«Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын», деді Президент.
Бүгінгі таңда облысымызда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріске енгізу жұмыстары табысты жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру аймақта бес бағытта жүргізілуде. Атап айтсақ, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру.
– Соңғы жылдары цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Мамандар өңдеу өнеркәсібін толық автоматтандыруға арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді қолдану арқылы өндірістегі табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол екенін айтады. Осы орайда облысымыздағы өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріске цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде Тараз қаласы мен Жамбыл, Шу, Сарысу, Мойынқұм мен Талас аудандарында орналасқан үлкенді-кішілі зауыттар қазірдің өзінде өндіріске цифрлық технологияларды енгізген. Жалпы, соңғы жылдары, цифрлық технологиялар енгізу бағытында жұмыс атқарып жатқан кәсіпорындардың қатары артып келеді, – дейді басқарма басшысы.
Цифрландыру өте қымбат процесс. Сарапшылардың пікірінше, технологиялық қайта жарақтандыруға байланысты ең төменгі шығын 5 миллион долларға бағаланады және оны Қазақстанның барлық кәсіпорындары көтере алмайды екен. Дегенмен, цифрлық экономиканы нығайту ұлттық экономиканың өсуіне ықпал ететінін ескерсек, мемлекет пен кәсіпорындар оны дамыту үшін ішкі және сыртқы ресурстарды табуы қажет. Өйткені, кез келген технологиялық серпіліс жоғары білікті жұмыс күшін қажет етеді. Сондай-ақ, электрондық сауданы дамыту аясында жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде жүздеген шағын және орта кәсіпкерлік нысан онлайн кассалық аппаратпен жабдықталған (WEB-касса аппарат). Өткен аймен салыстырғанда кассалық аппарат бірнеше пайызға өскен. Пандемиядан кейінгі жылдары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қосымша өз қызметтерін онлайн түрде де көрсетуге көшті. Жалпы, цифрландырудың дамуымен және карантиндік шараларға байланысты онлайн форматқа жаппай көшу – электрондық сауданың дамуына да жол ашты.
Қолдағы смартфон арқылы-ақ қазір онлайн сауданы жүргізіп, табыс табуға мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде бізде барлық нарықтық құрылымдар онлайн режимге көшкен. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де бірнеше есеге өскен. Мәселен, республика бойынша осы жылдың бір тоқсанында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2019 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 43 пайызға, ал 2018 жылдың толық жылындағы көрсеткіштерден 28 есеге артқан. Интернет пен ұялы телефон арқылы жасалған онлайн төлемдер қолма-қол ақшасыз төлемдердің 84,2 пайызын құраған. Nasdaq мәліметтері бойынша, 2040 жылға қарай барлық сатып алулардың 95 пайызы онлайн режимде жүзеге асырылады. Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюымен қатар, электрондық коммерцияның көрсеткіштері де өсуде. Егер 2018-2019 жылдары электронды сауда үлесі тиісінше 2,9 және 3,8 пайызды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 4 есеге дейін өскен. Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алған интернет пайдаланушылардың үлесі бүгінде 20 пайызға дейін артқан.
Бүгінде біз күнделікті тұтынуға арналған қарапайым тауарлардан бастап, сирек және эксклюзивті заттарға дейін, жалпы кез келген нәрсені үйде отырып-ақ, онлайн сатып ала аламыз. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, біздегі онлайн сатып алынатын тауарлардың ең көп тараған санаттарының қатарында киім, аяқ киім, спорт тауарлары, шаруашылыққа арналған тауарлар, дәрілер, байланыс қызметтері, азық-түлік екен. Тек бұлар ғана емес, онлайн сауда арқылы қазақстандықтар үлкен көлемдегі заттарды да сатып алуда. Ауыл шаруашылығы саласы да цифрландырылуда. Қазіргі таңда бұл салада 24 қызмет түрі цифрландырылса, «Qoldau.kz» сервисінде 17 субсидиялау бағдарламасы автоматтандырылған. Оның ішінде егін шаруашылығы саласы бойынша бес бағыты субсидияланса, мал шаруашылығында – екі бағыт, қалғаны агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға бағытталған.
Биыл облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтің 94 пайызы электронды түрде көрсетілген. Бұдан бөлек, жайылым мен егістік алқаптар да электронды картаға енгізіліп отыр. Жалпы, облыста алғаш рет ауыл шаруашылығы техникалары GPS бақылау технологиясы (жүргізушісі жоқ) жұмысқа қосылды. Сонымен қатар, алдағы жылы егін шаруашылығы саласында заманауи цифрлық тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйесінің бірнешеуін енгізу жоспарлануда. Қорыта айтқанда, цифрландыру барлық салада басымдыққа ие бола түспек.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді