– Мейрамбек Мылтықбайұлы, қазір қоғам мен кеңістік туралы қанша адам болса, соншама пікір не болмаса көзқарастар айтылады. Бұған, тіпті, таңғалуға да болмайтын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс жайында сіз не ойлайсыз?
– Даналық дидарында жүрген ұлы адамдар не айтар еді деп мен де жүз ойланып, ел қатарлы жүз толғанамын. Бірақ, бір тоқтамға келтірген жауабын таба алмайтын адамдар күн санап көбеймесе, азаятын түрі жоқ-ау деймін.
Жер бетінде қай қиырдан қарасаңыз да түрлі деңгейдегі ғұламалар мен саясаткерлердің, байлықтың кілтін ұстаған алпауыттар мен небір данышпан, ақылды адамдардың көзқарастары қайшыласып, пікір алуандығы деп кесіп-пішіп айта қоятын өлшемдер де көп әрі кейбір жағдайда қалыпты шеңберден шығып кеткен сияқты.
Бұл адамзат дамуының аса бір аспандап, жаңа технологиялар мен цифрлық ғаламаттардың құдіретті ғасырының тигізген пайдасының қиялдағыдан да артып, ақыл-ойдың шарықтау кезеңіндегі көріністер ме, кім білсін?!
Ал, енді өз ішімізде де бұл біртүрлі, аласапыран пікірге «көміліп» қалғандаймыз.
Алысқа бармай-ақ, жай ғана өз ішіміздегі бір-екі әлеуметтік мәселені келтірейік.
Тіл ұшында ылғи тұратын «Қоғам, қайда барасың?» деген ортақ сауалдың аясында «Осы қаптаған тойдан маза кетті. Тоқтату керек пе, әлде оны азайтқанымыз жөн бе?» деген ақылдасу ишаратында жеке ойыңызды әлеуметтік желіге жүктеп жіберіңізші, не болар екен? Не қолдағанын, не құптағанын аңғартудың орнына сол той төңірегінде сырттай қиқу салдырған пікірталастың ақырында бір-бірін тілдеп, ауыр сөздер айтып, дүниесі шашылған, дарақылығы басым, көп кісілердің «қатардан қалмайық» деп қарызға батып жасаған тойлардан жеңіл жолмен мол ақша табатын белгілі кәсіп иелерінің, әншілер мен асабалардың жеті атасына дейін жеткізіп, ал кеп жазғырамыз. Сынап, мінеп жатамыз.Түпкі мәніне тоқтам жасау мүлдем естен шығады, тоқшылық пен молшылықтың көрінісін бере ме, қызық қуу ма әлде, біз айтпақ болған негізгі мәселе ұмыт қалады. Бұл жайында сіздердің газетте де талай мәрте жазылды, бірақ соған ой-пікірін жолдаған оқырман бар ма, өзі? Адамдарда немқұрайлық басым.
Қоғамның ең жанды, ең мәнді буыны білім мен мәдениет десек, той-томалаққа құмарлықтың салдары да бар емес пе, ол – керекті алтын уақытын бір-бірінен ұрлау мен жоғалтудың жағдайы.
Тойдың түрлері мен қандай да бір қуанышты атап өтудің барлық жағынан мағыналы, ұлттық дәстүрді сақтап, есте қалатындай ықшам және айшықты етудің шешімі әлі табылар, оған дейін көбінесе қажеттілігінен гөрі мақтаншақтық не ұланасыр бәсекелік кейіптен бас тартатын түріміз жоқ. Бұл қашанға дейін созылатынын дәл айту қиын әзірге.
Айтары бар азаматтардың парасатты, қоғамды сауықтыруға себі бар ой-көзқарастарын елеп, дереу іліп алып кетіп жатқан қоғамдық ұйымдар да жоқ.
Кейде «қоғам бір жақта, билік бір жақта» деп орынды-орынсыз айтылып қалатын пікірдің негізі жоқ деуге келмейді, бұл осындай әлеуметтік-рухани мәселеге қатысты тұжырымды пайымның жасалмауынан болса керек.
Бүгінгі күннің іс-әрекетіне, ыңғайсыз, әдептен озған түрлі мінез-құлқына қарап, кейде тәуелсіздіктің қадір -қасиетін әлі де тереңінен түсіне алмай жүрген жоқпыз ба деп ойланып қаламыз. Ескі жүйенің кем-кетігі мен олқылықтарының салдарынан сол кездегі билікті былай қойғанда, сыбайлас жемқорлық пен ұрлық-қарлық жас балалардың да жүрегін жаулап алғанын жасыруға болмайды. Қайсыбір жылы, тәуелсіз әлеуметтанушылар жүргізген зерттеулерге сүйенсек,14-16 жастағы мектеп оқушыларының 65 пайызы «бәрін ақшамен шешуге болады» деген көзқараста жүрген сыңайлы. Бұл жақсы емес.
Біз жас ұрпақтың санасынан осы өте жағымсыз, сенім мен үмітке көлеңке түсіріп, адамның ар-ожданына күйе жағатын көзқарас пен түсініктен түбегейлі кетуіміз керек.
«Әділетті Қазақстан» құру ісіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай нәрсеге тойтарыс беру қадамдары жасалуда. Алайда, бұл қалың бұқаралық сипатқа қашан ие болады? Әңгіме осында.
Сіз бен біз, сондықтан үлкен-кіші демей, қарапайым өмір шындығы мен адал еңбектің ұштасуынан жақсы іске күрескерлікті үндейтін кісілік үлгінің жолын ашып, идеологиялық жағына зор мән бергеніміз абзал.
Бұл аса жауапты ұлттық тәлім-тәрбие ісіне біздіңше, ең бірінші кезекте бала оқытқан мұғалімнің кәсіби біліктілігі, әділетті ұстанымы және кісілік қасиеттері өте ықпалды болуы қажет. Мектеп қандай болса, мұғалім де сондай. Түлеп ұшқан түлектері де сол көз үйренген, сол ортаңқол деңгейде қалып қоюы мүмкін. Қазір «жауап нұсқаларын жаттағыш ұрпақ» қатары өсіп, жетілді. Бүгінгі шәкірттердің тұрпаты бөлектеу, олар тек сұрақтың дайын жауап нұсқаларының әйтеуір бірін белгілей салуға бейім болып алды. Ал, дүниетаным, білім көкжиегін кеңейту деген ізденіске толы еңбекпен келеді.
Мектеп – мемлекеттің тірегі. Біз дәл осы қағиданы биік төрде ұстауымыз керек. Өткеннің зиялы жолын бүгінгі трендпен ұштастыру арқылы жаңа заман биігінен табыла алмаса, жас ұрпақты ертеңінен айырамыз.
Тіл мен ділдің тағдырының түпкі тамыры жаңашыл мектептен нәр алады, екіншіден, ұлттық намыс пен отаншыл ұрпақты, жаңа заман талаптары мен мүддесіне сай адамдарды тәрбиелеп шығара аламыз.Заман талабына сай зерделі мұғалім сөз жоқ, ұлттың ары мен иммунитеті бола алады.
Қазіргі ел саясатында ұлт сапасын білім және өркенді мәдени қарым-қатынастармен қалыптастыруға терең мән беріп отырғанда бүгінгі және ертеңгі қазақстандық мұғалім образының қадір-қасиетіне көзқарасымыз да, ішкі сеніміміз де шынайы және тұрақты болуы өте маңызды.
– Елдік мінез танытуға әркімнің де ішкі даярлығы болуы қажеттігін сезіну, жанжүрегімен ұлтқа қызмет етудің қарызы мен парызын түйсіну туралы аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Әйтсе де біздің зиялы тұлғалар көп жағдайда үнсіз қалуда. Неге?
– Рас, бұл мәселе төңірегінде жиі айтамыз. Солай болуы керек те, өйткені заманына қарай зиялы тұлғалар шығады. Өмірдің заңдылығына ешкім қарсы тұра алмайды. Кешегі өліара шақта ел рухын қайта тірілтетін, қазақтың маңдайалды ұл-қыздарының ұлттық намысы мен өжеттілігіне, тіптен жанкештілігіне күш-қуат беріп, бір-біріне қанат бітірген ұлттық идеяның ұраны мен мақсаты болды. Қазір ойға алып, көктей шолып қарасаң, ХХ ғасыр тоғысында Жаратқан ием халқымызға даңқты перзенттерді молынан берген-ақ екен.
Біз, бәріміз де, әсіресе, аға буын тәуелсіз жаңа қоғамға бір ыңғайда, бір ниетпен өттік деу қиын. Бірақ, егемендіктің елең-алаңында біздің бетке ұстар алыптарымыз бен ардақтыларымыз шынайы қайраткерлік көрсеткеніне разы көңіліміз ешқашан суымайды.
Дей тұра, көңіліміз неге алаңдайды? Қазіргі ұшқыр уақыт және қоғамның қарқынды даму үрдісі мемлекет пен ұлттық саяси қайраткерлерді, жалпы ардақты арыстарымызды алаламай, әр дәуір мен кезеңнің саясатына қарай дербес ел болу мұратына сәйкес тарихи еңбектерін әділ бағалауды қажет ететіні анық сезілуде. Әйтпесе, әйгілі күрескер адамдар мен қайраткерлерді бір-біріне қарсы қойып, жас ұрпақты шатастырып жүргендердің «даурықпасына» дем берген ұшқары, екіұдай қалдыратын пікірлер де орын ала бастаған-ды. Міне, осы жағдайда Мемлекет басшысының Түркістанда және Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Алаштың ардақтыларына деген құрметтің туған халқымыздың тарихымен бірге жасай беретін құнды жақтары туралы қадам айтып, ой жосықтарының орны мен маңыздылығын айқындап берді. Сондай-ақ, 2023 жылы 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке ретінде ұлықтауға байланысты ел егемендігін қалыптастыруға ерекше үлес қосқан асыл да абзал қайраткерлердің есімін құрметпен еске алғанын толық құптап қарсы алдық, біз өз ерлеріміздің атқарған қызметі мен сіңірген еңбегін әділдік пен жан-жақты парасатты ойлар тұрғысынан бағалауға тиістіміз деді.
Тарихтың қателігінен сабақ алу деген ұғым бар. Бұл – қоғамдық түсіністік. Ел биігінде болған саяси қайраткерлер мен ірі тұлғалардың арасындағы тарихи сабақтастықты әлбетте, ұдайы назарда ұстап, олардың өміршең еңбектері мен өшпес істерін ұмытпауға міндеттіміз.
Бұл өзімізге өзіміздің құрметіміз әрі адалдықтың белгісі.
Зиялылар неге үнсіз дейсіз бе? Ашық айтайық, кешегі Қаңтар оқиғасы қазақ қоғамының әлсіздігін, саяси элитаның да тұрақсыздығын көрсетті. Ел басына күн туса, тым-тырақай болатын мүшкіл халде екенімізді де байқатты. Сонда дағдарған халық іштей тынып, қалың ой үстінде жүрді.
Тап қазіргі зиялы қауымның алдыңғы легінде келе жатқан ерен кісілер егде, қарттық жасында өмір сүруде. Ол кісілерге біздіңше, көпшілік тарапынан ешқандай өкпе жоқ. Қаламгерлігі мен қайраткерлігін қатар ұстаған зиялылардың көшбасшылары Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Ақұштап Бақтыгереева, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев және басқа да аузы дуалы әйгілі ақын-жазушылармен қатар Мәмбет Қойгелдиев, Әділ Ахметов, Жақсыбек Құлекеев, Асқар Жұмаділдаев сынды көрнекті ғалымдар қоғамның тағдырлы кезеңдері мен оқиғалы жағдайында өздерінің ақылды, ойлы да өткір сөздерін баспасөз бетінде жариялап, ұлт мүддесінен айнымас көзқарастарын әлі де айтуда.
Ілгері-кейінді толқын бар. Сондай заман тудырған ірілердің інісі болуға лайықты ізбасар адамдарды уақыттың өзі екшеп, елеп, қоғамдағы абырой-беделін жұртқа кеңінен танытатын шақ туады әлі. Шын қайраткерлер жалған «академиктер» мен өзін «қайраткер» санайтындардың арасынан шықпайды, дақпырт тез-ақ басылады, өмірдің өзі оны көрсетіп отыр. Ұлт серкелерінің аманат жүгін қажет жеріне дейін жеткізетін талантты орта буын мен жас толқынның, яғни, халықтың есебінен күн көрмейтін, интеллектуалды қабілеті мен мүмкіндігіне арқа сүйейтін қазақ жастарының қарымды қайраткерлігінен мол үміт күтеміз. Қоғамды жаңартатын да, тазартатын да сол адал, алғырт, өршіл, еңбексүйгіш, ізденгіш, батыл да мақсаткер жастар.
Бұл заман ешкімнің маңдайынан сипайтын заман емес. Біздің адамдар еті үйренген жағымпаздық пен жәдігөйлік есебінен әлденені дәметіп, жағдайын бір жомарт, бай бизнесмен келіп жасап беретіндей психологиямен күтушілік пиғылын біржолата естен шығару керек.
Нарық жүйесі өте қатал. Енжар жүруге мүмкіндік те бермейді. Еңбек ет, жұмыс істе. Уақытың зая кетпесін. Сол секілді бір күнгі айқаймен немесе әлеуметтік желіде жарқ-жұрқ еткен өткінші, бір елесті жарнамасымен ешкім ешқайда ұзай алмайды.
Бүгінде мансабы мен қызметіне бас ұрудан, өтірік жағымпаздық пен мақтаудан аулақ жүрер кез келді. Өнеге болу мен үлгі көрсетудің тек қана адалдық пен тазалық жолына бейімдей білуіміз аса қажет.
Біз ақыл мен пейіл, ақжүректілік қасиетті қастерлеп, тер төгіп еңбек етіп, Отанға шексіз беріліп қызмет етудің өнегесін Алаш арыстарының өмірінен алуымыз керек. Қазіргідей мың құбылып, құндылықтарды қайта бағалау жүріп жатқан қоғамға қуат көзі сияқты жан-жағына жарығын шашып жүретін тұлғаларға деген сұраныс өте қат және жоғары. Билік сондай адамдардың салиқалы пікірін ескеріп отырса, жөн болар еді.
– Ең керегі елдік мінез деп айтады. Бұл жөнінде қалай ойлайсыз? Адамдардың мінез-құлқынан қандай өзгерісті байқауға болады?
– Есіңізде болар, әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлының бір әңгімесінде ауыл қариясының «Бүгінде орынсыз пысық болуға, орынсыз момын болуға және орынсыз ақылды болуға да болмайды» деп өз ойын айтатыны бар. Тарихтағыдай қоғамда да әр адамның өз орны бар. Кімнің қай жерде қалай сөйлеп, қалай жүріп-тұратыны оның бойындағы адамгершілік қасиеттері мен кісілік мәдениетіне, өмірлік парасат-пайымына байланысты емес пе?
Бұл кезеңнің ішкі-сыртқы көріністері тек біздің елде ғана емес, жаңа заман технологиясы дамыған сайын, әлеуметтік желіде желдей есіп, небір таңғалдыратын күйге түсіре ме, әлде, мұның да тұйықталатын күнін сан жылдар бойы күтумен өте ме, кім білсін! Біздің пікіріміз қоғамда жаппай орын алған құбылыстың бүгін-ертең тыйылып, қайшыласқан көзқарастар азаяды дегенді білдірмейді.
Мұхиттың бергі жағында тұрғандар арғы жағасына барғанда біразға дейін мең-зең күй кешіп, елең-алаң болатын көрінеді. Бізде де біршама солай болғаны рас.
Енді қараңыз, тәуелсіздік алғанымызға отыз үш жыл болды. Мемлекеттің мемлекет болуына бұл белгілі бір өлшемде аз уақыт емес.
Осы жылдар арасында қаншама ауыр кезеңнен өтіп, ел-жұрт болудың түрлі құбылыстары мен тарихи оқиғаларын бастан өткердік емес пе?!
Сіз қозғап отырған адамның мінез-құлқындағы өзгеріс көп. Жасырудың жөні жоқ, тек байлық пен дүниеге есінен танып қатты қызығушылық, тойымсыздық секілді пәлекеттер дендеп кетті. Қанағат жоқ. Ашық қоғамға белгілі, елімізде заң үстемдігінің аяқасты болуының салдарынан орын алған олқылықтар мен қарапайым адамдардың әлеуметтік әділетсіздіктен тартқан азабы, тартқан қиянаттарының ауыртпалығы аз емес десек, ол бір ұшы ғана.
Қоғамда әділеттіліктің орнауын, ілгері дамуына қалай болғанда да пейілі таза қалың бұқараның қосқан үлесі мен тигізген пайдасы зор.
«Мен» дегеннің мәні де, мағынасы да бөлектеу сезілген кезеңдер де болды. Елдік мінез адамдар үшін тым қымбатқа да түсті.
Ал, аузын айға білегендер, несін айтамыз, жанашырлықпен айтылған ақылға құлақ аса бермеді, «сап-сап көңілім, сап көңілім» деп басшылық тізгінінде болған адамдар мен сыбайластарының өздерін өздері сабырға шақыруға шамасы келмеді. Олар үшін «мен» бүкіл байлық-дәулетті еңбексіз иемдену мен арсыздықпен кетті. Бей-берекетсіздік етек алды, мемлекеттің дәулеті ту-талапайға түсті. Соның салдарынан Қазақстанның бар байлығының тең жартысынан астамы 162 адамның иелігінде болса, бұған қандай әділетті тірлік тіреу болмақ. Өкінішті-ақ.
Ендігі жерде елдік мінезден жұрдай жандардан сақтанғанымыз жөн, олардың құлқынқұмарлық пиғылы таза суды лайлап, ата-бабамыздан бізге жеткен дәулет пен игіліктердің парқын жай ғана пендешілікпен емес, сор маңдай арсыздықпен пайдаланғысы келді.
Мұны ұмытуға болмайды.
Жаңа Қазақстанды құру идеологиясының түпқазығы барлық жерде, барлық ісімізде елдік мінез бен әділетті жүйенің қалыптасуына байланысты бекем әрі берік болмақ.
Сол себепті жалпы қоғам «Еститін Үкімет» жағдайында өмір сүріп, тіршілік жасаудың жауапкершілігін барлық мәселеде қатаң қоғамдық бақылау және сергек мемлекетшіл қасиеттерімен сезіндіру керек.
Бүгінгі күннің мінез-құлқы деген жалпы үлкен мәселе. Ол – өзіміз құрған қоғам мен қалаған өміріміздің күнгейі мен көлеңкесі, әдет-дағды, амал-әрекет, ақыл-ойы, таразыға түсетін тағылым, күнбе-күнгі мораль...
Осының бәрін саналы қоғам мен азаматтық ұстанымы берік орныққан адам ғана жеңеді. Ұлы Абай да сол «толық адамды» іздеген жоқ па еді?!
– Сіздің шығармашылық ізденістеріңізді жақсы білеміз. Соның бір айғағы туралы сұрасақ.Сөз қағазға түсетін, газет пен журнал болып жұртшылыққа тарайтын кезеңде сіздердің ұрпақ ертедегі билер секілді жұптасып айтудың куәсі болды. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстан» газетінде бір-біріне хат жазу арқылы заман шерін шығарғанда «пәлі» деп разы болмаған қазақ жоқ шығар?
– Мен сіздің қояр сауалыңыздың төркінін түсіндім. Ол кезеңнен қазақ өтті... ХХІ ғасырдың жиырма жылы артта қалды. Қазақта әлі шешілмеген түйін, тарқамаған түйткіл жеткілікті. Оны қалай ашып айтып, жұмбақтамай жеткізу керек? Тағы екі тұлғаның толғауы арқылы ғой.
Бір кездері билер дәуіріндегі бетпе-бет жүздесіп, ауызба-ауыз сөйлеудің форматы өзгерген, тіпті, өткен ғасырдың аяғы мен осы ғасыр басындағы екі ағамыздың хаттары іспетті баспасөзге жариялаудың мұқтаждығы жоқ. Әлем үшін ақпарат алмасуда пайда болған әлеуметтік желі жеткілікті. Тек сайлы сөз, саялы ой айтатын тұлға шықса болғаны.
Алдын ала жоспарланған ештеңе жоқ. Біздің, талантты жазушы-драматург, қаламгерлігімен қатар қайраткерлігі мығым, әрі құрдас Жолтай Әлмашұлымен бір жыл бойы әлеуметтік желі арқылы жазысқан хаттарымыздың тарихы ойда-жоқта, біріміздің ой оралымдарымызға үн қосудан басталған еді.
Жолтай досым Астанада тұрады. Бүгінгі әңгімелесуде хат жазудың қыр-сырын тарқатып айтпай-ақ қоялық, оның жеке бір сәті келеді.
– Қанша хат жаздыңыздар?
– Біз сырласу мен сыйласу түрінде, қоғамды бағалап, заманды сараптайтын көлемді 52 хат жаздық. Амандық болса, көпшіліктің сұрауы бойынша парасатты еңбек кітап болып шығады.Ең бастысы, жұртшылықтың, әсіресе, елімізге танымал зиялы қауымның, ақын-жазушылар мен журналист ағайындардың, мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің жедел үн қосуы мен қолдауын толық сезінгенімізді айтуға болады.
– Ойымыздың арғы жағын айтатын ақыл-ойдың иесі мен киесі – кітап оқу ерекше мәдениеттің белгісі еді. Кейінгі жылдары көпшілік «адамдар кітап оқымайды, газет-журналдың бетін ашпайтын болды» деген пікірде. Бұл туралы не айтасыз?
– Әділеттіліктің өзін абайлап, ақылмен айту деген де сөз бар. Шынымды айтсам, кітап жайында айту әрі оңай, әрі өте жауапты.
Ұлы ойшылдар кітапқа адамзаттың ақыл-ойларының тасқа басылған түрі, мәдениеттің мәйегі деп өркениетті өмірдің құдіретті ғажайыптарын аз айтпаған.
Дәл осы арада Шераға – Шерхан Мұртаза кітап қасиеті туралы «Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.Ең бірінші – Құран. Екіншісі – хадистер. Ұлы классиктер. Қазақтың ұлы ақын-жазушылары. Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына. Кітап – өмірсерік. Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді. Бір кем дүние» деп жазады.
Бұдан артық қалай айтуға болады?
Жамбылда кітапқа арналған керемет ескерткіште сөз зергерлерінің әр заманда кітап туралы айтқан ұрымтал ойлары қашалып жазулы тұр. Ұмытпсам, сол кездегі облыстың әкімі Асқар Мырзахметов «Жастар аллеясында» жас толқынның кітап оқуына әдемі ғимарат та салып беріп, бір игілікті істі жүзеге асырған еді. Көне шаһардың көркіне сәуле түсірген бұл мәдени орынның қадіріне жетіп жүрміз бе, оны айта алмаймын.
Енді осы ретте нендей нәрсені көріп отырмыз?
Таныс сурет. Алаш зиялыларының, өздері құрметтеген қайраткерлердің портреттерін іліп, кітаптарын сөреге тізіп қойып, шаруаны сонымен шектеген басшылар да, жекеменшік қожайындары да көп кездеседі. Тіптен кейбір қызмет кеңселерінің кіреберіс бөлмесіндегі қабат-қабат сөреге қаз-қатар қойылған түрлі түсті жаңа кітаптар самсап тұрады. Не үшін сөйтеді, білмедік.
Кітаптардың беті ашылмаған. Портрет – портрет күйінде тұр. Бұл барлық жерде бірдей байқалады. Мемлекет кітапханаларына барсаңыз да тап осыған ұқсас жағдайды көріп, іштей налисыз. «Ауылдағы көпшілік кітапханасына бас сұғатын адам бар ма екен?» деп те қаласың-ау.
Мәселен, әр деңгейдегі басшының біреуі кітапханаға барыпты, кітапсүйер оқырмандармен кездесіпті деген ақпаратты естігеніңіз бар ма? Қызық, ә?! Жергілікті жерде өзін «қайраткер» санайтын адамдар тарих мойындаған қайраткерлерді аузына алмаса не болғаны? Бұдан шығатын қорытынды: мұндай сабаздар өз бетімен кітап оқымайды немесе ұлт тарихын мүлдем білмейді.
Біз мынаны айтуымыз керек: қоғамда кез келген дүние не дамиды, не кері кетеді. Табиғат заңдылығы сондай. Бір орнында қалып қоятын үрдіс аз. Кітапты көп оқитын жапондардың жолы әлемге үлгі, үйренетін саясат, елдік салт-дәстүр. Біздің қазір бетпе-бет келіп отырған құбылыс бірте-бірте өтеді, кетеді деп ойлаймыз. Біз ендігі өркениетті мемлекет қатарында кітап жазып, кітап оқитын, кітапты рухани қазына деп сүйетін халықпыз. Оның үстіне Мемлекет басшысы елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін жастар кітапханасын салу жөнінде бастама жасап, рухани дамудың көкжиегін кеңейтуге жаңаша жол ашқаны болашақ мұратында жан-жақты қолдауға ие болып отыр.
«Бүгіндері кітап шығару жұмыртқа басып шығарудан да оңай», деп жүргендер де бар. Бірақ, өз басым республикалық, өңірлік басылымдарға әртүрлі тақырыпта мақалалар жазып тұрамын. Яғни, керекті газеттерді алып оқимын. Онсыз кәсіби журналистер қалай өмір сүреді, о жағын түсіне алмаймын. Әлбетте, өмірлік тәжірибесі мол, ел ішінде абыройлы ел ағаларымен, үзеңгілес жолдастарыммен, жастармен жиі болмаса да жолығып, өмір, заманның беталысы, жаңа уақыт жайлы, ел тарихындағы тағылымды кезеңдер, оқыған дүниелеріміз туралы ой-пікір алмасып, әңгімелесудің пайдасы мол деп білемін.
Менің де бір аңғарғаным, адамдар мына қым-қуыт уақытта, тыным таптырмайтын тіршілікте бір-бірімен етене аралас-құралас болуы, ағайындарымен емен-жарқын әңгімелесуі сиреп бара жатқан секілді, осы ыңғайда қаладағы саялы бақтар мен алаңдарда, ауыл қырқасында сол ескі көздерден қалған жолығу мен жағдай сұрасу дәстүрін қайта жаңғырту қажет-ау деймін. Жақсы адамдардың жолымен жүрсек, адаспай, халықпен бірге жүргеніміз деп түсінеміз. Отанға, ұлтқа қызметті ешкімге, ешқашан міндетсінбей атқару керек, оны жеке бастың қамымен шатастырмау қажет. Қоғамның ақиқаты бәрінен де қымбат.Ел біздікі, жер біздікі, заман да біздікі. Адамдардың бәрі де адал еңбек етеді деген сенім-түсінік те біздікі болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді