Елбасы халыққа арнаған Жолдауында биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленіп, ұлттық тарихымыз ұлықталып өтетіндігін айтты. Мұндай шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтуі тиіс. Жамбыл политехникалық колледжінің ұжымы мерейтойға арналған «Төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған студент жастар, оқытушылармен қатар облыс әкімдігі білім басқармасының, қаладағы өзге де оқу орындарының өкілдері қатысты. Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың бойына жаңа қазақстандық патриотизмді, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастыру дейді ұйымдастырушылар.
Жанар Орынбаева, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры: – Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шежіресінде хандық билік құрған тарихи тұлғалар ерекше орын алады. Ел билігін қолға ұстаған олардың тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Мемлекет іргесін нығайтып, туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленгендері де, елін тоздырып, дұшпанға таба қылғандары да жоқ емес. Бірақ олардың бәріне ортақ бір қасиет – өз замандарының қалыптасқан жағдайларына байланысты хал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты. Иә, төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының тарихында нелер болмады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» қалың қазақ мамыражай тірлік кешкен дәуірлеу кезеңі де, жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып кең сахараны бұлт торлап, ер етікпен қан кешкен күйзелген кезеңдер де өтті. Бүгін тарихшылардың, зерттеушілердің, қаламгерлердің әр кезеңде жарық көрген деректі дүниелеріне сүйене отырып, сол бір аумалы-төкпелі тарихи шежірені санамызда саралап, тағы да бір зерделеп өтейік. Ұлжан Кенжебаева, колледж директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары: – Қазақ мемлекетінің бұдан кейінгі төрт ғасырлық шежіресінде халқымыздың қасиетін арттырып, іргелі елдігін өрістетуге ұйытқы болған ірі тарихи тұлғамыздың бірі Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы Қасым ханның тұсында нығайды. Есейген шағында дербес Қазақ Ордасының құрылуын көзімен көріп, атқа қонған азамат кезінде елінің тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы қанды шайқастарға қатысып, еркіндік үшін болған күрестерде шынығады. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи–Рашиди» атты кітабында: «Жошы ханнан соңғы дәуірлерде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес деп бағаласа, ғұлама ғалым Хантемір өзінің «Хабиб ассиир» атты еңбегінде «Қасым хан өзінің ұлы кемеңгерлік және жойқын ерлігімен Дешті қыпшақты билеушілер арасында бәрінен де ерекше болды. Оның қасына ерген билері де, ел басқарушылар да өзіндей білгір» деп жазған екен. Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан – сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жаюымен, «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конституциялық құжатының негізін жасауымен әйгілі болған ұлы хан. Бүгінгі күні бұл тарихи тұлғаның есімі мен еңбегін терең зерттеп, ұлттық мақтанышымыздың символдарына айналдыру тарихшы-ғалымдар үшін үлкен еңбек деп санаймын. Данияр Мамытбеков, колледж директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары: – Қазақ хандығының іргелі ел екенін танытып, беделін күшейткен Салқам Жәңгір ханның ұлы – Тәуке хан тарихтағы халық берген есімі – Әз Тәуке, яғни дана Тәуке болатын. Ол қазақ тарихында біртұтас мемлекетті күшейтуге бағытталған бірқатар реформалар жүргізген реформатор, мемлекет басшысы ретінде қалды. Тәуке мемлекеттік билікті бейбіт күнде қолға алды. Оның мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасуы да отыз жылдық бейбіт кезеңмен тұспа-тұс келеді. Тәукенің қол бастаған жауынгер хан емес, ақылман хан ретінде билік құруының түп төркіні де осында жатса керек. Тәуке ханның ел үшін сіңірген тарихи еңбегі негізінен екі қырынан айқындалады. Біріншісі, елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты шебер ұйымдастырып, сырттан көз алартқан көп жауға дес бермей, мемлекетті сақтауы, екіншіден, елдің ішкі жағдайын реттеуде саяси-құқықтық реформалар жүргізуі болып табылады. Әз Тәукенің қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы ең үлкен еңбегі – «Жеті жарғы» аталатын заң жүйесін жасауы. Жанна Абдуалиева, тарих пәнінің оқытушысы: – Тұтас тарихты бір дәуірге немесе бір кезеңге сыйдыру мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақ елін өз қолдарымен құрған бүгінгі буынды ғана емес, осы тәуелсіздікті ғасырлар бойы аңсап, армандаған, арман жолында аянбай арпалысқан, ақыры азаттық атты аялы арманын қанымызға сіңіріп, жадымызға түйіп бізге аманаттаған батыр бабаларды және жасампаз елдің жарқын істерін лайықты жалғастыратын, бүгін мен ертеңді біріктіретін бұл – Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы. Осы жолда еңбектене берейік.
P. S: Міне, дөңгелек үстелде осы тақылеттес ой-пікірлер айтылды. Біз үшін қазақ халқының азаттығы жолындағы қасиетті күресінің асыл шежіресі, сол жолда елін бастап, ту көтерген бабалардың есімі қашанда қымбат. Ал сол есімдерді ұрпағымыздың ұлттық мақтанышына айналдыру – парызымыз.Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді