Педагогтер қауымына сапалы қолдау көрсету үшін әдістемелік қызметті жаңғырту және жүйелеу қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, әдіскерлердің кәсіби құзыретін, әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Бұл бағытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша Кәсіби даму институты да өз тарапынан тиімді жұмыстар атқарып келеді. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өңірдегі облыстық оқу-әдістемелік орталық пен аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне арналған «Әдістемелік қызметті трансформациялау» біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Заманауи ұстазға әдістемелік көмек беріп, қолдау, сүйемелдеу үшін де әдістемелік қызмет өте сапалы болу керек.
«Әдістемелік қызметті трансформациялау» курсы педагогикалық ұжымды нәтижелі оқу-әдістемелік сүйемелдеу, қолдауды ұйымдастырудың тиімді жолдары мен дағдыларын дамытуға бағытталған. Әдіскердің миссиясы, қоғамдағы рөлі, кәсіби құзыреттілігін айқындап, өзгеріске бейімделу, оқу-тәрбие процесін жаңа бағытта құру бойынша тың ізденістер мен идеялар алаңына айналары сөзсіз. Нәтижесінде курстан өткен 103 (облыстағы 198 әдіскердің 52 пайызы) педагогпен тиімді қарым-қатынас жасауға, сапалы әдістемелік қолдау мен сүйемелдеу жұмыстарын үйлестіруге бейім әдіскер өз қызметін жаңа мазмұнда құруға мүмкіндік алды.
Себебі, қазіргі таңда өңіріміздің білім саласының дамуы үшін Әдістемелік орталық пен кабинеттерді және нысаналы мектептерді жаңғырту аясындағы кешенді шараларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Әдіскерлер биылғы оқу жылында өңір педагогтерінің сапалық деңгейін көтеруге, кәсіби әлеуетін арттыруға өзіндік үлестерін қосарына сенім мол.
Қазіргі таңда елімізде «Мақсатты мектеп» жобасы немесе «Еліміздегі 943 нысаналы мектеп» жобасы аясында атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды. Ендігі мақсат – осы жұмысты жүйелі жүзеге асыру.
Өз облысымыздан «Мақсатты мектеп» жобасына енген 60 мектептің жеке портретін әзірлеу жұмыстары аяқталып келеді. Бұл жұмыста стейкхолдерлерден, яғни мүдделі тараптардан тиісті сандық деректер мен ақпараттар алынып, талданып, сарапталып, жетістіктер мен кемшіліктер негізінде тиісті ақпараттық мәлімет пен талдау арқылы «Нысаналы мектептің жеке портреті» айқындалды.
«Білім беру жүйесінің сапасы онда жұмыс істейтін мұғалімдердің сапасынан жоғары бола алмайды» деген қағиданы ескерсек, бүгінгі таңда мектептерде сапалы білім беруге басымдық берілуі қажет. Яғни, коллаборативті орта құру – мақсатқа жетуге бағытталған жүйелі жұмыс нәтижесіне қол жеткізу, сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін тәлімгерлік пен күшті, айқын көшбасшылықты күшейту арқылы күтілетін жоғары нәтижеге қол жеткізу өзекті.
Осы бағытта синергия күші, яғни әлеуметтік серіктестіктің – өзара әрекеттесу сапасының да маңызы зор. «Мақсатты мектеп» жобасын жүзеге асыруда саладағы басты тұлғалар – педагог-директор-әдіскер-менторлар, «Өрлеу» филиалы, Жобалық кеңсе, жергілікті атқарушы органдар мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері өзара тиімді әрекеттесіп, өңірдегі нысаналы мектептерде оқыту сапасын көтеруге, білім сапасын қамтамасыз етуге, яғни білім беру мен оқыту, бағалау сапасын жақсартуға жан-жақты қолдау білдіруіміз қажет. Ол үшін жергілікті жерде Нысаналы мектептер жұмысын жүйелі ұйымдастыруға қолдау білдіру маңызды. Биыл бұл жұмысқа өңірде құрылған Жобалық кеңсе жетекшілік жасайтын болады. Басты мақсат – білім беру сапасын арттыру үшін нысаналы мектептерге әдістемелік қолдау көрсету. Бұл жұмыста жауапкершілік жергілікті атқарушы орган – аудан, қала әкімдіктеріне, аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне, барлық пәннің әдіскерлері мен жетекшілік жасайтын жауапты әдіскер-менторларға жүктеледі.
Бұл жауапты жұмыста әдістемелік қолдау, сүйемелдеу жасау үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыс бойынша Кәсіби даму институты да өз тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастырады. Яғни, педагогтің кәсіби дамуының көпқырлы траекторияларын қамтамасыз ету үшін білім бөлімі әдіскерінің жеке кәсіби құзыреттілігін дамыту және педагогтердің пәндік білімдерін жетілдіру жұмыстарын үйлестіреді.
Бірінші кезекте, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдары әдіскерлерді оқыту, кәсіби біліктіліктерін арттыру жұмыстарын жүргізіп, курстан кейінгі қолдау шараларын ұйымдастырады. Бұл бағытта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы» деген сөзін басшылыққа алу артық болмас.
Екінші кезекте, нысаналы мектеп педагогтерін оқытудың кешенді шаралары аясында нәтижесі қорытынды тестілеумен аяқталатын үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырады. Яғни, бастауыш сынып және 10 негізгі пән мұғалімдерін 3 кезеңде – Базалық деңгей, Негізгі деңгей, Ілгерінді деңгей кезеңдерінде алты айға жуық уақыт аралығында оқытады. Мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдайды. Базалық деңгейде педагогтерді онлайн оқыту арқылы негізгі оқу пәндерінен пәндік білімді жаңартуға және бекітуге, академиялық білімді толықтыруға баса назар аударылады. Негізгі деңгей аясында оқытуда кіріктірілген оқыту арқылы Эстония Білім және жастар істері департаменті (HARNO) оқытушыларының қатысуымен функционалдық сауаттылықты арттыру тәжірибесін үйренуге мүмкіндіктер жасалады. Сонымен қатар, педагогикалық дизайн, яғни, оқыту мен оқу материалдары тартымды, тиімді, нəтижелі болатын педагогикалық құралдарды және оқыту әдістемесін жетілдіру, білім беру процесін басқару мәселелері туралы білімдерін толықтырады. Интеграцияланған, яғни кіріктірілген оқытуға қолайлы орта қалыптастыру, IT-технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде тиімді пайдалануды үйренетін болады.
Осының нәтижесінде нысаналы мектептерді дамыту траекториясы жүзеге асырылады. Кәсіби даму институты тренерлері курстан кейінгі қолдау шараларын сапалы жүргізіп, мектепті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда бірлесе әрекет етеді, мониторинг жұмысына атсалысады. Яғни, бізге белгілі 4 зерттеу негізінде жұмыс атқаратын мұғалімдердің тәжірибелерін зерттейді, курстан кейінгі қолдаудың 5 құралын мектеп әкімшілігімен және педагогтермен, әдіскер-менторлармен бірлесе атқаруға күш салады. Мониторинг нәтижесінде әдіскер-ментордың нысаналы мектеппен өзара іс-әрекетінің нәтижелі, сапалы болуына ықпал жасайды, қадағалайды, әдістемелік көмек береді. Педагог-директор-әдіскер-ментор арасында мақсат пен нәтижелердің бірлігі білім беру мен оқыту, бағалау сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» деген сөзі бүгінгі күні ұстаздар қауымына кәсіби ізденіс, теориялық білімді шыңдау, біліктілікті арттыру, заманауи технологияларды жетік біліп, тәжірибеде қолдану қажеттігінің маңыздылығын ескертеді.
Сондықтан, осы жауапты жұмыста ұстаз әріптестеріме шығармашылық табыс пен жоғары нәтижеге толы ізденіс, кәсіби шыңдалу мен өрлеу, жеке кәсіби құзыреттілік, тұлғалық даму – басты ұстаным болсын дегім келеді. Ел игілігі жолындағы еселі еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Ләззат УТЕУЛИЕВА,
«Өрлеу» БАҰО»АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы, әдіскер.
Ұқсас жаңалықтар
Ғұламалар ғибратының тағылым ошағы
- 4 қазан, 2024
Жаңа оқу ордасы: жоспар және міндет
- 23 қыркүйек, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді