Күз – аңсар мен сағыныштың айнымас мөлдір болмысы. Ол шығармашыл жандардың жанына жайлылық, жүрегіне жібектей ерекше хал сыйлайтын мезгіл. Ал, өнер – табиғаттың бар ғажабын адамзатқа сөз, ән, картина түрінде боямасыз һәм бүкпесіз, таза қалпында ұсынудың ең көркем тәсілдерінің бірі.
Бұл мезгіл туралы жазылған шығармалар бірінен-бірі кем түспейді. Себебі, шығармашыл тұлғаның көкірегіндегі тәтті мұң, табиғат пен адам арасындағы көзсіз байланыс, таңдану, күрсіну, сүйсіну бәрі де шабыт сыйлайды.
Күзді ерекше сүйетін ақын ретінде әлем классиктерінің арасынан Александр Пушкин айтылады. Оның күзді ерекше құрметтегенін, дәл күз мезгілінде шабыты шарықтай түсетінін, осы мезгілді басқа мезгілден ерекше көргенін естіп пе едіңіз? Жалпы, күздің көңілсіз, күрсініске толы көрінісінен сұлулықты, сағыныш пен аңсарды көре білу көпке беріле беретін қасиет емес. Бұл күздің поэтикалық ерекшеліктерін байқайтын және оны шынымен жақсы көретін адамның оны сүйіспеншілікпен қабылдауы. Пушкиннің шығармаларының басым көпшілігінен күзгі көріністің шебер бейнеленгенін көруге болады. Осы орайда француз жазушысы Проспер Мерименің «Пушкинде поэзия ең байсалды прозадан гүлдейді» деп бекер айтпағаны еріксіз ойға оралады.
Қайғылы уақыт! О сүйкімділік!
Сіздің қоштасу сұлулығыңыз маған ұнайды –
Маған ғажайып табиғаты ұнайды,
Қып-қызыл және алтынмен көмкерілген ормандар,
Олардың шатырында жел шуы мен жаңа тыныс,
Ал аспанды тұман басып тұр.
Күннің сирек сәулесі және алғашқы аяздар,
Алыстағы сұр қыстың қауіптері ...
...Ал менің басымдағы ойлар батылдықпен уайымдады,
Ал жеңіл рифмдер оларға қарай жүгіреді,
Саусақтар қалам сұрайды, қағазға қалам,
Бір минут және өлеңдер еркін төгіледі.
Күзгі табиғатты ғажайып суреттейтін бұл өлеңінде ақын осы мезгілге деген ерекше сүйіспеншілігін оқырманға сіңіргісі келеді және осы үзіндінің соңғы жолдарында оның жан дүниесінде түрлі арпалыстардың қалай шарпысып жататынын ерекше нанымдылықпен, әдемі иірімдермен көрсетеді.
Күзді жырына қосқан ұлы ақындардың тізімін сараласақ, алдымыздан бірден орыстың классигі Марина Цветаеваның е сімі шығары анық. Тыныштық пен тазалықтың мекеніне айналған Цветаеваның әлемі әрі сұлу, әрі тылсым жырларға толы. Ақынның «Тарустағы күз» өлеңі оқырманына сағыныштың тереңдігін көрсететіндей.
Табылмас бір емі,
Бұл мезгіл жеткенде.
Қоңыр күз «күледі»,
Бізге һәм көктемге.
Ақынның осы бір өлең жолдарынан арпалысқа, сағынышқа, өзіндік нәзіктікке толы сезімін көруге болады. Расында, оның әлемі асып-тасқан, бояуы көп, әсіре сезімге толы кеңістік емес, ол – тыныштық пен тазалықтың мөп-мөлдір мекені.
Ал, қазақ ақындары арасында күз дегенде ойға бірден оралатын – көрнекті ақын Есенғали Раушанов. Ол күздің қыркүйегін «Сағыныш айы» деп атаған.
«Сағыныш айы. Тыраулап тырналар қайтады. Жүрегіңді суырып алатындай мұңды дауыс. Тырна төмен ұшса қыс жылы болады, жоғарылап ұшып жоғалса – қақаған қаңтар, ашулы ақпан күтіп тұр дей беріңіз, мейлі, қыс қатты болса болсын-ақ, әр нәрсе өз мезгілімен емес пе! Мына тырналарды қайтеміз? Кеудеге сыймай аласұрған жүректі қалай жұбатамыз?!», – деді ақын күңіреніп күз туралы жазбаларының бірінде. Ол, өлеңде де, өмірде де күзді сүйетіндермен дос екенін, оның басқа мезгілдерге қарағанда сұрлау, суықтау деген көптің ойындағы бейнесін жанұшыра қорғайтыны бұл мезгілге қаншалықты ғашық екенін көрсетеді. Ақынның келесі өлеңі оқырманды күздің келбетіне тым тереңірек ғашық ете түседі.
Тізбе, тізбе, тізбе тау, тізбек орман,
Тізбек орман еді ғой – біздегі арман.
Күрең қызыл үйеңкі аралына,
Күрең қыздың ауылы күзде қонған.
Алтын теңге төккендей жолға кілең,
Тізбе, тізбе жапырақ – ол да күрең.
«Қарама!» деп, күледі, көзім басып,
Күрең сұлу ып-ыстық қолдарымен.
Күрең тауды қиялап таң атады,
Көр, көр деймін, өзіме қара тағы,
Қарай бер сен жапқанша жанарымды,
Қара күздің сұп-суық алақаны.
Сұр бұлт, суық көшенің әдемі өлеңдеріне арқау еткен бүгінгі күннің белгілі ақыны – Ерлан Жүніс. Ол жазған жырдың өзіндік симфониясы оқырманды сан мың түрлі сезімге батырмай қоймайды.
Мұңұрған,
Күз неге жылайды, мен бе екем жылатқан?!
Жапырақ құлайды,
Құлатқан –
мен емес тағы да!
Кешірді ол басынан не дәуір?
О, бірақ осының барлығы жаныма,
Соншалық неге ауыр?
Неліктен кінәлі сезінем өзімді,
көзінің жасына?
Сүюді, сезуді,
үйреткендегің осы ма, Қыркүйек?
Дертіңді көтерту үшін бе?
Жұтқызып жасыңды?
Күзгі бақ ішінде қаңғыртып басымды?
Сұранам, сездіргің келеді о, нені?
Жапырақ құлаған – жылаған жүректің өлеңі екенін өзім де білемін!
Есіме салмашы!
Дерт – өлген!
Жүрегім – онсыз да, күз, сенің кітабың...
Қараша түнінде өртелген!
Ақынның осы бір өлеңі өзгеше күйге түсіреді. Арадағы сезімнің салқындығы күздің сұрғылт, сызды бола тұра нәзік, нәркес пейзажын бейнелейтіндей. Ал, «Жаңбыр» өлеңіндегі мезгілдің суреттелуі сөзсіз сұлу. Әлем классиктерінен бастап, қазақ әдебиетінің небір таланттарына ой орманын жайқалтып, шығармашылықтың шексіз бақытын сыйлаған күз мезгілі әрбір адамзат баласының жапырақ жүрегін алтынға бояры сөзсіз. Күз мезгілі әлі де талай өлмес шығармаларға арқау болары анық. Сөзімізді Ерлан Жүністің ойымен түйіндесек:
...Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
Назерке ОҢҒАР,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді