Тарихқа зер салсақ, 1947 жылдан бастап республиканың су шаруашылығында Қазақ ауыл шаруашылығы институтының гидромелиорация факультетінің түлектері жұмыс істей бастады. Су және ауыл шаруашылығына инженер-гидротехниктердің үлкен ағыны 1962 жылдан бастап Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институты ашылғаннан кейін басталды. Институтта гидромелиорация, өнеркәсіптік, азаматтық және гидромелиорациялық құрылыс, сумен жабдықтау және кәріз, гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру мамандықтары бойынша мамандар дайындады. Институт ғалымдары Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстанның жетекші ғалымдарымен бірлесіп, Арал бассейнінде суды ұтымды пайдалану, су және жер ресурстарын қорғау бағытындағы көптеген бағдарламаларды әзірлеуге қатысты.
Ендігіде бұл жауапты міндет жаңадан құрылған ұлттық университетке жүктелмек. Қазіргі уақытта университеттің барлық білім беру бағыттары бойынша 1 курсқа 636 талапкер қабылданған болса, оның ішінде су саласы бойынша 129 талапкердің барлығы мемлекеттік грант иегері атанған. Ал, жалпы шаруашылық есеппен, яғни, колледжден кейінгі және екінші жоғары білім алушылармен қоса есептегенде 189 талапкер оқуға түскен. Оқу ордасында олар «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» бағдарламалары бойынша білім алуда. Аталған университет басшылығына жаңадан тағайындалған ғалым-гидролог, бұған дейін Швецияда орналасқан Лунд университетінде жұмыс істеген ректордың міндетін атқарушы Кәмшат Түсіпова білім ордасының бұл саладағы әлеуетін жоғары бағалап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Білім ордаларын деңгейге бөле қарастырып, мүмкіндіктерін сол шамада бағалау қате түсінік. Мәселен, Еуропа елдерінде университеттер ұлттық немесе өңірлік болып бөлінбейді. Алайда, аз студенттер оқитын оқу ордаларында да ғалымдардың шоғыры көптеп қалыптасып шығады. Демек, мұнда білім берудің әдіс-тәсілін жетілдіріп, сапаға баса мән беру аса маңызды. Университеттің бұған дейін де институт кезінен орныққан ғылыми-тәжірибелік байланыстары бар. Бүгінгі күннің өзінде түлектер «Қазсушар» РМК облыстық филиалында, кәріз жүйелері және сумен жабдықтау бойынша қалалық желілерде жұмыс істейді. Алдағы уақытта елді-мекендермен де жұмысты қолға алуымыз қажет. Өйткені, халықтың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Сонымен қатар, білім алушыларымыз міндетті түрде шетелде тәжірибе алмасуы қажет. Жаһандану дәуірінде бұл үрдіс ешқандай қиындық туындатпайды деп білемін. Санаулы уақыттың өзінде бірінші курсқа қабылданған студенттерге ағылшын тілінде лекция оқып жатырмыз. Қазіргі жастар технологияны жетік меңгерген, қысқа уақытта аударма жасай алады. Сол себепті, алдағы уақытта оқу ордасының шетелдік университеттермен байланысын қайта жаңғыртып, өзге де елдермен қарым-қатынас орнату көзделген. Бұл бағытта студенттеріміздің қауіпсіздігі басты назарға алынып, білім бағдарламаларының сай келуі, өндірістік тәжірибемен қамтамасыз ету мәселелері ескеріледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта су саласының білікті мамандарымен, министрлік өкілдерімен онлайн лекциялар өткізу жоспарлануда, – дейді Кәмшат Маратқызы.
Жаңа оқу ордасында талапкерлер қабылданысымен түсіндірме жұмыстары басталып кеткен. Қазірдің өзінде мұнда ректор міндетін атқарушы Кәмшат Түсіповадан бастап, қытайлық ғалымдар мен университет оқытушылары лекция оқиды. Олар жаңадан қабылданған студенттерге су саласының қай бағыттары бойынша қандай маман болатындығынан хабар береді. Жалпы, елімізде қуаңшылық пен су тасқынынан кейін сала мамандарының тапшылығы қатты байқалған. Министрлік мәліметінше, бүгінде су саласында 10 мыңнан астам маман қызмет етеді. Бұл көрсеткіш тәуелсіздік жылдарының басында 38 мыңды құраған. Бұдан бөлек, елдегі су ресурсының басым бөлігін құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді сегіз су бассейні көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан бастау алады. Қара Ертіс болып басталатын өзеннің 40 пайызға жуық көлемі Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының аумағынан өтеді. Демек, солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуына Ертістің тікелей әсері бар. Бірі – ауыз су ретінде, екіншісі – өндірістік су ретінде кәдеге жаратып отыр. Осы арқылы Ертістің суына елдің бес ірі орталығы байланып тұр. Оңтүстіктегі елдің жағдайы да осыған ұқсас. Мәселен, ішкі нарықты Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90 пайызын өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы екені айтпаса да түсінікті. Айтылған жайдың бәрі айдан анық дүние көрінгенімен, университет мамандарының айтуынша, табиғи апатқа дейін аталған салаға қызығушылық танытушылар қатары аз болған. Тіпті, өңірлерден маман қажеттілігі жөнінде мәлімет сұратқан кезде 1 ғана қызметкер керектігін көрсеткен облыстар да болған. Міне, сол себепті де жаңа қабылданған студенттер мен колледжден кейінгі білімін арттырушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы артқан.
Университеттің зертханалық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін оқу және оқу-ғылыми зертханаларының қажетті кешені бар. Мұнда гидравлика және гидротехникалық құрылыстар бойынша мамандандырылған зертханалар, суармалы техниканың оқу полигоны, ауыл шаруашылығы мелиорациясы зертханасы, мелиоративтік топырақтану, егіншілік және өсімдік шаруашылығы және гидромелиорациялық жүйелерді салу технологиясы зертханалары жұмыс істейді.
– Университетте виртуалды зертханалар да бар. Мұнда облысымыздағы су айдындары мен бөгеттердің, қоймалар мен бассейндердің 2D, 3D форматтағы кескіндемелері әзірленген. Сол арқылы білім алушылар түрлі нысандардың жобасымен танысып, жұмыс істей алады. Сонымен бірге оқу ордасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында техникалық жабдықтау бойынша арнайы грант жеңіп алған болатын. Соның төрт бағыты жаңа университетке тиесілі. Осыған сәйкес, әр кафедраға қажеттілік бойынша құрал-жабдықтар сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, білім алушылар Қазақ су шаруашылығы зерттеу институтымен орнатқан консорциумдық келісім аясында тәжірибе алмасып, университет аумағында орналасқан суару аймағында да зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Алдағы уақытта бұл мүмкіндіктеріміз арта түседі деген сенімдемін, – дейді Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры Ғалия Омарова.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне осыған дейін институт құрамында болған оқу корпустары мен «Жастар сарайы», «Ғылым үйі» ғимараттары, әскери кафедра, жатақхана да пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда мұнда бұған дейінгі оқу ордасының құрылымдық негіздемелері сақталған. Яғни, «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының құрамындағы 9 кафедрада 31 білім беру бағдарламалары бағытында үш деңгейлі білім беру жүйесі бойынша мамандар – бакалаврлар, магистрлер және PhD докторларын дайындайды. Бүгінгі таңда оқу ордасында барлығы 2260 студент білім алуда. Оның ішінде магистратура бойынша «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Су ресурстарын басқару», «Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «Гидротехникалық мелиорация», «Мелиорация және суармалы егіншілік» білім бағдарламалары аясында студенттер білімін жетілдірсе, докторантурада «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар және су ресурстарын басқару», «Сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «Гидротехникалық мелиорация», «Мелиорация және суармалы егіншілік» бағыттарында магистрлер оқуда.
Университетте қос дипломдық білім жүйесі де сақталған. Осыған сәйкес, студенттер 1-2 курстарды аталған оқу ордасында оқып, 3-4 курстарында өзге университетте білім алуға болады. Ол үшін білім деңгейінің көрсеткіші мен мамандығы сәйкес келсе болғаны. Елімізде су саласы Тараз қаласынан бөлек, Қорқыт ата, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан атындағы техникалық университетінде оқытылады. Сондай-ақ, студенттер университет қарым-қатынас орнатқан Ташкент ауыл шаруашылығы ирригациясы және механизациясы инженерлері институты, Санкт-Петербург Ұлы Петр Политехникалық университеті, Академик М.С.Осими атындағы Тәжік техникалық университеті, Беларусь ұлттық техникалық университеті, Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті, Мәскеудің табиғатты үйлестіру университеті, Ресей халықтар достығы университеті және Қырғыз – Ресей – Славян университеті мен АҚШ-тағы Небраска университеттерінде тәжірибе жинақтай алады.
Бүгінгі күнге дейін студенттер Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Небраска университетімен бірлесіп, 100 миллион теңгеден астам қаражатқа бірқатар бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырған. Бұдан бөлек, оқу ордасы ғылым мен өндірісті интеграциялау мақсатында «ҚазСШҒЗИ» ЖШС-мен «Қазсушар» РМК және «Шу-Талас бассейндік инспекциясы» РМК тығыз байланыс орнатқан. Соған сәйкес, докторанттар мен магистранттар зерттеу және тәжірибе жұмыстарын жүргізу үшін «Гидравлика және гидротехникалық құрылымдар» зертханалары заманауи жабдықтармен толықтырылып, зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу орнының бірқатар мәселелерді жолға қоятындығын айтқан сала ардагерлері де өз ұсыныстарын алға тартты.
– Су саласындағы іргелі институт 2022 жылға дейін 24 жыл ішінде өңірдегі үш жоғары оқу орны сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне біріктірілгеннен кейін факультеттер біртіндеп қысқартуға ұшырады. Осыдан кейін жетекші оқытушылар оқу жүктемесінің жетіспеуіне және кафедралар мен факультеттердің жабылуына байланысты Алматыға, Астанаға, Шымкентке және басқа қалаларға кетті. Сөйтіп, кризистік кезеңде су саласына өзге маман иелері басшылық ете бастады. Халқымыз суды қасиетті санап, тіршілік көзі ретінде таныса да бізде осы тіршілік көзін қысылтаяң шақта электриктер мен зоотехниктер басқарды. Осылайша, гидротехника инженерлерінің саладағы рөлі әлсіреп, адам баласы тіршілік көзіне деген адамшылық құрметін төмендетіп алды. Қуанарлығы, жаңадан құрылған оқу ордасы қордаланған мәселелерді шешу мақсатында біршама мамандықтарды қайта қалпына келтірді. Сала маманы ретінде алдағы уақытта бұл тізім «Метеорология және климатология», «Мелиоративті география», «Ауыл шаруашылығы құрылысы және материалдар өндірісі» секілді бағыттармен толығуы тиіс деп білемін. Су саласындағы тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығын шешу үшін профессорлық-оқытушылық құрамның буын алмасу процесін жолға қою маңызды. Өз кезеңінде Жамбыл гидрофакультетіне жыл сайын 225 талапкер қабылданатын. Ал қазір еліміздің су саласында су шаруашылығы мамандары тапшы. Бұл мәселені шешу үшін суармалы жерлерде суару жүйелерін басқару технологиясын іске асыру қажет. Сол арқылы басқарма басшысы мен оның орынбасары, бас инженер мен суармалы жер телімінің бас агрономы тығыз байланыста жұмыс атқарады. Сондай-ақ, орталық аппарат құру ісін оңтайландыру қажет. Бұл су пайдалану бөлімдері мен жөндеу-құрылыс, мелиоративтік және қосалқы қызметтерге жауапты құрылым ретінде жұмыс істейді. Суды пайдалану бөлімінің негізгі міндеттеріне суды есепке алу, суару сапасын бақылау кірсе, жөндеу-құрылыс бөлімінің міндеттеріне құрылыс-жөндеу ісін ұйымдастыру, каналдарды шөгінділер мен өсімдіктерден тазарту жұмыстары жатады. Ал мелиорация бөлімі топырақтың құнарлылығын бақылауға, жерасты суларының деңгейі мен топырақтың тұздану дәрежесін анықтауға жауапты болмақ, – дейді техника ғылымдарының кандидаты, инженер-гидротехник Ғаббас Зарубаев.
Талай жылдар қордаланып қалған мәселелерді университет басшылығы да жоққа шығарған жоқ. Ректор міндетін атқарушы Кәмшат Маратқызының айтуынша, салада басқарушылық мамандық иелері тапшы. Керісінше, мұнда колледж тәмамдаған мамандардың үлесі көп көрінеді. Сол себепті, алдағы уақытта университет мамандардың біліктілігін арттыру бағыттарын қолға алмақ. Ендігіде оқу ордасын тәмамдаған түлектер су шаруашылығы саласының гидроэнергетика, сумен қамту және суды бұру, өнеркәсіптің ақаба суларын тазарту, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын басқару, әртүрлі зауыттардағы су айналымы процестерін жүргізу, облыстық және аудандық су шаруашылығы басқармалары, әртүрлі деңгейдегі әкімшіліктерде су маманы, «Қазсушар» РМК облыстық филиалында жұмыс істей алады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді