық азаматтарға кәсібін дамыту аса өзекті. Кәсіптің көзін тапқан – байлықтың өзін табады. Оған шаруа азаматтардың көздері әбден жеткен. Сондай іскер азаматтың бірі – Қызыләуіт ауылдық округінде орналасқан «Еламан» шаруа қожалығының иесі Ербол Әділов.

Аталған шаруа қожалық төрағасы Ербол Әділов нағыз істің адамы екенін ауылдастары сүйсініп айтады. Әкесі Абсат фермада есепші болып қызмет істеген көзі ашық кісі болыпты. Шаруаға икемді баласы Ерболға болысып, құжаттарын бірге әзірлесіп, шаруа қожалықты ашуына жол көрсеткен де асқар тау әкесі. Абсат қария 2005 жылы 78 жасында өмірден озыпты. Ал, оның жары Шакира Естайқызы қазір тоқсан жасқа келіп отыр. Баласынан ағайын туыстың жағдайын, шаруаның жайын сұрап отырады.

Шаруа қожалық 2001 жылдан бері жұмыс істейді. 1200 гектар жайылымдық жері бар. Шаруа қожалық егін шаруашылығына да мән береді. Малдың жемін де өздері өсірген бидай мен жүгеріден дайындап жүр. Мал азығының өзіңнен шығып тұруы шығынды едәуір азайтады.

Әуелі қолындағы бар мал басын көбейтіп, өсіруге күш салды. «Мал баққанға бітеді» дегендей, аз жылда саулық қойлары өз төлінен өсе бастады. Қазіргі таңда шаруа қожалықтағы жылқы саны – 61 болса, мүйізді ірі қара саны – 25. Түйе саны 320-ға жетіп жығылды. Жыл аралап төлдейтін ойсыл қара тұқымы бұл шаруа қожалық үшін ыңғайлы. Бір қырды ассаң, түйенің сүйіп жейтін шөбі жантақ кездеседі. Жантақты гүлдеген кезінде маялап жинап қояды. Қыстың аяз қысқан күндерінде жиналып тұрған жантақ топ түйені тойдырады. Жантақ жеген түйенің күйі кетпейді. Бұл қожалықтағы қойдың саны – 1900 бас. Яғни, үш отар көлемінде. Түйіндеп айтқан кезде, Ербол Абсатұлының қожалығында бұрынғы үлкен фермадағы малдың жартысы бар деп айтуға болады. Кеңшардың бір фермасы кемінде 15-16 отар малдан құралып, әр фермада кемі 60 адам жұмыс істеді. Қазір жарты ферманың малын 10-12 адам игеріп, бағып-баптап, өсіріп отыр. Қожалықта үш трактор бар. Олардың тіркемелері, мал азығын дайындауға арналған агрегаттары толық бар. «Еламан» шаруа қожалығы техника жағынан аса қиындық көріп отырған жоқ. Тракторларды уақтылы жөндеп, қажетті бөлшектерін майлап, дөңгелектерін сайлап, дайындап қою – қожалық төрағасының дағдысы.

2022 жылдан бастап мұнда малды асылдандыру жұмыстары қолға алынды. Ербол Әділовтың бұл қадамын құптауға болады. Себебі, асыл тұқымды малдың жөні де, бағасы да бөлек. Қатардағы бір малдың бағасынан 10 есе қымбат. Мәселен, қатардағы еділбай қойдың бағасы 60 мың теңге болса, асыл тұқымды ірі малдар 600-700 мың теңгеге бағаланады. Сондықтан, шаруа қожалық басшысы тиімді жолды таңдап отыр. Оның қалай жүзеге асатынын алдағы уақыт көрсетеді. Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Ғабидулла Байкенжеев: «Округ аумағындағы ең ірі қожалықтың бірі – осы «Еламан». Жұмыстары бір жүйеге түскен. Төраға Ербол Әділовтың өзі уақытпен санаспайды. Жұмыс таңдамайды. Қазір атына мініп жылқыларды түгендеп келсе, екі сағаттан кейін тракторды өзі жүргізіп, шөп тасымалдау жұмысына да бара салады. Себебі, заман іскердікі екенін түсінеді. Қожалық іріленген сайын мемлекет тарапынан көретін қолдаулары да көбейіп келеді. Былтыр мемлекет тарапынан 98 миллион теңгеге мал өсіріп отырған базына дейін 15 шақырым қашықтыққа жарық тартылды. Қазір бұл шаруа қожалықта мал шаруашылығында еңбек етіп жүрген малшыларға рахат. Күні бойы бейнет кешіп, малдың жағдайын жасағанымен, кешке теледидар қарауға, демалуға мүмкіндіктері бар. Себебі, интернет тартып тұр. Біз де аталған шаруа қожалықтың ісіне риза боламыз. Шаруа қожалық төрағасы кейде ауылдағы мерекелік іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға демеуші болатыны бар. «Еламан» шаруа қожалығы іскерлік табысқа жетелейтінін дәлелдеп отыр», – деді. Ал, аталған қожалықтағы шопан Серік Қадіралин: «Осында жұмыс істеп жатқаныма 14 жыл болған. Шүкір, еңбегімді бағалайды. Жалақымызды жақсы төлеп, мал төлдеу аяқталған кезде қозы-лақпен де есептесіп қояды. Ол дегеніңіз – жылына бір берілетін үлкен көлемдегі сыйақы. Шаруашылыққа адалдық танытып, бір орында еңбек етіп келе жатырмын. Ал, шаруа қожалық та еңбекті бағалаудан жалыққан емес, – деді. Аталған шаруа қожалықтың механизаторы Әріпжан Жаңабаев: «Осында жұмысқа келгеніме 2 жылдан асты. Трактор жүргіземін. Шөп жинау науқаны кезінде жалақым 250-300 мың теңгеге барады. Жұмысты барша ықыласыммен істеймін, себебі, еңбегім әділ бағаланып жатыр» – дейді. Ал, шаруа қожалық төрағасы Ербол Әділов: «Кім кімге де шаруа қожалық ашу оңай емес. Ең алғаш әкем бағыт бергеннен кейін белсене кірісіп, қожалық аштық. Қазір оның жұмысы қалыпқа түсіп келеді. Еңбекшілер де менің талабыма үйренді. Төлеп жатқан жалақыма көңілдері толады. Орташа жалақы – 180 мың теңге. Әрине, мал шаруашылығын асылдандыруда бірқатар мәселе де бар. Дегенмен, біраз табысқа да жете бастағанымыз рас. Алдағы уақытта да мал басын көбетуге күш сала беремін», – дейді.

Ауылға ірі-ірі шаруашылықтардың құрылғаны тиімді. Сонда олардан түсетін салық та жақсы болады. Бұл туралы шаруа қожалық төрағасы Ербол Әділов: «Төрт түлік малды өсіріп жатырмыз. Атакәсібіміз ғой. Қазір малшы, тракторшыны табу оңай емес. Дегенмен, ұзақ жылдардан бері қожалықта тұрақты жұмыс істеп жүргендер бар. Бұл – менің лайықты жұмыс істеп жатқанымды көрсетеді. Еңбек адамының еңбегін әділ бағалау аса маңызды. Сол әділ бағалаудың арқасында жұмысым жүріп жатыр. Еңбеккерлер риза деп ойлаймын. Ал, тракторды қожалықтағы кімнің қолы бос, сол азамат жүргізе береді. Мысалы, өзім де қолым тиген кезде трактор тізгіндеп, кез келген жұмысты істей беремін. Себебі, мен үшін жұмыстың жүргені маңызды. Мемлекет тарапынан да қолдау көріп келемін. Бір сөзбен айтқанда, маңдай терді төгіп жүріп шаруа қожалықты көтердім. Қазір шаруа қожалық мені көтеріп отыр. Кәсібімізге қарай нәсібіміз болып жатқаны қуанышты», – дейді.

Міне, нағыз іскер азаматтың қол жеткен табысы. Еңбектеріне қарай табыс тауып, балаларын оқытуға, бас құрауға қолдары жетіп отырған еңбеккерлер де бар мұнда. Олар да жұмыстың маңызын айрықша түсінгендер. Ал, түсіністік бар жерде табыс та болатыны белгілі.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар