«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» демекші, Жуалы ауданының Күреңбел ауылындағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі – «Нұран» шаруа қожалығы. 2004 жылдан бастап Сәулембек Көмекбаевтың басшылығымен жұмыс істеп келеді. Алғаш құрылған жылдары 20 гектардай ғана егістік алқабы болған шаруашылық, қазір астық өндіріп, оны өңдеумен және жоңышқа тұқымын экспортқа шығарумен айналысады.
Ауылдағы ағайынның негізгі тірлігі мал және егін шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, шаруашылық басшысы астық дәнін тазалайтын қондырғыларды өз қаражатына сатып ала бастаған. Қазір сағатына 6-7 тоннаға дейін дән тазалауға мүмкіндігі бар, 2023 жылы Қытайда жасалған екі дана қуатты қондырғы ауыл тұрғындарының астығын тазалауға қызмет көрсетуде. Қондырғылардың мүмкіндігі өте зор. Оның үстіне қондырғыны техникаға тіркеп алып алыс ауылдарға да қатынап, арпа, бидай және мақсары дәнін тазалауға болады. Одан бөлек, шаруашылықта жоңышқа тұқымын жоғары сапада тазалайтын екі бірдей неміс қондырғысы да орнатылған.
Мұнда тұқым тазалау ісі атқаратын жұмыстың ең басты бағытының бірі. Шаруа қожалық басшылығы ауыл тұрғындарынан нарықтық бағада астық қабылдап, оны тазалап, зауыттарға өткізеді. Ал, шаруа қожалық жұмысының негізгі бағыттарының тағы бірі – малға жем тарту. Ол үшін тұқым тазалайтын цехта арпа-бидай дәнін майдалайтын «КДУ» деп аталатын қуатты украин қондырғысы орнатылған. Астық тұқымын тазалап, өңдеумен айналысатын «Нұран» шаруа қожалығы, бұдан бөлек, 20 гектарда арпа, тағы 20 гектарда мақсары дақылдарын өсірсе, мал азығына деп егілген 18 гектар жоңышқалық алқабы тағы бар.
Сандық жүйенің дамығанының тағы бір дәлелі – ауыл шаруашылығына арналған астық дәнін жақсы өсіп жетілуі үшін тыңайтқыш шашатын дрон. Астық түсімін молайту ісінің кенжелеп қалғанын және дәннің сапасын арттыруды алға мақсат етіп қойған шаруашылық жақында егістікті минералды тыңайтқыш арқылы өңдейтін ауыл шаруашылығы дронын (пилотсыз ұшу аппараты) сатып алып, қызметтеріне жаратуда. Егін шаруашылығына ең қажетті бұл шетелдік дронның жалпы құны 13 миллион теңгені құрайды. Жұмыстың жақсы жүруі үшін оны шаруашылық егесі өзінің жеке қаражатына сатып алғанын айтады.
Мүмкіндігі мың түрлі дронның не артықшылы бар дерсіз? Ол егін алқаптарына барлау жасауға таптырмас құрал. Жоғары сапалы бейнелер мен деректерді алу егін алқаптарының жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Соның ішінде, өсімдіктің, яғни егіннің қандай жағдайда екенін де бағалай алады. Дрондар арнайы камералармен жабдықталады, бұл өсімдіктердің жағдайын анықтауға көмектеседі. Осы арқылы шаруалар ауру мен зиянкестерді ерте анықтап, тиісті шаралар қолдана алады.
Одан бөлек, су тапшылығын, топырақтағы ылғалдылық деңгейін анықтап, суару жүйелерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде су ресурстарын үнемдеуге және өсімдіктердің дұрыс суарылуына ықпал етеді. Тыңайтқыштар мен пестицидтерді дәлме-дәл мөлшерде қолдануға көмектеседі. Әрі нақты белгілі бір аумақты қамтуға мүмкіндік береді. Бұл химиялық заттарды үнемдеуге және қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізеді.
Сәулембек Көмекбаев мұндай жаңа тәсілмен жұмыс істейтін заманауи дронның ауыл шаруашылығына пайдасы туралы таныстарынан естіп, кейіннен бұл туралы өзі де іздене бастаған. Мұндай қондырғы әзірге Қазақстанның өзінде санаулы ғана болғанымен, тірліктің тасын өрге сүйреген табанды азамат іздегеніне қол жеткізген. Қазір дронның көмегімен шамамен бір сағат уақытта 20 гектар алқапқа тыңайтқыш шашуға болады. Аталған құрылғымен шаруашылық иесі ауылдағы шаруалардың да арпа, бидай және жоңышқа алқаптарын арнайы препараттармен өңдеуге көмек көрсетіп жүрген көрінеді. Егістік алқабындағы дақылдарға себуге Қазақстанда өндірілген өз еліміздің өнімін қолдау мақсатында арнайы «Биомелиорант» тыңайтқышы деп аталатын сұйық препаратты қолданады. Шаруа қожалық иесі «Ол өзіміздің өңірде өндірілуде. Оның құрамында 12 түрлі пайдалы компонент бар. Дронның көмегімен биыл байқалып отырған қуаңшылық кезінде алқаптарды сақтап, сонымен қатар, биотыңайтқыштар беру арқылы өнімділікті көбейтсек деген ойымыз бар», – дейді. Қазіргі таңда егін егуде ерекше көмек беретін бұл дронға түсетін тапсырыстар да аз емес.
Назерке ОҢҒАР,
журналист.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді